///

Ескі киім – жаңа мүмкіндік: FABRIQA жобасының экологиялық шешімдері

700 рет қаралды
Screenshot

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы қалдықтар көлемі 11,4% өсті. Екатеринбург қаласынан келген Дениз Лекомцев: текстиль қалдықтарына арнайы шешім тапты.Ол текстиль өңдеуге арналған FABRIQA жобасын іске қосты. Жоба «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы мен «Алматы – ортақ үйіміз» қалалық акциясы аясында құрылды.

FABRIQA ЖОБАСЫНЫҢ БАСТАУЫ

Жоба басшысы Дениз Лекомцев – 5 жыл бұрын Ресейде «Вещь добра» экологиялық жобасын іске қосқан. Ол да текстиль қалдықтарын өңдеуге байланысты жоба. Денис Лекомцевтың сөзінше, 2022 жылы Алматыға келіп, ғашық болған. Ресейде жасаған жобаны Қазақстанға әкелуге бел буыпты. Алматыда текстиль қабылдайтын 20 бокс орналасқан.

Жоба қалай және қашан басталды?

– FABRIQA идеясы ресми басталуынан бір жыл бұрын пайда болды. Тоқыма қалдықтарының экологиялық тұрғыдан – ең бағаланбаған мәселелердің бірі екенін түсіндік. Алдымен жобаның тұжырымдамасын әзірледік, басқа елдердің тәжірибесін зерттедік, серіктестер мен инвесторларды іздедік. 2024 жылдың қазанына қарай, алғашқы инвестициялар тартылып, жабдықтарға тапсырыс берілді. Қойма алаңы мен логистиканы дайындай бастадық. 2025 жылдың ақпанында Алматы қаласында Қазақстандағы алғашқы толыққанды тоқыма жинау және өңдеу жобасы – FABRIQA ресми түрде ашылды.

Оның мақсаты мен міндеттері қандай?

– Біздің мақсатымыз – тек қажетсіз заттарды жинау емес, оларға екінші өмір сыйлау. Біз полигондарға түсетін тоқыма қалдықтарының көлемін азайтқымыз келеді.  Ескі киім — қоқыс емес, ресурс екенін көрсеткіміз келеді. Біз тұйық цикл жүйесін құрып жатырмыз: бұрын тасталып келген киім мен тоқыма енді шүберекке, талшыққа қайта өңделеді, кейбірі қайта пайдалануға жарайды. FABRIQA үшін тек қайта өңдеу емес. Бұл – жауапты тұтыну мәдениеті, экологияға қамқорлық және бізді қоршаған заттарға саналы көзқарас.

Мемлекет тарапынан қолдау болды ма?

– Иә, мемлекеттік қолдау болды. Ол біз үшін өте маңызды. Әкімдік қала бойынша бокстар орнатуға көмектесті. Бұл киімді тапсыру процесін барынша қолжетімді етеді. Бокстар көшелерде, аулаларда, сауда орталықтарының маңында орналасқан. Әр тұрғын өзіне ыңғайлы уақытта текстиль өткізе алады. Сонымен қатар мемлекеттік құрылымдардың «жасыл» жобаларды дамытуға деген жалпы қызығушылығын сезінеміз. Қазақстан тұрақты даму бағытына бет бұрды, ал FABRIQA – осы қозғалыстың бір бөлігі.

Қоғам тарапынан қолдау бар ма? Адамдар қаншалықты белсенді?

– Қолдау – зор. FABRIQA небәрі бірнеше ай жұмыс істесе де, 40 тонна жинады. Бұл өздігінен көп нәрсені айтады. Адамдар киім тапсырады, бізге әлеуметтік желілерде жазады, жарияланымдармен бөліседі, іс-шараларға шақырады. Тіпті бізді мектептерге, жәрмеңкелерге, қалалық оқиғаларға қайта өңдеу туралы әңгімелесу үшін жиі шақырады. Бұл қоғамның тек қатысуға дайын екенін емес, өзгерісті аңсайтынын көрсетеді.

                                                                                            Денис Лекомцев

  Сурет: ЖИ-мен генерацияланған

Қазақстанда соңғы жылдары экология мәселесі қоғамның назарын жиі аударып жүр. Әсіресе, тұрмыстық қалдықтардың көбеюі, соның ішінде текстиль қалдықтарының жылдам өсуі алаңдатарлық жағдайға айналды.

Әдетте көпшілік бұл мәселені пластик немесе басқа да тұрмыстық қоқыспен байланыстырғанымен, текстиль қалдықтары да экологияға орасан зор әсер етеді. ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2024 жылы жиналған қалдықтардың жалпы көлемі 4,6 млн тонна болды.  Яғни, бір жылдық өсім +11,4%-ды құрады.

Өңірлік бөліністе сұрыпталған қалдықтардың көлемі бойынша тізім басында Алматы қаласы тұр.

Әр Қазақстан тұрғыны жыл сайын шамамен 2,8 келі текстильді қоқысқа тастайды. Текстильді пайдаланудың орташа мерзімі 2 жылды құрайтынын ескерсек, 2023 – 2024 жылдары утилизацияланатын текстильдің әлеуетті көлемі 117 500 тоннаға жетеді. Оның шамамен 30%-ы ірі қалаларға тиесілі. Текстильдің өндірісін, тасымалын және утилизациясын қамтитын толық өмірлік циклін ескергенде, CO₂ шығарындылары 646 250 тоннаға дейін жетуі мүмкін. Мұндай көлемдегі CO₂-ны сіңіру үшін бір жылда 30 миллионнан астам ағаш қажет, – деп хабарлайды fabriqa.kz, ҚР Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап. Қазір Қазақстанда жыл сайын мыңдаған тонна киім мен тұрмыстық текстиль қоқысқа тасталады. Бұл қалдықтардың көпшілігі полигондарға жеткізіліп, ондаған жыл бойы ыдырамай, қоршаған ортаға зиян келтіреді.

Massaget мәліметінше, текстильдің түбегейлі шіру уақыты:

Жіп – 1-1,5 жыл (қалыңдығына байланысты)

Табиғи матадан тігілген заттап – 2-3 жыл

Жүн нәски – 1-5 жыл

Синтетикалық мата, былғары етік – 40 жылға дейін

Бір реттік жөргек – 500 жыл

“ Бір өзімнің айтқаным жетпейді, сондықтан қоғам болып жұмыла кірісейік. Азаматтардың экологиялық белсендігі мен мәдениеті артса, өзіміздің экологиямызды сақтауда үлесімізді қосамыз. Ең бірінші кезекте ең қымбат адам ресурсының қауіпсіздігіне алаңдауымыз керек. Келешек ұрпақтың өміріне ең үлкен қауіп осы экологиялық проблемалардан келуі мүмкін”, – деді экологиялық шолушы Сәкен Ділдахмет stan.kz-ке берген сұхбатында.

FABRIQA ЖОБАСЫНЫҢ КЕМШІЛІКТЕРІ

Ешқандай нәрсе мінсіз болмайды. Бұл жоба жаңадан басталғандықтан, бірнеше кемшілігін байқаймыз:

Бокстарда текстильдің тез жиналуына байланысты, кейбір тұрғындар оларды сыртына тастап кетеді. Жобаға “қаланың көркін кетірдіңдер” деген сындар түсіп жатыр. Кейде бокстар 2-3 сағат ішінде толып қалады, әсіресе Атакент маңында. Оларды тез арада босату мүмкіндігі жоқ.

Алматыдан басқа қалада басталған жок. Алайда бұл мәселе бойынша жоба басшысы: «Алматыдағы FABRIQA –  бұл тек бастамасы. Қазірдің өзінде біз жобаны Қазақстанның басқа қалаларына кеңейтуді қарастырып жатырмыз. Біздің мақсатымыз – тоқыма жинау және өңдеу бойынша ұлттық жүйе құру. Әр аймақта өз қабылдау пункттері, өз өндірісі болуы керек», – деп атап өтті.

Текстиль қалдықтарының арасынан мүлдем өңделмейтіндерін қоқыс полигонына тастауға мәжбүр.

Қайта өңдеуге жарамды заттар:

ескі төсек жабдықтары мен үй текстилі

кетпейтін дақтары және тесіктері бар сүлгілер

жарамсыз күйдегі футболкалар

тозу белгілері айқын джинсы

түйіршіктері мен ақаулары бар трикотаж киімдер

мата қиықтары, жіптер, иірімжіптер

Қоймаға беруге болатын заттар:

әрі қарай пайдалануға жарамды киімдер (ерлер, әйелдер, балалар)

сыртқы киімдер

жұпталған қолғаптар, бас киімдер мен шарфтар

жақсы күйдегі төсек жабдықтары

синтетикалық толтырғышы бар жастықтар мен көрпелер

биркасы бар шұлықтар, іш киімдер және купальниктер

Беруге болмайтын заттар:

іш киімдер

шұлық және колготкалар

аяқ киім

фурнитурасы бұзылған киімдер

                        ТЕКСТИЛЬДІ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ПРОЦЕССІ

FABRIQA-ға түскен барлық тоқыма қоймада қолмен сұрыпталады. Оны үш негізгі санатқа бөледі:

  • шамамен 45% — өнеркәсіптік кәсіпорындар, автосервистер, фабрикалар қолданатын сүрту шүберегіне өңделетін мата;
  • тағы 45% — жылытқыш, дыбыс оқшаулағыш және басқа материалдар өндірісінде қолданылатын қайта өңделген талшыққа айналады;
  • шамамен 5% — қайта пайдалануға жарайтын заттар (секонд-хенд).

Осылайша бокстарда жиналған текстильдер қоймаға жеткізіліп, арнайы жабдықтардың көмегімен өңделеді. Ал жарамдылары мұқтаждарға тапсырылады.

«Секонд пайызының төмендігі таңқалдыруы мүмкін, бірақ өкінішке қарай, бокстарға көбінесе өте нашар күйдегі киім түседі: жыртылған, қатты ластанған, кейде тіпті су болған. Біз заттардың таза әрі құрғақ болуы керектігін алдын ала ескертеміз, бірақ бәрі бұл ережені сақтай бермейді. Соған қарамастан, тіпті бүлінген тоқыма – біз қайта өңдей алатын құнды ресурс, – деді Денис Лекомцев.

                                                  ЖОБА ЖЕТІСТІГІ

Жобаға Президент қолдау көрсетті.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездесуде біз FABRIQA-ны Қазақстандағы толық тоқыма өңдеу циклы бар алғашқы жоба ретінде таныстырдық. Президент шынайы қызығушылық танытып, біздің бастамамызды қолдап, экологиялық жобалардың маңыздылығын атап өтті. Бұл біз үшін ерекше қуанышты болды, өйткені біз тұрақтылық, экология және әлеуметтік жауапкершілік мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналып жатқан кезеңде дамып жатқанымызды сезінеміз. Дәл осындай контексте FABRIQA елдің болашағына шынымен әсер ете алады, – дейді Денис.

                                             ӘЛЕМДІК ЖОБАЛАР

Мұндай жоба өзге елдерде әлдеқашан басталған. Мәселен:

Ұлыбританиядағы Project Re:claim: Бұл жоба Salvation Army және Project Plan B ұйымдарының ынтымақтастығымен жүзеге асырылып, полиэстерлік киімдерді қайта өңдеп, жаңа иірімжіпке айналдырады.

Бангладеште  Recycle Raw және Broadway Regenerated Fiber: Бұл компаниялар химиялық қайта өңдеу технологияларын енгізіп, жергілікті текстиль қалдықтарын қайта өңдеуді дамытып жатыр.

Чилиде Ecocitex: 2020 жылы құрылған бұл компания ескі киімдерді сұрыптап, жақсы күйдегілерін қайта сатады, ал жарамсыздарын иірімжіпке айналдырады. Компания әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамтып, экологиялық таза өндіріс әдістерін қолданады.

Финляндияда Spinnova: Бұл компания ағаш, ауылшаруашылық қалдықтары және ескі киімдерден жаңа текстиль талшықтарын өндіреді. Олардың технологиясы зиянды химикаттарсыз жұмыс істейді.

Осы секілді көптеген елде текстиль қалдығын өңдейтін жобалар бар. Алматыда TEPLO атты жоба бар. TEPLO – бұл ескі немесе қажетсіз киімдерді шығармашылық жолмен жаңартып, қайта кию мәдениетін насихаттайтын жоба. FABRIQA жобасына дейін көптеген адам қажетсіз киімдерін сол жерге өткізетін. Оны қала тұрғыны берген сұхбаттан байқай аламыз.

Fabriqa жобасы жайында не айта аласыз?

– Бұл жоба туралы білмейтінмін. Осыған дейін Мегада орналасқан TEPLO деген жерге өткізетінмін. Жаңа ғана көршімнен жаңа бокстар туралы естіп, осы жерге алып келдім.

– Бұл экологияға қандай да бір әсерін береді деп ойлайсыз ба? Әрине, киімдер қоқыста шашылып жатпайды. Өңделіп, ауаны тазартады деп ойлаймын, – деді Мария (кейіпкердің өтініші бойынша аты өзгертілді).

Осыған дейін киімдеріңізді қайда өткіздіңіз?

– Өртеймін, кейде туыстарыма таратып беремін.

Ол экологияға кері әсерін бермей ме?

– Әрине, береді. Алайда, мұндай жәшіктерді енді ғана көріп тұрмын. Бұрын білсем өртемес едім, – дейді Нұрайша Қала тұрғыны.

Screenshot

Қорытындылай келе, FABRIQA жобасы Қазақстандағы текстиль қалдықтарын қайта өңдеудің алғашқы әрі кешенді жүйесі ретінде экология мен қоғам үшін маңызды қадам болып отыр. Жоба арқылы қоғамның экологиялық мәдениеті артып, қайта өңдеуге деген көзқарасы өзгеріп отыр. Алғашқы нәтижелер оның тиімділігін дәлелдесе, болашақ жоспарлар жобаның ауқымын кеңейтетінін көрсетеді. Әрине жобаның кемшіліктері де жоқ емес — киім сапасы, логистика және ақпараттық жұмысты жетілдіру қажет. Дегенме FABRIQA Қазақстандағы экологияны жақсарту жолындағы маңызды шешімдердің бірі болып қала береді.

                                             Гүлім Оразхан,

SDU “Журналистика”

мектебінің І курс студенті

Суреттер автордыкі

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар