Не қымбат?

1103 рет қаралды
6

Каз елі

Иә, ағайын, шынында да бүгінгі тамағы тоқ, кигені көк, қайғы-уайымы жоқ адамға не қымбат? Іркіті іргесінен шығып, иті ішіп жатпасада тап құлқынының қамы үшін ашынған жанды көргеміз жоқ, атқа қоныпты дегенді естігеміз жоқ. «Жалақымыз аз, жарытпай жатыр, жағдайымыз нашар, жеп қойды, ішіп қойды» деген дүрмекті дүркін-дүркін құлағымыз шалып қалады. Бірақ, ол қоғамға жаппай қозғау салып жатқан жоқ. Ал қолында асырап отырған малсыз қалалар мен қыстақ тұрғындарының қоқыстары толған нан қалдықтары екенін көргенде ішің ашиды. Ит-құсы, әрине, қасқыр емес, талғап, теріп, ылғап, екшеп жейтін болыпты. Демек, бүгінгі қазақ үшін тамақ қымбат емес! Бүгінгі  қазақ үшін киімің де көк тиын. Қазақ кепиет деген күшті кие бар деуші еді. Сол кепиет бүгін ұмытылған сияқты. Соның не екенін жасың түгіл, әй, кәрің білмейді. Соны ойлап, мына ысырапқа ынсап болса деп тілейсің.

Тізесі жыртылып, өкшесі қылтиып жүретіндерді, әрине, көреміз, бірақ, бұлар жоқтықтың салдарынан қызыл еті қылтиып, әне жер-міне жері жылтиып жүрген жарлы-жақыбайлар емес, бүтінді тіліп, әдейі жыртып киіп, барын бадырайтып, артын аңырайтып, ұзынын тылтитып, кеңін кесіп тыртитып жүргендер. Бір сөзбен айтқанда суқараңғы көзілдіріктілер. Бірақ зағиптар емес. Ендеше, қазақ үшін не қымбат? Мүмкін ақ жаулық шығар?! Һи, қазір қазақтың қызы қырыққа келмей күйеуге тие ме, қырыққа келмей ұлы үйлене ме? Статикаға жүгінсең жүзің шыдамайды, қарай алмайсың. Ата-бабаңның баяғыдағ-еее… салтын аңсайсың, дәсүрін көксейсің. Көзден бұлбұл ұшқалы қай заман. Қыз дегенің… сондай, жігіт дегенің ша-ал… асықпаймыз. Яғни, ақ жаулықтың да сәні кеткен, қадірі қашқан. Әй, осы денсаулық зор байлық деуші еді. Адам баласына ең қыбаты денсаулық емес пе? Біреулер «денсаулық болса, басқасын сатып аламыз» деуші еді ғой. Қайдам, қазаққа ден саулығыңның да құндылығын ұрмайды. Жай қазақ тұрмақ, басқасы басқа, денсаулық сақтау уәзірлігінің бас уәзірінің өзі сау басына сақина тілеп, айды аспанға бірақ шығарған жоқ па. Қазақ «өлгелі жатырмын» деп емші-домшы, докторға барады дейді ғой. Жаны бағалы адам сөйте ме?

Қазақ ойшыл, жаратылысынан қабылетті, саналы туған халық қой, ғасырлар тоғысында «тосын» жағдайда социализмнен кері айналып, көткеншектеп капитализмге өтер шақтағы талан-таражда жан азығынан айырылып қалып, мүмкін соған зәру болып отыр ма екен деп ойласам, олай да емес сияқты. Жоқтан бар жасап, жаңалық ашып жанталасып жанын жеп жүрген ғалымның да, жан жарасына дауа іздеп жатпай-тұрмай жазып жүрген жазушыңның да жарып жүргенін көрмеппіз. Жазғанына құрығанда қалам ақы тимейді. Қаламгері қажымаса қайраткері де қаймана елі де арымайды ғой. Бірақ, осыны көзге іліп жатқан ешкімді көрмейсің. Олай болса қазаққа бүгінгі таңда рухани азықтың да қажеті шамалы… тағысын тағы….

Қазақ баласына ең қымбат, ең асыл, ең қасиетті бірақ нәрсе бар. Ол барда жоғарыда басын шалып, шолып-шолып өткен бардың бәрі бар, кемісінің кетігі толады. Ол барда қазақ бар, ол барда жер басып жүрген қазақ деген ұлт бар. ОЛ – Қазақ Халқының Тәуелсіздігі!

Алайда осы Тәуелсіздіктің өзін бүгінгі қазақ біз құрметтей де, ұлықтай да білмейтін сияқтымыз. Соңғы күндерде Алматы қаласының көшелерінде Тәуелсіздігіміздің 19 жылдық мерей тойының басынан қарғып, Көк Тудың орнына көк шыршалар дәріптеліп, алаң біткен алабажақтанып, енді екі айдан соң келетін «жаңа жылды», яғни, Христостың туған күнін қарсы алу жорығы басталып кетті. Жағамызды ұстатты. Ертеңгі  күні жер-жерден, жер түбінен Астанаға ЕҚЫҰ-ның саммитіне келетін белді-белді елдердің, белді-белді тұлғалары мен саясаткерлеріне не дейміз? «Бізге Ел Тәуелсіздігінен гөрі енді екі айдан кейін келетін «жаңа жыл» қымбат дейміз бе? Ау, сонда өзінің жүздеген жылдар бойы күресіп жүріп алған Тәуелсіздігін сыйламаған елге, өз Егемендігін құрметтемеген жұртқа, Дербестігін дәріптемеген ұлтқа жат жұрттықтар қандай баға береді? «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» деуші еді.Қазаққа не қымбат? Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

6 Comments

  1. Біз сіздердің парталдарыңыздың баннерін қойдық, сіздер біздікін қояр ма екенсіздер?

  2. Жұбан Молдағалиев: Мен қазақпын. Өз халқымды мақтан етемін. маған оның көп қатпарлы тарихы қымбат, ал оның бүгінгі күні одан да қымбат.

  3. Бүгінгі қазақты билеп отырғандардың бар білгені көк шыршаны айналып билуден басқа білері жоқ болды ғой. Демек, қазаққа Көк Тудан гөрі көк шырша қымбат. Ұят-ай….

  4. Админнен:Мұртаза БҰЛҰТАЙ, дінтанушы:Жаңа жылдың безендірілуін еліміздің ең айтулы, маңызды мәселесі ретінде қарастырады. Оған арнайы жұмыс топтары ұйымдастырылады. Жеке фирмалардың қабырғалары безендірілмесе оларға ескетуден жалтармайды. Халық содан кейін, Жаңа жылды тойлауға мәжбүр болады.Ұлтымыздың тағдырында бұл датаның еш маңыздылығы болмағанына қарамастан, жыл сайын Жаңа жылға жаппай табындырып қояды.

    Кеңес одағының құрамындағы бағынышты ел едік, Кеңес империясының құрамындағы артта қалған шикізат өндіретін құлақ кесті құл халық едік, 16-желтоқсан күні болса тәуелсіз ел болдық дер едім. Ең ұлы мерекеміз – тәуелсіздік мейрамы.

    Жаңа жылдың безендірілуіне, тойлануына шағын мекемелерге дейін тапсырма беріп, бұқаралық ақпарат құралдарында, телеэкранда нешетүрлі іс-шара жасайды. Соны жасап отырғандар тәуелсіздік мерекесіне келгенде неге үндемей қалады?!

    Азаматтарымыздың ұлттық санасын әлі оятпай жатыр. Сондықтан бұл мәселеде жасалуы тиіс шаруалар көп….

  5. Баяғыда нағашы атам үш жыл Мәскеуде тұрып елге келгенде еңкілдеп жыладым деуші еді. Бүгінгі алаңсыз кезіңді бағаламай жүрген қазағым-ау. Әлі ұйқтап жатырмыз ба? Қашан ұйқың қанады екен…

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Үш ауысымды мектептер білім сапасына қалай әсер етеді? Алматы облысы Талғар ауданында ата-аналар балаларының білім сапасына көңілі толмайды

Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан Әл-Фараби атындағы №31 Тұздыбастау мектебінде бастауыш сынып оқушылары үш ауысымда оқиды.

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі