//

Желілік сауданың желігі

1137 рет қаралды
1

Аз жұмыс істеп, көп табыс табуға шақыратын «уәдешіл» жарнамалардан көз сүрінеді бүгінде. «Алған жалақыңызға көңіліңіз тола ма? Өміріңізді түбегейлі өзгертуге қалай қарайсыз? Айына алты мың доллар артықтық етпейтін шығар?! Мына мекен-жайға келіңіз онда» – деп, визиткасын қолыңызға қыстырып кеткен «сиқыршыларды» талай көрген боларсыздар? Аспандағы айды армандаған күйі жаңағы «жарылқаушының» ізіне ілесіп, «сиқырлы сарайға» барасыз сонымен. «Желілік маркетинг» әлеміне қош келдіңіздер!

Кез келген кәсіп үшін тоғыз-он жыл дегеніңіз – істің бірыңғайлы болып, өрге шығуына жеткілікті мезгіл. Біздің еліміздегі «желілік маркетинг» атты құбылыстың байқалғанына да осынша уақыт болыпты. «Кедейлер жұмыс іздейді, ал байлар желі құрады» деген Роберт Кийосакидің сөзін ұран етіп келе жатқан бұл кәсіп  бүгінде біз үшін біраз танымал. Танымалдығы сонша, біреуі бастап, екіншісі тастап, кейбіреуі байып, қалғандары «тайып» үлгерді.

MLM – multi  level marketing, яғни, “көпдеңгейлі маркетинг” деген ұғымды білдіретін тікелей сауданың ресми тарихына – 75 жыл. ХХ ғасырдың 30-жыл­дары АҚШ-та дүниеге кел­ген бұл кәсіптің идеясы да керемет – тауардың  өндірушіден  тұтынушыға дейінгі жолын қысқарту.  Көп кісілер, бірінші кезекте, басшылықтың бұйрығын орындауды емес, қол астындағыларға үкім жүргізгенді қалайды. Дәл осындай «тәртіппен» жұмыс істейтін желілік маркетингке ұмтылушылардың да көптігі сондықтан. Былай қарасаң, көкейге қонарлық іс: тауарды сат та, сенің капиталыңа қызмет ететін «бағыныштылар тобын» құр. Бұл жағдайда өнім шығарушы  компания да тауардың сапалы болуын қамтамасыз  ете алады. Осындай тәсілмен, тұтынушы, сатушы және өндіруші, яғни, үш тараптың да мүддесі қанағаттандырылмақ. Қазақшалап айтсақ, «құда да тыныш, құдағи да тыныш». Шіркін-ай, бәрі осылай жақсы болса ғой…

Өкінішке орай, адал сауданың атын жамылып, сатушысын да, тұтынушысын да тақырға отырғызып кететін кейбір  компаниялар бар біздің елде. «Аздыратын, толдыратын, деніңізді сау ететін, байлығыңызды тау ететін, бәрін қатыратын, ақшаға батыратын» алаяқ фирмалардан аузы күймегендері кемде-кем шығар. Тікелей сауда мемлекет экономикасына тиімді әсер етеді» деп тақылдағанымызбен, осы мәселе іс жүзінде енді ғана қолға алынуда.  Бұл бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі деп былтыр құрылған Тікелей сауда қауымдастығын айтуға болады. Әуелгіде құрамына төрт қана ком­пания («Orіflame», «Mary Kay», «Faberlіc», «Avon») кірген бұл қауымдастық ендігі жерде   тұтынушы-сатушы-өндіруші «үштігінің» басын қосып, құқығын қорғайтын бірден-бір ортаға айналатынын айтқан еді  ұйым президенті Константин Кулинич. Сенгіміз-ақ келеді…

Қазақстанда тікелей саудамен айналысатын 400 мыңдай халық бар. Әзірге аз емес, әрине! Десек те, бейбіт халықты бір сілкінткен «Гербалайфтың» оқиғасынан кейін кей кісілер осы бір «сәби» бизнеске сезікпен қарайтын болды. Осының кесірінен басқа да желілік ұйымдардың абыройына дақ түскені даусыз. Көбісіне ұнай бермейтін көлеңкелі тұстары көп тағы да. Соның бірі – «пирамида». Сенің еңбегіңнің есебінен біреу күн көріп отырса, кімге ұнасын?! Ол «пирамидалар» Мысырдағыдай мәңгілік емес, ең соңында мұнда келгендердің, кем дегенде, 60%-ы «бақытты болашақтан» қашып құтылатыны жасырын емес.

Бүгінде желілік маркетингтің «тұрақты өкілдері» – жастар. Неге екені де түсінікті, олардың жігері мықты, қажырлы, әрі аз ақшаға да қанағат ете алады. Сондықтан болар, студент қауымының көбісі осы жартасты жағалайды. Әсіресе, косметикалық тауарлар сатумен көбіне-көп қыз балалар айналысатыны белгілі. Еліміздегі тікелей сауданың қомақты бөлігін косметика саудасы құрайтынын ескерсек, 2009 жылы осы саланың қазақстандық нарығы 91 миллиард 600 миллион теңгені құраған. Оның 28%-ы тікелей саудаға шығыпты. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда, 4,32%-ға артық көрсеткіш!  Міне, сізге прогресс! Компанияның белсенді һәм «белсенсіз» мүшелерінің қызу ортасында жүріп, HR-менеджердің тәжірибесін жинауға да мүмкіндік бар, айтпақшы. Бастысы, өздерінің тілімен айтсақ, «ынта болса, Айға апарар саты салуға да болады».

Хош, не нәрсе болса да, адалынан болсын деп тілейік. Жоғарыдағы ұйымның басты принциптері де сол ғой: адал бәсекелестік жүр­­гізіп, сауда жа­­сауда солақай әдіс­терге жол бермеу. Ең қуанарлығы, тұтынушыға же­тетін тауарда Қазақстан ті­ке­лей сауда қауымдастығының ло­го­типі көрсетілетін болады. Ал қауымдастыққа тек мемлекеттік стандарттау және сертификаттау комитетінен арнайы лицензия ал­ған компаниялар ғана енетінін ескерсек, бұл – тұтынушының өз алған тауарына сенімі артатын болады деген сөз.

Әрине, экономикалық және саяси жүйесін тұрақтандыру секілді қиын кезеңді бастан кешіріп отырған мемлекетке келіп, өз кәсібін жүргізу – тауар  шығарушы  шет елдік компаниялар тұрғысынан әдептілікке жатпайды. Бірақ бізге де бейғамдықтан арылу керек сияқты. Қаншама қателік жасалды, берік иммунитет қалыптаспай жатыр дегенмен. Әлде де  тез байығымыз келеді, әлде де ғажайыптарға сенгіміз келеді. Өйткені біздің нарық желілік маркетинг секілді эпидемияға қарсы егілген жоқ әлі…

Сурет: nwm.az сайтынан

Ботакөз ИКРАМОВА

 

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Өте орынды қозғалған мәселе. Қазіргі жаппай етек алып отырған қоғамдық проблемалардың бірі осы желілік сауда ғой. Бір кезде questnet деген алдамшылар шығып еді, қазір қандай екенін білмеймін. Рахмен, Ботакөз!

ErKahan жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері