«Мөржан кемпір торы жорғасын сатады екен» деген сөз ауданды жер қозғалғандай дүр сілкіндірді. Жердің шаңы шықпаса да, елде елеңдемеген құлақ қалмады-ау деймін! Өйткені торы жорға жай жорға емес – сырғалы жорға, сырғалы торы.
Сырғалы торы – қан қызыл түсті, қара жал, алды мен арты бірдей, салқы төс, салпы ерін, қоян жон, жазық бауыр, жұмыр тұяқ, қияқ құлақ, тұнық жанарлы жануар. Бітім тұлғасы мен тік тұрысынан, жыныс, жүрісінен мін таппайсың. Адам десең – ару. Жұрт жай басып, жанай өтіп бара жатқан үкілі тақиялы, құмырсқа бел, қызыл көйлекті, қос бұрымы бөксесінен асқан қызыл бет қызға қайтып қараса, мынау торы жорғаға тап солай қарар еді. Қызды көр де оны көр. Бірақ, сырғалы торыға ту сыртынан сұқтанғандары болмаса «сатып алайын» деп ешкім батып қолқа салмайтын.
Елді көбі торы жорға Мөржан деген кемпірдің жалғыз ұлының жалғыз аты болған соң, жалғызының жалын сипатпайтын дәстүрді аттай алмайды деп сыртынан тон пішетін. Бірақ солай деп ойлаған күннің өзінде ескілікті ырым-жырымды есекке теріс мінгізіп жібергелі қай заман? Қазір кім ескі әдеп, тәртіппен жүріп жатыр. Оның сыртында қай заман болса да адам баласының қыр соңынан қалмаған қызғаныш деген бір у, пәлесі бар. Адамгершілігі асып, мейірімі тасып тұрса да қызғанышы қалмаған.
Қызғанышты жеңу – ерлік. Ал торы жорға ат болса талай бәйгеден оқ бойы озып келіп, талайдың сол бір оңбаған қасиетін қоздырады. Сөйтсе де, іштері күйіп-жанып тұрса да торыға қолқа салған атқұмар, атаққұмар пенде болмады. Әйтпегенде ат дегенде ішкен асын жерге қоятын делбе, жүйрік-жорға десе жанын беруге даяр жынды, бір басына бір үйірлі жылқы атар небір жомарттар жанталасып жарысқа түсіп жатар еді. Жым-жырт. «Сырғалы торыға сырға салыпты» деген бір ауыз сөз естілсейші.
Ел ішінде бір ат түгіл ұшақ сатып алуға дәулеті жететін алпауыттар жоқ емес бар. Мәселен, ауданның партия ұясының хатшысы Қаһар. Қаһардың лауазымы бар ма, бар. Атағы бар ма, бар. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, жан баласы бетіне қарап көрмеген жан. Айтқанына көнбегенді айдатып жіберуге дейін шамасы жететін күш осының қолында. Құдайдың осы өлкедегі өкілі, аузы дуалы, сөзі уәлі кісі. Алайда екі бірдей асыл қанды жорғасы қазақтың қара байырының алдына бірде бір рет түсе алмай қанын ішіне тартып, тілін тістеп отыр. Жалғыздың жалғызының жағасына жармасқаннан сескенеді, Мөржан кемпірдің киесінен қорқады.
Осы бір үнсіздікті жұрт көргендікке, тектілікке санайды. Жетімін жылатпаған, жесірін бұлатпаған ел, жалғыздың жанына қаяу салмаса керек-ті деп топшылайды ғой баяғы. Ал ақиқаты да сол ойды ақтап шығады: Торы жорғаға көз өткенмен, сөз өтпейтін көрінеді. Көз де, сөз де жаратқанның жасаған оғы. Оңатсыз атылса оңдырмайды.

Сонымен сырғалы торы жорғаның ақы иесі, кимешегінің өңірі күміс теңгеге толы Мөржан кемпір дедік. Кемпір дейтіндей кәрі кісі емес, ескіше киініп, ескіше сөйлеп жүретін болғандықтан сол заманның өлшем-талғамына сай ел солай айтады. Елудің о жақ, бұ жағындағы, жалғыз басты, жалғыз ұлды, басынан кимешек, шылауышын шешпеген жалғыз ұрағат. Сол Мөржан кемпір мал танитын адам екен, торы жорғаны құлынынан мәпелеп, құнанында жуасытып, дөненінде күш-қуаты артсын деп төрт байталға қосып, ақ тілеуін айтып құлағына ақ күмістен сырға салдырыпты. Кемпірдің мұнысына, жылқыға сырға таққанына таңқалған жұрт мысқылын жасырып сұрапты:
– Мұныңыз не? – деп. Сонда Мөржан кемпір шылауышының етегін артқа қарай желпе қайырып тастап:
– Әй, салт-санадан мақұрым болмаңдар, сендерге не дейін,– деп бастапты.
Бұрынғы заманда қазақ баласы жалғыздың жалғызына ерекше құрметпен қарапты. Ру аралық қақтығыс былай тұрыпты, ел шетіне жау келгенде де жалғыздың жалғызын бір атаның ұрпақ жалғастырар тұқымы құрып кетуі ықтимал деп жауға салмапты. Елге айқын, жұртқа жылы көріну үшін жасында тұлымын желкесіне қойса, ержеткен соң көзге көрініп тұрсын деп жалғыздың құлағына күмістен сақина салдырыпты.
– А, не дейді-ау, олай болғанда жалғызыңа салсаң жөн, салт екен, ал жылқының құлағына салуыңның не мәнісі бар? – деп тырқ-тырқ күліп, қағытса керек. Мөржан кемпір мырс етіпті де:
– Мал деуін, малыңның кісілігі кісіңнен кем болмай тұр емес пе, аңдасаң, аман жүрсін деп жатырмын. Сырғалы жылқыны ит-құс та сезеді,– депті.
– Иә, тұлданған жылқыны, шылбырын сүйреткен атты ит-құс алмайды деп естігенім бар еді,– деп дөрекі біреуі көйтіпті. Сол торының сырғалы атануының мән-жайы осы. Бәйгеге қосқанда күміс сырғасы күндік жерден жарқырап келе жатады екен. Жұрт көз көрім жерден бірден танып «сырғалы торы» деп шуласып, торы жорғаның сырғалы аты елге жайылыпты. Ол ол ма, Мөржан кемпір айтқанындай қарлы қыста елдің небір айтулы сәйгүліктерінің қанын сорып, қан қақсатып кететін ілбіске ілдірмепті, қасқырға алдырмапты. Ит-құста да барып тұрған қаскүнем, кейде қастық қылғандай малдың жақсысын, ішіндегі ең бір аяулысын жеп кетеді ғой. Ал солардың сырғалы торы жорғаға келгенде тісі батпапты. Сөйтіп «жесе осыны-ақ жейтін шығар» дейтін ішіне қыл айналмайтын көрсеқызар қаскөйдің аузына құм құйылыпты. Ырымшыл қазақ белгісі бар жылқы, дуаланған жануар, киелі мал, адам түгіл айуаның аулақ жүреді деп аңыз қылады.
«Мал иесіне тартпаса майталман болады». Мал былай тұрыпты Мөржан кемпірдің өзі де аңыз адам. Бұл тылсым байланыстың барына жұрт сенгенімен оның тереңіне ешкім бойлап көрмеген.
Бірде апақ-сапақ уақта ауылдан ауаша анау қысаңның арғы жағындағы тал-қайыңы тұтаса біткен түбекте жалғыз үй отыратын Мөржан кемпірдің үйіне жағына пышақ жанығандай көсе, қошқар тұмсық, беті-жүзін күн шалмайтын ақ сұр адам келіп түседі. Аттың тұяғының дүбірін естіген Көбек сыртқа шықса киіз үйдің белдеуіне атын байлай салып, есікке таман кеп қалған Одырай екен.
– Апаң бар ма?
Бір тоға қатық айранын қазан жақтан әкеп, от басына қойып жатқан Мөржан кемпір дауыстады.
– Кім ей, ол, екі кештің арасында? – «Табалдырықты баспаса игі» ішінен күбірледі.
– Амансыз ба?
– Түгелміз. Түсің не деген суық?
– Жәрдеміңіз керек. Ел көзіне түспейін, зардабым тимесін деп әдейі түнделетіп жүрмін.
– Бақсы, бәлгер, диуана жағалап кетіпті деп менің зардабым саған тимесе, наган асынған белсендіден маған қандай зиян келмек. Құлағым сенде.
Есігінен сығалап көрмеген, берген сәлемін түзу алмайтын адамның басына іс түскенде бақсы, бәлгер іздеп келгені шын ғой. Ала көлеңкеде басын изей басып, еңкеңдеп, ортадағы пештің мойын тұсына кеп отыра қалды.
– Құдайдан сұрап алған құртақандай құлыным бар еді, сол қал үстінде жатыр. Көз ілмегеніне көп…
– Тоқта, болды. Ымырт қараңғысында жай келмегеніңді біліп отырмын. Бала деген бауыр етің ғой. Баланы көлденең тартпағаныңда қорамның шетін де бастырмас едім. Ит қосып қуып тастар едім. Кезек екі, тәңір бір, ей, жаратқан ием-ай.
Мөржан кемпірдің күйеуі қой аузынан шөп алмас момын адам болыпты. Соның өзін жоспарды артығымен орындаймыз деп сол бір зұлмат заманда осы Одырайдың белсенді әкесі ұстатыпты деп жүретін ел. Алдырар күн жаздырар. Ер адамның қатыны айтса қақшиып, егесіп қалатын бір мінезі бар емес пе? Қатыны «сенің басыңа да қара бұлт төніп жүр, қараңды батырып, бір жаққа кетіп қалшы» дегенде әлгі жарықтық, кегежесі кері тартып, «мені не қылады, не аузымда бір ауыз дұғам жоқ, не алдымда айдаған малым жоқ, не қылады, бай-бағыландар жетеді» деп отырған жерінен әкетіпті.
Мөржан кемпір шаңырақтан аспанға қарады да тап төбесінен төніп тұрған жарық жұлдызды көріп, «жұлдызы сөнбепті» деп ішінен қайталап, ұлына:
– Көбөк, Сырғалыны ертте,– деді. Көбек жүгіріп сыртқа шығып, қос алақанын қуыстап, ауыз тұсына апарып құраулап, «Сырғалы» деп шақырып еді, торы ат есік алдына сайтандай сап ете түсті. Келген адамның есі шығып қалды. «Мөрті келгенде тәуіп, бақсылығы бар, жынын жасырады, ойнап кетсе ойраныңды шығарады, қолының қуаты күшті, баланың шетпесін, бастың сақинасын үзеді, әйел босандырады, шошынғанды ұшықтайды» дегенде сенбейтін. Ойнақтап торы ат есік алдына оқыранып жетіп келгенде «жыны алып келді» деп ойлап қалды. Ауырған баласын ұмытып, мына үйден тезірек аттанып кетуді ойлады. Мөржан кемпірдің «наган асынған белсенді» деген сөзі миынан шықпай басының мыңғы-дыңғысын шығарды.
Мөржан кемпір сұлық жатқан жас сәбидің көзін ашып көріп, екі жағын қысып тұрып ауызын аңқитып тілін байқап, тамырын ұстап тұрып:
– Қораңда ұсақ бар ма? – деді.
– Көршімізде бір неше бас бар…
– Бір серкешке шамаң жете ме? – Одырай маңайында бөтен ешкім жоғын анықтап алды.
– Жанымды сұрасаңыз да…
Мөржан кемпір сәбиді алдына алып үрледі, үшкірді, дем салды. Содан кейін көк шыбышты сойдырып, оның жылы терісіне сәбиді орап тастады. Қолды-аяққа тоқтамай шырқырап жатқан баланың сәлден соң маңдайы тершіп, мұрны пышылдап ұйықтап кетті.
Аңғырты мезгілінде сәби көзін ашып, «су» деп дыбыстады. Қалғып-шұлғып отырған анасы мен әкесі шошыған адамдай атып тұрып балаға төнді. Таң атқанша дұғасын оқып, ара-тұра ауадағы әлде нені қолымен қағып, сәби денесін алақанымен баяу сипап отырған тәуіп дем салған бір кесе суынан бір қасық су жұтқызып, құндағын шешіп, құрғақ көрпеге орап, жылы қымтап жатқызды.
– Енді ештеңе етпейді. Әбден сақайып кеткенше денесін жел қақтырмай жылы ұстаңдар. Тақыл-тақыл мына судан ішкізіп, қаласа, қалақтап қара сорпа беріңдер,– деп аттанып кетті.
Одырай баласы жазылғанына бек қуанса, баласын жазған адам бақсы-бәлгер Мөржан кемпір екенін ел білсе күнім не болады деп үрейленіп, әйелінің аузын бағып, көлеңкесінен үркіп жүргенде, уақыт оны да ұмыттырды.
Көктемнің шуақты бір күні ауданның орталық көшесімен Сырғалы торы жорғаны ереуіл жетелеген Мөржан кемпір, олай бір, былай бір ойқастап өткен. Бірақ, Сырғалы торыны сататыны жайлы құлақтанған жұрт, дәмелілер дәтін басып, сыртынан қарап, құр тамсанғаны болмаса Мөржанды тоқтатып, ешкімі жөн сұрамаған. Сұрамайтынының бір себебі алдарында Абылай аспас үлкен асу барын біледі. Ол – атақты атқұмар, ауданның партия ұясының бірінші хатшысы Қаһар. Оның жолын кесу өлімге өзін қию. Сондықтан олардың Сырғалы торыны көрген жердегі қызығушылығы күңкілден ары аспайды:
– «Бұған ешкімнің тісі батпайды».
– «Соны айтам, соны біле тұра неменесіне көлбеңдетіп жетектеп кеп жүреді екен».
– Үкісінің өзінен ат үркеді, оған кім жолайды,– деп біреу әзілдеген болды.
– «Сырғалы торыны сатпақ болғанында бір мән бар».
– «Ана кісі неге тыныш жатыр екен?!».
– «Жылқының дүлдүлі еді, жүні жығылып-ақ қалған екен». Басқа сөзді көре алмаушылықтан айтты десек те, соңғы сөздің жаны бар еді. Өйткені Мөржан кемпірдің көңіліне «Сырғалы торыны сатсам» деген ой туғаннан бері аттың да күйіне бір түрлі өзгеріс енген болатын. Жылқыны жыға танитын сыншылар мұның мәнісін тылсымнан іздеп, «мал иесімен деген» деп күрсінген.
– «Бұл Мөржанға біткен жануар, басқаға қол болмайды».
– «Көресің, алған адамның аты шықпайды. Мөржанның «Сырғалы торысы» атымен қалады» деген сияқты өздері сатып ала алмайтын, өзгенің сатып алғанын көре алмайтындардың пыш-пыштары бұрқырап, бықсып жатты.
Елдің не ойлайтынын, аттың қандай сезімде жүргенін ешкімге айтқызбай-ақ аңдаған, тумысынан екі сөйлемейтін шеше ұлының көңілін қимай уәде беріп қойғандықтан айтқанынан қайта алмаған. «Ел мінген мотоциклді бұл мінсе несі бар? Неге мінбейді? Жорға мен жүйріктің қызығын көрді. Жорға мініп, жүйрік жетектейтін заман да өтіп барады. Баяғыда Балғожа деген би алыс жерге оқуға жіберген, үйін сағынған Ыбырай Алтынсары деген баласына хат жазғанда:
Шырағым, мұнда жүрсең, нетер едің?
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?! – дегеніндей жорға мініп былқылдап, екі ауылдың арасын шаңдатып, екі етегі далақтап жүретін серілік серік емес, темірге тәуелді болар болашақ келді. Енді қызыл мотоциклдің де әуселесін көрсін. Кімнен кем? Көштен қалмасын. Партия басшысының өзі қолдап тұрғанда…» деп өзін иландырған.
Көбектің көңілін көпсітіп қойған, көптен бері Сырғалы торыға көзі түсіп жүрген Қаһардың айласы еді. «Аузын айға білеген, жүз саулықтан жүз отыздан, жүз елуден қозы аяқтандырған атақты шопандарға бұйырмаған Чехтің Явасын сен мінесің! Ауданға бөлінген, қасқалдақтың қанындай қобыр, сирек тауардың кімге бұйырары мына ағаңның, қала берді партияның ашса алақанында, жұмса жұдырығында» деп қанаттандырып, арқасынан қағып қоштасып тұрып: «бірақ, сен екеуіміздің арамызда болған бұл құпия сырды апаңа айтып қойма, тек мотоцикл мінгің келетінін, бар-жоғы бір аттың құны дейді дегенді бүлк еткізсең болды, сұңғыла адам ғой» деп ақырын күткен. Өзінің жолын ешкім кесе көлденең кеспейтінін де іштей түйген.
«Сырғалы торы сатылады екен» деген сөз шыға «Сырғалы торыны» хатшы алады екен деген жел сөз де ел ішіне жайылып кеткен. Ұзынқұлақ, саққұлақ, қырғидай қырағылар торының төңірегінде болып жатқан күңкіл сөз, сыбысты Қаһарға желден де жедел жарыса жеткізген. Қайсыбір тілі сиырдың тілінен ұзындары, бұралқы иттей бұлғақтады. Бар болса түбітті құйрығын ұршықша иірер еді, бары сол болса қайтсін, қозы құйрығын барынша бұлтыңдатып келіп, ауының астынан олайда өтіп, бұлайда өтіп қыңсылайды.
– Құдай берді. Торы жорға сіздің белдеуге өзі келіп байланғалы тұр. Алыңыз, қапы қалмаңыз, атыңызды аудан түгіл, аймаққа жаяды,– деп көпшігін үрлегендер көбейді.
– Сырғалы торыны сіз алады дейді.
– Кім дейді? Кім айтып жүр оны? Қауесет. Ниетіміз болса да, сырымыз сыртқа шықпаған еді,– деп Қаһар қиналған болады.
– Кім айтты деріңіз бар ма? Ел айтады. Сіз тұрғанда, әумесерлеу біреу болмаса кім сіздің алдыңызды орайды? – деп мәймөңкелейді.
– Ел айтса кімнің аузына қақпақ қоямыз.
– Еліңіз ұйғарып отыр ғой.
– Халық солай деп жатса, халықтыкі жөнде,– деп Қаһар маңғазданады.
«Колхоздың малы болғанда тайында-ақ тақымыма басар едім, қырсыққанда құдайдың қайдағы бір жаман кемпірдің бағын жандырғанын қарашы» деп іштей кіжінген Қаһардың жатса да, тұрса да ойлайтын ендігі ісі Сырғалы торы болатын. Екі бірдей асыл қанды жорғасын қалай баптап бақса да бабы бір келмей бағы жанбаған. Атымды шығарады деген аттары ылғи Сырғалы торының соңында қалады. Тым болмаса қатарласып та бір рет келмеді-ау деген қызғаныш ішін удай ашытатын. Қатар келсе даяшылар қалайда Қаһардың жорғасын қарыс сүйем болса да оздырып бас бәйгіні ұстартар еді ғой. Қаһарға жағымсып, қаншама қаралық жасайын десе де қарыс түгіл көш жер озып келсе не істемек? Енді ел болып, халқы қолдап, Сырғалы торыға қолы жеткелі тұр. Ат-атағы дүркіреп аспанға шығады. Бақ деген, бақыт деген осы емес пе?!
Қадым заманнан бері қуанышқа қосанжарланып қызғаныш жүреді. Әлгі ауданның бірінші адамынан алты аласы барлар алыста емес, тап қасынан, қорасынан шықты. Қаншама домалақ шағымды Қаһарды қара жерге тығып жоғарыға жолдағанын бір құдай білсін, басқан ізін бақылап, жатқан төсегіне дейін жіпке тізіп отыратын, атқа жеңіл, хатқа жүйрік құбашасы өзінің орынбасары еді. Хатшылық тақта құйрығы ойылғанша отырып алған Қаһарды құлатса орынына өзі барып қонжияры екі бастан белгілі. Бұл жолы да тісін қайрап бақты. Қаһарды құлата алмаса да қапияда бір шалып қалса оған олжа. Иісшіл итше әр қуысты бір тіміскілеп, әр ізді бір иіскелеп жүріп Көмектің мотоцикл мінгісі келетін ойын біліп алды. Ауданның ауылшаруашылық қоймасына малшылардың мұқтаждығын өтеуге деп түскен екі мотоциклдің бірін ешкімге бергізбей тығып ұстап отырғанының мәнісін сонда түсініп, екі алақанын ысқылады. «Ауданға бөлінген мотоциклді қажетті жеріне бермей, өзінің тамырына беру үшін тығып отыр» деп аспанға арыз жазғаннан гөрі «Сырғалы торыны сатып аламын» деген меселдесін қайтару әлде қайда өтімді болмақ. Сол үшін баяғыдан партия хатшыға қырын келіп, тісін қайрап жүретін аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Одыраймен ымыраға келіп, Көбекті қалайда армия қатарына тартуға құпия келісті. Егер Көбек әскерге кетсе, онда Мөржан кемпір жалғыздың көзі, жалғыз атын өлсе сатпайды. Қаһардың талағы сонда тарс айырылары сөзсіз. Ал отанды, ел мен жерді қорғауға аттанып бара жатқан азаматқа, араша түсу ауданның партия ұясының хатшысының қолынан келеді. Соны келтірмес үшін Мөржан кемпірдің жалғыз ұлын әскерге баратын азаматтардың тізіміне құпия қосты.
– Апа,– деді Көбек бір жапырақ қағазды шешесіне көрсетіп.
– Бұ не?
– Мені әскери міндетімді атқаруға шақырған хабарлама.
– А-а, әскерге дейсің бе? – Шешесі жағын таянып үнсіз отырып қалды. «Менің ұлым да жігіт болған екен ғой. Құдайға шүкір, барсын-барсын. Қашан ержетіп ел азаматтарымен бірге армияға аттанып бара жатар екен деп армандасам да, «халық жауының баласы» деп армияға алмай қояма деп те қорқушы едім, Тәубә!».
–Үйленіп, бір шүйке басты оң жағыма кіргізіп кетсең болар еді. Халім бар кезде барып келгенің де дұрыс. Ер жігіттің отан алдындағы парызы ғой!…
Көбек қуанып кетті. Арманы офицер болу еді. Осы ойының орындалу, орындалмауы белгісіз арман болса да тұрғыластарына шетін шығарып айтып жүретін. Қаһарды қайтсем бір тұқыртам деп ілік таппай жүретін, жыланның аяғын көрген қу Одырай Көбектің осы арманын біліп алып, оның төте жолы әскерге бару екенін ұқтырған.
– Сырғалыны сатпаймыз, апа!
– Сатпаймыз ба?
– Әскерге мотоцикл мініп бармайтын шығармын.
– Айналайын-ау, қайдан білейін, мініп кетемін десең мініп кет. Маған (итке) темір не керек.
– Жоқ, апа, Сырғалы сізге серік болады. Мотоциклді әскерден келген соң да мінемін ғой.
– Ой, жарығым, Сырғалы екеуіміз сені анау белден шығарып салып, мынау жерден күтіп алмыз,– деді Мөржан кемпір бауырына келіп тығылған ұлының маңдайынан иіскеп. Үй сыртынан жылқының пысқырып, оқыранған даусы естілді.
– Көбек, Сырғалы ғой. Неге тынышсызданды екен? Сыртқа шықшы.
– Апа, Сырғалы өрісте жүр ғой.
– Ой, балам-ай, Сырғалының сырын білетін болдың ғой. Мына түріңмен қалай әскерге барасың, оң мен солыңды әлі танымаған екенсің. – Шешесінің «мына түріңмен қалай әскерге барасың» дегені шымбайына батқан Көбек дереу орнынан атып тұрды. «Балам жас, басым жалғыз» десе аудан, аймақтың мансапты азаматтарынан анасының бетін қайтаратын адам шықпайды.
– Иә, апа, Сырғалығы ғой мынау,– деп Сырғалының дауысын нақ танығандай кейіп танытқан Көбек шыға жөнелді.
Мөржан кемпірдің айналасындағы аң-құстың, аспандағы ай-жұлдыздың, ауладағы мал-жанның, ауа райының қас-қабағына қарай айтатын түрлі болжамдары айдай анық келіп жатады. Күні бұрын үйге кім келе жатқанын, қашан келетінін, қандай бұйымтай, шаруамен келетінін алдын ала көріп-біліп отырады. Жылқының жүріс-тұрыс, мінез-құлқына, қылығына қарап әр түрлі ескертулер айтады.
«Әй, балам, мына жануар көп пысқырып кетті ғой. Жылқының пысқыруы жайсыздықты білдіреді»;
«Әй, балам, жылқы малы жал-құйрығын төгіп тұруы жақсылықты нышанына жатпайды»;
«Әй, балам, жылқы жануар есінеп, тезегін тастап, көзі айнадай мөлдіреп жарқырап тұрса жұлдызы жанып жолы болады» деген сияқты ырымдарды көп айтып ұлының құлағына сіңіре беретін.
Үй артында, үйден он, он бес метр жерде ат байлайтын қазық бар. Топырағы тапталып, айналасы тақырланып жатады. Сол үйреншікті орнында Сырғалы торы шұлғынып, Көбекке қос құлағын тіктеп, қақшиып қарап тұр екен. Екеуі бір-біріне қарама-қарсы жүрді. Сырғалы оқыранып келіп Көбектің кеудесіне тұмсығын үйкеді. Ол бешпетінің қалтасынан жарты шақпақ қант алып атының ерніне тосты. Сырғалы ерінімен ептеп алдыды да күтірлетіп шайнап, тамсап жұтып, Көбектің кеудесін иіскелеуін қоймады. Көбек оның маңдайынан, құлақ түбінен, кеңсірігін сылап тұрып, оның көзінен аққан жасты көрді.
– Жануарым-ау, жарығым-ау, жан торым-ау, саған не болды? Әлде менің әскерге кететінімді сезгенің бе? Әлде сатамын деген ниетімді біліп қойдың ба? Айтшы, жануарым? Жаныңды ауыртқан не? – деп Сырғалының жасын сүртіп еді жануар арқырап, бар дауысымен кісінеп жіберді. Көбек оның мойынынан құшақтады. Үйден шешесі сөйлей шықты.
– Асылым-ай, ақылы, алғырлығы, адамнан артық. Құданың құдіретін қойсайшы. Адамға баласындай бауыр басқан ғой. Екі егізімнің бірі сен болсаң, бірі Сырғалы ғой. Әй, алжыған менде де ес жоқ. Осындай есті күлікті сатуға дәтім қалай барды деші?!– дей Сырғалының қамшылар жағынан келіп айналып-толғанды. «Сөз киелі деуші еді. Сатамын деген сөзім санаңа жетті ме? Сатпайтын болдық, құлыным, сатпайтын болдық, сатпаймыз, Көбек ана көк темірді мінбеймін дейді».
Сырғалы жылында бір келер бәйге алдында дағдыланған әдеті бойынша өзін-өзі оқтаудай жарататын. Ал биыл сол шақ жақын қалса да сағы бір түрлі сынық. Ал оның мына қылығы ананы да баланың да көңілін босатып жіберді.
Сырғалы торыны сатады екен деген сөз шыққаннан бері «Сырғалы торы менікі» деген ой санасынан сіңіп қалған Қаһар жоспарының күл-талқаны шыққанын естігенде жынданып кете жаздады. Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Одырайды шақырып алды:
– Жарлының жалғызында не дерің бар? Ар қайда, адамгершілік қайда? Асыраушысынан айырылған жалғыз кемпір қалай жан бағады деп ойлайсыңдар? Ертең-ақ зар илеп, етегі жасқа толып, алақанын жайып маған келеді, партияға келеді. Сонда мен не деймін? «Ел қамын жеген Едіге атанып жүрген мен ел бетіне қалай қараймын? Менің қолыммен жылан ұстатқыларың келе ме? Шаш ал десе бас аласыңдар ма? Үкімет пен партияның басты ұстанымы жарлыны жылатпау. Елді қорғау, жерді қорғау ер азаматтың борышы. Ал сол борышты өтеудің басқа да жолын қарастыруға болады ғой.
– Қаһар Қоразбаевич, ол жігіттің өзі сұранып тұр ғой.
– Өзі сұранды дейді?
– Офицер болғысы келеді екен.
– Дәмесін қара! – Қаһар оң қолын ербең-ербең еткізіп есік жақты нұсқады.
Бүрсектеп есікке таман барып Одырай «Әй» деп қалған Қаһардың қаһарлы дауысын естігенде арқасынан оқ тигендей қалт тоқтады. Қайырылып қарағанда Қаһар:
– Бері кел! – деді.
Ана мен бала Сырғалымен сырласып тұрғанда батыс тұстан баран жылқы жетектеген арқа тұсынан мылтығы шошаңдаған атты адамның бараны көрінді.
– Шай қоя берейін, бұйымтайы салмақты адам екен,– деп Мөржан кемпір үйіне қарай аяңдады. Келген Одырай екен.
– Қақаң ерін бауырына алып тулап жатыр. Сізден ұят болды дейді.
– Менен ұялатындай не күнә жасап қойыпты?
– Айып бізден. Балаңызды ағат шақырып қойыппыз.
– Әрине сендерден. Басшы адам қашан қателесуші еді,– деп кекей сөйледі де,– бәрін бүлдіретін бас емес, қол-аяқ қой, өздерің, сонда не демексің маған.
– Балаңыз армияға бармайтын болады?
– Неге?! Армияға бармайтындай менің баламның басқадан несі кем екен? Барады, неге бармайды?! Барады деген қағаз алып отырмыз.
Одырай жауаптан тосылып қалды. Шынында басшының басын айналдырып қойған өздері, орынбасар екеуі. Қаһардың бұйрығы болмаса да қаһарынан қорқып бір ат, бір маузер мылтық беріп Сырғалы торыны сатып алып, Қаһардың алдына көлденең тартуға келген еді.
– Қаһар жолдас сіздің жалғыз бастылығыңызға алаңдайды.
– Кік, Қаһар жолдас менің балам армияға барса аяғыма ас салып бере ме екен?
Бөлім басшысы Одырай Мөржан кемпір баласының әскерге баруын қуаттайды деп ойламаған еді. Өз тілеуімен қабысқанына іштей риза болып, алақанын жанып отырғанда үй артынан жылқы оқыранып, ышқынып тебіскен, арсыл-гүрсіл, тасыр-тұсыр дыбыс шықты.
– Көбек, не болып кетті? Сырғалы келіп бірдемені бүлдіріп жатыр-ау,– деді анасы. Көбекпен бірге Одырай да сыртқа ұмтылды.
Сырғалы анадайдан ұшқан бойда жетектеп келген бейуаз аттың құлақ шекесіне ауызды салып, шыңғыртып, шылбырын үздіріп, сауырлап қуып тастап, шалт бұрылып, оқырана ойнақтап жетіп келгенде бар ықыласымен иіп, артын тосқан ер тоқымды сары ала биеге артылып қыбын қандырып жатқан-ды.
Одырай Көбектің әскерге бару, бармауы жайын алдымен айтудан бұрын, арсалаңдап сары ала биеге Сырғалының қайтып артылғанын, тап бір өзі жасап жатқандай рахаттана баяндап келіп,
– Сізге өтірік, маған шын Қақа, Сырғалы торы қасқырдан бетер мал екен. Мен сары ала биеге мініп жүре бергенім сол еді анадай жерде жайылып тұрған Сырғалы торы жалын жерге төгіп жіберіп, құлағын жымырайтып оқтай атылып келіп ауызды салғанда ат үстіндегі мені жұлып ала жаздады. Сары ала биенің алдын неше орап адымын аттатпай қойды. Мөржан кемпір ай-һүйлеп, құраулап шақырып алмағанда мені жазым етер еді.
– Ай, не болып кетті, сары ала биеге сен міндің бе, айғыр мінді ме?
– Айғыр шапты ғой, Қақа, айғыр шапты. Сізге де жұғысты болсын, ырымдап қойыңыз, сары ала бием Сырғалыдан, айғырдан шықты, құдай бұйырса жорға құлын туады,– дегенде Қаһардың апшысы қуырылып, әрең шыдап, шытынап тұрды да айтты.
– Сара ала биенің ішінде құлыны бар ғой сонда?
– Бар ғой, Қақа, айғырдан шықты, Сырғалы торы шапты ғой, көзіммен көрдім. Екі көзім куә.
– Ендеше ол Сырғалы торыдай жорға құлын табады де.
– Дәл солай, Қақа,– деп тілінің ұшына жетіп келген «құдай қаласа» дегенді сыртқа шығара алмай, жапақтап тұтығып қалды. Әлгінде ызадан жарыла жаздаған Қаһар сәл сабасына түскендей болды.
– Осы сары ала бие колхоздікі емес пе? Сен мініске жаратып жүрсің емес пе? – Одырай күмілжіп, көзі жыпықтап.
– Солай еді,– деді құмығып.
– Колхоздың малы дегеніміз меншік емес. Солай емес пе?
– Солай.
– Ал оның бір қылшығы сынса – қылмыс. Сен соны білесің.
– …
– Білгенің жақсы. Олай болса сары ала бие бұрын бір бас еді, енді екі бас болды. Бұрын бір малға жауапты болсаң, енді екі бастың құны мойныңда.
– Қаһар Қозыбаевич, мен сары ала биеден басқа, колхоздың бір тайына қолымның ұшы тиіп керген жоқ.
– Әй, әлгінде ғана өзің айтқан биенің ішіндегі құлынды қайда жібердің?
– Иә-иә, солай еді-ау, рас-рас…
– Біз колхоздың малының бір басын екеу қыла алмай жүргенде, сен құлын табар биені мініске пайдаланып, содан іш тастатар болсаң сотталасың. Мемлекет меншігі, аналық малды мініске салып, қара басының қамына пайдаланған қоғамның қос аяқ жауы болып шығасың. Соны да саған партия үйретуі керек бе, жолдас майор?! Қаһар бөлім басшысының тығырыққа тірелгенін оның түр-түсінің құбылып, бозарып кеткенінен-ақ байқап:
– Сен енді былай істе. Сары ала биенің басы аман, бауыры бүтін кезінде, басыңа қара бұлт тілемей жылқышыға табыста. Оның атағы жер жарған Сырғалы торыдан іштенгенін тісіңнен шығарма! Ал жылқышыға құлын тастап кетпеуін кесетіп отырып тапсыр. Алабөтен қамқорлыққа алсын. Қатаң қадағала. Алда-жалда іш тастап кетсе коммунист басыңмен сен жауап бересің!
Аудандық партия басшысының кеңсесіне ойнақтап кіріп, омақасып шыққан Одырай бір неше темекіні бірінің артынан бірін жалғастыра шегіп мама ағашқа байлаулы сары биеге жақындады. «Әй, сары қаншық, сау басыма сақина, сор болдың ғой, сор!» деп еңіреуге дәс қалды.
Одырай шыға Қаһар сызылып орнынан тұрды. Кеңсе ішінде арлы-берлі теңселіп біраз жүрді. Жүрегін қара ормандай қалың қара ой басқан. «Сырғалы торыны қалай да қолға түсіру керек, ал егер қолыма түспесе көзін құрту керек. Қазақты мандытпай жүрген де осы қалың керек. Керекке тиым салу керек». Осы екі керегінің бірі орындалса оның екі сәйгүлігінің алдына түсер ат болмайды. Осылай көкірегін өзімшілдік, кеудесін менен асқан пенде жоқ деген астамшылдық әбден жайлап алған. Ол шылымын құшырлана сорып, терезенің төрт бұрыш желдеткішіне қарай қою көк түтінді шұбатылта ұзақ үрледі. «Тілеубердінің әкесі Сағынайға берген асында Құлагерді құлатқан қарақшыға жұрт не істеді? Түк те істей алған жоқ! Құлагердің қу басын құшақтап зар еңіреп Ақан қалды. Жұрт не істеді? Түк те істей алған жоқ. Мына жұрт та сол жұрт. Не істейді? Түк те істей алмайды».
Қаһардың Сырғалы торы түнде түсінен, күндіз ойынан шыққанды қойды. Құдды бір ғашық адамдай басы қатып жүргенде ауданға астанадан министр келетін болды. Министрді қалай қабылдап алып, қалай шығарып салу жайында аудандық әкімшілік қызметкерлерінің жиыны шұғыл өтті. Дайындық, әзірлік жұмыстары да қызу жүріліп жатқан шақта осы істің басы-қасында болуға міндетті, іс-шараны жалпы жауаптанған орынбасары Қаһардың кеңсесіне кірді.
– Біз министрге қазақи дәстүрмен ат мінгізу жөніндегі сіздің пікірің өте құптарлық деп шешіп отырмыз.
– Дұрыс болған соң солай дедік қой.
– Әлбетте.
– Өңі түзу жылқы таптыңдар ма?
– Сол жағы тарықтырып тұрғаны?!
– О не дегендерің? Ауданның алты мың жылқысынан бір сәйгүлік шықпады ма? Әлде менің қос тұлпарыма көздерің түсіп тұр ма?
– Біз басқа бір жылқыны көздеп отырмыз. Оның өз мәнісі де бар. – Қаһар айта бер дегендей иегін қақты. Темекісін тамызды.
– Біз Мөржан кемпірдің Сырғалы торысына құда түстік. – Қаһардың көзі жарқ ете түсті.
– Не дейт! Әй, сендер әбден былықтырған екенсіңдер.
– Жо-жоқ, Қаһар Қоразбаевич, иін қандырдық.
– Көнді ме?!
– Көнгенде қандай. Көсем адам емес пе. – «Көсем» деген сөз аузынан қалай шығып кеткеніне сасқан орынбасар абдырап барып сөзін жалғады. – Елдің абыройы үшін бір тайда тұрған не бар. Қазір жетектеп кетіңдер. Заманында талай сәйгүліктің кеудесін оққа тосқамыз, сол боздақтардан артық па, көп болса солардың бірі шығар,– деді. Баспа бас Ява мотоцикл дегенде ұлы аспанға ұшып кете жаздады. – Қаһар темекі түтінін үрлеп, көзін сығырайтып, орынбасарына қарады.
– Елдің маңдайына басқан бір тұлпарын сыйдыра алмадыңдар ма? Сендерге дауа жоқ екен. Министрге мінгізер бір ат таппасаңдар, неменеңе алты мың бас жылқым бар деп ауларыңды кересіңдер?!
– Қаһар Қоразбаевч, мән мынада, министр мінгізген атты мініп кетпейтіні екі бастан белгілі, өзіңізге тапсырып тастап кетеді. Кейін көп болса бір соғымын жеткізіп береміз. Көбектің астында қызыл Ява, сіздің сарайыңызда Сырғалы торы, құда да тыныш, құдағида тыныш.
«Қисыны келіп тұрған дүние екен,– деп ойлады Қаһар, – Сырғалы торыны жекеменшіктен ауданның қажетіне орай сатып алынынған болады. Ал мен, мемлекеттік меншікті мемлекет ісіне пайдаланған боламын. Сонда ел не істейді? Түк те істей алмайды! Хэ-хэ-хээ!». Егер орынбасардың бұл жоспары оңатына оралса ол үшін шор-шор алтын, Қаһарды жай шалмақ түгіл қырқай шалып, жалманынан түсірер таптырмайтын дәйек, сүйегі берік тірек болмақ.
Облыс атқа мінерлерін аяғынан тік тұрғызып, ауданды ала шапқын қылған дүрбелеңнің аяғы суымай жатып министр аяқастынан келмейтін болып қалды. Жоталы жоспардың күлталқаны шықты.
Мұндайда Қаһар ашуланбағанда кім ашуланады? Сырғалы торыны қайтсемде қолыма түсіремін деген желіктің айы оңынан бір тумады. Бір емес, екі емес… Қайсыбір ойы жүзеге асқанша ауданды толқытқан аламан бәйге болатын кез де келіп жетті. Қаһар ары ойланып, бері ойланып қос сәйгүлікті қатарынан жаратуды ұйғарды.
Қос сәйгүлікті күн құрғатпай машықтандырып, бағып-қаққан атбегілер қызыл танау. Қаһар болса оларға күніне қырық рет қоңырау шалып, мазасын алып мезі етті. Сырғалы торының аяқ алысын Одырайдан сұраған. Сырғалы торыдан запы болып, жүрегі шайлығып қалған Одырай «ішің қызғаныштан өртенбек түгіл өліп кетсең де деп» құйтырқылыққа салмай осы жолы ақиқатын айтты.
– Сырғалы торы күй талғамайтын жылқы ғой, Қақа. Кездей соқ бір оқыс болып қалмаса, әй оның алдына түсетін қылқұйрық жуық арада болмайды-ау,– деді. Бұрын есіктен енген жерден мәймөңкелеп, қайтсем хатшының көңілін табатын сөз тауып айтамын деп арыдан ойланып сөйлейтін Одырайдың мына жауабы жанына жақпай, жон арқасы шымырлап, іші күйіп кетсе де құлағына дейін қызарған түсін жасыру үшін сыртын беріп,
– Оқыс дейсің бе? Ол қандай оқыс болуы мүмкін? – деді.
– Жүйрікке де бір томар дегендей…
– Ол қандай томар? Айтсайшы дұрысын! – деді тура Одырайға бұрылып.
– Енді аяқ астынан бір кеселдер боп қалады ғой?
– Бәтіреке-ау, айтсайшы енді сол кеселді?!
– Білмеймін ғой, Қақа.
– Білмесең неменеңе оқыс-моқыс, кесел-месел деп… – Қаһар сөзін кілт тоқтатып, «оттап тұрсың!» дегенді ішінен айтты. Тап осылай дегенін сөз ләміне қарай Одырай да сезген-ді. «От басып қалма, өзің!» деді ол да ішінен. Ылғи айғайлап, үстелді ұрып, алдындағыларды бұқтырып, ықтырып, былайша айтқанда бидайдай қуырып сөйлеп барып сабасына түсетін Қаһар лезімде жұмсарып,
– Ал біздің аттардың бабы қалай екен? – деді.
– Сіздің аттардың бабына айтар бар ма, бір қалыпты. Бірақ «бап шаба ма, бақ шаба ма» деген бар ғой…
– Болды-болды, осы да жетеді, ендеше бағын сынасын.
– Әлбетте… Бақсыз адам емессіз! Қос тұлпар құйрық тістесіп келе жатса ә, Қақа!
– Солай болсын деп тілейік.
Осы тілегінің Сырғалы торы аман тұрғанда орындалмайтынын Қаһар әрине біледі. Орындалуының екі жолы бар. Бірі – жорға жарысын болдырмай тастау. Оған шамасы жетеді. Билік қолында. Бишігін бір үйіріп, жорға жарысы болмайды десе болды, болмайды. Онда ел табалайды. Қызғанды, іші тар, қорықты, күндестік, бақталастық пәлен-түген дер, десе дей берсін. Ең сорақысы «жеме-жемге келгенде арты шыдамады, жыртық туырлықты жалғыз үйлі жаман кемпірмен жағаласты» дейді. Алысар адамың да өзінің теңің болу керек қой. Жұрт атпен алысты демейді, жасты ұлғайтып жағы түсіп отырған кемпірмен жұлысты дейді. Бәрінен де осысы шымбайына батады. Оның үстіне бәйге бір күндік жарыс па? Қазақтың тойы қашан бітуші еді? Қарыны тойған қазақ күнде той жасаудан жалықпайды. Осы тұрғыдан келгенде жорға жарысын бір жолы тыйяр, екінші жолы болдырмай тастар, бірақ мүлдем үзілді-кесілді қиып тастай алмайды. Демек бұл жол жырғаған жол болмайды. Ал екінші жолы, ең оңтайлы жолы – Сырғалы торыны ойда жоқта оқыстан жазым ету, Құлагерге оқиғасын жүз жыл шамасында бір қайталау.
Жылдар жылжып, заман аунап, қоғам ауысқанымен адамның құлқы өзгермейді екен. Алдына қара салмаған Құлагерді қапияда құлатып, кең даланың соңғы серісі Ақан Серіні зар еңіретіп, осыдан ғасыр бұрын өмір сүрген, біреудің басындағы бақытын көре алмай, бағын қызғанған адам бүгін де араларында жүр екен. Ол адамдар өзінің менмен, астамшылық мінез-құлқын, дандайсуын мін деп көрмейді, керісінше солай болуы міндетті деп қабылдайды. Қаһар да сондай адамның қатарына жатады. Қаһардың өктем қылықтары сырт көзге қаншама оғаш, жиіркенішті көрінгенімен өзіне дұрыс. Сондықтан ол ештеңеден тайынбайды. Тайыну деген түйсік ойына да кіріп-шықпайды. Ойына келгенін істей береді. Халықтың атын жамылып, қасқырдың ісін істесе де еркі. Қолын қағып, қарсы келіп жатқан еш пенде жоқ. Соған көмпіс халықтың еті әбден үйренген, көндіккен. Хатшы келіп, қойнындағы қатынын алып кетіп жатса да былқ етпейді-ау. Қаһар халықтың иіс алмас, марғау мінезін, құрметі мен жайлылығын надандыққа балап, басынып алғаны сондай үнемі өз пайдасына малданады.
Алайда Сырғалы торының жолына ор қазып, оны омақастырып түсіру де оңай іс емес. Өйткені Қаһардың қос тұлпарының жападан-жалғыз бәсекелесі Сырғалы торы екенін ел біледі. Бұл өңірде қос тұлпарға тең келетін, олармен қатар шабатын, қатар ғана шауып қоймай озып шабатын Сырғалы торыдан басқа сәйгүлік атымен жоқ. Талай бәйгелерде топ жарған қос тұлпар Сырғалы торы пайда болғаннан бері үлкен сый-сияпат, зор атақ пен абыройдан қағылған. Оның сый мен сияпатын қойшы, атағынан айырылу Қаһар үшін қасірет болды. Бұл ауданда қай қырынан келсе де Қаһардан озған адам болмау керек. Қаны басына шауып, қызғанышы құтыртқанда екі көзін қан жауып, қос тұлпарының қос аяғын шауып-шауып тастауға дәс қалады. Құлагердің дәуірлеп тұрған, дәурені жүріп тұрған заманын армандайды. Амалы бар ма, бір қарақшыны қабақ астына жасырып қойып, тұсынан өтіп бара жатқан заматта жүйрікке жын ұрғандай тұтқиылдан тиісіп, басын балтамен шауып тастап, кеңк-кеңк күліп, кердең басар кез бе? Солай болды деген күннің өзінде оған кімнің дәті жетіп бұндай қылмысқа барарын жұрт болжайды. Қаһар жұрт сөзіне пысқырмаса да, аяқты алшаң-алшаң басса да төбесінде ай дейтін ажасы бар. Қорықса содан қорықады, жасқанса содан жасқанады. Жоғарыда отырғандардың құдай бұған деген көзін түзу қылсын. Орынбасары арт-артынан жолдап жататын домалақ шағым-арыздың бірі деп көзін жұмып қарасын. Егер Қаһарды тағынан тайдыру олардың ойларына келмесін де. Келсе қара құстай Қаһарды қара шыбын құрлы көре ме? Шерте салады. Осының бәрін ұзақ ойлап тарыққан Қаһар бұл жолғы бәйгеде өзінің жымысқы ісін жүзеге асырып, бағын тағыда бір сынап көргісі келген-ді. Одырайдың «Бақсыз адам емессіз! Қос тұлпар құйрық тістесіп келе жатса ә, Қақа» дегені құлағының түбінен жаңғырды.
Сонымен бәйге болатын күн де жетті. Жұрт гу-гу. «Кімнің жорғасы алдымен келер екен?» десіп, бәйгеге ат қосқаны да, ат қоспағаны да қызыл жінік, қызыл кеңірдек болып жатыр. Алдын ала әр түрлі болжамдар айтқанмен ат танитын адамдардың көкейінде тырп етпей жатқан жалғыз жауап бар. «Сырғалы торы».
Ал Қаһар болса Сырғалы торының атын атамақ түгіл, естігі келмейді. Баяғыда Байсақ бақсы ма, Молықбай бақсы ма ат бәйгесіне қобызын қосыпты деген бір ескі сарын құлағына келеді. Қобыз қосып бәйгеден келтірмей-ақ қойсын, қобызын жұмсап Сырғалы торыны аяқтан шалса деп қиялдап қояды. Қазір қобызға жан бітіретін бақсы түгіл, қобызды қолына алып тартатын кісі де қалмаған, ұстайтын қобыз да құрдымға кеткен заман.
Совет пен Герман соғысы жылдарында Моңғолияда болған бір орыс офицерінің аузынан естігені бар. Екі ел арасындағы келіссөз ойдағыдай аяқтап, соңы ат бәйгесіне ұласыпты. Сонда Құсайын деген бақсы аламан бәйгеде алдымен келе жатқан Оспан батырдың ақ боз аты екенін танып, Моңғолияның Премьер министрі Чойбалсанға сыбырлапты дейді. «Оспан батырдың ақ боз аты алдымен келе жатыр, маршал, құлатайын ба?!» деп, сонда маршал Чойбалсан: «Тиіспе, құрметті қонақтың аты ғой, керісінше кейін қалса оздырып жібер» деген екен. Сондай бір бақсы болса деп қиялдап қалып, оған марксизм жолына жанын беруге дайын атеистік болмысы бұлқан талқан болып, өз ойынан өзі шошыды. Осы қиялын біреу сезіп қойғандай орнынан он тұрып, он отырды. Оның үстіне ел Мөржан кемпірді «бойында жыны бар, көріпкелі бар, бақсы кісі, қарғысы қатты, наласына қаламыз, сауды жынды қылады, аш пәледен қаш пәле» деп жүретіні есіне түскенде, кеудесі қысып, маңдайы тершіп кетті.
Қаһардың қас-қабағын бағып, отырса отырып, тұрса тұрып, табанынан тарқаған көлеңкесіндей сүйретіліп, қасынан бір елі қалмай қалбақтап жүрген орынбасары оның неге осынша дегбірі кетіп, мазасы қашып, тоқтай алмай кеткенін сезген сайын ішінен үриттеп, ісінен бір ілік тауып қалам ба деп жылмаң-жылмаң қағады. Қаһардың үстінен қарша бораған қалың шағым-арыздың денін осы орынбасары жазса да сол арыз-шағымның қайдан шыққаны, қайнар көзі табылмай-ақ қойған. Қырық шағымды жазған пенденің қол таңбасы, жазу үлгісі қырық түрлі болып, біріне бірі сәйкеспей шығады. Сол хаттардың шыққан жері жақын-жуықтағы ауыл-аймақтар тұрмақ біреуі мұқым Тәшкеннен, екінші Фрунзе-Пішкектен жолданғанын айтсаңшы. Ал сол шағым хаттардың ақы иесі қолтығының астында жүргенін Қаһар қайдан білсін, «мен дегенде шіркін шыбын жанын аямайды, жаны менімен бірге шығатын жан досым» деп оған бар сырын жасырмай айтып, шын ықыласымен сенеді.
Бәйге болардың бір неше күн бұрын Мөржан кемпір баласы Көбекті шақырып алып,
– Қарағым, Көбек, Сырғалыны бәйгеге қоспай-ақ қойсаң қайтеді?– деген.
– Неге?
– Түс көрдім…
Көбек «түс түлкінің б…» дегенді анасының бетіне тура айта алмады да анасының өзіне айтатын сөзін қайталады:
– Жақсылыққа жорыңыз. – Көбектің алған бетінен қайтпатынын аңғарған ана оның жеңінен тартып өзіне қаратып алды.
– Онда сен былай істе, атыңды мәреден шыққанда өкпесі шаң қауып қалмас үшін топтың алдына шығарып жібер. Тізгінін ірікпе. Қаһардың қос сәйгүлігі сені өкшелей қуады. Анау көк аты жорғасынан көп танатын көрінген, ол жорғасын тауып, аяғын тең басқанша сен біраз жерге барып қаласың. Ал Сырғалы торының танбай салатын жорғасын қуып жететін жорға бұл өлкеде жоқ. Артқы топтан әудем жерге ұзап шыққаннан кейін тізгініңді тежеп, атыңды тым қысамай, тыныстатып, қос сәйгүлікті жақындатып ал да, артыңнан ерт те отыр. Олар сені басып озамын деп әбден титықтайды. Мынаны қатаң ескер. Бер қара, тыңдап тұрсың ба?
– Тыңдап тұрмын ғой, айта беріңіз.
– Айтсам былай. Арынның жырасынан өтерде аса сақ бол. Ол бір тасы мол, суы жоқ, ұры жары көп, қолайсыз, құрғақ жыра. Жыраға еңістеп түскен кезде қолыңның оң жағын ала қабақтың астындағы қуыс, тасадан атыңды үркітпек болып албасты-қарақшы шыға келуі мүмкін. Далда жерден далбақтап шыға келген жаннан бейғам келе жатқан мал да, жан да шошып қап, үрікетіні заңды. Сондай жағдайда ат үстіндегі адам аттан еріксіз ауып түсіп қалуы мүмкін.
– Ой, апа, ол жердің сырын әбден білемін ғой.
– Білесің ғой, білгеннің үстіне біле түскеннің жаман болмайды.
– Бопты.
– Болған жоқ.
– Арынның жырасынан абайлап өт.
– Иә, сен Арынның жырасына келгенде битесің.
– Қайтем? – деп Көмек шешесіне қылжақтағандай болды.
– Арынның жырасына жеткенде артыңдағы құйрық тістеп келе жатқан екі атты өзіңнен оздырып жібересің.
– Ұқтың ба?
– Ұқтым, апа!
– Ұқсаң сол, жолың болсын!… Арынның жырасынан…
Алыстан, анау жазықтың шетінен шаң көрінді. Әп-сәтте шұбатылған бұлттай боз шаңның алдынан түйенің өркешіндей екі аттың бараны да айқындала бастады.
Жұрттан оңаша, бір биікті жеке иемденген Қаһар, қос көзді дүрбісін қос қолдай ұстап, көзінен алмай, екі ұрты салбырап, алысқа көз тігеді. Қозы қарнының үстінде дүрбінің қоңыр түсті бос қорабы салақтайды.
– Қақа, Қақа! – Қаһар құлағының түбінен шыққан бұл дыбысқа мән бермеді. Қаһар Қоразбаевич, деп алғашқыдан да қаттырақ дауыстағанда барып дүрбісін төмен түсіріп орынбасарына үдірейе, ауызын бұртитып қарады.
– Алдынғы ат сіздің ат сияқты.
– Сияқтың не?
– Бәсе, сияқтым не? Сіздің ат, сіздің ат.
– Танып қойдың ба? Торы да баран көрінеді.
– Бірі баран, бірі қылаң, екеуі қатарласып келеді. Бірінен бірі озбайды, бүйірлесіп, тең келеді.
Бір тұсынан Одырай да келіп қалған екен ол да жарыса сүйіншілеп жатыр.
– Сіздің ат, Қақа, сіздің ат. Күмәніңіз болмасын! Сырғалы торы болса оның күміс сырғасы әлде қашан жарқырап көрінер еді. Анау үшінші болып келе жатқаны сол. Сол тұстан бір жарық па, бірдеме жылтыңдайды. – Одырай жарық тұрмақ сайтан да көрген жоқ еді, құйдай өтірік айтты.
Қаһар жауап қатпастан қос көзді дүрбісін қос қолдай көтеріп, көзіне апарды. «Үшіншісі Сырғалы торы деді ме?! Бос келе ме?».
– Қаһар Қоразбаевич, үшінші ат та Сырғалы торы емес екен,– деді Одырай алақанын жанып. – Мен қателесіппін, Сырғалы торының қарасы да көрінбейді.
– Мүмкін емес.
– Мүмкін болғанда қанадай, Қақа. Айттым ғой мен анада, бағыңыз жанады деп. Одырай «үшінші ат Сырғалы торы емес екен» деп сүйіншілеп жатқанда, Қаһардың орынбасары Сырғалы торының алдыңғы топтан неге көрінбеуінің себеп-салдарын іздеп, «құлайтын жерің осы-ау» деп Қаһарға күдікпен бір қарап қойды. Ал Қаһар болса Арын жырасына жұмсаған адамына «Сойыл жұмсама, тұтқилдан кездейсоқ шыққан адам болып, шаужайынан алып, шыр айналдырып жіберсең болды» дегенін есіне түсіріп, алдыңғы аттардың арасынан Сырғалы торыны іздей бастады. Үшінші ат Сырғалы торы болса мейлі, онда бүкіл жоспары ойдағыдай орындалғаны.
Одырай Қаһардың көпшігін қағып бәйек болып жатыр. Ал оның орынбасары олардың қасынан лезімде жылыстап, ел тойға айналғанда ол қойға айналды. Сырғалы торының неге алдыңғы аттардың арасынан көрінбеуінің қандай себеп-салдары болуы мүмкін екенін біліп ала қоймақ ниетпен еш қандай қобалжусыз, бейғам, қаннен-қаперсіз отырған Мөржан кемпірге жетті.
– Алдыңғы аттардың ішінде Сырғалы торы көрінбейді деп жатыр ғой, – деді жаны аши сөйледі. Орынбасардың ентігіп келіп, Жантықша жағымси сөйлегенін жақтырмай тырыса қалған Мөржан кемпір,
– Көрінбейді дейді? Кім айтып жатыр?– деді. Орынбасар Қаһар мен Одырайдың атын айтып қала жаздап барып,
– Түрік тартқандар,– деді.
– Көздері сау адамдар ма оларың?! – Мұндай кекесін жауапты күтпеген орынбасар,
– Ааа?… – деп аңырып қалды.
– Көздері сау ма екен деймін? – Орынбасар сөзден ұтылып, жауап бере алмай айдалаға сөйлеп, лағып кетті. Мөржан кемпір оған қабағын түйіп, тесіле қарады.
– Осы сен орынбасарсың, ә? Ұлықсың ғой, сырғаны қызықтамай, халықтың қамын жесең не етті?!
– Сырғалы торы жылқының сарасы еді ғой, бұрын соңдыда алдына қара салмайтын жүйріктің аяқ астынан көзге түспеуінде бір сыр бар ма деп қалдым. Жазым болмаса болды….
– Не болушы еді? Ішің ашып тұрғаны Сырғалы торы болса, әне, Сырғалы торы, әне. Көзіңді ашып қара!
Бұл кезде бәйге аттары да көмбеге жарты шақырым жерде жақындап қалған. Одырай атып тұрып Қаһарға қарай жөнелді. Ал Мөржан кемпір орнынан жеңіл көтеріліп, Ту тіккен көбеге қарай ақ шылауышы желбіреп ұштыртып бара жатты.
Ол тап осы жолғы бәйгеде жорғасына қандай бір кедергінің боларын құмалақ тартып болжаған. Сырғалы торыны аса сақтықпен бәйгеге дайындаған. Сырғалы торы жаратқан сайын жайнап, өңіне кіріп, құлпыра түскен. Күн қақпасын деп, етегіне айналдыра сары жібектен шашақ төккен кестелі кежім жауып, кісі көзі тимесін деп кекілі мен түп құйрығына шоқпардай үкі қадаған. Бәйге болар алдында атының құлағындағы айқын белгі күміс сырғасын күн сәулесіне шағылыспастай етіп қызыл жосамен бояп тастаған. Сонан соң ұлын аттандырып жатып, «Арын жырасынан өткеннен кейін көмбеге жарты шақырым қалғанша қос сәйгүлікті алдыңа салып, өкшелеп отырасың. Көмбедегі жұрттың айғай-шуы, ұраны естілген заматта аттың басын жіберерсің» деген. Анасының айтқанын құлқына құйып алған Көбек Арын жырасынан аман-есен өтіп, қос сәйгүліктің жел жағын алып, оларды қусырды да отырды.
Ел де дүркіреп орнынан көтерілді. Көмбе басы айғай-шу, аттандап, ұрандап дүрліккен ел. Біреу атты, біреу жаяу арлы-берлі шабыс. Сырғалы торы сытылып алға шықты. Оны жазбай танып, түтікен Қаһар оң жағынан өңмеңдеп, қолтығының астына кіріп кете жаздап тұрған орынбасарын қолындағы қос қабаттап ұстаған қамшымен дыритып-дыритып, тартып өтпек болып барып ашуын әрең тыйып қалды.
– Мынау не сандырақ?! Мынау Сырғалы ғой?!
– Сайтандай қай жағынан шыға келді, Қаһар Қоразбаевич, мен де аң-таңмын.
Қаһар «атаңның басы» дегенді ішінен айтып,
– Көздерің көз емес, без екен ғой,– деді де қара жерді қамшымен осып өтіп,– кері бұрылып, өзінің қос сәйгүлігіне де қарамай орталыққа тайып тұрды.
Сырғалы торының алдына салған екі аттың бірі Қаһардың қос тұлпарының бозы да екіншісі мүлде басқа адамның – әлгі екі мотоциклдің бірі тиесілі ауданның саңлақ шопанының жорғасы еді. Ал оның түр-түсі Қаһардың кер жағал торысынан айнымайтын. Алдырар күн жаздырып, шабандоздардың басындағы бөркі, үстіндегі кеудешелері де бір-бірінен аумай қалыпты. Адамның санасының сенімге әбден иланғанының зардабы сондай күшті көкей көзін де шелдендіріп жібереді екен. Елірген атбегілер мен жанкүйерлер алға озған қылаң мен баранды Қаһардың қос тұлпары деп егіз қозыдай екі атты шатастырып алған. Ал Қаһардың жол кесуге жұмсаған жырындысы Арынның жырасына алдымен келіп Сырғалы торы түседі деп еш күмәнсіз сенген. Бәйге аттары умақ-шумақ сатырлатып жетіп келгенде алдына келіп қалған Қаһардың кер жағал торысын Сырғалы торымен шатастырып шылбырынан ала кетіп, айнала шауып барып қоя берген. Бұл кезде алдыңғы атар біраз жерге озып кеткен еді.
Сырғалы торы жорғаға жетпейтіні болмаса арыны күшті кер жағал торы дөңгелей ұшқанда алдына түсіп кеткен төрт бес жорғаны басып озды.
– Анау баран аттың қарқыны қатты екен,– десті жұрт.
– Қаһардың томпақ торысы ғой.
– Ойбай,– деді тағы біреу,– құлады-құлады…
Сырғалы торы екпіндеген қалпында Қаһардың боз аттының қасына жанасалай келіп, оны қос бұрымдап өрген құйрығымен бір салып өте шыққан. Боз аттың арты белге ұрған жылдай бұралаң ете түскен-ді. Жануар сөре сызығына елу қадамдай жер қалғанда төрт табандап тұрды да қалды. Ілгерінді-кейінді ырғалып, мың салса да бір қадам алға баспады. Әр жерден:
– Бұрдығып кеткен-ау.
– Қысап жіберген…
– Тым семіз болды ма екен,– деген өкінішті дауыстар естіліп жатты.
– Ойбай-ай, анау хатшының көк аты болмасын,– деді Одырай.
– Болмасының не, дәл өзі,– деп орынбасардың қыбы қанып тұрды.
– Құдай-ай, хатшыға не бетімізбен қараймыз?! Обал-ай!!!
– Не бетімізбен қараймызы несі, бапкері сен емессің ғой, обалын бапкері көтереді,– деп зілденді орынбасар.
Бәйгеден алдымен келеді деп дәмеленген Қаһардың қос сәйгүлігінің бірі кер жағал торысы бесінші болып шылбыр ұстатты.
Орынбасар мен Одырай өкпелерін қолына ұстап кеңсеге жарыса кірді. Қара түнек болып күйіп-жанған Қаһар хатшы үстел бетіне қос қолдай сүйеніп әлгіндегі көк аттай теңселіп тұр екен. Олар тұқыра бұрылып, қып-қызыл шоқтай болып жанған екі көзін оқтай қадады.
– Шылбыр ұстатты, Қақа!
– Шылбыр ұстатты, Қаһар Қоразбаевич!
Қаһардың «Шылбыр ұстатты деген не сөз» дегенге тілі әрең келді.
Б.Бақытбек-Бурылалтай. Қаңтар-ақпан айы 2025 жыл
Ескерту: Суреттер, “Торы ат” – Eiana.kz, Ана – Sultan-tilek.kz және автордың жеке архивінен алынды.
Парақшамызға жазылыңыз
