//

Шыңғыс Ергөбек саясаттанушы: Түрік еуразияшылығы: неоосманшылық

151 рет қаралды

 Пантүркизм және Түркияның геосаяси қайта бағдарлануы

Түрік еуразияшылығын жеке дара доктрина ретінде емес, Түркияның халықаралық жүйедегі орнын қайта пайымдау үдерісінің бір бөлігі ретінде түсінген жөн.

Ол түрік саяси ойнындағы тағы екі ықпалды бағытпен –  неоосманшылық және пантүркизммен – тығыз байланыста дамып келеді. Бұл идеялар өзара қабысып та, кейде қайшылыққа түсіп те, Анкараның билік, бірегейлік және егемендік туралы түсініктерін қалыптастырады. Барлығы қосылып, Батыс үстемдігі әлсіреп, әлем көпполярлы сипат ала бастаған кезеңде Түркияның стратегиялық автономияға ұмтылысын білдіреді.

Түркиядағы еуразияшылықтың тарихи негіздері

Еуразияшылық идеясы ХХ ғасырдың басында орыс эмигрант ойшылдары арасында қалыптасып, кейін посткеңестік кезеңде Александр Дугин сияқты тұлғалар арқылы жаңғырды. Орыс еуразияшылығы Ресейдің Еуропа да, Азия да емес, өзіндік өркениет екенін алға тартып, оны Батысқа қарсы құрлықтық блоктың жетекшісі ретінде көреді.

Түркияда еуразияшыл идеялар әсіресе Батыс институттарына күмәнмен қарайтын ұлтшыл және солшыл-ұлтшыл топтар арасында тарады. Оның ең белсенді жақтаушыларының бірі – Доғу Перинчек, Отан партиясының жетекшісі. Түрік еуразияшылдары Түркияның Батыспен ұзақ мерзімді одақтастығы, әсіресе НАТО мүшелігі елдің егемендігін шектеп, стратегиялық дербестігін әлсіретті деп есептейді.

2016 жылғы сәтсіз төңкеріс әрекеті, сол кездегі президент Реджеп Тайип Ердоған билігі тарапынан, Батысқа деген сенімсіздікті күшейтті. Бұл оқиға көптеген еуразияшылдар үшін Түркияның Ресей және Қытай сияқты құрлықтық державалармен жақындасуын ақтайтын дәйек, әрі дәлел ретінде қабылданды.

Түрік еуразияшылығының негізгі қағидалары

  1. Көпполярлылық. Еуразияшылық АҚШ жетекшілік ететін бірполярлы жүйені қабылдамайды. Оның орнына бірнеше аймақтық державалар тең дәрежеде әрекет ететін әлемдік тәртіпті қолдайды.
  2. Стратегиялық автономия. Батысқа тәуелділікті азайту, қорғаныс, энергетика және сауда салаларында әртараптандыру — негізгі мақсаттардың бірі.
  3. Өркениеттік плюрализм. Бұл бағыт Түркияны тек еуропалық мемлекет ретінде қарастыратын кемалистік түсінікке қарсы шығып, оның османдық-исламдық мұрасы мен Орталық Азиямен байланысын алға тартады.

Дегенмен, Түркияның қазіргі сыртқы саясатын толық түсіну үшін еуразияшылдықты неоосманшылық және пантүркизммен бірге қарастыру қажет.

Неоосманшылық: империялық мұра және аймақтық белсенділік

Неоосманшылық Түркияның Осман империясы кезеңіндегі тарихи мұрасын геосаяси ықпалдың көзі ретінде қарастырады. Бұл тұжырымдама көбіне Ахмет Давутоғлу есімімен байланысты. Оның «стратегиялық тереңдік» теориясы Түркияны бірнеше аймаққа ықпал ете алатын жүйеқұраушы мемлекет, геосаяси алпауыт ретінде сипаттайды.

Әділет және даму партиясы (АКП) билігі кезінде Түркия Балқан, Таяу Шығыс және Солтүстік Африкада белсенді саясат жүргізді. Сирия мен Ливиядағы әскери қақтығысқа араласу, Шығыс Жерорта теңізіндегі белсенділік – осы көзқарастың көрінісі.

Неоосманшылық пен еуразияшылдықтың айырмашылығы – бағытталу ауқымында. Біріншісі бұрынғы Осман аумақтарына назар аударса, екіншісі құрлықтық державалармен стратегиялық одаққа мән береді. Алайда екеуін де Батыс үстемдігіне сын және ұлттық дербестікке ұмтылыс біріктіреді.

Пантүркизм: түркі әлеміндегі көшбасшылық

Пантүркизм Осман дәуірінің соңында қалыптасқан саяси бағыт. Ол Еуразия кеңістігіндегі түркі халықтарының мәдени және саяси бірлігін қолдайды. Қазіргі кезеңде бұл идея аумақтық бірігуден гөрі институционалдық ынтымақтастыққа негізделген.

Оның нақты көрінісі — Түркі мемлекеттерінің ұйымы. Бұл ұйымға Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан кіреді.

Пантүркизм Түркияның Орталық Азия мен Кавказдағы ықпалын күшейтіп, оған Ресейден тәуелсіз аймақтық желі қалыптастыруды көздейді. Алайда бұл бағыт Ресей үшін сезімтал аймақтарда бәсекелестік тудыруда.

Көпвекторлы стратегия

Осы үш бағытты біріктіре қарасақ: еуразияшылық — көпполярлы, антиатлантикалық негізге арқа сүйесе, неоосманшылық — оңтүстік пен батысқа бағытталған аймақтық ықпал идеясын, ал пантүркизм — шығысқа, түркі әлеміне бағытталған стратегия екендігі айқындалады. Қайсысы болса да, Түркияны аумақтық. Одан қалды ғаламдық денгейдегі шешім қабылдайтын маңызды орталыққа айналдыруды көздейді.

Қазіргі Түркия бір бағытқа басымдық беруге қарағанда, көпвекторлы саясат ұстануды мақсат етеді. Ол НАТО құрамында қала отырып, Ресеймен қорғаныс саласында ынтымақтастық орнатуда; Еуропамен сауданы жалғастыра отырып, Қытаймен экономикалық байланысын нығайтуға мүделілігін танытуда.

Қайшылықтар мен болашақ

Алайда бұл стратегияның ішкі қайшылықтары бар:

Еуропалық нарықтарға экономикалық тәуелділік;

НАТО мүшелігінің шектеулері;

Ресей және Қытай мүдделерімен ықтимал қайшылықтар;

Аймақтағы елдердің Түркия белсенділігіне сақтықпен қарауы.

Сондықтан түрік еуразияшылығы — түпкілікті бекіген геосаяси таңдау емес, өзгермелі және бейімделгіш стратегия.

Түркияның географиялық орналасуы оның «еуропалық па, азиялық па, әлде өзіндік өркениет пе?» деген бірегейлігін үнемі талқылауға себеп болуда: еуразияшылық, неоосманшылық және пантүркизм осы сұрақтарға жауап іздеудің әртүрлі формалары болып табылады.

Бүгінгі таңда Түркия өзін Батыстың шеткі аймағы емес, Еуразия кеңістігінің орталық ойыншысы ретінде танытуға ұмтылады. Бұл бағыттың ұзақ мерзімді болашағы жаһандық күштер тепе-теңдігіне және ішкі саяси динамикаға байланысты болмақ.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар