Мен Жансұлу Дарханбаеваның ісіне екінші апелляциялық сатыда қатыстым. Бұл сатыда оның басқа құқық қорғаушысы болғанымен, біз іспен толық таныстық. Апелляциялық сатыда тергеу кезінде кеткен құқықтық қателіктерді нақты көрсеттік. Сараптама — басты дәлел, бірақ қалай тағайындалды? Іс бойынша негізгі айып — Жансұлудың TikTok желісінде жариялаған бейнежазбасындағы екі сөйлем. Ол Ресей президентіне қарата:
«Жерді қайтар!» және «Орыс халқынан не үйренуге болады?» деген сипаттағы пікір айтқан. Жансұлу ешкімді көтеріліске шақырған жоқ, өзге ұлт өкілдеріне қарсы әрекет жасауға үндемеді. Осы екі ауыз сөзге байланысты филологиялық сараптама тағайындалған. Алайда бұл сараптама заң талаптарына сай тағайындалмаған. Жансұлу Дарханбаева сараптаманың тағайындалатынынан мүлде бейхабар болған. Сараптама 2024 жылғы ақпан айында тағайындалып, оның нәтижесі сәуірдің бірі күні ұсынылған. Ең бастысы — Жансұлуға сарапшыға сұрақ қою, қарсылық білдіру, қосымша сараптама сұрату сияқты Конституциялық құқықтар берілмеген. Сараптама — қылмыстық істе басты дәлел болғанымен, бұл жағдайда қорғау тарабының позициясы ескерілмеген. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі 24-бабы бойынша тергеу жан-жақты, бейтарап және объективті жүргізілуге тиіс. Алайда бұл жерде тергеу біржақты өткен. Сондықтан бұл сараптаманы толыққанды дәлел ретінде тануға болмайды. Жансұлу бұл пікірді жүктіліктің 5–6 айында, эмоциялық жағдайда айтқан. Бұл кезеңде әйел адамның психологиялық күйі айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Бірақ оған психологиялық немесе психиатриялық сараптама тағайындалмаған. Яғни, бейнежазба мазмұнын сараптау кезінде адамның нақты жағдайы мен психологиялық ахуалы ескерілмеген. Егер мұндай кешенді сараптама жасалғанда, бұл әрекет қылмыс ретінде бағаланбас еді.
Жаза неге ең ауыр нұсқамен берілді?
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 174-бабының 1-бөлігі — жаза түрін таңдау кезінде баламалы нұсқалар қарастыруға мүмкіндік береді. Айыппұл, бас бостандығын шектеу, жазаны кейінге шегеру — бәрі заң шеңберінде мүмкін еді. Алайда сот Жансұлуға ең ауыр жаза – екі жылға бас бостандығынан айыруды қолданды. Прокурорлар да — әйелдер. Босанғалы тұрған әйелге аяушылық танытпай, түрмеге қамауға рұқсат берді.
Біз не істедік?
Апелляцияға дайындық барысында 9 құқық қорғаушы бірігіп, қорғауға атсалыстық. Жансұлу бұл кезде перзентханада сәбиімен бірге жатқан, күзет қойылған. Сот оның жазасын кейінге шегеріп, бостандыққа шығуына мүмкіндік берді. Әйтпегенде, қоғам үн қатпағанда, Жансұлу қазір сәбиімен бірге түрмеде отыруы мүмкін еді. Ең сорақы жайт Жансұлу босанған соң перзентхананың жеке палатасында жатқанда, оның бір қолы кісенделіп, кісеннің екінші ұшы нәресте жатқан аспа бесікке байланған. Бұл — адамгершілікке де, құқыққа да, медициналық және әлеуметтік нормаларға да қарсы әрекет. Осы жайтты мен сол сәтте жарияламадым. Бірақ енді айтуға мәжбүрмін — мұндай қатыгездік қайталанбауы керек. Жансұлу — Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде мұғалім болған.
Үш мектеп ауыстырған. Бұл өңірде орыстілді, өзге ұлт өкілдері басым. Жансұлу қазақ тілінде сөйлесу мәдениетін дамытуға тырысқан. Ол тек «Саламатсыз ба?», «Сау болыңыз», «Қалыңыз қалай?» сияқты күнделікті қарапайым амандасу сөздерін әріптестеріне үйретуге тырысқан.
Бірақ бұл бастамасының өзі айналасында қарсылық пен қысымға ұшырауына себеп болған. Сондықтан бұл іс тек бір бейнежазбаның емес, жүйелі қысымнан кейінгі эмоциялық күйзелістің, сөз еркіндігі мен әділеттіліктің көрінісі болып отыр. Түптеп келгенде, заңда тұрған түк те жоқ, мәселе – оны кімге қалай қолдануда жатыр. Егер құқықтық норма билікке жақпаған азаматқа ғана жұмыс істейтін құралға айналса, онда ол Заңның әділеттілігіне деген сенім жоғалады.
Бегім Көктүрік
Парақшамызға жазылыңыз