///

13,3 миллиард теңге: қысқы Олимпиадаға бөлінген қаржы қайда жұмсалды?

175 рет қаралды
1
Ұлттық Олимпиадалық комитет

Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындары аяқталғанына біраз уақыт болды. Ел қоржынына жалғыз алтын медаль түсті. Бұл жүлдені мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров жеңіп алды. Әдеттегідей олимпиада аяқталған соң қоғамда қысқы спортты дамытуға бөлінген 13,3 миллиард теңгенің тиімділігіне қатысты сұрақтарды күшейді. Осы күні алтынның буы басылып, олимпиададан кейінгі эмоция тарқаған сәтте ел ішінде сөз болған миллардтардың қайда, қалай жұмсалғанына қатысты мәселеге жауап іздеп көрдік. Ол үшін туризм жәнге спорт министрлігіне арнай хат жолдап, ресми жауап алуға тырысты.

Қаржының негізгі бағыттары

Бізге жеткен деректерге сәйкес, Қазақстанда қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамып келеді. Олардың қатарында конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, шаңғы жарысы, фристайл, сноуборд және шайбалы хоккей сынды бағыттар бар. Төрт жылдық олимпиадалық циклге бөлінген 13,3 млрд теңге республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ демеушілік және бюджеттен тыс қаражат көздерінен құралған.
Бөлінген қаржы бірнеше маңызды бағытқа жұмсалған. Ең алдымен, спортшыларды қажетті құрал-жабдықтармен және арнайы экипировкамен қамтамасыз ету көзделді. Сонымен қатар жаттықтырушылар құрамының, оның ішінде шетелдік мамандардың еңбекақысы төленді. Медициналық және фармакологиялық сүйемелдеу, ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету де осы қаражат есебінен қаржыландырылды. Одан бөлек халықаралық жарыстарға қатысу да қомақты шығынды талап етті. Ұлттық құрамалар олимпиадалық цикл барысында 612 оқу-жаттығу жиынын өткізген. Оның 434 халықаралық жарысқа қатысты. Бұл жол шығындары, оқу-жаттығу базаларын жалға алу, логистика және ұйымдастыру мәселелерін қамтитын күрделі процесс.

Шетелдік мамандар мен дайындық жүйесі

Спортшылардың деңгейін көтеру мақсатында Германия, Нидерланды, Испания, Словения, Польша, Ресей және Беларусь елдерінен 13 жоғары деңгейлі жаттықтырушы-кеңесші тартылды. Олар мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, биатлон және шаңғы жарыстары секілді негізгі бағыттарда жұмыс істеді. Олимпиадалық цикл барысында ұлттық құрамалар толыққанды дайындық кезеңдерінен өтті: ел ішіндегі жаттығулардан бастап, шетелдік оқу-жаттығу жиындары мен лицензиялық турнирлерге қатысты.
Ресми нақты сан жарияланбағанымен, қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалар мен резервтік командаларды қоса есептегенде жүздеген спортшы қамтылғаны белгілі. Егер жалпы 13,3 млрд теңгені шартты түрде бөлсек, бұл қаржы тек спортшыларға ғана емес, тұтас инфрақұрылымға, бапкерлерге, медицинаға және халықаралық дайындық процесіне жұмсалғанын ескеру қажет.

Нәтиже және қоғамдық сұрақ

Олимпиада қорытындысында жалғыз алтын жүлденің алынуы қоғамда «жұмсалған қаржы мен нәтиже арақатынасы қандай?» деген орынды сауал туғызды. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, қысқы спорт инфрақұрылымы күрделі, шығыны жоғары сала. Мұнда нәтиже бір ғана олимпиадамен емес, ұзақ мерзімді жүйелі жұмыспен бағалануы тиіс. Сондықтан 13,3 млрд теңгені тек медаль саны арқылы өлшеу біржақты болуы мүмкін. Аталған қаржы елдегі қысқы спорттың базасын нығайтуға, халықаралық деңгейдегі тәжірибе жинақтауға және болашақ чемпиондарды дайындауға бағытталған стратегиялық инвестиция ретінде қарастырылуы тиіс.

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Пайдасыз іске қаржы жұмсауды доғаруға болмай ма?

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар