////

Бақытбек Бәмішұлы: Үрбике – 7. (әңгіменің соңы)

511 рет қаралды

Мүмкін ауылға Шымырдан шай қайнатым уақыт бұрын жетіп, келген шаруасын мәлім етті. Үйде төрт көз түгел екен. Жандәулеттің қарт шешесі бар екен.

–  Көтек, мына жігіт не деп отыр, –  деп орнынан атып тұрды.

–  Саспаңыз, мама, –  деді Жандәулет шешесін сабырға шақырып, қос алақанын жайып басу айтып,–  ақы иесі келе жатыр екен. Улап-шуламай алдынан шығып қарсы алыңдар. Арғы жағын Үрбикенің өзі шешер. Мен жау айдағырларды көздеп келейін,–  деп үйден асығыс шыға берді. Ол шығысымен Үрбике төсегінің бас-аяғын қопарып, әлде нелерді іздегендей абың-күбің болды да кетті.

– Қарағым, Үрбике, не істеп жатырсың? – деді енесі қабағын түйе қадалып.

– Ақы иесі келе жатыр демеді ме?

– Алда, жарығым-ай, бүйрегіңді бермеген екенсің ғой, аман болшы!

Ат дүбірі естілді. Қарт әже еңкеңдеп, жүгіре басып тысқа беттеді.

– Армысыз, Әже!

– Бар бол, балам!

– Мен – Шымырмын! Үрбикенің ақы иесімін.

– Ақы иесімін дейсің бе?!

– Ақы иесімін Үрбикенің. Ішкен ант, берген сертіміз бар еді! Соның ақиқатын білейін деп келдім! – Шымыр «алып кетейін деп келдім» демеді.

Қарт әже артынан шыққан сыбдырға қарап еді, қос қоржынын көтеріп келе жатқан Үрбикені көрді.

– Жаңғыз тілерім, Жандәулетіме тиісе көрме!

– Оның жазығы не, шеше?!

– …

Қосар атқа қоржынды бөктеріп, Үрбикені атқа Мүмкін мінгізді. Шымыр үйден шыққан бойда өзінен көз айырмай қараған Үрбикеге бет-жүзін бұрмастан, атын шұғыл айналдырып, қызара бөртіп батып бара жатқан күн астына қарай желе жөнелді.

***

Үш салт атты айлы түнде Алтын бұлақтың басына келіп аттан түсті. Арасан. Басынан ақтық кетпеген қасиетті су. Аңсап жетіп, ауруына дауа, дертіне шипа табатын алыстағыларға – арман, жанындағыларға – қайран бұлақ.

Аспан бұлтсыз. Тұп-тұнық. Толған айдың сүттей жарығы құйылып тұр. Су піскен шақ. Бұлақтың тастай қара көзі мөлдіреп, ай нұрына шағылысып, әр сылдырынан алтын сәуле шашып ағады. Шымыр Үрбикені аттан түсіріп, бұлақ көзіне жетектеп әкеліп, қой тастың үстіне отырғызды.

– Шешін… көйлегің… қалсын! – Үрбике аң-таң Шымырдың түн қабағына «бұ қай қылған қылығың?» дегендей сұраулы жүзбен қарады. Шымыр мойынына асынған бес атарын қолына алды. Үрбике үн-түнсіз қара торғын шапанының күміс түймелерін ағыта бастады.

– Мүмкін!

– Иә, Шымыр!

– Мә! – Ол Мүмкіннің қолына ағаш шелекті ұстатты. – Қомақты көрінген қоржындағы зат осы құр шелек екен. – Басынан қырық шелек су құй! Шариғат шешімі солай!

– Шатпашы!

– Қырық шелек су!

– Шымыр, сен тым асыра сілтеп кеткен жоқсың ба? Бұның қылмыс қой. Сотталып кетесің! Құймаймын! Қосақ арсында босқа кетер шамам жоқ!

– Сенің әлгі жолыңа құрбандығың әудем жерге жетпей қалды ма? Көк аттан да айныдың ба?

– Мен сені жынды, хулиган. Хулиган болғанда тап мынадай жынды деп ойлағамын жоқ.

– Енді ойлайтын боласың. Құясың ба?

– Құймаймын!

– Әй, Мүмкін, құдай алдына барсақ та куәгер керек…

Осы сәтте Шымыр жалт бұрылды да түн аспаны қақ айырылғандай дауыс шықты. Көк төсін ал қызыл от көз ілеспес жылдамдықпен кесіп өтті. Бейғам жайылып тұрған үш ат тік шапшып, үшеуі үш жаққа безді. Бір түйір оқ бір мезетте тым-тыныш дүниенің астаң-кестеңін шығарды. Тап құлағының түбінен оқ тигендей болған Мүмкін Үрбикені құшақтай, бауырына баса құлады. Ауаға күлімсі, жайсыз дәрі иісі жайылды. Лезімде, түк болмағандай айнала табиғат мүлги қалды. Айдың сүттей жарығы төгіліп тұр. Аттардың пысқырынғаны анадайдан естілді. Құлаған теректей болып басып қалған Мүмкіннің ауыр салмағына жаншылған Үрбике оның өлі-тірісі белгісіз арбиып жатқан денесінің астынан тырмысып, итеріп, зорға босанып жатып «Құя салшы» деп сыбырлады. Сол тізесін бүгіп, шөге қалған Шымыр бесатарды тағы бір рет оқтап үлгіріпті. Әлде нені күткендей…

Әудем жерден ойбай салған дауыс шықты:

– Атпа, Шымыр, атпа! Мен… Мен – Әкрем! – Әкремнің жан ұшыра шырқыраған жалынышты дауысы.

– Әкрем болсаң бер кел! – деді Шымыр қаннен кәперсіз тұрып жатып.

–Алдай-алдай, өлтіріп тастай жаздадың ғой. Алдай-алдай… Пұшпақ тымағым болмағанда оқ тап милығымнан өтетін еді. Алла-алла, құдай сақтады, – деп Әкрем шошақ төбелі пұшпақ тымағының оқ кірген тесігіне сұқ саусағын тығып, жақындап келе жатты.

Шымыр мен Мүмкін аттанып кеткеннен кейін сүт пісірім уақыт өткенде бай кемпірдің үйіне Әкрем келіп түскен. Ұлым әлде кімді жазым етпесе екен деп жанын қоярға жер таппай тыпыршып отырған ана Әкремге бар жайды жайып салған.

– Қарағым, Әкрем, ат үстінде жүрген азаматсың ғой артынан баршы. Ұзай қойған жоқ. Қуып жетерсің. Қасында болсаң болар еді. Көп көзінен қаймығар. Жалғыз үй дейді. Құдайым-ай, деші, тападай тал түсте «қатыныңды тартып аламын» деу ақылға сия ма? Жанды бақа болса да бір әрекет қылады ғой. Қапияда жанжал шығып, бірін-бірі жазым ете ме деп зәрем ұшып отыр, қарағым,– деген.

«Тілегені алдынан іздемей-ақ табылған» Әкрем құныперен шапқан, құстай ұшқан. Көз жетер жерден Шымыр мен Мүмкіннің қарасына ілесіп, бақылап, жүріп отырды. Ойы ара ағайындық емес, есесіне атысып-шабысып қалса екен деп алақанын ысқылайды. Олар Жандәулеттің үйіне үздік-создық келіп, үшеу болып аттанғанын көрді. Әлде кімнің үйден асығыс шығып, белдеудегі торы атқа мінген бойда тебіне қамшы басып, дөң асып кеткенін де көрді. Бұлар түн жамылып келіп, бастау басына түскенде соңдарынан ерген Әкрем атын алысқа, бір жыраның ішіне шідерлеп отқа қойған. Өзі жылға ішімен бой тасалап жүріп келіп олардың не істеп, не қоярын жақындап барып, жасырынып жатып, біле қоймақ болған. Ол бастауға тым жақыннан таяды. Жылқы жануарлар пысқырып, елеңдеп дыбыс берді.  Әкрем жылғадан басын ғана қылтитып қарай берем дегенде Шымырдың көзі шалып қалды. Әкрем тағы  бір мәрте сығалай бергенде сұр мерген шүріппені басты. Әкрем қалпақтай ұшты. Енді құтылмасын білген ол есі барды-жоқты жан дауысы құдайға жетіп, шырқырап шыға келген беті осы еді.

Әкрем Шымырға жасқаншақтай жақындады.

– Әкрем?! Әй, ит-ай, жол болсын, не жүріс? – деді Шымыр.

– Апа жіберді, апа! Араша бол деп.

– Ақымақ, араша болғаннан бұрын арам қата жаздадың ғой.

– Сөйттім.

– О, әумәсір, сөйттім деуін. – Ол тебітіп Әкремнің қасына жетіп келді. Әкремнің қорыққаны сондай Шымырдың қолындағы мылтыққа бір, оның жүзіне бір қарап,  жапақтап, мойынын ішіне тыға құныса берді.

– Ал, ана Мүмкіннің қолындағы шелекті. Сенің де кеткен есең бар шығар. Құй суды!

– А… Не дейт?! – деп жаутаңдады Әкрем.

– Екі өлейін демесең, ана қатынның басынан су құй, – деді Шымыр. Есі ауысқан адамдай басының мыңғы-дыңғысы шыққан Әкрем орнынан сып етіп тұрып, Мүмкіннің қолындағы шелекті алды. Оның тайынбасын білген Мүмкін естілер-естілмес,

– Аз-аздан,– деді.

– …

– Құй, Әкрем, құй! Қорықпа, қысылма! Мен ешкімге тіс жармаймын! Құй! Бар кінәм осыдан арылып, ағарып кететін болса, жазасы жеңіл екен. Құй!– деді Үрбике Әкремнің жеңінен ұстап, сілке тартып.

Ай сәулесіне шағылысып, ақтарылған су шөке түсіп отырған Үрбикенің басынан асыра күміс құйып жатқандай көрінеді. Мұзарттан жеткен мұздай су, тас түбінен шығып жатқан тастай су миынан өтіп барады… Үрбике тістеніп, шыдап бақты.

–…он жеті… … жиырма сегіз…

Үрбикенің жағы жағына тимей сақылдап, қалшылдай бастады… Отыз бес шелек су құйғанда құлында дауысы шырқыраса да оны сыртқа шығармады… Қарақұсы қан жылады. Арқа басы жылан ұстағандай жиырылды. Көз алдына Жұлдызай, Жұлдызайы келді… «Жұлдызай, жаным»…

– Қырық болды,– деді Мүмкін тас құшақтай құлап, дір-дір етіп, иіріліп жатқан Үрбикенің үстіне сарылдата суды құйып, қыбы қанып тұрғандай Әкремнің қалтылдаған қолынан шелекті жұлып алып.

– Тағы бір шелек құй! Қырық бір болсын!

– Өлтіресің бе?! Жүрегің тас болып кеткен бе?! Жетеді! – Мүмкін шелекті құлаштай сермеп, тасқа бір қойды. Ағаш шелектің быт-шыты шықты. Суға матып шыққандай, малмандай болған Үрбике бар дәрменін жинап, бүк түскен күйі басын қисайтып, иегін созып, қасына келіп, төніп тұрған Шымырға мұңлы жанарынмен тесіле қарап,

– Шымыр… Шымыр, кешірші мені…– деуге тілін әрең келтірді, екі қолымен жер таянып, басын көтерді. Тісі тісіне тимей сақылдауын күшпен тоқтатып:

– Жұлдызай жылап жүр ме екен?! – деді. Сонан соң екі көзінен жас моншақтап, ерні-басы дірілдеп:

– Үкеңді (Жұлдызай Үрбикені Үке, Үкем дейтін) әкелемін дедің бе? – деді. Құлағына енесінің «Үрбике, келдің бе, айналайын?» деген жұп-жұмсақ даусы естілгендей болды.

Шымыр Үрбикенің әлгінде шешіп тастаған көк торғын шапанын әкеліп арқасына жапты.

Құба таң құланиектеніп атып келе жатты.

02.05.2025.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар