/

Харун ТОКАК. Қара шалдың қайғысы

1655 рет қаралды
9

Харун ТОКАК

жазушы

 “Диалог Еуразия” Платформасының теңтөрағасы

Қақаған қыстың күнінде Ван қаласынан Мұш кентіне кетіп барамыз. Машақатты жолдан кейін көл-көсір Рахуа жазығына жеткенімізде ауа райы бірден құбылып бұзыла бастады. Көк тұман көтеріліп, айнала күңгірт тартты. Сәлден соң тұман қоюлана түсіп, түк көрсетпеді. Көзге ілігер, көңіл шүйлігер қадау-қадау қарауыл биіктер де ғайып болғандай. Соқыр тәуекелге салып келе жатырмыз. Жүргізуші жылдамдығын бәсеңдете берді. Қара жолдың шеткі тасты жолы да тұмшаланған қалың тұманнан әрең-әрең көрінеді. Ойлы-қырлы жолды айналып жүргендей олай-бұлай теңселген мәшиненің артқы әйнегін ашып, «ойбай-ау, оңға қарай, солға қарай!..» деп ары-бері тартқылағандай жолға салып отырдық.

Ымырт түсіп, уақыт ақшамға қауышқан сәттің өзінде айнала ақ кебін жамылып алғандай. Тыныш жатқан қарды жерден қопарып алып, аспанға қарай көтеріп, жан-жаққа шашып тастады аяусыз соққан дауылды боран. Мұндай қарлы боран өмірімде болған емес.

Мұш жазығынан өте бергенде, бетонмен қапталған туннелді тегістікке не үшін жасап қойған екен деп ойлайтынмын. Көзім енді жетті. Қарлы боран төбедегі қарды сыпырып, тегістікке әкеліп жиып алады екен. Дауыл талдарға тыныштық бермей, жағасынан ұстап сілкіп-сілкіп тұрғандай еді. Жолдың шет-шетіндегі омбы қарға кіріп кетіп, итерісіп шыға алмай жатқан көліктер онсыз да баяу жүрісімізді одан әрі бәсеңдететіп жіберді. Желге қарсы қарқылдай ұшқан қарғалар да ғайып болды. Қақаған аязда қайда жасырынып тығылды екен?

Жолымыз жалғаса берді. Мұштағы Саидтің үйіне ақыр-аяғы қалай жетіп қалғанымызды білмедім. Алпыс шақырым жолымыз бес сағатқа созылды.

Мұштың жолдары өрлі-қырлы екен, мұнда тіршілік ету де оңай емес. Сол күні шешім қабылдадық. Ауылдан қалаға келіп оқитын балалардың қиналып жүргеніне куә болдық. Оларға арнап жатақ орын салуға бекіндік. Арманымыз осы тұғын; іске кірістік. Бірінші ісіміз – қала орталығында, Анадолы лицейінің қасынан бос орын табу еді. Жалға берілетін орын тапқанымызбен, иесіне төлейтін қаражатымыз жетпеді. Қайырымдылыққа басқан қадамымыз қайырлы болмады ма, әйтеуір, ғимараттың иесімен келісе алмадық. Жақсылықтың жетегінде жүрген ниетіміздің әлгі орынға қол жеткізуге шамасы келмеді. Түнімен маза бермей қойды. «Балаларға осы жолы көмегімізді көрсете алмасақ, жағдай қиындай түседі» деген ой ішкі азапқа айналды. Иыққа салмақ салып, жүйрік атты қамшылағандай бой бермеді. Бірдеме істеуіміз керек-ті. Түні бойы тартқан азабымызға ертесінде жауап берілді. Бар ұққанымыз – түні бойы мазасызданған біз ғана емес, ғимараттың иесі де терең ойға батып кірпік қақпапты. Памдаттың азаны шақырылмаған кез болатын. Ғимарат иесі келіп, келісімін берді. Онымен қоса: «Жал ақысына неше төлеймін, қанша беремін десеңдер де, келісемін,» – деген болатын.

Білегімізді сыбанып, жұмысқа жайдары көңілмен кірісіп кеттік. Жатақ орынға қажетті керек-жарақты су қоймасының құрылысы жүріп жатқан жерден алып келдік. Кейбір заттар майысып ескірген болса да, «бұған да шүкір» деп қанағаттандық. Бөлмеге төселетін кілемді Ыстамбұлдағы демеушіміз жіберген болатын. Шама-шарқымыз келгенше қажетті заттарды жиыстырып, мүмкіндігімізше жайғастырдық. Соңында алпыс адамдық жатақханамыз даярланды. Сыпайы сөйлеп, жүрегіңді байқатпай жаулап алатын ұзын бойлы Мұстафа әу бастан жөндеу жұмыстарына араласып, әрбір затты тірнектеп жинап, сол мекемені басқарды. Қайсар мінезді, кішіпейіл еді. Көптеген ізгі істерге себепші болды.

Қасіретті жылдардың иір-қиыр соқпақ жолдары жөнделіп, тегістеліп болғалы біраз уақыт өтті. Мұстафамен кездескенімізде сол баяғы соқпақтың сорлы да сырлы күндерін еске алдық. Оның әңгімесін мұқият тыңдап отырып, әлгі лашықтай мекеменің патшалар сарайындай қызмет еткеніне көзім жетті. Мұстафа тебірене сөйледі:

«Оқушылар жатақханаға ағылып келді. Тіркелу уақыты да аяқталып қалды. Кешіккен ата-аналар балаларын жетектеп көңілсіз қайтып жатты. «Баламды қабылдап алыңызшы,» – деп жалынған ауылдың кемпір-шалдары өжеттілік танытқанымен, қолымыздан ештеме келмеді. Бос орын жоқ тұғын. Кері қайтқан балаларды еске алған сайын қабырғам қайысып, шарасыздықтың шырғалаңына түсемін. Хаккаридің өзіне жыл сайын оқу үшін мыңнан астам оқушының ауылдардан қалаға келгенін елестетіп көрсеңіз, шығыс жақтағы қайғы-қасіретті түсінетін боласыз. Мыңдаған жүздері нұр шашқан балалар тұратын орынды ғана емес, қыстың аязында өмірі ысымайтын үйдің өзін таба алмай, білімнің табалдырығын аттай алмай кері қайтады. Ауылдарына оралған соң арман-қиялдарын тот басады, үкіленген үміттері де желінеді. Жасымықтай жүректерінде қандай ғана армандардың сақталғанын бір Құдай ғана біледі…

Бір күні куфия* киген шал келді жатақханаға. Қасында басын изеп амандасқан бала тұр. Баланың киген жамау-жамау киімі отбасылық тұрмысынан хабар берердей. Атасының қолын мығым ұстап жібермей қойды. Қаба сақалды қара шал:

–  Баламды қабылдауыңды өтінемін. Төсек орынның да керегі жоқ, – деп өтінді. Бала төменге қарап, атасының жалынышты сөзін тыңдап тұрды. Кіршіксіз жүректің дүрсілі сезілді. Атасымен әңгімелесіп тұрғанымда, көзім баланың аяқ киіміне ілікті. Тесік аяқ киімінен шұлықтары көрінді. Жүрегім сыздап ауыра бастады. Ішкі жан әлемімде Рахуанның қарлы бораны аяусыз соқты. Баланы қайтарып жіберуге батылым жетпеді.

Алайда кезек күтіп тұрған адамның саны аз емес тұғын. Қайсы біріне көмек беріп, қол ұшын созамын? Дәл сол сәтте жылағым келді, ащы жас жұтқыншағымда түйіліп, әрең шыдадым. Ақсақал ештеме шықпайтынын түсініп, үнсіз бұрылып, баласын жетектеп кері қайтты. Екеуі біртіндеп алыстай-алыстай, ақыры бұлдырай көрініп, біртіндеп көзден ғайып болды. Не істерімді білмей дал болдым. Сұмдық шарасыз едім.

Бірнеше ай өтсе де, әлгі аяқ киімі тесік баланы ұмыта алмадым. Масқара болғанда, түсіме кіріп шошып ояндым. Көшеде жүрген шуақты күндерде қол ұстасқан бала мен әкесін көрсем, куфия киген қара шал мен жас жеткіншек есіме түсіп маза бермейді. «Кінәнің барлығы өзімде» деген өкініш жүрегімді шаншытып ауыртады ылғи да.

Шығыс жақта қыс ерте келеді. Тау бөктеріне қар түсіп, өзендер қата бастады. Бір күні бөлмемде отырған едім. «Біреу келді,» – деп хабар берді. «Келсін!» – дедім. Ішке куфия киген ақсақал кірді. Жүзін бүркеніп оранып алыпты. Алыстан келгені белгілі. Бетін ашып бүй деді:

– Балам, мені таныдың ба? Мен мектептер ашылған күні баламмен бірге келіп едім ғой. «Төсек орын керегі жоқ, алшы баламды» деп жалынып едім ғой?!

Мен қуанғанымнан:

– Неше уақыттан бері, сізді іздеп жүрмін. Жатақханада бір орын бар. Балаңыз қазір қайда оқиды, қайда тұрады өзі? – деп сұрадым.

–  Еш жерде оқымайды. Сол күні сен қабылдамаған баламды тауда жүрген терроршылар алып кетті. Мен еш болмаса қалам ұстасын деп алып келіп ем. Сен оның қаламын сындырдың, қиялын жойдың. Үмітсіздіктің түпсіз ұйығына батырып жібердің. «Анау тау менікі, мынау тау сенікі» деп тауда тентіретіп  жүр ме, әлде қайдағы бір қаңғырған оқтың құрбаны болып кетті ме, білмеймін. Ештемені де сезбеймін. Себебі мен де өлдім. Егер о дүниеде имансыз алдыма шығып келер болса, әке ақысын, ата ақысын, мұсылман ақысын сұрап келсе, біліп ал, бәріне сен жауап бересің! – деп жағамнан ұстап, сілкіп-сілкіп қойды да, не істерін білмегендей жібере сап, кетіп қалды. Артына бұрылып қарамады.

«Тоқтай тұрыңыз!» деп айтайын деп ем, тіс жара алмадым. Сыртқы есікке қарай жүгірдім. Оранып алып, көшенің арғы шетімен бұрқасынға қарамай, басын төмен салып кетіп барады.  Артынан ұзақ қарап тұрдым…»

Айтып едім ғой, «Шығысқа қыс ерте келеді» деп…

Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ



* Ер адамдардың басына оранып алып жүретін орамалдың түрі. Арабтар мен күрдтердің ұлттық киіміне жатады.

Парақшамызға жазылыңыз

9 Comments

  1. шынтуайтында тутас улттын кайгысы айтылган. каншама казактын баласы адасып жур. неге? заманында ман берилмегендигинен. ланкес болмаса да, ланкес болуга дагдылана бастаган неше казактар бар. кендик касиетинен айрыла бастаган бауырларымыз тым каткыл, катыгез болып барады. ал маселенын бары сол билим мен тарбиеде. билимсиздик билими жайлап, тек надандар гана осип келеди. ал надандыктан ланкес тумай ким туады? айтыныздаршы! минберге де рахмет. осы новеллаларды узбей берип келесиз. бунын китабын кайдан табуымызга болады? харуннын сурети берилмепты. неге?

  2. Мәлік қандай жазушыны аудару керек екенін жақсы біледі. Былтырлары Гүленді аударып еді, жақсы оқылды. Рахмет Мінберге! Рахмет Мәлікке!

  3. Осы харуннын ангимесин издеп журедиим рахмет минберге

  4. Бахтияр рахмет. Нургали Ораз ага жаксы жазган екен. Толык зерттеген екен. Минберге де рахмет. Баска ангимелери аударылган болса шыгарсаныздар.

  5. Харун Токактың әңгімелері “Шалқар” радиосында жүріп жатқан “Әлем әдебиеті” хабарында оқылып жатыр. Әр дүйсенбі, сағат 12:30-да тыңдауларыңызға болады. Сонымен бірге radioshalkar.kz сайтынан да тыңдауға мүмкіндік бар.

  6. Ескірмейтін новелла. Өйткені ұрпақты сақтау мәселесі еш уақытта қалыс қалмаған. Тургеневтер, Төлен Әбдіктер бұл мәселені шебер көтерді. Бірақ мұндағы жағдай сәл басқаша. Өзгенің ұрпағын сақтаған өзіннің ұрпағын сақтайды дейтін тамаша идея. Аударылып жарық көргеніне біраз уақыт болыпты, бірақ оқып отырғаным осы. Сайтқа рахмет. Жақсы материалдар беріп отырасыздар.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар