/

Елі де, жері де жоқ ұлттар да өз тілінде сөйлейді

1445 рет қаралды
2

Азанбай абыз қытай, дүңген, аздап тибет, урду, араб, түрік тілдерінде сөйлейді, ал қазақшаға судай.

– Ата, осығұрлым көп елдің тілін қалай үйреніп жүрсіз, біз ана тіліміздің өзін жарытып сөйлей алмаймыз.

– Е, қарағым, басқа түссе баспақшыл деген, басыңа күн туғанда басқаның тілі түгіл бақаның тілінде де сайрап кетуге болады екен. Бұны бізге үйреткен өмір, тағдыр. Әйтпесе, адамнан асып, ала бөтен жаратылды дейсің бе? Білуге мәжбүр болдық. Білмесек тіршілік етіп, тірі қалу қаупі туды. Содан үйрендік. Сіздің елдегі қазақ тілінің жағдайын білемін. Бірнеше мәрте болғанда оған көз жеткіздім. Орыс тілін біліп тұрсаң болды екен. Ойда да, қырда да тіршілік етесің. Іштей қынжыласың. Өз елінде, өз жерінде, өз туының астында тұрып, өзге тілде сөйлеу деген, мен үшін қасыреттей көрінді. Бұл қазақтың қасыреті. Бұ не деген намыстанбайтын халық?! Көп ел, көп жерде болдым ғой. Өз тілінде сөйлемейтін қазақтан басқа бір де бір елді көрмедім. Тіпті елі, жері жоқ ұлттар да өз тілінде сөйлейді. Бұ қазаққа не болған дейсің…

Біз ойланып қалдық. Демек, Қазақстанда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін артыру үшін мәжбүрлік және қажеттілік тудыру қажет екен.   Өйтпейінше, анау абыз ата Азанбай айтқандай: «Ойда да, қырда да тіршілік етесің».

Түрік тілі түркі тілдес халықтар арасында ғана емес, жер жүзінде саны жағынан ең көп адам сөйлейтін тілдердің бірі. Түрік тілі түркі тілдерінің оғыз тармағына жатады, сондықтан селжүк түрік тілінде сөйлеуші әзербайжан, түркімендермен еркін сөйлесіп, ұғысады.

Түрік тілі Ата Түрік Мұстафа Кемелдің реформасының нәтижесінде араб, парсы ықпалынан әжептәуір тазарып кемелденген тіл.  Бірақ еуропалық терминдер біршама орныққан. Алайда кірме сөздердің барлығы да түрік тілінің айтылым заңдылығына бағынғандығын байқау еш қиындық тудырмайды. Сондықтан олар түрік тілімен мидай араласып, сіңісіп білінбей кеткен. Мысалы: автобус – отобұс (otobus); кофе – каһве (kahve); музыка – мүзүк (мuzuk); теннис – теніс (tenis); виза – вize (vize);

Қазақ тілінің қазір қолданысында сирек ұшырасатын, сонымен қатар бір мағынасы  белгісіз қосарлы сөздер түрік тілінде нақты пайдаланылатын да кездестіреміз. Мәселен, соқпақ – sokag – көше, парша – parsa – бөлшек, есеп-қисаптағы қисап – hysap – есеп,..

Демек түркі тілдері өз ара байланысын нығайту арқылы тілдік тұрғыдан көптеген жетістіктерге қол жеткізуге, әсіресе сөздік қорын байытуға мол мүмкіншілік болатындығы байқалады.

Біздің қазақ тілінде әліпті таяқ деп білмейтін, «мен қазақша білмеймін» деп сызылып тұрған қарындастарымыздың түрікше сайрағанына да шүкірлік дерлік жайлар кездесті.

Түркі тектестердің бір-бірін ұғысуы былай тұрсын бір-бірінің тілдерін үйрену әсіресе жас, жаңа алсындап келе жатқан жеткіншектер үшін ұзаса бір айлық, бір-екі апатаның «шаруасы» екен. Айлық сапарымызда қасымызда бес жарым жас Ақтанайымыз бар болатын. Бір-екі күннен кейін ол би деді.

– Әке, мына түріктердің бәрі қазақ сөзін бұзып сөйлейді екен ғой, иә?

– Ал айта ғой, сонда олар қазақ сөзін қайтіп бұзады екен?

– Бір дегенді бир дейді, екі дегенді ики дейді, үш дегенді үч дейді …..иеди дейді.

– Әке, олар балмұздақты не дейтінін білесің бе?

– Білмейді екенмін.

– Дондырма дейді.

Бірде мен Ақтанайдан сұрадым:

– Ақтанай, түрікше «болды» дегенді не дейді?

– Олды дейді.– Болмайды дегенді ші?

– Олмас дейді.

– Болады дегенді «олады» дей ме?

– Хайыр (жоқ)…

– Енді не дейді?

– Тамам!

(басы 21, 23.26 -қыркүйек,  жалғасы)

Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. жақсы мақала екен, біздің білімпаздар намыстанбайды, намыс болса қазақша баяғы да сөйлеп кетер еді

  2. Түріктер өте ұлтшыл, отаншыл, батыр болады. Соны үйрену керек. Тамам!

serik жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі