«Қансонарда бүркітші шығады аңға …»

978 рет қаралды
4

berkutАлматы облысы «Көкбастау» атшабарында «Сонар 2011» сайысы өтті. Жыл сайын өтетін саятшылар сайысына қыранның бағы мен бабын байқап, əуесқой мен кəсіпқой бүркітшілердің шеберлігін қызықтауға көптеген көрермен келіпті.

Құсбегіліктің Қазақстандағы ұлттық спорт ойындарының тізіміне енгеніне он төрт жыл болыпты. Бұл жолғы «Көкбастауда» өткен бекзат өнердің бәсін тігіуге еліміздің 7 өңірінен 50-дей сайыпқыран қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл өткен сайын құсбегілікке құмартқандар арасында әсіресе жастар қатары көбейіп келеді екен. Бүркітті қолға шақыру, шырға тарту, қоянға салу, түлкіге салу түрлерінен сынға салса, ал қаршығаны қоянға және көкекке салу сайысы өтті.

Ғазизхан Бауыржан, 2 орын жеңімпазы: — Менің жасым алтыда. Жамбыл облысынан келдім. Құс салу өнерін атамнан үйрендім. Бүгін міне, екінші орын алдым.

Шарипов Медет Алдабергенұлы, Еңбекшіқазақ ауданы: — Бұл өнерді үлкен аталарымыздан үйрендім. 13 жасымнан бастап бүркіт өсіріп-баптаумен айналыстым. Бүркітті баулу ұясынан ұстағаннан басталады. Әкем де бүркітші, басқа облыстарда алдыңғы орынды қанжығалап жүрміз.

Әмірзақова Мақпал, Қарағанды облысы: — Жас кезімнен осындай сайыс-тарға бара бастадым. 10 жылдан бері айналысып жүрмін, Бүркітімнің аты — «Ақжелкен». Әкем де, ағам да бүркіт өсірумен айналысады. Тауға алып шығып қанатын жазамын. Күнде қоянның таза етін береміз. Мақсатым — салт-дәстүрімізді дәріптеп, ата-бабамыздың өнерін жал-ғастыру.

Жайсаңбайұлы Әбдісалам, Ақмола облысы: — Мен зейнеткермін. Саят-шылықпен айналысқаныма 20 жыл болды. Осы өнер келешек жастарымызға аманат ретінде жалғасын тапса екен деп тілеймін. Бүркітімнің аты — Кездік қара. Сайысқа қатысқаныма ризамын.

Жасұлан Бүркітбайұлы, Талдықорған, Текелі қаласы, 1 орын: — Сайысқа түс-кеніме өте қуаныштымын, алдындағы сайыстарда да қанжығам майлы болған. Өткен жылы 14 саятшы болса, биыл Құдайға шүкір, елуге тарта келіпті. Бұл салт-дәстүрді дәріптеу деп білем. Барлық қатысушыларға ізгі тілек білдіремін.

Байқауға қатысушыларға биыл бірнеше талап қойылды. Құстың қарымы, қыранды қолға қондыру шеберлігі, тіпті, саятшының киім киісіне дейін баға берілді. Енді ұйымдастырушылар аталмыш өнерді алыс-жақын шетелдерге паш етсек деп отыр.

Бағдат Мүптерекұлы, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры:

 — Бізде бұл спорт түрі қарқынды дамып келе жатыр деуге болады. Алматы мен Астана қаласынан, Павлодар облысынан, Көкшетаудан, Тараздан келіп жатыр, барлық облыстан да келді деп айтуға болады.

Сайыстың бірінші кезеңінде бүркітті әдеттегідей қоянға салды. Бұдан соң, сайып қыран түлкіге түсті. Нағыз бабындағы қыранға қоян мен түлкіге түсудің еш қиындығы жоқ. Ал бабы келіспегендері, тіпті, осы межеге де жете алмай, жемтігінен айырылып қалып жатты. Додада бүркітшілер арасында Алматы облысынан келген Жасұлан Бүркітбайұлының бүркіті үздік танылды. Ал жастар арасынан Жамбыл облысынан келген алты жасар Ғазизхан үздік шығып, Көкжебе атты қаршығасы қанжығаны майлады.

Ғабит Самұрат, “Қазақстан Заман” газеті.

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Ата-баба салтын мансұқ етпей, қастерлеп дәріптейтін қазақ жастары көбейе берсін деп тілеймін. Жақсы шара екен.

  2. Моңғолиядағы бүркітшілер мерекесін жыл сайын интернеттен тамашалаймын. Осы мерекені де ғаламторға шығарып қою керек еді.

  3. Қазақтың төл өнерін дамытып, келер ұрпақ тәрбиелеу ұлтымыз үшін де өте қажет дүние. Ата-баба дәстүрінен мақұрым қалған ұрпақ өздерін кімбіз деп таныстырады? Бұл саятшылық өнерге әлем елдері де қызығушылық танытып жатқанын байқауға болады. Бұған дәлел Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында жылда осы дәстүр қолға алынады. Оған көптеген туристер келіп қатысып тамашалайтын көрінеді. Дегенмен, жылдан-жылға жақсарып келе жатқандығын байқаймыз. Болашақта саятшылық өнерінің үлкен дәрежеде аталып өтетініне сенімім мол.

  4. маган Алматы каласынан бир  буркитшы адам тауып берсеныздер димын сьемкага телеарна ушын мына телефонга хабарлассаныздар екен 87078898051

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі