ҚАНАТТАНДЫРАТЫН ҚУАТ КӨЗДЕРІНІҢ ҚАУІПІ

1210 рет қаралды

 «Қанаттандырады!», «сарқылмас қуат береді…», «күштің көзі» – осы мағынадағы тағы да көптеген сипаттардың бәрі бір ғана сусынға бағытталып айтылады. Әйтеуір, жарнамаларына назар салсаңыз, құдды, әне бір «батарейкалардың» жарнамасындағы қояннан да бетер күшке ие болатыныңызды уәде етеді. Қазақстан нарығында, салыстырмалы түрде жуырда ғана пайда болса да, жұрт арасында жалпылай «энергетик», «энерготоник» аталып кеткен сусындар түрі, тұтынушылар арасында үлкен танымалдыққа ие, әсіресе, жастар арасында оған сұраныс жоғары. Алайда, біздің билік бұл брэндтің «базардағы белсенділігіне» басқаша баға беріп, «қуаттандырғыштарға» қауіппен қарап отыр. Қысқа қайырсақ: энергетикалық сусындарды сатуға тиым салмақшы.

Тегінде, «тиым» дегенге тіксіне қарайтын дүр демократияның ұрпағы –

жастар, бұған тіптен, ашық қарсылық көрсетіп қалуы да мүмкін. Қанша жерден, «біздегі азаматтық қоғам дамымаған, ал, жастардың арасында, тіптен…» деңіз, «интернетті шектегенде «қыңқ» етпегендер, бір сусынға бола даурыға қоймас» деңіз, бірақ… Жә, «көк сиырдың» Дайрабайдікі екені анықталған екен, дауды көтеріп жүрген кім екенін әңгіме етелік.

Даудың басы… депутаттан

Ағымдағы айдың тоғызында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, бір ай мерзімнен кейін Министрліктің бірқатар сараптамаларынан соң энергетикалық сусындардың зияндығы туралы қорытынды шығаратынын мәлімдеді.

Бас дәрігердің басқа «бас ауруы» жоқ па, деген сұрақ біз де туындаған. Сөйтсек, «дәрігер» Досқалиевтен «дертке дауа» сұрап жүрген депутат екен – Мәжілістегі Владимир Нехорошев мырза. Халық қалаулысы елде энергетикалық сусындарды сатуды шектеуді сұрап министр атына сұраным жолдапты. Энергетикалық, әлсіз алкогольді және алкогольді-энергетикалық сусындар саудасында қатаң тәртіп орнату керектігін айтқан жақсы депутат Нехорошев «бұл сусындардың құрамы 60 жылдары АҚШ Қорғаныс Министрлігінің Вьетнамдағы әскерлердің моральдық және жауынгерлік рухын көтеру мақсатында жасап шығарған арнайы аса қауіпті химикаттардан тұрады» – деп, әріптестерін бір дүрліктіріп қойды.

Қайдан анықтағанын қайдам, әйтеуір, оның сөзіне сенсек, қазақ жастары түгелдей дерлік осы энергетиктермен әуестенеді екен. Оның ойынша, дереу арада бұған тоқтау салып не шектеу қойып, «жай жарылатын бомбаны» (бомба замедленного действия) жоюымыз керек.

Шынымен де, бәрі Владимир мырза айтқандай қауіпті ме?!.

Екеуден артық ішсең – өлім?!.

Депутат дүмше емес қой, дабыл қағып, жұртты дүрліктірсе, дүрліктіргендей екен.

2000 жылы 18 жасар танымал ирландық баскетболшы Росс Куни, белгілі энергетиктің үш құтысын ішкеннен кейін, ойын алаңында жүгіріп жүріп, «жүріп кетіпті». Сол жолы, тауар өндірушілер дәрігерлер болжамы – энергетикалық сусынды шамадан тыс қолдану мен спортшы өлімінің арасында байланыс барын жоққа шығарғанымен құтының сыртында «күніне екі құтыдан артық ішуге болмайды» деген жазу барын ескертіп өткен болатын. Хош, делік, «көп ішсе, сүтте харам» деуші ме ед?!

Ал, содан бір жыл өткеннен кейін Швецияда 30 жасар әйел, дискотекада екі құты (!) энергетикалық сусынды арақпен қосып ішіп алып, билеуге шыққан. Би алаңында құлап, ол да о дүниелік болған. Себеп: жүрегі тоқтап қалған.

Одан соң да, бұ сусынға қатысты күмәнді өлімдердің қаншасы болғанын кім білсін?! Біздің депутаттың алаңдатушылық танытуына мына жайт себеп болған болса керек:Өткен жылдың қазан айында Ресейдің Пенза қаласындағы бір студент бойжеткен энергетикалық сусынды шамадан тыс қолданудың салдарынан өлді.

Ресейліктер бір дүрлікті. Білсек, мұндай жағдай оларда алғаш тіркелген. Содан бастап, энерготониктерге байланысты байбалам көршіміздің БАҚ-ында жиі көтерілді. Бірақ, бір шешімін әлі таппады. Біздің депутаттар бұл жолы да, ұлық көршілеріміздің алдын орауы мүмкін (Естеріңізде болса, ағымдағы жылы Ресейде шегу қоспалары – «микстерге» тиым салынған болатын. Өйткені, соны қолданудың салдарынан бір бойжеткен көз жұмған болатын. Ал, біздің депутаттар, ол «пәлені» сол жағдайдан бір ай бұрын базардан заң бойынша аластатқан-тын).

Алғаш шығарған шет ел, алғаш тұтынған да сол ел азаматтары, уланып өлгендерде солардан болды. Бұл, олар «энергетиктер» мәселесімен бізден ертерек таныс деген сөз. «Қуаттандырғышқа» қарсы қылған қарекеттері қандай?

Тиым мен «тиынның» тартысы

Энергетикалық сусынды қолдану жүрек-қантамырлары ауруларына әкеп соғуы мүмкін. Бұл – австралиялық ғалымдардың қорытындысы. Аделаида Университетінің, Аделаида Корольдік госпитальі және Кардиологиялық ғылыми-зерттеу орталығының мамандары, энергетиктер адам ағзасын айтарлықтай өзгерістерге ұшырататынына көз жеткізген. Оның ішінде, жоғары қан қысымы, қанның шамадан тыс жабысқақтығы және қан тамырларының қалыпты жұмысының төмендеуі энергетикті көп қолданатын адамдар үшін қалыпты жағдайға айналуы әбден мүмкін екен.

Америкада кофеин құрамдас энергетиктерден уланғандарды тіркеп отыратын арнайы телефон желісі жұмыс істейді екен. АҚШ мамандарының пікірінше, аталған сусындар 19 жасқа дейінгі жас өспірімдерге аса қауіпті көрінеді. Және олардың сөздеріне сүйенсек, америкадағы аталған өнімді тұтынушылардың басым бөлігін де сол жастағылар құрайды екен.

Орталыққа хабарласатындардың басым бөлігі, түнімен емтиханға дайындалып, энергетиктерді шамадан тыс пайдаланып қойған мектеп оқушылары мен студенттер көрінеді. Америкалық мамандарды алаңдатып отырғаны, соңғы екі жылда уланулардың үш есеге дейін өскендігі.

Алайда, бұл екі елде де аталған сусындарды сатуға тиым салу мәселесі әлі де талқылануда. Ал, Германияда, мұндай өнімдерді шығаруға тиым салынған. Францияда күні кешеге дейін бұл сусындар сатылмай келді. Тек жуырда ғана олардың кейбір түрлерін ғана арнайы дәріханаларда сатуға рұқсат етілді. Норвегия мен Данияда да солай.

Бұл тізімді жақын күндері Литва да толықтыруы мүмкін. Жақында ғана, осы елдің Еңбек Партиясының алты өкілі энергетикалық сусындарды кәмелетке толмағандарға сатуға тиым салуды ұсынды. Олардың айтқаны: қазіргі таңда энергетикалық сусындар басқа да су-суанмен бірге сатылуда. Сол себепті де, балалар оларды әдепкі сусын деп қабылдайды. Ал, шындығында ол олай емес.

Біздің мамандар да белгісіз (бәлкім, белгілі?!) себептермен, энергетикалық сусындарды өндіру мен сатуға тиым салудың орнына, оларды сатуға байланысты шектеулер қоюмен ғана шектеліп отыр.

 – Біздің бұл өнімге тиым салуға құқығымыз жоқ, өйткені, бұл өнімдер шынымен де нарыққа шықты. Егер, бұл өнімге тиым салсақ, онда, кока-колаға да, пепсиге де және басқа да сусындарға тиым салу керек боламыз» – дейді, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау зертханасының меңгерушісі  Люция Қаламқарова.

Ілгерідегі, «бәлкім, белгілі» деп қалған себебіміз, басқа да сусындарға тиым салу керектігінде. Яғни, экономикалық тұрғыдан тиімсіз шешім. Мәселен, жоғарыда айтып өткен Австралияда, энергетикалық сусындарды сатудан түстетін жыл сайынғы кіріс 550 млн. доллар шамасында екен.

Бұл мәселеге, негізі экономист, бірақ, қазір, елдің «бас дәрігері» –

Досқалиев мырзаның қай тұрғыдан баға беретінін алдағы уақыт көрсетер. Ал, бұл сусындар туралы жай дәрігерлер не дейді?

Дәрігерлер бүй дейді

Энергетикалық сусындардағы ингредиенттердің жүйке жүйесінің ынталандырғышы ретінде пайдаланылып келе жатқанына біршама уақыт болды. Мәселен, аталған сусын құрамында сергітетін қасиеттерімен танымал кофеин, гуарана және женьшень секілді өсімдік заттар, импульстарды бір жүйке клеткасынан екіншісіне беруді жылдамдататын амин қышқылдары, жүрек жұмысын ынталандыратын таурин секілді элементтер бар.  Мұндай компоненттер қоспасы жүрек пен жүйке жүйесі жұмысына үлкен әсер етеді. Ал, кері әсерінің салдары тахикардия, психомоторлық қозу, қызбалықтың (невроздық) жоғарылауы, торығу (депрессия) секілді қатерге алып келуі әбден мүмкін. Аталған сусынды мөлшерден тыс пайдаланған жағдайда қан қысымының жоғарылауына немесе қандағы қанттың көбеюіне соқтырады.

Сондай-ақ, мамандар энергетикалық сусындарды алкогольмен араластырмауды қатаң ескертеді. Өйткені, сусын құрамындағы кофеин қан қысымын жоғарылатады, ал, ішімдік оны одан әрі үдете түседі. Ал, оның нәтижесі біреу ғана – гипертоникалық криз. 

Энергетикалық сусындарды жүкті адамдарға, балаларға, жасөспірімдерге, жүрек қантамырлары және глаукома дерттеріне шалдыққан адамдарға пайдалануға қатаң тиым салынады. Сосын бұл сусындарды спортпен айналысқаннан кейін де ішпеу керек. Өйткені, екеуі де қан қысымын жоғарылатады.

Энергетиктер адамға қуат береді деп ойлау қате. Олар оны адамның бойынан алады. Бұл сусындар көп көлемдегі көмірсутектен және гормондарды тудыратын, жүрек пен жүйке жүйесінің тонусын арттыратын басқа да заттардан тұрады. Белсенді симуляция ауыр ой жұмысы немесе дене жұмысы кезінде ғана оң әсер береді. Ал, бұл сусындарды тек көңіл көтеру мақсатында ішуге мүлдем болмайды деп кеңес береді мамандар.

Энергетикалық сусындарды пайдалану арқылы адам өз-өзін алдайтынын түсінуі тиіс. Бұл өнімдер шынымен сергітеді, алайда, ол жасанды сергектік екен.

Ал, өнім өндірушілер, бұл пікірмен мүлдем келіспейді екен. Келіспегенде былай:

Энергетик кофеден де қауіпсіз!

Олардың айтуынша, энергетиктер, қарапайым бір шыны кофеден де қауіпсіздеу. Сол себепті де, жас бойынша шектеу болмауы керек. Тауар өндірушілердің дәрігерлермен бір келісетін тұсы – қан қысымы жоғары адамдарға шынымен де, энергетиктерді қолданбаған жөн.

– Энергетикалық сусындардың құрамында, жүкті әйелдердің не балалардың денсаулығына зиян келтіретіндей ешқандай да психотроптық заттар жоқ. Кофеин мен тауриннің нормасы, тәуліктік шектеуден аспайды. Мұның бәрі бақылауда – дейді,  энергетикалық сусындарды өндіруші компанияның өкілі Айтжан Иманқұлова.

Қос тараптың пікірі бір-біріне қайшы келуі заңдылық қой. Алайда, тұтынушының энерготоникке деген көзқарасына бұл екі пікірдің зәредей де әсері жоқ. Тап осы тауарға қалың бұқараның ұстанымын, яки, қоғамдық пікірді қалыптастыратын тарап басқа, ол – жарнама. Ал, жарнама не дейді?

 

 

Қанаттандырады, әй!

Арнайы уақытымызды арнап, бізге қарағанда заман талабын орындауда көш ілгері жастар қарайды деген телеарналарға біз де телмірдік. Бақытымызға орай (әлде, өкінішімізге ме?), «Қанаттандырады!», «Жан мен тәнді сергітеді!», «Жаңа көкжиектер ашады!» деген жарнамалық слогандар қанша жиі қайталанса да еш жалықтырмайды. Сан қилы сюжеттер, керісінше, еліктіреді (мойындау керек: мықты мамандар тер төккен).

Өндірушілердің тауарларының сергіткіштік қасиеттерін атауларымен («Adrenaline Rush», «Non Stop», «Erectus») және жарнамалық образдаумен әйдік келтірген: шексіз шаттық пен тәніңіздің еш шаршамайтындығы.

Атауындағы да, айтарындағы да айдан анық бір нәрсе – бұл жастардың сусыны. Айта кету керек, атауға келгенде, өндірушілер маркетологтарының бейсанаға әсер етудің небір технологияларын қолданғаны байқалып-ақ тұр. Мәселен, «Doza» атауы (және жыныстық қатынасты анайы түрде ағылшын қаріптерімен тікелей меңзейтін тағы бір атау да бар). Мамандардан білгеніміздей ағылшын тілінде мұндай сөздер жоқ. Түсінгеніміз: бұл жарнамалық ортадағы қалыпты құбылыс – «жаңатіл». Мәселен, кез-келген жас үшін «доза» сөзі, есірткіге байланысты нақты мәнге ие. Ал, батыста, «smart» – «ақылды» аталып кеткен сусынның, біздің елде алғашында, жеңіл стимулятор-есірткілер ретінде қабылданғаны жасырын емес. Заңды есірткі – «мода» қуған жас үшін таптырмас ермек. Оның үстіне, «қанаттандырып» тұрса…

Бұл туралы жаһанға жарыса жар салып жатқан жарнамалардан түйгеніміз –

жастардың энерготониктерге әуес болуының бір себебі, бұл – сәнді. «Бәрі де ішеді, барлық жерде жарнамалайды – мен қатардан қаламын ба?» деген ой. Оған қоса, жасөспірімдер үшін бұл үлкен өмірге деген алғашқы қадамдардың бірі, өйткені, сыртында «18 жасқа дейін» секілді ескертпе жоқ. Ішкен екенсің, демек, үлкенсің. Ал, одан ересектеу жастарға «тусовкадан» қалуға болмайды. Әгәраки, сусынның қанаттандырып, бұрын-соңды көрмеген сезімге бөлейтінін қайталай берсе, кәнігі, пендеуй қызығушылықтың оянатыны хақ. Бұл ойға келуіміз, жастардың жан-дүниесін зерделейтіндей психологтық қасиетіміз барлығынан емес,  жарнаманың өзімізді де еліткендігінен. 

Шешінген судан тайынбас

Сонымен, ұлық құрметті оқырман, өзім ішіп көрмеген заттың зиянын не пайдасын айтып бәлденуім орынсыз боларын ескеріп, һәм жарнаманың жеке қызығушылығымды туғызғанын жасырмай энерготониктің бір құтысын сатып алдым. Сатып алып тұрып, дүкеншіден сұрадым:

– Апа, көп өте ме?

– Бұйыртқаны өтеді, әйтеуір.

– Жастар ала ма, дегенім ғой…

– Ия, солар ғой, алатын. Басқа кім ішеді дейсің мұны?!

Өндіруші құты сыртына «тәулігіне екі құтыдан артық пайдалануға болмайды» деп ескертіпті. Несі бар, біреуінен қанаттана алмасам, әлі бір мүмкіндігім бар деген сөз. Бірақ, дискотекада «не по-детски» билеуді мақсат тұтқан жасыңыз, темекі қорабының үштен бір бөлігіндегі ескертудің өзін безендірудің бір элементі деп қарайтынын ескерсек, мына құмырсқаның ізіндей жазуды, қаптаған сөздердің арасынан таба алмай қалуы да мүмкін.

Сусынды іштік: дәмі кәнігі «лимонадтан» еш айырмашылығы жоқ. Қанаттандырмаса да, бойға сергектік сыйлап, аздап көңілімізді көтергенін жасырмайық. Сосын, кофеге қарағанда әсері ұзағырақ сақталады екен. Ал, ыңғайлы құтыны, өзіңізбен бірге қай жерде де алып жүруге болады. Бұл, сусынның ерек қасиеті нендей? Шындығында, энергетикалық сусынның бойында ешқандай да энергия жоқ. Бұ жолы да, құтының сыртын ыждағатпен оқысаңыз, бұған көз жеткізуге болады. Ал, сергектік қайдан пайда болады дейсіз ғой? Ол сіздің ағзаңыздың сақтап жүрген жасырын қуаты. Энергетик соны пайдаланады – бар сиқырлы қасиеті де сол. Көп пайдалансаңыз, әлбетте, түгелдей сарқып бітуі, әбден мүмкін. Бұл, сіздің энергетикке толықтай тәуелді болғаныңызды білдіреді.

Сонымен, ағзаңыздан қарызға қуат алған екенсіз, ерте ме, кеш пе, оны қайтаруыңыз керек. Ал, қайтару, алғаннан әлде қайда, баяу жүреді (энергетикті қаншалықты пайдаланғаныңызға байланысты. Біз, эксперимент сәтті шығу үшін, шекті мөлшерден бірнеше рет асырдық. Ал, негізі, айына бір рет, шекті мөлшерде қолдануға дәрігерлер де тиым салмайтындай). Осы, бірнеше күн ішінде, сіздің ешнәрсеге зауқыңыз соқпай, сылбыр күй кешесіз. Жасыратыны жоқ, энергетикті пайдаланып ап, сергіңіз келеді де тұрады. Егер, оған жол берсеңіз, әр пайдаланған сайын, ағзаңыздан тағы бір күндік қуат алу мақсатында сусын мөлшерін көбейтуге тура келеді. Яғни, ағзаңызды жасанды жолмен ынталандырумен боласыз, миыңызды да…

 – Бұл сусындар орталық жүйке жүйесінің стимуляторы болғандықтан, кез-келген психотроптық затты қолданғандағыдай,  энергетиктерге деген алғашқыдағы әуестік кейіннен әдетке айналады. Одан тәуелділік туады, яғни, адам онсыз жүре алмайды, оны пайдаланбаған жағдайда абстинентті аталатын синдром пайда болады. Қандайма болмасын жүйе тұрақты түрде ынталандырылып тұратындықтан, ерте ме, кеш пе ол үдеріс жүйенің жұқаруына әкеледі» – дейді, сөзімізді қуаттап, Қазақ академиясының тамақтану институтының директорының ғылым жөніндегі орынбасары Игорь Цой.

Ілгеріде айтқанымыздай, энергетикалық сусындарды таза күйінде шекті мөлшерде, кофенің газдалған баламасы ретінде пайдалануға дәрігерлер рұқсат бергенімен, энерготониктерді алкоголмен араластыруға олар үзілді-кесілді қарсы. Өйткені, олар мұндай комбинацияны қауіпті дейді, себебі, кофеин мен алкогол бір-біріне қарама-қайшы әсерлер туғызады – қоздырғыш және тежегіш.

Алайда, осы бір сусынның бар қасиетін тану үшін біз бұл тәсілден де бас тартқан жоқпыз. Айта кету керек, энергетиктерді арақпен және басқа да алкоголмен араластырып пайдалану кеңінен таралғандықтан, бұл алдын-ала дайындалған коктейлдердің шығуына алып келді. Ол да, еркін саудада.

«Энергетиктерді жоғары градусты сусындармен араластырып ішу, клубтан шықпайтындардың алкоголды энерготоникке езіп ішсе, таңертең бас ондай қатты ауырмайтындығын байқағаннан кейін пайда болды. Бізде де сол себептен пайдаланылады ғой. Өзім тек сол үшін ғана солай пайдаланамын» – деді, түнгі клубтағы таныс ДиДжейлеріміздің бірі. 

Тексеріп көрмекке барға бардық. «Стойканың» алды лық толы. Ретін тауып, барменге:

– Маған «энерджи коктейль» – дедік.

– Қандай? – деді, ол.

– Қандай бар?

– Бәрі бар…

– Қандайына кеңес бересіз

Бетімізге тесірейіп бір қарады да:

– Алкопоп! – деді ол.

– Оған не кіреді?

– Арақ пен энергетик. Аласың ба? – деп, шыдамы таусылғанынан хабар беріп қойды. Шешінген судан тайынбас (шыны керек, бекер «шешінген» екенбіз). ДиДжейіміздің таңертең «ауырмайтын бас» туралы әңгімесі, кезекті миф болып шықты. Кешегі, сергектік атымен жоқ. Бірақ, бұдан бір нәрсе түйдік: энергетикалық коктейльдерді ішу нормаға айналып барады. Басқа, алкоголды сусынды сабаққа, не жұмысқа бара жатып іше алмассың, ал, коктейль өте ыңғайлы. Бастысы, сәнді һәм заңды.

Қорытынды орнына

Пікіріміз барынша, объективті болуы үшін, эксперименттік қадамға да бардық. Жеке бізге энергетиктің ұнаған, ұнамағаны маңызды емес. Бастысы, қалың бұқараның назарын бұл мәселеге де бір салу. Сосын, көздегеніміз: энергетиктерді жарнамалау немесе керісінше, қаралау емес – оқырманға ақпарат қана беру. Қалай еткенде де, шешім қабылдау, әркімнің жеке ісі ғой. 

– Энергетикалық сусындар – бұл шынымен де, тонусты көтеруші үшін пайдаланылатын өнім. Шындығында да, әуел баста ауыр дене жұмысымен, не ой еңбегімен айналысатын және спортпен шұғылданатын адамдарға энергетикалық сусындарды, тек қана белгілі бір күш-қуатты қажет ететін жұмыстарды орындау үшін пайдалануға кеңес берілген. Алайда, бұл энергетикалық сусындар, тек оны тікелей қажет ететін адамдарға ғана емес, жастарға да ұнай бастады. Проблема, қазір ол сусындардың кез-келген мектеп оқушысына қолжетімділігінде. Ал, егер бұл сусындарды, қазір түнгі клубтардағыдай алкогольмен араластыратын болса, соңғысының әсері бірнеше есе ұлғаяды  –  дейді, Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Сәуле Диханбаева.

ЕТ – ЕТКЕ, СОРПА – БЕТКЕ,

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫН ШЕ?

Энергетикалық сусынның құрамында не бар және ол не үшін керек?

Негізі энергетикалық сусындарды екіге бөлуге болады: дәрумендік және кофеиндік. Дәрумендік сусындарда ауыр дене жұмыстары кезінде пайдалы дәрумендік қоспалар болады, ал, сусынның кофеиндік түрінде, керісінше, басымдық кофеинге беріледі. Оны ой жұмысымен шұғылдаған адамдарға пайдалануға болады.  

Бірінші құрамдас бөлік, бұл – кофеин (кейбір жағдайларда кофеиннің орнына кофеин құрамдас, гуарана, шай немесе мате экстракты немесе кофеин матеин, теин секілді басқа атаулармен қолданылады). Оның міндеті, қан қысымын көтеру, ішкі құрылыстар жұмысын жеделдету және ресурстарды босату. 

Екінші компонент: таурин. Ол жүрек бұлшық еттерінің жұмысын жақсартады. Сосын, карнитин зат алмасуды күшейтеді. Женьшень мен гуарана сергіткіш қасиетке ие. Тағы бір құрамдас бөлік – мелотонин негізінен торығудың әр түрлі формаларында қолданылады. Фоли қышқылы – ми жұмысын жақсартады. Және теобромин мен теофиллин (какое алкалоидтары) секілді стимуляторлар пайдаланылады. Сондай-ақ, жеңіл қорытылатын қуат көздері ретінде – көміртектер (глюкоза, сахароза), адаптогендер қолданылады. Ал, соңғы шыққан жаңа түрлерде апиынды мак дәндерінің экстракты немесе эфедрин бар.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі