/

Айдос Сарым: Басты ойым – «Ұлы Дала» қозғалысын құру

891 рет қаралды
4

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарыммен сұхбат:

– Қазіргі кезде қоғамды екіге бөліп тұрған тіл мен дін мәселесі екені екінің біріне аян. Әңгімемізді әуелі тілдің айналасындағы дау-дамайдан бастасақ. Жұртшылық арасында «138 хаты» деп аталып жүрген ашық хаттан мүйізі қарағайдай азаматар неге бас тартты? Оларды «жаздым, жаңылдым» деуге билік мәжбүр етті ме, әлде өздерінің ар ожданы жетпеді ме?

– Айтқаныңызбен толық келісемін. Бір ғана толықтыру: тіл мәселесі негізінен қазақтар мен орыстілділер арасындағы жік болып табылатын болса, дін мәселесі – негізінен қазақтарды қақ жарып отырған құбылыс. Шынын айтса, осы екі жіктің қайсысының қауіпті екені белгісіз. Өз басым діни мәселе мүлдем ушығып кетті дер едім. Сондықтан да бүгінгі күні билік тарапынан ұсынылған заң жобасын қолдауға әзірмін. Әрине, оның өзінің де кемшін тұстары жоқ емес, бірақ негізгі идеясын, бағытын қазақ жұртшылығы қолдап отыр деп санаймын. Дәл осындай ақты – ақ, қараны – қара дейтін заңға деген қоғамдық сұраныс мықты.

Ал «138-дің хатына» келетін болсақ, оның қазақтың жаңа тарихына кіретін жөні бар. Баяғы Сталин заманындағы «Бесеудің хаты» сынды бұл хат та тарихқа кіреді. Бұл қазақтың, қазақ зиялыларының Тәуелсіздігіміздің жиырма жылға ғана қараған тұста жаңа сапаға жетіп, жаңа белестерге бет алғандығының белгісі. Әсірелеп айтсақ, қазақ ұлты сапасының 1937-ші жылдармен салыстырғанда кем дегенде 27 есе өскендігінің дәлелі. Аталмыш хат тарихқа қалай кіретін болса, одан бас тартқандар да тарихқа енетін болады. Олардың түр-түсін болашақ тарихшылар айқындай жатар. Меніңше осы хатқа қол қоймадық дегендердің саны оннан асқан жоқ. Негізінен олар әртістер мен кейбір саяси партиялардың жетекшілері. Әрине, Бибігүл апамыздың баспасөз мәслихатына дайындықпен барғаны белгілі. Бәлкім, ол кісіге біреулер «Апай, сіз шықпасаңыз болмайды, айтыңызшы, сөйлеңізші!» деген болар. Партиялардың серкелері орыстілді баспасөздің екпіні мен қысымына шыдай алмады-ау деп есептеймін. Сол хат шыққан бойдан орыстілді баспасөз бұрын-соңды белсенділік, үндестік танытып, хатқа қол қойғандарға моральдік, ақпараттық қысым көрсете бастады. Бұл, шынын айту керек, қазақтілді баспасөз үшін үйренетін дүние. Жалпы осы хаттың төңірегіндегі дау-дамайға қарап өз басым мынаны түсіндім: бүгінгі күні саясаткерлер, әртістер, шенеуніктер, басқалар қазақтілді және орыстілді орындықтарда қатар отыра алмайтынына көз жеткіздім. Бұрын қазаққа бір әңгіме, орысқа екінші бір әңгіме айтып, «фигаро» болғандардың, «фигаро саясаттың», яғни екіжүзділіктің, дуализмнің заманы, дәурені өтіп кетті. Я сен қазақ саясаткерісің, әртісісің, шенеунігісің, я басқасың. Жалтақтаудың заманы өтті. Екі жаққа да бірдей жақсы болу мүмкін емес, қиындап барады. Саясатта да, басқада да шынайылыққа, турашылдыққа сұраныс артып жатыр. Болашақта барлығы да осы тенденцияны, осы үдерісті ескеруге мәжбүр болады.

– Ал Жарасбай Сүлейменовтің билік басындағылардың барлығын дерлік жиналыстарда және де ресми кездесулерде қазақша сөйлеуге шақыруы нәтиже бере ме?

– Жәкеңнің ол ұсынысы – еліміздің, ұлтымыздың нағыз патриоты, азаматына лайықты ұсыныс болды. Әрине, күні ертең билік барлық жиналысын қазақша өткізеді деген сөз емес, бірақ осындай ұсыныстар жалпы қазақтың ұстанымына, талабына айналатын болса, көп ұзамай-ақ бұл да іске асатын болады. Түбі солай болатыны мен үшін айдан анық нәрсе.

– Күні кеше Қазақстан Парламентінің мәжілісі «Діни қызмет және діни ұйымдар туралы» жаңа заң жобасын мақұлдады. Шет елдік миссионердің жұмысына мүмкіндік берген, керісінше жергілікті халықтың намаз оқу құқығынан айырған заң жобасы көңіліңізден шықты ма?

– Меніңше, бұл заң жобасы миссионерлердің құқықтарын біршама шектеп, олардың халықпен жұмыс істеу мүмкіндіктерін шектеп отыр. Заң жобасындағы көшеде діни насихат жүргізуге болмайды деген талаптар өте орынды. Байқап отырсақ, шетел миссионерлері негізінен көшеде үгіт жүргізеді. Ал намазханалар жөнінде әңгіме қозғайтын болсақ, менің көзқарасым екіұдай. Мысалы, әскери қызметте, полицияда саяси не діни насихат жүргізуге тыйым салған жөн. Ал мемлекеттік қызмет орындарында намаз оқуға тыйым деген түсініксіздеу дүние. Шенеуніктер де адам баласы, олардың да діни құқықтары бар. Темекі шегушілердің де темекі шегетін орындары бар. Неге діни қажеттіліктерді өтейтін бөлмелер болмайды? Осындай түсініксіз баптар Сенат қабырғасында түзетілуі тиіс.

– Адвокат Абзал Құспановтың айтуынша, Саят Ыбыраевқа көптеген баптар бойынша айыптар тағылған. «Олардың ішіндегі бастысы «уаххабшылардың құқығын бұзу» (237-ші бап) айыбы шығар» дейді адвокат. Өзіңізде жақсы білесіз «Үш қиян» газетінде сопылар Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабековты қатты сынады. Демек, «құқығы бұзылған» осы екі азамат па, әлде басқалар ма?

– Өз ойым, атышулы «сопылар ісінің» артында үлкен саясат жатыр. Оны бастаған билік ішіндегі салафилік көзқарастағы топтар болуы ықтимал. Әлемнің тарихына назар аударатын болсақ, салафилер қай елде болмасын алдымен дін мен жергілікті дәстүрді табыстыра білген сопыларды құртуға тырысқан. Біздің елде де сондай көрініс орын алып отырған сияқты. Бүгінгі күні «Егеменнен» «Казправдаға» дейінгі бар баспасөз салафит-вахабиттерді «қазақ дәстүрі мен тарихына жат діни ағым» деп ашықтан-ашық айтып, жазып жатқан кезде, Діни басқарма салафилік туралы арнайы пәтуа шығарып жатқан кезде ел үшін, ұлт руханияты үшін біраз адал еңбек еткен азаматтарды «ваххабиттердің құқықтарын таптады» деп айыптау мүлдем күлкілі. Бүгінгі күні қарап отырсақ, Шерхан Мұртаза, Мекемтас Мырзахмет бастаған қазақ зиялыларының басым көпшілігі сопыларға ара түсіп, қылмыстық істің тоқтатылуын талап етіп жатыр. Бұл да тегін емес! Яғни биліктің осындай ұсыныс-тарға, ашық хаттарға құлақ асып, қазаққа, мемлекетке абырой әпермейтін істі жауып тастағаны абзал. Тағы бір қызық дүние; сол сопыларға бірде-бір орыстілді құқыққорғаушы ұйым араша болған жоқ. Ал егер ертең иеговашыл не кришнаит топтардың соты болса әлгілер қалай тулап шығар еді! Бұнда да бір гәп бар сияқты…

– Қошке Кемеңгерұлы: «Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды», – дейді. Әлекең бір ғасыр бұрын Қазақтарды татар фанатизмінен құтқарып қалса, бүгінде бізді Араб фанатизмінен арашалап алар жан болмай отырған сыңайлы. Соңғы кезде Сіз әсіредіншілдердің әрекетіне ерекше назар аударып, мұқият зерттеп жүрген сияқтысыз. Бәлкім Әлихан Бөкейханның миссиясын өзіңіз атқарарсыз…

– Әлихан атамыздың шыңына жету қайда? Сол кісіге еліктей алармыз, елік-теуге тырысармыз. Бірақ, мен білсем, ондай тұлғалар жүз, тіпті мың жылда бір туатын дара тарихи тұлғалар. Қолымнан келетін шаруаны атқарып жүрген сияқтымын. Жалғыздың шаңы шықпас дейді ғой. Басты міндет – осындай мәселелердің төңірегіне ұлт болып ұйыса білу, соның дәстүрін қалыптастыру керек.

– Азаттық радиосында өткен интернет-форумда Мақсұт Нәрікбаевқа әлдебір оқырман «Алдағы уақытта Әділет партия-сын Айдос Сарым сынды ұлтшыл азаматқа тапсырып кетуге қалай қарайсыз?» деген екен. Аталған сауалға партия жетекшісі: «Айдос Сарым келісімін беріп жатса, Сіздің ұсынысыңызды орындауға да-йынмын», – дейді. Өзіңізді Әділет немесе басқа партиялар шақырып жатса келісер ме едіңіз?

– Мақсұт ағамыздың бұлай дегенін сізден ғана естіп отырмын. Әрине, ағамыздың аузынан бұндай сөздердің шыққанын мақтан қылуға болатын шығар, лебізіне рахмет. Бірақ өз басым саяси шешімдер басқа жағдайда қабылданғанын қалар едім. Мен қазір партиялық жобалардан тыс жүрмін. Екі-үш партияның басшылары қатарымыз-ға кел, депутаттыққа түс деп жатыр. Барлығына «кешіріңіздер, рахмет, жоқ» деп жауап бердім. Бүгінгі күні менің басты ойым көптеген азаматтармен бірігіп ұлттық бағыттағы «Ұлы Дала» қозғалысын құру. Осы мақсатымызға жетпей жатып белгілі бір партияға мүше болу, депутат болуды құптамаймын. Қалғанын уақыт көрсете жатар. Егер осы қозғалысты құрып, аймақ-аймақтан құрылымдарын бекітіп, аудан-ауданға, ауылдарға жететін деңгейде жұмыс істей алсақ, партиялардың барлығы да біздермен мүдделестік орнатып, серіктес болады деп санаймын. Сондықтан да, бүгінгі бастап жатыр-ған шаруаларымыз жеке басымыздың амбициясынан да, күнделікті тіршіліктен де артық шаруа дер едім. (Әуелгі тақырыбы өзгертілді).

Серік ЖОЛДАСБАЙ, “мasa.kz`

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. осы жигитты неге котерип журсиндер?

    наукандарда акша тауып журген саясаттын адамы гой

    • олай десек қателессін, біз өзіміз білмейтін нәрсені айтқан адамдарға жақтырмай қарайтын әдетті қойсақ ел боламыз ау!

  2. бұл кездегә ең сауатты саясат танушы екеу десек бірі, осы – Айдос Сарым. қараңызшы қандай сауатты, мәдениетті, айғайсыз жеткізіп оытр.

Зұлпыһар жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар