/

Ерлан Қарин. «Желтоқсан – Азаттық хабаршысы»

14636 рет қаралды
16

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен  азаттық жолында жандарын  құрбан еткен ерлердің, түрлі атаулы оқиғалардың мерейтойларының  сәйкес келуі тегіннен тегін емес. Мен мұны жиі айтып жүрмін. Тарихта  кездейсоқтықтар болады, бірақ дәл биылғы жылғыдай жаппай сәйкестікті кездейсоқтық дей алмаймыз. Бұл тарихи заңдылық. Тіпті тарихи әділдік десек те артық кетпеген болар едік. Себебі,  азат ел болуға деген ұмтылыс кез-келген ұлттың жүрегінің түбінде сақталатын, мәңгілік арманы болған ұлы аңсар. Сол сияқты 1986 жылдың желтоқсанында алаңға шығып, Кеңес билігіне  наразылық көрсеткен жастарды да қаһарлы империядан сескендірмеген күш те осы Азаттыққа деген аңсар екендігі сөзсіз. Бүгінгі  конференцияның «Желтоқсан – азаттық хабаршысы, тәуелсіздік таңы!» деп аталуының өзі біздің осы сөзімізді  дәйектей түседі. Шынында да Желтоқсан көтерілісі азаттық таңы ататын күннің жақындап қалғанын сездірген оқиға еді. Желтоқсаннан кейін барып соң Кеңес елінің түпкір- түпкірінде сан түрлі толқулардың болғандығын, ақыры араға 5 жыл салып Қызыл империяның  күйрегенін Сіздер жақсы  білесіздер. Кездейсоқтық па, әлде жаңағы тарихи әділдік, Кеңес империясының ақырғы тағдыры да осы Алматыда, бүгінгі конференция өтіп жатқан Достық үйінің ғимаратында шешілді. Дегенмен, Желтоқсан көтерілісіне қатысты түйіні шешіле  қоймаған әлі  бірнеше мәселенің де бар екендігін атап өту керек.

Біріншіден, біз 1986 жылдың желтоқсанында Алматы қаласында  болған оқиғаларды әлі күнге ортақ бағалау мен атау жоқ. Негізгі қалыптасып қалған, ол Желтоқсан оқиғасы. Мына бүгінгі жиынның бағдарламасында да солай жазылып қалған. Ал бұл атау сол 80 жылдары ресми бекітілген атау екенін де еске салған жөн. Желтоқсан оқиғасы деген формулировкамен совет газеттері мен партия құжаттарында суреттеледі. Кейін, ресми құжаттарда да осындай атау бекітілді, мысалы КСРО Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің 1990 жылғы 18 мамырдағы қаулысына  байланысты қалыптасқаны  өздеріңізге мәлім. Кеңес билігі әу баста Алматыда  болған оқиғаларды «қазақ ұлтшылдығының көріністері» деп бағалады. Орталық Комитеттің қаулысынан соң ғана біз Алматыда болған жайларды  «желтоқсан оқиғасы» деп атап кеттік. Ал шын мәнінде «оқиға» деген не? Негізі Желтоқсан көтерілісіне оқиға деп баға беру  қазақтың азаттық  жолындағы шешуші әрекеттерінің бірі және бірегейінің бағасын түсіретін сияқты.  2008 жылы жарық көрген Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде оқиғаға былай баға берілген – Оқиға-болып өткен іс, елеулі құбылыс.

Егер осы тұрғыда қарастырар болсақ 86-жылғы жастардың алаңға шығуын «оқиға» деп атау арқылы біз оны кез келген әрекетпен, керек болса тұрмыстық деңгейдегі немесе шағын қоғамдық резонанс тудырған жаңалықпен қатар қоя аламыз. Бірақ, әрине жалпылай алғанда Желтоқсан көтерілісі дейтін болсақ, көтерілістің өзі де оқиға болып саналады. Бірақ, оқиғаның да түр-түрі бар. Жақсысы да, жаманы да бар. Ал бұқараның бас  көтеруін қанша дегенмен нақты атаған дұрыс. Әрине, кеңес билігінің 1990 жылы  Желтоқсан көтерлісін ашықтан-ашық «көтеріліс» деп мойындауға дәті бармағаны белгілі. Егер Коммунистік партия алып империяның іргесін шайқалтып кеткен  бас көтеруді  «көтеріліс» деп ашық мойындаса идеологиялық тұрғыда өздерінің  қате қадам жасағанын мойындағанымен тең  болар еді. Екіншіден, мәселеге бірден «көтеріліс» деп баға беру  Алматыда болған жағдайдың саяси бағасын тіптен арттырар еді. Халықтың көз алдында  азаттықа деген ұмтылыстың бағасын арттыруды кеңес билігі қалған жоқ. Бірақ,  Қазақстан тәуелсіздік алған соң 86-жылғы жастардың кеңес билігіне қарсы шығуын дұрыс атап, дұрыс бағасын бергеніміз дұрыс болар. Сол себепті, біреуміз көтеріліс, біреуміз оқиға деумен келеміз. Енді  оқиғаға не себепті «көтеріліс» деп баға берген дұрыс дегенге тоқталайық. Сөз жоқ, бұл жерде ең елдымен  бұл ұғымның мәнін ашып алу  керек. Қазақ тілінің түсіндірме  сөздігінде көтеріліс, ереуіл, қозғалыс ұғымдары да түсіндіріледі.

Көтеріліс-Халық бұқарасының яки белгілі бір  көпшілік топтың саяси, әлеуметтік мәні бар құралды күресі, қарулы ереуілі

Ереуіл-жаппай дүрлігушілік, дүрмек, екінші  мағынасы,  саяси, ұйымдасқан түрде жұмысқа шықпай бас көтерген қозғалыс.

Қозғалыс-халықтың жаппай наразылығы

Егер осы айтылғандардан өрбітсек  қозғалыс болу үшін  халық  жаппай наразылық танытуы керек. Ереуіл де солай. Көтеріліс болу үшін  қолда құрал, қару-жарақ болу және бастысы ұйымдастырушысы мен басшысы керек. Бұл жалпы қалыптасқан әдіс. Алайда, Альберт Эйнштейн институты «азаматтық  көтеріліс» немесе  «күш қолданбау көтерілісі» деген ұғымдарды енгізді. Мұндай жағдайда  көтеріліс жасаушылардың  қолға қару алуының да қажеті жоқ. Демек, бізге Желтоқсан көтерілісін  «Азаматтық көтеріліс» немесе «Демократиялық қарсы шығу, толқу» – «Демократическое выступление» деп те айтуға болады.

Екіншіден, зерттеушілер мен оқулық авторлары да бірізділікке түсуі тиіс. Біз жас ұрпақты отансүйгіш етіп  тәрбиелейміз десек, желтоқсан  көтерілісіне қатысқан  азамттарды үлгі етеміз десек алдымен  көтеріліске дұрыс және ортақ баға берген абзал. Өкінішке орай, әзірге біз мұндай қадамға  бара қойған жоқпыз. Тіпті, оқулықтарымызда да әлі күнге дейін бірінде Желтоқсан оқиғасы, ал екіншісінде Желтоқсан көтерілісі деумен келеміз.

“Minber” Ақпарат.

Парақшамызға жазылыңыз

16 Comments

  1. өте тамаша болған, біздің рух, Азаттық жолындағы қантөгіс осылайша ертеден-ақ бағалануы керек еді.

  2. Ерлан ағамызға ризамыз. Ерекең бұл ғана емес, басқа да біраз игілікті шаруаларға мұрындық болып жүр. Сізге Алла разы болсын! Мұхаңның да жасы келіп, денсаулығы мәз болмай жүр еді, рухы көтеріліп қалған болғар. Ғұмыр жастары ұзақ болсын азаматтарымыздың.

  3. Қазақ жастарының қанды қырғынға ұшыратқан трагедияның шын кеспірі жайлы әлі көп адамдар жұмған аузын ашпайды. Оның басы кімге барып тірелетінін білгеннен кейін үндемейді-ау сол сабаздар…

  4. Әй дегенмен осы азаттықтың басын Алаштан емес, Керей мен Жәнібектен емес, Кенесарыдан емес шолтаң еткізіп Желтоқсаннан бастай салу тым жеңілтектік болмас па екен, осы жағын ашалап айта кетсе жақсы болар еді.

  5. Қалай дегенмен де, 25 жыл бойы Желтоқсан оқиғасының шынайы бағасы берілмей келді емес пе? Мұхтар ағамыз қанша шырылдағанмен, билік селт етпеді. Билік партиясына Ерлан Карин секілді ұлтшыл азаматтардың келуі арқылы өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріле бастағандай. Ереке, ісіңіз табысты болсын. Ұлт үшін істегеніңіз ісіңізді сауабы Алладан қайтсын.

  6. біз желтоқсан көтерілісіне дұрыс бағасын бере алмасақ, ертеңгі ұрпақ алдында ұятты боламыз. олар айтады, құдай-ау, өздері ішіне араласып, күресіп, көзімен көріп жүріп, тарихты неден жасқанып бұрмлады екен демей ме? Тарихқа баға беруші ғалымдар ақихатқа саясат көзімен емес, нақты шынайылықпен қарау керек. Әйтпегенде біз балаларымызды екі жүзді етіп тәрбиелейміз! Мақалада мәселе дұрыс қойылған.

  7. Жер Ана, “Желтоқсан оқиғасы” деп қусырмай, көтерілісі деп көкке көтерсең қайтеді? Өз тарихымыздың бағасын өзіміз жете білейік.

  8. Алашұлы, дұрыс айтасың, қазақ тарихын Қазақ хандығын былай қойғанда, кешегі 1991 жылдан бастаймыз деп жүргендер бар емес пе? Өз тарихының аясын өзі тарылтқан қандай елді көрдіңіз. Әуелі санадағы отаршылдық таңбасынан құтылуды ойлайық. Содан кейін тарихи жадыны жаңғыртайық. Онсыз тәуелсіздік жылдарына дүние есігін ашқан, бүгінде 20 жасқа жеткен жеткіншегіңіздің өзі СССР деп көкке қарап ұлып, Ресей деп емпеңдеп тұрған жоқ па? Қазақ әуелгі мәселесін сананы сейілту мәселесін естен шығарып алды.

  9. бұл азаттық .шін күрестің (желтоқсан көтерілісін айтамын) басы да, аяғы да емес! Өйткені біз әлі толық тәуелсіздікке жеткеміз жоқ! Осы жағын да ойлану керек! Толық тәуелсіздік дегеніміз не? Бұл да шартты түрдегі мәселе. Мен ел тәуелсіздігі тұрғысына айтып отырмын.

  10. Иә, Нұртай, кейде қазіргі ұрпақтың рухсыздығын көріп жігерің жасиды. Бізден өзге посткеңестік елдердің барлығы бірден отарсыздандыру ісін бастап кетті. Ал біз әлі күнге дейін Ресей өкпелеп қалмасын, орыстар ренжімесін деумен келеміз. Кешегі тілге қатысты мәселеде жеңіліс тапқанымыз да соның кесірі.

  11. Бибігүл Төлегенова “Время” газетіне берген сұхбатында  “Если на то пошло, у меня очень большая интернациональная семья, порядка 10 народностей: отец – казах, мать – татарка. Я никогда не скрывала этого, а гордилась. Казахский, русский и татарский для меня – родные языки, и я никогда от них не откажусь – даже если выносить будут из Конституции! Как я могу общаться со всей своей семьей, где много национальностей. Только на своем родном – казахском? Мне от близких отказаться теперь, что ли?” деген екен. “Сенген қойым сен болсаң, күйсегенің құрысын” деген осы ғой. 

  12. Сәбеттік Бибігүл қазақ тілінің ұлт ралық тіл екенін қайдан білсін.

  13. Бір тентекті бұтағымызға сидырмасақ елдігіміз қайсы… Бибігүл апасыз айта берсін, онда дүниеге жабыса берудің қажеті шамалы. Әр адам ең алдымен өз басынан бастаса жетіп жатыр.

  14. Жарайсың, Ерлан аға! Аллаһ ісіңе берекет берсін! Тек адалдықтан тайма дәйім! Сені сырттай құрметтеп жүреміз!

Қазақбала жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері