Фото: istockphoto.com
Жаңа Салық кодексі аясында қаржылық қиындыққа тап болған кәсіпкерлер үшін салық берешегін өтеу тетіктері едәуір жеңілдетілді. Бизнесті қолдауға бағытталған жаңа салықтық кешірім шарттарын Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті өкілі Қайсар Арын түсіндірді.
6 миллион теңгеге дейінгі қарызға кепіл талап етілмейді
Бұған дейін кәсіпкерлер салықты бөліп төлеу немесе төлеу мерзімін ұзарту үшін міндетті түрде мүлкін кепілге қоюы қажет еді. Бұл өз кезегінде мүлікті бағалау, сақтандыру сияқты бірқатар бюрократиялық рәсімді талап ететін. Аталған механизм биыл қайта қаралды.
«Егер берешек сомасы 1500 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 6 миллион теңгеден) аспаса, салық төлеуші кепілсіз түрде бөліп төлеу немесе мерзімін ұзарту мүмкіндігін пайдалана алады», – деді Қайсар Арын.
Енді шағын көлемде салық берешегі бар кәсіпкерлер мүлкін кепілге қоймай-ақ, салықты бөліп төлеу мүмкіндігін пайдалана алады. Бұл норма саналады және мамандардың айтуынша, әсіресе қаржылық қысымға түскен микро және шағын бизнес үшін маңызды қолдау болмақ.
Өсімпұл мен айыппұлдар қалай кешіріледі?
Спикердің айтуынша, банкроттық, оңалту немесе қайта құрылымдау рәсімінен өтіп жатқан кәсіпкерлерге де қатысты жеңілдіктер қарастырылған. Егер салық төлеуші негізгі қарызын 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында толық өтесе, оған есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады.
«Сондай-ақ осы қаулы аясында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 275-бабының 5-бөлігі («ҚҚС бойынша айналым сомасының асып кетуі») бойынша салынған айыппұлдар да кешіріледі. Егер бұл бап бойынша мемлекеттік кірістер органы әкімшілік акт шығарғанымен, ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мәжбүрлеп өндіріп алуға жіберілмеген болса, мұндай айыппұлдар да есептен шығару арқылы тоқтатылады», – деп түсіндірді Қайсар Арын.
Кім өтініш беруі керек?
Ақпаратты дұрыс бағыттау үшін Қайсар Арын өтініш беру тәртібіне жеке тоқталды. Оның айтуынша, салықтық берешегі бар барлық кәсіпкерлерге бірдей өтініш жазудың қажеті жоқ. Тек сот актілерімен рәсімдері бекітілген тұлғалар ғана мемлекеттік кірістер органдарына еркін нысанда өтініш беруге тиіс. Атап айтқанда:
- қайта құрылымдау рәсімі барлар;
- банкроттық рәсімі жүріп жатқандар;
- оңалту рәсімі енгізілгендер.
«Негізгі салық сомасы өтелген жағдайда және ӘҚБтК-нің 275-бабының 5-бөлігі бойынша қарызы бар салық төлеушілердің айыппұлдары автоматты түрде есептен шығарылады. Бұл үшін арнайы комиссия құрылатын болады», – деп түйіндеді спикер.
Мемлекеттік орган мәліметінше, тиісті бұйрықты келесі аптада тіркеуден өткізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты құжат заңды күшіне енгенге дейін жаңа ережелер бойынша рәсімдер іске қосылмайды.
Назерке Ақберді
Парақшамызға жазылыңыз
