//

Алма Сайлауқызы: Ұлыбританиядағы ғылыми тағылымдама жазбалары. V бөлім

96 рет қаралды

Алақай! Мың шүкір. Бел ортасына келдік. Он айлық ғылыми тағылымдамамыздың бесінші айына да жетіппіз. «Сәуір болмай тәуір болмас». Ұлыбританияға сәуір келуін келді-ау. Бірақ ауа-райы әлі сол, соңғы бес ай бойы келе жатқандай, +10 шамасында тұр. Көп болса 4-5 градус әрі-бері жылжып қояды. Қызық, иә?

Жыл мезгілдері ауысып жатыр (мен күзде келгенмін, қысты өткізіп, көктемнің ортасына жақындап қалдық), бірақ ауа-райы аса қатты құбылмайды, жалпы бірқалыпты. Кейді онысы біртүрлі көрінеді екен. Күндерінің райына тартып кеткен бе, бұларда сол баяғы тұрақты даму, салмақты көзқарас, тұрақты баға…  Ал Англияның тағы қандай құндылықтары мен «әттеген-айлары» барын білгіңіз келсе, менің тұрақты жазылып келе жатқан жолжазба очеркімнің 2025-тің желтоқсанында шыққан бірінші, 2026-ның қаңтарында шыққан екінші, ақпанда жарияланған үшінші және наурызда шыққан төртінші бөлімдерінен оқып-біле аласыздар. Өткен жылдың қараша айынан бері Ұлыбританияның беделді Лидс университетінде өтіп жатқан ғылыми тағылымдамам кезінде көрген-түйгендерім  үлгі аларлық 21 ерекшелік болып жарияланды. Ал осы бөлімде келесі төрт ерекшелікті, соның ішінде даңқты Оксфорд қаласына жасаған сапарымыз туралы баяндамақпын.

 ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ТҮСІНІП АЛУДЫ МАҢЫЗДЫ САНАЙДЫ

 Жиырма екінші ерекшелік, бұл жақта жасанды интеллектіге кешенді дайындықты ертерек бастап кеткен. Соңғы он шақты жылда сол технологияның негізгі зерттеушілеріNick Bostrom («Суперинтеллект: бағдарлар, қауіптер, стратегиялар», 2014), Kai-Fu Lee («ЖИ 2041: Болашағымызға арналған 10 көрініс», 2021) және Mustafa Suleyman («Жақындап қалған толқын: ЖИ, билік және біздің болашағымыз», 2023) сынды философтары мен инженерлерінің кітаптары шыққан, ал қазіргі уақытта сол білімді одан сайын тереңдететін, сол ұғымды барынша кеңейтетін «Біз ЖИ‑мен бірігетін сәт» (Ray Kurzweil, 2024) және «Машинаны басқару» (Ray Eitel-Porter, 2025) сияқты жаңа кітаптар үздіксіз жарық көріп жатыр.

«Жасанды интеллект жылы» деп жарияламай-ақ,  әр күнін, әр сәтін соны мықтап түсінуге, мүмкіндігін қолдануға, ал ықтимал салдарын азайтуға арнап, салқынқандылықпен осы бір ғылыми-техникалық революцияның жақсысын алып, қаупінен бойын аулақ салуға тырысып жатқанын көреміз. Мәселен, біздің ғылыми тағылымдамамыз өтіп жатқан Лидс университетінің ректорат корпусында жасанды интеллект тақырыбын зерттейтін LIDA  – Leeds Institute for Data Analytics  деп аталатын арнайы орталық бар. Әжептеуір үлкен ұжым. Соның қызметкерлері университеттің сан алуан мектебінде АІ-ға байланысты ғылыми зерттеу жүргізіп жатқан магистранттар мен докторанттарды іріктеп, презентация жасату үшін ашық семинар өткізіп тұрады. Апта сайын. Тұрақты түрде. Бір сағат қана. Сол алпыс минутта үш спикер 15 минуттан презентация жасап, 5 минутын сұрақ-жауапқа арнайды. Университеттің қалаған адамы қатысып, тыңдап, сұрақ қоя алады. Мен сондай семинардың үшеуіне қатысып үлгердім. Ол жерде киберқауіпсіздік саласынан бастап, бұқаралық жиындарға қатысатын әлеуметтің белсенділігін өлшеуге дейінгі, сондай-ақ тарихи контекстті қабылдаудан бастап көше қауіпсіздігіне дейінгі тақырыптарға жасанды интеллект әлеуетін кіріктіре зерттеу кейстері ұсынылды.

Одан бөлек ай сайын жасанды интеллекттің қолдану мүмкіндіктері мен басқару түйткілдеріне қатысты  ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференциялар, форумдар мен саммиттер өткізіліп жатады. Дүрілдетіп, жаһанға жар салып жарнама жасамай-ақ. Ысқырығы жер жармай-ақ. Сабырлы түрде. Салмақпен. Жауапкершілікпен. Мән беріп. Тың білім беріп. Ғылыми негіз беріп. Тыңдаушыға да жауапкершілік арқалата отырып. Ол жерде өзінің тақырыбын өте жетік меңгерген, шын бөлісері бар ғалым-әріптестер сөз алады.

Әлемді түбегейлі өзгертер жаңалыққа дайындық осылай жасалса керек. Әсіресе оқытушыларын қаруландыруға тырысуда, өйткені олар білімнің көзі ғой. Жасанды интеллектті оқытуда, білім технологияларында қолдануға байланысты Лидстегі, Лондондағы, Оксфордтағы, Манчестердегі төрт конференцияға қатысыппыз. Әрқайсысынан білім қоржынымыз толып шығып жүр.

БҮКІЛ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚОСЫЛАТЫН ТЕГІН WI-FI

 Жиырма үшінші ерекшелік, егер сіз Ұлыбританияның студенті болсаңыз, бір рет сол университет берген аккаунтпен уайфайға тіркелесіз, сосын барлық қаладағы әр академиялық орталықта уайфай  автоматты түрде тегін қосыла береді. Еduroam(Education Roaming) – бұл халықаралық академиялық Wi‑Fi жүйесі, зерттеу мен жоғары білім беру ұйымдарының студенттері мен қызметкерлеріне арналған қауіпсіз, бүкіл дүниежүзі бойынша қолжетімді желілік қызмет.

Оның игілігін Лондоннан бастап, Оксфордқа дейін көріп жатырмыз. «Телефонды аш, тірке, қосыл, дәлелде…» деп жатпайды. Әр университеттің табалдырығын аттар-аттамас автоматты түрде өздігінен қосыла кетеді. Өте ыңғайлы. Университеттің корпоративтік академиялық поштасын аша салысымен, «Ақпараттық қауіпсіздік» және «Деректерді қорғау» курсын онлайн өтіп, ненің дұрыс, ненің бұрыс боларын бір бекітіп алып, тест тапсырғанбыз. Лидс университеті берген ac.uk деп аяқталатын жеке ресми поштамыз арқылы бүкіл ел бойынша өтетін ғылыми іс-шараның кейбіріне тегін тіркелу мүмкіндігін алдық. Одан бөлек әр университеттік аккаунтқа сол желінің ақылы нұсқадағы жасанды интеллект ассистентін бір тиын сұрамастан қосып береді екен. Біз қазір ғылыми мақсаттарымызға M365 Copilot-ты солай қолданып жатырмыз, мысалы. Оны біз шынайы, тексерілген Data-мен зерттеу жүргізуге жол салып беріп жатқаны деп түсіндік. Содан бері академиялық доменнің (academic domain) құрығы ұзын, жолы даңғыл екенін толыққанды сезінудеміз. Мына жаңа замандағы цифрлық қамқорлық пен қолжетімділіктің бір көрінісі осындай болатын шығар.

ӘДЕТТЕН ТЫС КҮН ТӘРТІБІ

 Жиырма төртінші ерекшелік, әдеттен тыс күн тәртібі. Яғни академиялық, ресми іс-шараға барар болсаңыз, алдын ала күн тәртібімен танысып, уақытына жіті мән беріп алғаныңыз жөн. Оның бірі таңғы 8.30-да басталса, екіншісі 9.45 немесе тіпті 10.15-те басталады деп көрсетілуі мүмкін. Жай ғана көрсетілмейді, тура сол уақытта, бір минут та кешікпестен басталып кетеді деген сөз. Ал конференциялардың түскі үзілісіне 12.20-да  немесе 12.45-те шығуыңыз мүмкін. Біздікіндей шаблонды, қатып қалған, кәдімгідей қысым беретін 9.00(!) немесе 13.00(!) деген жоқ. Түстен кейінгі сессия 14.20-да басталуы мүмкін. Кейбірі 14.45 деп көрсетеді. Бірақ таңнан басталған кез келген конференция, форум, саммит түс ауа, кешке жетпей 16.30-да, ары кетсе 17.15-те бітетініне куә болдық.Мәселен, наурыздың соңында Оксфорд университетінде өткен конференцияда түскі асқа 12.30-да жіберді. Ал сәуірдің басында Манчестер университетінде өткен конференцияны таңертең 9.30-да бастап, түскі асқа 12.20-да шықтық. Жұмыс істейтіндердің күн тәртіптері де тұтынушыға зиян келмей, қызметкерлер арасында реттелетіндей солай өзгермелі, икемді болып келеді екен.

Бұл әдеттен тыс, ауыспалы, ерекше күн тәртібінің артында не тұр деген ой қызықтыра бастады. Ағылшындарда жиі қайталауды ұнататын бір әдемі тұрақты тіркес бар екен: “Think outside the box!”  Шеңберден, қасаң шаблоннан шығып ойлануға тырыс дегені. Нағыз креатив, нағыз тың ой, нағыз өткір шешім  қатып қалған шекараларға тәуелді болмаған кезде ғана,  белгілі бір еркіндікті сезінген сәтте, «аут оф бокс» ойлана бастағанда ғана туындайтыны сөзсіз. Миға жаңа ойын. Тіпті қазір нейробиологтардың өзі жұмысқа бір жолмен ғана бармай, түрлі жолмен бар, түрлі жерді көр деп кеңес беріп жатады емес пе?.. Өткен бөлімде тілге тиек еткен Кэрол Дуэктің призмасынан қарар болсақ, қатып қалған пайдасыз санадан (Fixed Mindset) өсуге және дамуға бейім жұмсақ санаға  (Growth Mindset) көшудің жолы болса керек. 

БАННЕР МЫСАЛЫ

 Жиырма бесінші ерекшелік, бұл жақта  прагматизм мен үнем туралы жиі ойланады. Байлардың өзі жинақы, жарасымды, бірақ қарапайым жүруге тырысады. Қажетсіз, лайықсыз, қолданысы аз нәрсеге шығын жасауға қарсы. Босқа шашылуға құштар емес. Мәселен, Лидстегі, Лондондағы, конференцияның қайсысына бармайық, біздегідей нақты сол іс-шараға ғана арналған 5:3 өлшемді жер-көкті алып тұратын үлкен баннер түгілі, 2:3  форматындағы стандартты баннер (Backdrop Banner) де жасатқанын көрмедік. Оның орнына шағын, портативті, Pull-up Banner қойылады. Ал кейде оның өзінде тура сол конференцияның атауы емес, ұйымдастырушы ұйым деректері ғана жазылған, барлық жерде қолдана беретін әмбебап нұсқасы тұрады.  Сөмкесінен бұрап шығарып, біткен соң, орап алып кете қояды. Негізі  баннер мұқабасын монитор экранынан шығарып қою да кең тарағанын байқадым. Аты дардай Оксфорд университетінің өзі сөйлеушінің мінберіне ғана іліп қоятын өте шағын Lectern Banner қолданғанын көргенде, біздің елде неге солай емес, неге сонша шашыла береміз деген ой келгені рас… Оксфорд университеті Ұлыбританияға жыл сайын шамамен 1517 миллиард паунд (23 млрд АҚШ доллары) экономикалық пайда түсіреді, бұл түсім – елдегі кез келген университет ішіндегі ең жоғары көрсеткіштің бірі (Кембридж университеті ғана 30 млрд-пен оның алдында тұр). Білімді бренд еткен, әрі туризм катализаторы болып, қыруар пайда тауып жатқан Оксфорд университеті үздіксіз даму мен жаңашылдыққа ғана ұмтылып қоймай, сонымен бірге рационализм мен прагматизмге де берік екенін көріп, таң қаласың.

«ІСТЕП ТҰРСА, ҚИРАТПА!» ҚАҒИДАСЫ

Жиырма алтыншы ерекшелік, бұл жақтағылар ескіні бұзбау, көненің көзін сақтай отырып, заманауи көштен қалмау деген қағидаға берік. Қайтадан сол Оксфордты мысал ете аламыз. Қаланың бас көшесінің суретін J.M.Turner деген суретші 1810 жылы салады. Картинасының атауы тура солай,  “High Street, Oxford” деп аталады. Біз барып көрген Ashmolean музейінде сол картина әлі тұр.  Сосын арада екі жүз жыл өткен соң, 2015 жылы David Fisher атты фотограф тура сол жерді, тура сол ракурстан суретке түсіреді. Нәтижесі қалай болды дейсіз ғой? Оксфордтың бас көшесінің архитектурасы, ғимараттары іс жүзінде өзгермеген. Бар айырмашылығы: велосипедтер, жол белгілерімен кейбір заманауи элементтер ғана. Ол ерекше салыстыру Guardian сайтында жарияланған, дәл қазір келесі сілтемені басып, сіз де көре аласыз. Бұл нені көрсетеді? Олар істеп тұрған дүниені қиратуға құмар емес. Ол тарихи маңызы бар, қаланың бейнесі болып қалыптасқан ғимарат болса, бұзбақты түгілі, көзінің қарашығындай сақтайды, қайта.

Ал бізде ше? «Жаңа, заманауи етіп салу керек» деген желеумен, талай ғимарат сүріліп, тарихи трамвайымызға дейін алынып тасталады емес пе? Ағылшындарда  жоспар, тендер жасап қойып, уақыты келсе де, келмесе де,  тозса да тозбаса да, ауыстыра беру деген «жарыс» жоқ. Жаңа жылда көрдім ғой: университеттің шыршаларынан бастап, қала әкімдігінің шыршасына дейін талай жыл қолданылғаны көрініп тұр. Ұқыпты қарайды. Жауапкершілікпен сақтайды. Жарқ-жұрқ етіп жылтыраған жаңасына аса елігіп тұрған жоқ. Мәселен, мен тұрып жатқан Lupton residens ескі типтегі жатақханаға жатады. Салынғанына елу жылдай болып қалған. Есіктері де сол салынған жылдан тұр-ау, тек қосымша магниттік кілт жүйесін орната қойған. Көп ешнәрсе өзгермегенін, түбегейлі күрделі жөндеу жасамағанын, тек ішінара заманауи стильге бейімдеп отырғанын аңғарамын.  Суағарының өзі ыстық су бөлек, суық су бөлек болып тұр, яғни “old plumbing system”, Ұлыбританияның бұрынғы стандарт өнімі деген сөз. Әдетте ол  1950-1980 жылдары салынған ғимараттарға тән. Жұмыс істеп тұр ма? Жайлылыққа зиян тигізбей ме? Жөндеуге келе ме? Болды, істей берсін. Осындай ұстаным. Ал бізде тым ескіні сол бойы қараусыз қалдырып, ал әжептеуір жаңаны қайта ауыстыруға құмартып тұратын  қоғамға да зиян, бюджетке де зиян парадокс бар ғой.

Көшеде келе жатсаң да, тротуардағы қыш тақталар жүз жылдап болмаса да, кемінде отыз-қырық жылдап жатқанын аңғарасыз.  Арасындағы бөліктер тозығы жеткеннен бұзылып қалатыны заңды ғой. Сол кезде тұтас көшені емес, нақты сол объектіні радиусы 3-8 метр аумақта  қоршап алады да, тек сол жерді жамап,  бұрынғы стилін, түсін материалын ұқсата отырып жөндегенін көргенде, осылар тым асыра сілтеп жібермеді ме екен деп те ойланып қалатының рас. (Қазақстан азаматы болсаңыз ғана дәл солай ойлайсыз ғой, енді…)

«БАЙЛАР ДА ЖЫЛАЙДЫ»

 Ал енді дәстүр бойынша, кемшіліктері туралы да бірер ауыз айтып өтейін. Әттеген-айлары жоқ емес, бар. Баяғыда аналармыз, апаларымыз өліп-өшіп көретін «Байлар да жылайды» деген мексикалық сериал бар еді ғой. Сол фильмнің мотивіне  салып талдар болсақ, бұл елдің ұлттық құрамы қатты өзгеріп жатыр дер едім. Оның үстіне британ ұлтының табиғи өсімі өте төмен деуге болады. Табиғи өсімге дем беріп тұрғандар иммигранттар отбасы. Соның өзінде бір отбасына 1.5 баладан ғана келіп тұр (табиғи өсім тек 3 баладан басталады, білесіз). Жалпы алғанда өлім саны туу санынан көп, сондықтан ұлт қартайып жатыр. Ал жас құрамы туралы статистикалық деректер былай дейді:  0-14 жасқа дейінгілер халқының 18%-ын құраса, 15-64 жастағылар 62%-ды, ал 65 жастан жоғарылар 20%-ды құрап тұр. Бұл – қартаюшы қоғам сипаты. Әл-ауқат көрсеткіші бойынша әлемдегі мықты мемлекет саналатын елдің бұл да бір жүрек сыздатар, көңілді алаңдатар жан қайғысы болар, кім білсін… Университеттің фитнес орталығына бассейнге келетін оқушы топтарын бірнеше ай бойы бақылап келемін. 10-15 баладан тұратын әр топтың құрамына қарасам, шамамен 70-75 пайызы – басқа ұлт өкілдері.

Келесі бір кемшілігі, (әлде артықшылығы ма, кім білсін) бұл жақта бағдаршамкейде жай ғана «символ». Ол жерде жасыл жанып тұр ма, қызыл жанып тұр ма, бәрібір, көп жағдайда адамдар ерсілі-қарсылы өте береді екен. Байқаусызда бір көлік бір адамды қағып кетсе не болады деп уайымдап қаламын, тіпті. Дегенмен… Ең бастысы, көлік пен адам бір-біріне кедергі келтірмесе болды. Өзара сыйластық, өзара түсіністік десек бола ма, білмеймін. Халқы кішіпейіл, мәдениетті, кешірім сұрағыш, әбден тәрбиелі болған соң ба, әлде заң қатты жұмыс істегеннен кейін бе немесе әке-көкесіне сеніп кеткен «борзилар» аз болған соң, бұл «тәртіпсіз» тәртіп жұмыс істеп тұр. Жалпы бұл жақта қала ішінде көліктер үлкен жылдамдықпен жүрмейді. Көп жолға баттастырып «20» деген сан жазып қойған. Соған буынып, ашуланып, газды басып жатқан есерсоқтарды да көрмедім. Тіпті кез келген көше қиылысынан тиісті бағдаршамды да кездестіре бермейсіз, өйткені басты көшеге шығар шағын көшелер адамды да, көлікті де өткізуге жай ғана міндетті. Бұл елде Жапония, Үндістан секілді сол жақпен қозғалады ғой. Алғаш келгенде, көлік қай жақтан шығып қалады деп, бәрі аласапыран болып кеткендей, аздап үркіп жүрдім. Қазір  жүргіншілер жолының өзінде оң жаққа емес, сол жаққа ыңғайлана қоямын. Үйрендім. Бірақ көлігі нөмірсіз сайрандап, жүйткіп келіп, кінәсіз жандарды өлтіре салмайтын, бағдаршамды қызылға өткені үшін, артынан дронмен қуып жүріп айыппұл алмайтын ережені әлі де онша «қабылдай алмай» жүргенім рас…

Бұл жолғы жолсапар очеркім осымен тәмам. Ғылыми тағылымдамамның тең жартысын артқа тастаппыз. Алтыншы бөлімді, ондағы пайдалы білімді, тың ойды келесі айдың ортасында күтіңіздер, құрметті патша көңілді оқырман!

Алма Сайлауқызы

PhD ғылым докторы, “Болашақ” бағдарламасының

 «500 ғалым» ғылыми тағылымдама стипендиаты

Лидс университеті, Ұлыбритания

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар