/

МЕМЛЕКЕТ ДIН IСIНЕ АРАЛАСПАСА, ДIН МЕМЛЕКЕТ IСIНЕ АРАЛАСАДЫ

743 рет қаралды
2

Қазақ айтады: “Құдай сақсынсаң сақтаймын депті” деп, соның үшін, ел тыныштығына мүмкін септігі тиіп қалар деген ниетпен осы мақаланы қысқартып, көшіп жариялап отырмыз. Ел аман, жұрт тыныш болғай, ағайын!

Елдi дүрлiктiрген соңғы оқи­ғалар құдды бiр пинг‑понг ой­ыны тәрiздi. Ақтөбе облыстық ҰҚК ғимаратында өзiн‑өзi жару, Астанадағы жарылыс, Кеңқияқ пен Шұбаршидегi сақалдылар мен полицейлер атысы, Балқаш колониясынан қашпақ болғандардың өздерiн жаруы… Бiр тiзбектiң буындарынша алма‑кезек жалғасып жатқан оқиғалардан дiни экстремизмнiң белгiсi анық бiлiнсе де, билiк мұны ислам факторымен байланыстырудан аулақ.

Құқық қорғау органдарын аяғынан тiк тұрғызған оқиғалар бүгiн басталмағаны түсiнiктi. Былтыр Ақтау түрмесiнен мұз­дай қаруланған 21 тұтқынның қашып шығуы таяқтың бiр ұшы ғана. Ресми органдар бұл кезде де түрмеден қашқан бiр топ тұтқынның өздерiн жарып жiбергенiн жасырып қалғысы келген. Бiрақ қашқындардың дiни фанат екенiн жазған журналистер тығырыққа тiрелген тұтқындардың мәшинеге таласа‑тармаса мiнiп, өздерiн жарып жiбергенi жайлы ақпараттың шетiн шығарған‑ды. 

Бiр жыл бұрын Ақтау түр­месiнен қашқан 21 тұтқынның 15‑i қаза тапса, 6‑ауы тiрi­дей қол­ға түскен. Қашқындарды ұстау кезiнде арнайы жасақтың 4 жауынгерi жараланды.

Кеңқияқтағы атыс‑шабыста дiни радикалды топтың 10 мүшесi атылып, 2‑еуi ұсталды. Екi поли­цейдi өлтiрген қылмыстық топты ұстау операциясы бiр жетiге созылды. Сақалдылармен атыста арнайы жасақтың 2 жауынгерi оққа ұшты, 5 құқық қорғаушы ауыр жараланды. 

Балқаш түрмесiндегi бүлiк­те колония күзетшiсi қаза тапты. Бүлiктi басу кезiнде 4 құ­қық қорғаушы жараланды. Түрмеден қашпақ болған 16 тұтқын өздерiн жарып жiбердi.

Бұған Ақтөбе облыстық ҰҚК ғимаратында өзiн‑өзi жарып жiберген Р.Мақатов пен Астанада ҰҚК маңындағы жарылыс кезiнде опат болған екi адамды қосыңыз.

Осылайша бас‑аяғы бiр жылдың iшiнде екiжақты қақ­ты­ғыста 49 адам опат болған. Осыған қа­ра­мастан ресми органдар халықты жоғарыдағы оқиғалардың дiни экстремизммен байланысы жоқ деп сен­дiрумен әлек. Әр оқиға­ның iзiн ала дiни топтардың қатысы туралы әңгiме қозғалса болды, билiк “бiзде ешқандай дiни радикализм жоқ” деп ат-тонын ала қашады. Алайда шындықты мойындамай, жасырып-жабу ең алдымен билiктiң өзiне қауiптi.

Бiр қызығы, ресми ор­ган­дардың қандай да бiр оқиғаға берер түсiнiгi дайын. Ай­дың‑күннiң аманында 25 жасар Р.Махатовтың ҰҚК ғимаратында өзiн‑өзi жарып жiберуiн “терракт емес, заң алдындағы жауапкер­шi­лiктен жалтару үшiн соған барды” десе, Кеңқияқтағы атысты да “дiндi жамыл­ған ұйымдасқан қылмыстық топ мұнай ұрлаумен айналысқан” деп қатардағы қылмысқа жатқызды. 

Бiр жағы прокуратура бастаған ҰҚК қоштаған ресми органдардың басын құмға тыққан түйеқұс тәрiздi шындықты нелiктен ашқысы келмейтiнi түсiнiктi. “Елде экстремистiк топтар шабуылға көштi” десе, Ақорда сонша әспеттейтiн 20 жылдық тұрақтылықтың iргесi шайқалғаны әшкере болмай ма. Оның үстiне тәуелсiздiктiң 20 жылдық мерейтойында мұндай “ұсақ-түйекке” бола көңiл‑күйдi бүлдiрiп қайтсiн.

Екiншi жағынан дiни фактордың күшейгенiн мойындау – билiктiң өзiне сын. Дүрбелең оқиғалардың белортасында дәс­түрлi емес дiн өкiлдерiнiң жүргенiн айтса, бұған ең алдымен дiни ахуалды әлдеқашан уысынан шығарып алған ҰҚК кiнәлi болмақ. Қараптан‑қарап жү­рiп ахуалды бетiмен жi­берген билiктiң жауап­кер­­шiлiгi өз алдына.

Елдi дүрлiктiрген оқи­ғалардың ортақ тұсы – жарылыс та, терракт те ҰҚК немесе құқық қорғаушыларға қарсы бағытталғаны анық. Сақалдылар мұнысымен өздерiне шүй­лiккен құқық қорғаушылар­ға азуын батырғанға ұқ­сайды. Демек құқық қор­ғаушылар дiни ағым өкiл­дерiне қарсы күштеу тә­сiлдерiн қолданып, қысым көрсеткен болуы әбден мүмкiн. Олай болса, құқық қорғаушылар нелiк­тен күштеу шараларына барады? Дiни экстремистiк топтармен заң жүзiнде де күресуге болады емес пе. Таяқтың бiр ұшы бiздегi дiни ұйымдар туралы заңның солқылдақтығына барып тiреледi. Бiр жағы заңда дiн мемлекеттен тыс екенi тайға таңба бас­қандай көр­сетiлген.   “Дi­ни бiрлестiктер мемлекеттен бөлiнген. Барлық дiндер мен дiни бiрлес­тiктер заң алдында бiр­дей. Ешбiр дiн немесе дiни бiрлестiктер басқаларға қарағанда ешқандай артықшылықтарды пайдаланбайды” (ҚР Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы заңы, 4-бап). 

О бастан дәстүрлi ислам дiнiне артықшылық бер­меудiң салдары түрлi секталар мен ағымдарды тайраңдатты. Ал қолында еш қауқары жоқ дiни басқарма елдi адастырып жүр­ген ағымдарға “тәйт” дей алмайды. Бiзге қарағанда дiн iсi бiршама дұрыс жолға қойылған Ресей христиан дiнiне, православ шiркеуiне айтарлықтай басымдық бередi. Заң жүзiнде. Православ шiркеуiн алдыңғы орынға қояды, қаржылық көмек көрсетедi. Ал бiзде ше? Барлық дiни бiрлестiк­тердiң заң алдында тең­дiгi салафиттер, уахабиттер мен құра­ниттердiң күшеюiне әкеп соқтырды. Жастардың санасын улап, исламды бұрмалап жүр­ген 5-6 ағыммен күресуге әзiрге қауқар да, құлық та жоқ.

Өкiнiшке қарай, тамырын әлдеқашан тереңге жiберген дәстүрлi емес дiни ағымдармен тап қазiр күресудiң өзi нәтиже берер-бермесi белгiсiз. Өйткенi о баста заңның солқылдақтығынан кеткен қателiк бүгiнгi салдарға бой алдырды. Елi­мiзде дiни бiрлестiк құрудан оңай iс жоқ. Қоғамдық бiрлестiк негiзiнде құрылатын дiни бiрлестiктi құрып, тiркеу үшiн он адам жет­кiлiктi. Осы олқылықтың кесiрiнен елде адам санасын улайтын терiс ағымдар мен секталар қаптап кеткен.

Бiр қызығы, дiни ұйымдарды бақылайтын органдар бiр емес, бiрнешеу: Мәдениет министрлiгi жанындағы дiн iстерi жө­нiндегi агенттiк, ҰҚК-нiң дiн iстерi жөнiндегi бөлiмi мен жергiлiктi әкiм­дiктiң iшкi саясатындағы дiн iстерiмен айналысатын бөлiмi. Әйткенмен егер бұл ұйымдардың жұмысы бiрiздi болса, көзден таса емес дiни ұйымдар бүйтiп тайраңдар ма едi?

Шегiне жеткен жем­қорлық пен салақтық, көз­жұмбайлық, дiннiң ме­м­лекеттен бөлектiгiне сiлтей салу, осының барлығы терiс ағымдарға өз дегенiн iстеттi. Алайда мемлекет дiн iсiне араласпаса, ерте ме, кеш пе дiн мемлекет iсiне араласпақ.

Заңдағы олқылық, ресми органдардың қауқарсыздығы – терiс ағымдардың өршуiне жол ашқан жанама себептер ғана. Ал мұның түпкi себептерi осыдан 20 жыл бұрын бас­тау алған. “Алдымен экономика, сонан кейiн сая­сат” ұранын желеу еткен Ақорда 20 жыл бойы тұрақтылық пен толеранттылықтың имиджiн қолдан жасап, iшкi iстерiн боямалап жүрдi. Стратегиялық бағдарламалар мен түрлi жобалар қабылдап, Батыс­тың көзiн бояп, өз тiрлiгiмен кетудiң салдарынан мемле­кеттiк идеология ақсады. Экономикасы мен саясаты бiр жақта, идеологиялық тәрбиесi бiр жақта қалған мемлекет өзiнiң маңызды құрылымынан айырылмақ. Осылайша 20 жыл iшiнде өмiрге келiп, өсiп жетiлген жас ұрпаққа дұрыс көңiл бөлiнбегендiктен, жастарды дiни топтар шырмап алды. Егер Кеңес одағы кезiнде мемлекет бала тәрбиесiне көңiл бөлiп, жастарды бiрiн қалдырмай жұмыспен қамтыса, бүгiнде оның бiрi де жоқ. Ауылда жұмыссыз, бос сенделген жастар бой­күйездiкке ұрынып, тығырыққа тiрелдi. Ұрпақ тәр­биесiне мән бермеген жерде азғындыққа жол ашылмақ. Мұндай жастардың санасын улап ал­ған кейбiр ағымдар жайнамазға жығылуды ғана емес, мұсылмандыққа жат нәрсенi үйретiп, мүлде басқа дүниеге жетелеп жүр.

Сондықтан ендi болып жатқан өзiн-өзi жару, полицейлермен атыс – бұл өзiн 20 жыл күттiрген заңды оқиғалар. Алайда қа­зiргi жарылыс пен атыс-шабыс ендi бiр 5-6 жылдың iшiнде ойыншық болып қалуы мүмкiн. Себебi дiндi саяси күрес тәсiлiне айналдырғысы келетiндер аз емес. Оның үстiне әрбiр дiни ағымның артында бiр-бiр дөкей тұрғаны жасырын емес. Елдi ала тайдай бүлдiрiп жүрген салафиттер, уахабиттер, құраниттер, өзге де дәстүрлi емес дiни ағымдардың қолдаушылары сыртта емес, iште.

Әзiрге билiкке қауiп-қатер төндiретiн дiни радикалды күштер толығымен қалыптасып бiтпедi. Бiрақ х сағаты таяғанда ұйымшылдығы саяси пар­тиядан да мықты дiни топтар билiктiң басты қарсыласына айналмақ. Қазiргi билiкке көңiлi толмайтын, өзгерiстi қалайтын халықтың жаңа ислам оппозициясының төңiре­гiне топтасуы үрейлi. Мұндай жағдайда халықты күреске бастап шығатын көшбасшылар халықтың өз iшiнен өсiп шықпақ.

Бiрақ билiк үшiн күрес дiни ағымның жетегiнде кеткендердiң қақтығысымен аяқталмайтыны тү­сiнiк­тi. Қазақстанда би­лiкке көңiлi толмайтындардың пiкiрi бiрiздi емес. Билiкке барғысы бар бiр топ теократиялық мемлекет құруды армандаса, ендi бiрi ұлттық құндылықтарды жоғары қояды. Үшiн­шi топтың дiттегенi – демократиялық жүйеге негiзделген мемлекет құру. Билiктi ауыстырғысы келетiндер әртүрлi идеологияның төңiрегiне топтасса, қантөгiске ұласатын қақтығыстан қашып құтылу қиын. Мақсаты бiр, мүддесi әртүрлi топтардың билiкке жетуге тырмысуы елдi азаматтық соғысқа итермелейдi.

Қалай болғанда да тәуел­сiздiктiң 20 жылдығында мақсат-мұраты бiр ұлт­тық мемлекет құрудың орнына қазақтың бiрiн-бiрi төпелеп, қырықпышақ болуының арты жақсылыққа апармайды. (Мақала қысқартылып берілді)

Ескендiр ЕЛЕМЕС, «Жас алаштан»

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Мемлекет тілге және дінге көңіл бөлуі тиіс, Назарбаевтың пікірі қате бірінші экономика сосын саясат деген, рухани құлдыраған халық кімнің болсада артынан ереді тек оны жоғарыда отырғандар ұмытқан сияқты және орыс тілін шектеу керек одан бізге тек азғындаған орыстың дәстүрі еніп барады, Абай кезінде айтқан орыстан үйрен деп бірақ қазіргі орыстар құлдырау үстінде және олардан енді жақсы нәрсе үйренбейсің

  2. Қаақ әлеуметтік әділетсіздік (тіл, дін, экономика, т.б) жағдайында өмір сүріп жатыр. кейінгі кезде көбейіп кеткен көтерілістер соның әсерінен.

Дәулетқали Асауов жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері