////

Бақытбек Бәмішұлы. Карлаг – Қарағанды ​​еңбекпен түзеу лагері

279 рет қаралды

«Ұлттық құндылық: қазақ этнографиясы, Зейнолла Сәнік – 90» атты республикалық экспедиция» құрамы Карлаг – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске сақтау музейін айналып өту мүмкін емес еді.

Қарлагта көргенімді жазайын деп оқталғанда тасырқаған аттай қаламым жүрмей біраз кідірдім. Бізге жолбасшы болған, сол музейдің суретшісі, гиттің қарлыққан азалы даусы, әр бір экпонатқа тоқталғанда ішіне сыймай күңіренген күйікке толған ащы зары, өртеніп, жанып кетуге шақ тұрған ызалы тұрпаты көз алдыма келіп көңіл күйімді тежей берді. Оның сөйлеген сөзінен, тұрған тұрысынан, бет-әлпетінен, қимыл-қозғалысыннан сол замандағы қолдан жасалған, адамзат баласын қорлаған, азаптаған, қинаған, атқан, асқан зұлыдыққа деген өкінішті, қиналысты, терісіне сыймай тұрған қайнаған кекті, қайралған тісті көрер едіңіз. «Жүрегі нашар, көңіл бос адамдарға кірмеуге, көрмеуге кеңес беремін!». «Коммунистердің көсем сымағы» деп Ленинді шұқиды. «Шовнист, аштан өлгелі жатқан адамның қасында қос мықынын шіреніп тұрғанын қарашы» деп фотоға төнеді. «Мына  жерде адамдарды ары қаратып қойып, қарасқұсынан атқан! Өйткені олардың көзіне тіке қарай алмаған» деп жер төледегі қан жоса ажал апанын көрсетеді.  «Аспақталған арқан, асылған кісен! Азаптау  камерасы!».

 Карлаг – Ол Советтер Одағы кезіндегі қуғын-сұргін құрбандарын еңбекпен түзеу лагері. Еңбекпен түзеу деген аты ғана болмаса заты азаптау лагері, инквизиция түрмесі екен. Бұл күнде көрген адамның төбе шашын тік тұрғызатын жан түршігерлік сұмдықтарды айна қатесіз көрсеткен музей. Қарағанды қаласынан  қырық бес шақырым жерде орналасқан Долинка кентінде. Осы музейді көрген адам «Долина» деген атты естісе көзіне азап елестеп, түсіне қорқыныш енер. Сондықтан қара таңба болған «Долина» атын өзгерпеген дұрыс-ау!  

1931 жылдың 19 желтоқсанында ұйымдастырылып, 1959 жылдың 27 шілдесінде таратылыпты. Табаны күректей 27 жыл адам баласын азаптаған лагерь.

Заманында солтүстігі мен оңтүстігіне шейін 300 шақырым, шығысынан батысына шейін 200 шақырым ұлан-ғайыр жерді алып жатқан лагер тұтастай ит тұмсығы өтпес тікенді темір тормен қоршалған. Қарлагта небір айтулы тұлғалар, бүкіл әлемге танымал ғалымдар, әскери қолбасшылар, мәдениет және саясат өкілдері мен басқа белгілі адамдар тұтқында болыпты.

Карлаг музейі ұлттық тарихымыздың аса қиын, қилы тағдырлы парақтарының бірі. Оны өскелең ұрпақтың жадында жаңғыртып, ұлттық сананы қалыптастыруда, ұлт тарихына құрметпен қарауға, бабаларымыздың бастан кешкен қиын жолдарын сезінуге тиіс, Қазақстан тарихының ең бір қасыретті беті.

Карлагта Сәкен Сейфуллин, Жанайдар Сәдуақасов және Абдолла Асылбеков қатарлы алаш арыстарының бейуаз кәрі әкелері Сейфолла, Сәдуақас, Әбдірахман тұтқындалып, жазаланып, атылған. С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ж.Шанин, Т.Рысқұлов, Т.Жүргенов, Ж.Садуақасов, С.Асфендияров, Н.Нұрмақов т.б-лардың әйелдерінің тартқан азабын былай қойғанда олардың суретіне көз салудың өзі қандай аянышты. Ал лагерде некелі, некесіз дүниеге келген жас сәбилердің тағдырын ауызға алуға жүрек шыдамайды.

Совет үкіметі тұсындағы халқын азаптаумен қынадай қырған қатыгездік пен жауыздықтың, зұлымдық ошағы Карлаг – халқымыздың қан кешкен азапты жылдарының ұмытылмас жанды куәгері – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске сақтау музейі.

Б.Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар