Кейінгі онжылдықтың бедерінде Қазақстандағы медиа кеңістік бұрын-соңды болмаған өзгеріске ұшырады. Адамдар ақпаратты бұрынғыдай қалыптасқан базасы бар БАҚ-тан емес, түрлі цифрлық платформалар мен әлеуметтік желілерден алатын болды.
Бұл журналистердің жүгін ауырлатып, өзі жазған саланы бұрынғыдан да жетік білу талабын күшейтті. Оған ақпаратты жылдам әрі қызықты етіп ақпарат тарату міндеті де қосылды. Заман ағымы тудырған бұл талаптар журналист даярлайтын оқу орындарына да бірқатар міндеттер жүктеді.
Елімізде 20-дан астам ЖОО журналистер даярлайды. Олар өздеріне берілген академиялық еркіндікті пайдалана отырып, білім беру бағдарламаларын әртүрлі етіп дайындай алады. Дегенмен ең алдымен журналистиканың негізгі приниптерін үйрету басты міндет.
Біз салалық журналистиканы дамыту жолында қандай білім беру бағдарламалары оқытылатынын, салалық журналистиканы дамытуда нендей мәселелер барын білу үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Әйгерім Әлжанова мен SDU University-дің оқытушысы, Ассистент профессор Есенгүл Кәпқызына бірқатар сұрақ қойдық.
Олардың пікірінен екі оқу орнында суденттерді салалық журналистикаға бағыттау мақсатында едәуір жұмыс атқарылып жатқанын, алайда бұл мәселе білім беруге ғана емес, медианарықтағы мүмкіндіктерге де тікелей қатысты екенін байқадық.
Әйгерім ӘЛЖАНОВА:
Бейіндік пәндер – салалық журналистиканың бастауы
– Журналистер даярлауда салалық журналистикаға қаншалықты мән беріледі?
– Қазіргі медиа кеңістік журналистерден бұрынғыдай әмбебап болуымен қатар, белгілі бір саланы терең меңгеруді талап етеді. Экология, цифрлық трансформация, діни үдерістер, геосаяси ахуал – мұның бәрі журналистерді ерекше сергек болуға жетелейді. Сондықтан салалық журналистика бүгін қосымша бағыт емес, кәсіби дамудың заңды кезеңіне айналып отыр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналист даярлауда «берік іргетас + салалық бағыт» қағидатын ұстанады. Студенттер алдымен журналистиканың теориясы мен тарихын, жанрлық модельдерді, аналитика мен мультимедианы, зерттеу журналистикасын меңгереді. Ал кейін элективті және бейіндік пәндер арқылы өз кәсіби бағытын қалыптастырады: экологиялық, әскери, саяси, спорттық, арт-журналистика, фактчекинг, деректерді визуализациялау, жасанды интеллект және медиа.
Маңыздысы – біздің бейіндік пәндерді оқытатын оқытушылардың жартысынан көбі медиа саласында жұмыс істеген немесе қазір де практик-журналист ретінде қызмет атқарып жүр. Журналистика – тәжірибесіз меңгерілуі қиын мамандық. Сондықтан теория мен практиканың үйлесімі біз үшін өте маңызды.
– Білім беру бағдарламалары салалық журналистер дайындауға лайықталған ба?
– Бүгінгі білім беру бағдарламалары салалық журналистер даярлауға мүмкіндік береді. Бірақ мәселе тек пәндердің атауында емес, олардың мазмұны мен іске асу тетігінде.
Біз жұмыс берушілерді білім беру бағдарламасын әзірлеуге тартамыз. Редакциялармен, медиакомпаниялармен тұрақты кеңес өткізіп, нарықтағы нақты сұранысты талдаймыз. Жұмыс берушілер оқу процесіне қатысады: дәріс оқиды, шеберлік сабақтарын өткізеді, жобалық семинарларға жетекшілік етеді. Бұл – білім мазмұнының «кабинеттік» емес, шынайы медиа ортаға негізделгенін білдіреді.
Әрине, дуалды білім беру мәселесі де өзекті. Өнеркәсіп саласындағыдай классикалық дуалды модель журналистикада толық іске аса бермейді. Дегенмен біз оны ұзақ мерзімді тәжірибелер, өндірістік практикалар және нақты медиажобалар арқылы ішінара жүзеге асырып келеміз. Осы тұста халықаралық тәжірибеге назар аудару маңызды.
– Шетелдегі оқу орындарында салалық журналистерді дайындау қалай жүзеге асады?
– Әлемдік тәжірибеден салалық журналистиканы дамытудың бірнеше моделін көреміз. Мысалы, Columbia University және New York University оқу процесін newsroom форматында ұйымдастырады. Студенттер редакция жағдайында жұмыс істеп, кредиттік жүйе арқылы тағылымдамадан өтеді. Яғни, тәжірибе оқу жоспарының міндетті бөлігіне айналған. City University of London сияқты еуропалық университеттерде қаржылық журналистика, халықаралық журналистика, data journalism секілді нақты бағыттар бойынша мамандану кең таралған.
Ал National University of Singapore білім беру моделінде пәнаралық ықпалдастыққа ерекше мән беріледі: data literacy, жасанды интеллект, design thinking негізгі модульдердің құрамына енгізілген.
Ортақ тенденция айқын – салалық журналистика еңбек нарығымен тығыз қарым-қатынас орнату және цифрлық құзыреттерді күшейту арқылы дамиды. Біз де осы бағытты ұлттық контекске бейімдей отырып жүзеге асырудамыз.
– Қазір бізде ЖОО-ларға академиялық еркіндік берілген. Бұл салалық журналистерді дайындауға жол аша ма?
– Академиялық еркіндік – формалды құқық емес, стратегиялық мүмкіндік. Ол университетке оқу бағдарламасын жедел жаңартуға, заманауи пәндерді енгізуге, нарық талабына бейімделуге жол ашады.
Ұлттық университет ретінде және PhD дәрежесін өз бетінше тағайындау құқығына ие оқу орны ретінде біз бұл жауапкершілікті терең сезінеміз. Бакалавриаттан бастап докторантураға дейінгі сабақтастықты сақтай отырып, салалық бағыттарды жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік бар.
Мысалы, климаттық журналистика, діни экстремизмнің медиадағы көрінісі, ақпараттық қауіпсіздік, жасанды интеллект, деректерді верификациялау сияқты пәндер академиялық еркіндіктің арқасында оқу жоспарына енгізілді.
Бұл салалық журналистиканы дамытуға институционалдық деңгейде қолдау бар дегенді.
– Жалпы салалық журналистиканың артықшылығы неде? Мүмкін ол журналистің жұмыс істеу аясын тарылтатын шығар?
– Кейде салалық журналистиканы мамандықтың аясын тырылту деп қабылдайтын жайттар бар. Алайда қазіргі ақпараттық дәуірде керісінше белгілі бір саланы терең білетін маман ғана бәсекеге қабілетті. Экономика, экология немесе құқық саласында жұмыс істейтін журналист тек ақпарат жеткізуші емес, сараптамалық деңгейде талдай алатын маман болуы тиіс. Аудитория да дәл осындай сапалы контентті күтеді.
Әрине, әмбебап журналистік база сақталуы қажет. Бірақ кең ауқымды кәсіби дағдылар мен салалық сараптаманың үйлесуі – бүгінгі медианарықтағы ең тиімді формула.
Қысқаша айтқанда, салалық журналистика журналистің аясын тарылтпайды. Керісінше, оны тереңдетеді, кәсіби беделін арттырады және қоғамда сапалы пікірталастың қалыптасуына ықпал етеді.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ:
Медианарықтың ықпалы да маңызды
– Журналистер дайындайтын салада еңбек етіп жүрсіз. Сіз сабақ беретін SDU University-де салалық журналистерді дайындау жолға қойылған ба, қойылса қалай жүзеге асады?
– Біздің SDU-дегі Журналистика мектебінде оқытылатын бағдарламаның белгілі бір бағыты бар. Ол «Мультимедиа және ЖИ журналистикасы» деп аталады. Негізгі мақсат технологияға баулу, соның ішінде мультимедиалық контент дайындау, дата журналистика, стратегиялық коммуникация, жасанды интеллектіні журналистикада пайдалану және жаңалықтану деген секілді дәстүрлі журналистикамен бірге заманауи трендтерді үйретуді басшылыққа аламыз. Дегенмен, еліміздегі қай оқу орнын алсақ та, болашақ журналистерді белгілі бір салаға бағыттап оқытпайды. Журналистер дайындайтын факультеттер мен кафедраларда журналистиканың негізгі принциптері, стандарттары, журналистік құндылықтар басшылыққа алынады. Себебі қай саланы жазса да журналист ең алдымен мамандықтың негізгі принциптерін білуі керек.
Дәл қазір біз бетпе-бет келіп отырған ең негізгі проблема – журналистиканың негізгі принциптерінің сақталмауы, журналистердің оны білмейтіні, білсе де сақтамайтыны. Ақпаратты тексермеу, біреуден естігенін айғайлатып тақырып қойып, кликбейтпен жариялау әдетке айналып кетті. Сондықтан, негізгі принциптер мен машықтарды үйрету маңызды болып қала бермек. Сонымен қатар, болашақ журналистер кейбір әлеуметтік ғылымдарға қатысты теориялармен таныс болса, артық етпес еді. Бұл теориялардың негізін білген журналистер болашақта белгілі бір оқиғаларды, құбылыстарды жариялауда сол теориялық біліміне сүйеніп шешім қабылдар еді. Мәселен, медиадағы заңдылықтар, тенденциялар мен теорияларды үшінші курста «Масс-коммуникация теориялары» сабағында үйретсек, «Медиа социология» сабағы жалпы қоғамдық үдерістер, әлеуметтік мәселелерге де ғылыми көзқараспен қарауға баулиды. Адамның тек тәжірибелік машықтарын дамыта бергеннен гөрі, ғылыми негізге сүйенуді үйрету керек.
Ал салалық журналистикаға келер болсақ, басқа мамандықтарда оқитын студенттерге майнор дейді, жаңағы қосымша мамандық ретінде журналистика курстарын оқыту ұсынылады. Ол бәлкім бір жыл немесе екі жыл. Қанша уақыт болса да, журналистиканың негізгі принциптерін басшылыққа алуды үйрету. Мәселен, экономикада оқитын студенттер екі жылдық майнор бағдарламасы ретінде журналистиканы оқыса, одан жақсы экономист-журналист шығар еді. Бірақ, әзірге ол бағдарламаны енгізген оқу орындары туралы естімедік.
Бізде төртінші курста «Медиа және экономика», «Медиа және саясат» секілді арнайы пәндер бар. Қазір кредиттік жүйе, осы секілді пәндерді көптеп ұсынуға болады. Мәселен, «Медиа және құқық», «Медиа және әдебиет», «Медиа және спорт» секілді таңдау пәндерін көбірек енгізсе, студенттер де өзіне ұнаған бағытты таңдар еді. Бірақ оның бір қиындығы, бір оқу орнында осы пәндердің бәрін бере алатын, маманданған оқытушылардың болуы проблема. Оның үстіне, бір лекте оқып жатқан 40-50 балаға көп таңдау пәнін енгізу де оңай шаруа емес.
Мәселен, біз Англияда оқығанда бір лекте 300 бала оқыды. 300 баланың 20-30-ы бір пәнді таңдаса, оған келетін маманды шақыру да қиын емес. Ал біздегі 40-50 балаға ұзағанда 2-3 таңдау пәнін ғана ұсына аламыз. Сол себепті салалық журналистиканың негізін ЖОО-да қалау қиындау секілді.
Соған қарамастан ЖОО-дағы факультеттер мен кафедралар өздеріне тән бір бағытты ұстанып, соны дамыта бергені дұрыс. Мәселен, бір университет жазуды жақсы үйретсе, енді бірі журналистикадағы технологияны меңгертуге бағытталса.
Қазақстанда 30-дан астам журналистік білім беру бағдарламасы, екі факультет, 23-ке жуық кафедра бар. Әр кафедра өзіне тән негізгі бағытты таңдап алса, бәлкім абитуриенттердің оқу орнын таңдауға ынтасы оянатын шығар.
Журналистиканы салалыққа бағыттау үшін стратегиялық қадам керек. Біраз уақыт бұрын біз «Ашық силлабус» деген атпен 20-дан астам ЖОО-дағы журналистік білім берудің сапасына зерттеу жасадық. Сол кезде байқағанымыз, өңірлік университеттердегі журналистика кафедралары көбіне әдебиет пәндерін басшылыққа алады екен, себебі оларда журналистикадан сабақ беретін маман аз. Журналистиканың қазіргі трендтері, мәселен дата журналистика деген сабақ бар, бірақ оны оқытатын маман жоқ. Журналистік білім беруде әлі күнге осындай әркелкілік күн тәртібінде тұрған кезде, салалық журналистикаға бағыттау мәселесі басы ашық күйінде қала береді. Оның үстіне бізде салалық БАҚта жоқтың қасы. Ал жоқ нарыққа маман дайындау қаншалықты тиімді?
Әрине журналист белгілі бір саланы індетіп жазып, сарапшы деңгейіне жетсе жақсы болар еді, бірақ оған мүмкіндік беру үшін медианарық дамуы керек. Біздегі медианарық шеңбері өте тар, мәселен телеарналарда тек ақпараттық бағдарламалар бар, бірақ терең зерттеу жоқ.
Дегенмен, экономикалық мәселелерді тереңдетіп жазатын ақпарат құралдары бар, бірақ оған бір жылдағы түлектің ең көп дегенде екі-үшеуі ғана жұмысқа орналасуы мүмкін.
– Салалық журналистиканың дамуы, журналистиканы ілгерлете ме? Әлде журналистің өрісін шектей ме?
– Бір салаға мамандану журналистерді шектемейді, керісінше сарапшы деңгейіне көтереді. Сарапшыға айналған маман саланың дамуына да едәуір ықпал етеді. 1990 жылдардың басы мен 2008 жылдарға дейін, мерзімді басылымдар жақсы оқылған тұста, белгілі бір саланы індетіп жазатын журналистер көп еді, олар сол салаға маманданып, жетіліп келе жатқан. Қазір ол үрдіс тоқтап қалды. Сайттардан ондай үрдіс байқалмайды. Сайттар оқырман жинаймыз деп кликбейтке үйір болып, бір сөзді контекстен бөліп алып, айқайлатып тақырыпқа шығаруды әдетке айналдырды. Мұндайда салалық журналистика түгілі журналистиканың өзінің дамуына деген күдік туады.
– Бізден бөлек алыс-жақын шетелдердегі мұндай тәжірибе туралы білесіз бе?
– Шетелдердегі тәжірибе туралы айтсам, көбіне Би-Би-Си-ді, әл-Жазираны тыңдаймын. Сол кезде байқағаным, олар белгілі бір тақырып төңірегінде біздің «конфликт журналисіміз», «технолог журналисіміз» немесе «медицина журналисіміз» сөйлесін деп сөз береді. Демек оларда әр саланың өз журналисі бар, соларды үнемі талқылауға шақырады. Ол бір жағынан ақпаратты тұтынушының санына да байланысты.
Біріншіден, біздегі 20 млн халықтың қаншасы ақпаратты қазақ тілінде алады, қаншасы біз ұсынып отырған салалық журналистикаға қызығады дегеннің өзі бір мәселе. Ал шетелде, әсіресе, ақпаратты ағылшын тілінде алатын адамның саны өте көп.
Екіншіден, ақпараттың әлеуеті қандай, ол қаншалықты бейтарап, қаншалықты манипуляциядан тыс, медианарық қаншалықты дамыған деген мәселелер көлденең тұрады. Сол себепті олардың әр салаға журналист дайындауына, оны ұстауына әлеуеті жетеді. Ал біздегі БАҚ-тың, оның ішінде мерзімді басылымдардың мүмкіндігі әр салаға журналист ұстауға мүлде жетпейді. Қазір олардың аймақтардағы тілшілері жоққа тән.
Дегенмен, салалық журналистика бизнес тақырыбында дамып жатқаны байқалады. Мысалы Forbes.kz, журналының қазақ бөлімшесі бар, Kursiv.media, Kapital.kz, Atameken Business медиалары бар. Экология тақырыбы да қазақ тілінде жүйелі түрде жазылып, зерттеле бастады.
– Мерзімді басылымдардың бөлімдерге бөлініп істейтін жұмыс жүйесі салалық журналистикаға бейімделуге әдеуір ықпал ететін. Қазір бұл дәстүр сетінеп кетті. Қазіргі медиалар бұл жүйені жолға қою үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Қазір, байқасаңыз, сайттарда 3-4 адам ғана жұмыс істейді. Олар копипаст жасау арқылы таргет жасап отыр. Мұндай нәрсе әдетке айналып кеткен уақытта, әр салаға журналист ұстау қиын. Ол үшін кәдімгі кәсіби, толыққанды редакция жасақталуы керек. Бұрын біз «Түркістан» газетінде техникалық, шаруашылық қызметкерлерді қосқанда 20-шақты адам ғана жұмыс істейтінбіз. Соның 10-шақтысы журналист еді. Олардың әрқайсысының жазатын саласы болды, бірі жазған тақырыпты, екіншісі жазбайтын. Қазір мерзімді басылымдардың оқылымы төмендеп кетті, ал сайттарда ондай мүмкіндік жоқ. Мұндайда салалық журналистиканың дамуы туралы айту шынында қиын.
Жалпы алғанда, салалық журналистика журналистің өрісін тарылтпайды, керісінше оның кәсіби деңгейін көтеріп, медианың сапасын арттыруға ықпал етеді. Журналистер дайындайтын оқу орындары бұл бағытта элективті пәндер енгізу, практик-журналистерді тарту, цифрлық құзыреттерді күшейтуді қолға алған. Дегенмен, салалық журналистиканы дамыту кешенді стратегиялық жоспар мен медиасаланы институционалдық тұрғыда нығайтуды талап етеді.
Егер медиа мекемелер мен оқу орындары өзара тығыз қарым-қатынас орнатып, маман даярлауды қолға алса, еліміздің ақпараттық кеңістігінде салалық журналистиканың кең қанат жаюына мүмкіндік жоқ емес.
Назым ДҮТБАЕВА


