Бразилияда өтіп жатқан жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы семсерлесуден әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Нұрмұхаммед Жайлыбай қылыштасу сайысының жекелей сынында қола медаль иеленді.
Бұл Қазақстан тарихындағы осы жас санатындағы әлем біріншілігінің жекелей сынындағы алғашқы жүлде. Бұған дейін қазақстандық спортшылар Артём Саркисян мен Бақдәулет Құралбекұлы жүлдеге бір табан жақын болғанымен, тұғырға көтеріле алмаған еді. Осы жолы ел намысын қорғаған Нұрмұхаммед Жайлыбай тарихи нәтижеге қол жеткізіп, Қазақстанды әлем чемпионаты жүлдегерлері қатарына қосты.
Спортшы жарысты Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) рейтингінде 25-орыннан бастап, барлық кезеңде сенімді өнер көрсетті. Жартылай финалда ол Еуропа чемпионы, рейтинг көшбасшысы түркиялық Фуркан Яманмен кездесіп, тартысты бәсекеде 13:15 есебімен есе жіберді.
Қазақстан семсерлесу федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Азия семсерлесу конфедерациясының вице-президенті Мирбулат Әбуов бұл жетістікке жоғары баға берді. Оның айтуынша, жастар арасындағы мұндай нәтижелер жүйелі жұмыстың жемісі.
–Жастарымыздың жүлдесі мені қатты қуантады. Бұл кездейсоқ нәтиже емес, бұл мемлекет, федерация және спортшылар арасындағы тиімді байланыстың жемісі. Біз бүгінде барлық жас санаттары мен қару түрлері бойынша нәтижені көріп отырмыз. Бұл – дұрыс бағытта келе жатқанымыздың көрсеткіші, – деді ол.
Сондай-ақ федерация таратқан ресми мәлімдемеде Нұрмұхаммед Жайлыбайдың да пікірі келтірілген.
– Әлі күнге дейін жүлдегер атанғаныма сене алар емеспін. Бұл сөзбен жеткізу қиын сезім. Ең ауыр жекпе-жек жартылай финалға шығу үшін болған кездесу еді. Қысым да, жауапкершілік те жоғары болды. Сол сәтті еңсере алғаныма қуаныштымын», – деді спортшы.
Айта кетейік, Нұрмұхаммед жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында жекелей сында жүлде жеңіп алған алғашқы қазақстандық семсерлесуші. Материал Қазақстан семсерлесу федерациясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап дайындалды.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз
