«Президентпен қорқытқан сатушы»: Астанадағы бутикте қазақша қызмет сұраған бала мен анасына қысым көрсетілді
Елордада қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұраған журналист пен оның 6 жасар қызына дүкен сатушысы тарапынан қысым көрсетілді. Бұл туралы белгілі журналист Кәмшат Тасболат өзінің Facebook парақшасында жазды. Оқиға Астананың Орынбор көшесінде орналасқан Envy сән бутигінде болған.
Журналист дүкенге қызына велосипед алып бермек болып барған. Бірақ кішкентай қыз орыс тіліндегі сандарды түсінбейтіндіктен, анасы сатушыдан бағаны қазақ тілінде айтуын сұраған. Сол сәттен бастап жағдай күрт өзгерген.
«Астанада, Орынбор көшесінде орналасқан Envy деген бутиктен велосипед қарап жатқан едік. Сатушыдан «бағасын қазақша айтыңызшы» деп едім. Қызым орысша санды түсінбейді. Сөйтіп едім, сатушы: «Қазір таяқ жейсің! Президент не дегенін естімедің бе? Сендейлерді жазаға тартады (Ты сейчас получишь! Не слышала, что президент (Токаев) сказал, таких будут наказывать!)» – деп зекірді», – деп жазды Кәмшат Тасболат.
Сатушы мұнымен тоқтамай, кішкентай қызды “маленький нацпат” деп кемсіткен. Анасының айтуынша, қызы бұл сәтте шошып, ойыншықтардың арасына тығылып, жасырынып қалған.
«Қызым шошып кетті. «Маленький нацпат!» – деп те айтты. Ана ретінде тыныш қала алмадым. Ашуға булығып, сатушыға неге бұлай айтқанын сұрап едім, мән бермей, басқа клиентке қарай бұрылып кетті», – деді ол. Журналист бұл әрекетті тек әдепсіздік емес, баланың психикасына жасалған қысым ретінде бағалайды.
«Балалардың психикасына әсер ететін осындай адамдардың кесірінен кейін абьюзерлер қайдан шығады деп таңғаламыз. Бұрын балаларды «бүжәймен» қорқытушы еді, ал енді президентпен қорқытатын болған ба?» – деп жазады ол.
Тіл туралы заң талаптары сақталмаған
Кәмшат Тасболат Envy бутигінде қазақ тіліндегі бірде-бір көрнекі ақпарат болмағанына да назар аударады:
«Ең сорақысы – дүкенде бір де бір қазақша жазу жоқ. Барлығы – орысша және ағылшынша. Тіпті есік маңдайшасы да мемлекеттік тілде емес».
Бұл Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдарының тікелей бұзылуы болып саналады. Бұл заңдар бойынша:
- Барлық көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде берілуге тиіс;
- Бұл талап орындалмаған жағдайда, ӘҚБтК-нің 453-бабына сәйкес, кәсіпкерге 50 АЕК (яғни 184 600 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Оқиға желіде кеңінен тарап, қазақстандықтар Envy дүкеніне қатысты өз ұстанымдарын ашық білдіріп жатыр. Журналист Кәмшат Тасболаттың жазбасынан кейін бірнеше сағат ішінде дүкеннің 2ГИС платформасындағы рейтингі 4.7-ден 2.4-ке дейін төмендеген. Белсенді азаматтар Envy-дің Instagram парақшасына жаппай пікір қалдырып, мемлекеттік тілге құрметсіздік танытқан мекемеге бойкот жариялауға үндеп жатыр. «Қазақша қызмет көрсетуден бас тартқандардың тағдыры осы бола бермек», – деп жазды Гауһар Жолмаханбет. Тұтынушыларды үн қосуға шақырған арнайы сілтеме де әлеуметтік желілерде таралып жатыр.
Зерттеуші, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев тіл саясатының қазіргі жағдайын тарихи және қоғамдық тұрғыдан бағалайды.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қабылданған тіл саясаты мен заңнаманың негізгі қағидалары сол уақыттағы қоғамдық жағдайға бейімделіп қалыптасты. 1990 жыл «КСРО халқының тілі туралы» заңы қабылданғанға дейін КСРО-да ресми тіл болмады. Орыс тілі ісқағаздардағы негізгі тіл болды. Сол кезеңде орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие болды және оның қолданыс аясы заң жүзінде анықталды. Арада 20-30 жылдай уақыт өткенде, елдің демографиялық ахуалы түбегейлі өзгерді. Қазіргі кезде қазақ этносының үлесі 70%-дан асып отыр. Сонымен қатар, тәуелсіздік кезеңінде дүниеге келген жаңа буын үшін қазақ тілі жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол ұлттық бірегейліктің және тәуелсіздік құндылықтарының негізгі символына айналды. Украинадағы соғыстан кейінгі соңғы 2-3 жыл ішінде әлемдегі саяси ахуалдың күрт өзгеруі тіл мәселесінің маңызын одан әрі арттырды. Себебі, Украинаның өзіндегі жанжалдың басты себептерінің бірі дәл осы тілдік мәселеге байланысты еді. Осы тұрғыда тіл – бүгінде ұлттық және саяси маңызы аса жоғары, сезімтал стратегиялық мәселе болып отыр», – дейді ол.
«Осыған қарамастан, мемлекет жүргізіп отырған тіл саясаты әлі күнге дейін 90-жылдардағы концепциядан аса қатты өзгере қоймады. Қоғамның өзі түбегейлі өзгергенімен, мемлекеттің тіл саясаты уақыт талабына сай жаңармаған, жаңа буынның сұранысына жауап бере алмай келеді. Кейбір ұсақ-түйек шешім қабылданса да, (мысалы, медиа кеңістіктегі қазақ тілінің үлесін арттыру сияқты) бұл жалпы мәселеге мардымсыз ықпал етіп жатыр. Соның салдарынан қазіргі туындап жатқан тілдік жанжалдар мен келеңсіздіктер тіл саясатының қоғам дамуынан артта қалғанының айқын көрінісінен туындап отыр».
Зерттеуші қазіргі тілге қатысты қоғамдық белсенділік жаңа кезеңге көтерілгенін атап өтеді. Тіл белсенділері түрлі цифрлық және медиа контент арқылы қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге, оны танымал етуге өз үлесін қосып келеді.
«Қазір тіл мәселесіне байланысты туындап жатқан қоғамдық қозғалыс жаңа деңгейге көтерілді. Тіл қозғалысының белсенділері қазақ тілінің қоғамдағы дамуын, оның қолданыс аясын кеңейту жолдарын өздерінің жасаған контенті арқылы көрсетіп, халыққа танымды ақпарат ұсынып отыр. Тағы бір назар аударатын жайт, тіл мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, тәуелсіздік алған посткеңестік елдің көпшілігінде де өзекті болып отыр. Соңғы кездері Өзбекстан мен Қырғызстанда да дәл осыған ұқсас тілдік белсенділік күшейе түсті. Мәселен, Қазақстандағы «Қазақша сөйле» қозғалысына ұқсас Өзбекстанда «O’zbekcha gapiring» қозғалысы бар», – дейді ол.
Серік Бейсембаевтың пікірінше, тіл саясатына қатысты қоғамдық үдерістер – табиғи әлеуметтік құбылыс. Сондықтан оларды шектеу немесе күшпен тоқтату ықтималды нәтиже бермейді. Керісінше, мұндай әрекеттер қоғамдағы наразылықтың күшеюіне және мәселенің тереңдей түсуіне себеп болуы мүмкін.
«Қазіргі кезде мемлекеттің тіл саясаты өзгермесе, қоғамдағы наразылық деңгейі өсе түседі. Себебі, бүгінде мемлекет тіл саясатын жүргізуде ұлтаралық татулық пен ұлттық қауіпсіздікті бірінші орынға қойып отыр. Бұл, әрине, маңызды, бірақ ендігі кезеңде бұған қоса адам құқықтарын құрметтеу мен инклюзивтілік (барлық азаматтардың мүддесін ескеру) қағидалары да басты назарда болуы керек. Сонда ғана тіл саясаты дұрыс бағытта дамиды. Тілдік қозғалыстар – табиғи әлеуметтік құбылыс. Мемлекет оларды шектеу, қысым көрсету немесе белсенділерді жазалау арқылы тоқтата алмайды. Мұндай әрекет, керісінше, қоғамдық наразылықты күшейтіп, тіл мәселесінің радикалдануына, одан әрі шиеленісуіне әкелуі мүмкін».
Цензура ма? Қысым ба?
Кейінірек Кәмшат Тасболат өзінің жазбасын Facebook парақшасынан өшіріп тастады. Ол пост астына «Өшіртті» деген пікір қалдырғанымен, нақты кім немесе қандай құрылым қысым жасағанын ашып жазбаған.
Бұл оқиға қоғамда сөз бостандығы, мемлекеттік тілдің құқығы және азаматтық реакциямәселелерін қайта күн тәртібіне шығарды. Envy бутигінде болған бұл оқиға Қазақстандағы тілдік саясаттың нақты ахуалын, заңның орындалу деңгейін және ата-ана ретінде азаматтардың қандай жағдайда тіл құқығын талап етіп жүргенін айқын көрсетті.
Белсенді азаматтардың үнінен кейін Envy дүкеніндегі заңбұзушылыққа қатысты шара қабылданды. Дүкеннің сыртындағы мемлекеттік тілде жазылмаған атау жойылып, ішкі қызмет көрсету құжаттары бойынша өзгеріс енгізілмек. Алайда Камшат Тасболаттың айтуынша, бұл тек резонанс тудырған жағдайда ғана іске асатыны – өкінішті жайт. «Тіліміз аман болсын. Сіз бен біздей талапшыл, елшіл азаматтар барда тіліміз өлмейді деп сенем», – деп жазды ол жеке парақшасында.
Айта кетейік, осыған ұқсас оқиға бұған дейін де қоғамда қызу талқыланған болатын. Magnum супермаркетіндегі тіл дауынан кейін басталған бойкот туралы біз бұрын жазған едік.
Бегім Көктүрік
Парақшамызға жазылыңыз