//

Қазақстан конькимен мәнерлеп сырғанау одағы Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкинаға пәтер сыйлады

50 рет қаралды

Фотолар туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен

Елордада мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен Милан Олимпиадасының финалисі Софья Самоделкинаға арналған салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Спортшылар Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарынан кейін елге оралып, жанкүйерлер мен спорт қауымдастығының ыстық ықыласына бөленді.
Елге оралған спортшылар мен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Асем Қасанованы Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералы және Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин құттықтады.
Салтанатты шара барысында Одақ атынан демеуші болған “Saltanat Diamond Gallery” зергерлік үйінің қолдауымен спортшылар мен бапкерлерге пәтер кілттері табысталды. Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушысы Алексей Урмановқа үш бөлмелі пәтер берілсе, Софья Самоделкина мен Асем Қасанова бір бөлмелі баспананың иесі атанды.
–Олимпиададағы Михаилдың жеңісі қазақ спортының тарихына алтын әріппен жазылады. Себебі Михаил Шайдоров бізге көптен күткен Олимпиада алтынын сыйлап, 32 жылдан кейін Қазақстан гимнін Олимп төрінде қайта шырқатты. Михаил бауырымыз марқұм Денис Теннің салып кеткен сара жолын жалғастырып, барша қазақ елін қуанта алды. Бұл нәтиже спортшы мен оның командасының табанды еңбегінің жемісі. Софья қарындасымызды мәнерлеп сырғанаудан үздік он спортшының қатарынан көрдік. Софьяның алда алар асуы көп, ел қоржынына әлі талай жеңіс қосатынына сенімдіміз. Спортшылардың ата-аналарына, жаттықтырушылар құрамына, мамандар тобына, Туризм және спорт министрлігіне, Ұлттық Олимпиада комитетіне шынайы алғысымды білдіремін, – деді Бауыржан Ералы.


Айта кетерлігі, Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина Астанадан пәтер иеленсе, Алексей Урманов пен Асем Қасанова Алматы қаласынан баспана алды.
Өз кезегінде Михаил Шайдоров та ел ықыласына алғыс білдірді.
– Осындай кеш уақытта арнайы келіп, мені қарсы алған баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Мен үшін бұл ерекше қуанышты әрі толқынысқа толы сәт. Олимпиада ойындарында еліміздің көк Туы ең биік тұғырға көтеріліп, Гимн шырқалғанда, жүрегімді зор мақтаныш кернеді. Маған айтылған жылы лебіздеріңізге, көрсеткен қолдауларыңызға және сый-сияпаттарыңызға көп рақмет. Шынымды айтсам, айтар сөз табу қиын, барша қолдауларыңыз үшін шексіз ризашылығымды білдіремін. Бұл сенім мен қолдау маған алдағы уақытта да аянбай еңбек етіп, еліміздің абыройын асқақтатуға зор жігер береді, – деді Олимпиада чемпионы.
Елорда төріндегі әсерлі кездесу ел спортының мерейін үстем еткен тарихи жетістіктің жарқын көрінісіне айналды. Спортшыларға көрсетілген құрмет – олардың ерен еңбегіне берілген әділ баға әрі өскелең ұрпаққа үлгі боларлық тағылым.

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар