/

Харун ТОКАК. Жүрек жасырынған жұмақ

63 рет қаралды
1

Харун ТОКАК

жазушы

Меричтер отбасы әсем Ыстамбұлдың Босфор бұғазына қараған қызыл шатырлы үйінде тұратын. Қос теңіздің ғасырлар бойы ғашықтарша құйылып түйіскен сұлу айдынның баянды махаббатына көңіл көкжиегін қызыға ашқан перизаттай сырға толы көк пен көгілдір әлемге қараған  бұл үйдің адамдары таңғы уақытта гүл бақшада сайраған бұлбұлдардың дауысынан оянатын.

Әсем үйдің мәрмәр баспалдағының екі жағында бойшаң қыздай сызылып өсіп тұрған күрең-көк түсті лаванда гүлдері үздіксіз жұпар тарататын. Келген қонақты үйдің бәйбішесі Фаузиядан бұрын осы хош иіс аңқыған гүлдер көк теңбіл телегей теңіздей толқып, құлпыра көз тартып қарсы алатын.

1946 жылдың аяғында, ызғарлы суық қыстың күнінде осы бір құт қонған үй ырысты болды – дүниеге періште қыз келді. Отбасы күнделігіне: «Кішкентай ғана қуыршағым! Пілләға оранған қуыршағым менің! Қашан қанатыңмен далбаң етіп ұшасың?» – деп жазып қойды ойшыл әкесі Жәміл Мерич.

Есімін «Үміт» деп қойды, баршаға үміт сыйласын, шуақ шашсын деген тілекпен. Жұлдызқұрт азғантай уақытта пілләсінан шығып, көбелек бола қалса, кербез көктемде түрлі-түсті гүлден гүлге қонып ұшады дегені ғой.

Түріктің текті қызы күн өткен сайын бал-бұл жайнайды, сұлуланған сайын одан да құлпыра түседі. Әдебиет факультетінің әлеуметтану бөлімін аяқтаған соң, ары қарай ғылыми жұмыстарға кіріседі. Уақыт өте келе Түркияның ең үздік әлеуметтанушыларының қатарында көрінеді.

Кенеттен гүлден гүлге қонған көбелектің қанаты талып, бір түрлі ұша алмай қалады…

Белгісіз бір күйзеліске ұшырайды. Бұл – әлгіндей заттық күйзеліс емес, рухани дағдарыс еді.

Күн өткен сайын арта түсіп, күндіз-түні тұншықтырып-қылқындырған бұл қандай күйзеліс болды екен?! Қараңғы сахнада қара киім киген кейіпкерлер ойнаған түсініксіз трагедияға ұқсап бара жатқан бұл неткен қарғыс атқан ғұмыр?

Кейде өзінен-өзі бояуы семіп бара жатқан мұңлы аспанда қалтырап сөнуге бет алған жұлдыздар сынды таңдайы кеуіп, екі беті қызара бөртіп селкілдеп қалатын. Жанын мұрнының ұшынан жұлып  алардай дірілдейтін. Таң атқанша ұйықтай алмай, терлеп-тепшіп саңдырақтап шығатын. Ұйытқыған жапырақтардай қалтыраған  сайын ағзалары ауырып, әбден қиналып, түнімен дөңбекшитін. Беймәлім бір күш сонау құзар жартастан құлатқысы келгендей алмағайып күй кешетін. Алайда «көзсіз көбелек» оңайлықпен берілмей, жар жағасына жармасып құрдымға құлап кеткісі келмеді. Жаны тәніне бағынбай алпарысып жатқандай еді. Мазасыздық билеген көңілі алай-дүлей болып байыз таттырмады.

Ал үмітсіздіктің үп еткен желіне қарсы тұра алмай бейшара хал кешкенде,  әлсіздікке бой ұсынып, әлемнен түңіліп, дүниеден озып кеткісі келетін-ді. «Қашан құтыламын мына сұмдық күйзелістен?» деп, өз басына өлімді де неше рет тілеп еді. «Егер өліп кетсем, мына ызғарлы дүлей жел соқпас, иығыма жүк боп түскен  ауыр азаптан арылармын» деп ойлады. Бірақ өмірдің бәйшешек ашқан ерте көктемінде жас көбелек отқа күйіп кеткісі келмеді. Оның рухы жарық жылдамдығынан озған жылдамдықпенен тоқтаусыз құзға қарай домаланып бара жатты…

Үміт көбелегі бір орнында қозғалып-ақ қанатын талдырды, әбден қалжырап қажыды. Қимылсыз қала берді. Зұлмат қараңғылықта өз-өзін жоғалтып адасты. Үңгірде жападан-жалғыз жатқандай еді. Күйзелістен құтылуға құлаш ұрып ұмтылған сайын теңіздің жағасына жете алмай, қайта-қайта асау толқындардың жетегіне еріп кететін-ді. Айсыз аспанның астында, теңіздің бел ортасында жүзіп, қайда барарын білмеді. Оған айналасында болып жатқан қайнаған өмір алданыш бола алмады.

Айқайламайтын да, жыламайтын да. Көк жүзіне сән берген жұлдыздармен, иен далада ессіз есіп тұрған желмен сырласпайтын да. Неліктен?

Үнсіз қала беретін.

«Не нәрсе қасиетің болса, сол мінің» демеуші ме еді? Әдетте әрбір мезгіл оған мойынсұнып тұр еді ғой. Гүлдер «сүйсініп өмір сүрсін» деп ашылмап па еді? Шуылдасып ойнаған балалар кім үшін күледі? Күн шықса, кімнің құрметіне арайлап атады? Ай кімге бола толықсып туады?

Неге өшпенділіктің құтырған құйынына айналып жарысқан құс іспетті шарасыз күйде күйбеңдеп тыпырлады? Неғып үндемеді?

«Қара құрдым» өзегіне орап еріксіз өзіне қарай тарта берді. Әке-шешесінен қанша жасырса да, уақыт өте келе олар да қыздарын беймәлім үнсіздік басқанын байқады. Үйлері күңірене тулаған толқынға қарсы тұра алмаған кемелердің сыйынған кемежайындай еді. Әкесі ірі ойшыл тұғын. Жастар оның шығармаларын  таласа-тармаса оқып, кесек-кесек ойларынан сусындайтын. Неліктен ойшыл әке жалғыздықтың тас бұғауына байланған бейшара қызына жол көрсетпеді екен?

Жалғыз қызының көңіл көкжиегіндегі жұлдыздар, айлар, күндер біртін-біртін бата бастады. Еңбектері, отбасы, достары… ештеңенің қызығы қалмағандай. Су бетінде жүзіп жүруден сұлу Үміт жалықты. Біле тұра суға батты. Белгісіз бір қол тереңдікке қарай, тұңғиық теңізге, тас қараңғыға қарай тартып әкетті. Түпсіз түнектегі белгісіз елес оны шақыруын үдете түсті.

Дәл осы сұмдық түндердің бірі еді.

Әке-шешесімен бірге бір бөлмеде отырды. Ішкі әлемінде жанып жатқан отты онан сайын алаулатып жандырған қара құбыжықтардың айқай-ұйқайы жындандырып жібере жаздады. Алайда ол айқайды әкесі де, шешесі де естімеді.

Шешесі Фаузия: «Ал жататын уақыт болды», – деді.

Жалғыз қалғысы келмеді, қорықты.

  • Анашым, сен жата бер. Әкешім екеуіміз біраз отыра тұрайық, – деп айтуға ғана мұршасы келді. Шешесі жапырақтай жаурап қалтыраған күйінен бейхабар-ды. Білгенде, ана жүрегі шыдар ма еді?

  • Жақсы балам, – деді де ұзын дәліздің соңғы есігіне қарай жүріп кетті.

Әкесімен бірге отырып әңгімелесті. Әртүрлі тақырыпқа арқау болған қызу сұхбаттары біраз уақытқа дейін жалғасты. Қайтадан белгісіз бір сезім шабуыл жасағандай шамалы жауратты. Кенеттен қалтырай бастады. Жұмақтың бел ортасында тыныш жатқан жаны тозаққа итерілгендей болды. Тозақ болса мейлі ғой. Ол жер тозақ та емес; ол жердің аты да жоқ. Алыстаған арбаған аран секілді.

  • Әкешім, мойныңа асылсам бола ма? – деп сұрады. Әкесінің көзі көрмейтін. «Келе ғой, балапаным», – деді әкесі құшағын жайып. Әкесінің мойнына асылып, басын иығына салды. Сұлу қара шашынан сипап-сипап қойды әкесі. Алайда әке мейірімі қыздың көкірегін қысқан сұмдық күйді тоқтата алмады. Керісінше, асқындырып жіберді. Бүкіл дене еріксіз қалтырады. Көзінен қан атқылап аққандай болды. Біраздан соң қайтадан аунап жатып, ғаламның белгісіз бір қараңғы жағына кететіндей дегбірсіз күй кешті.

Дірілдеді… Тоқтаусыз дірілдеді… Қатты дірілдеді…

Әкесі мұндай жағдайды бұрын естімеген, сезбеген болатын. Таңғалды. Не істерін білмей дал тұғын. «Ақылдың жетпегені осы шығар» деп ойлады. Мәшһүр ойшылдың өзі шарасыз қалды. Құшағына енген балапаны дірілдеп, суық тері бұрқ етті.

Қайта қалпына келді…

Соңында қайтадан тоқтады. Әкесі ұзақ отырып жұбатты. Шашынан тағы бір сипады. Уақыт кәдімгідей жылжып кетіпті, түн таңға арқа сүйеп тұрғандай еді.

– Балапаным, уақыт таңға жуықтады, ұйықтау керек, – деді әкесі. Әкесін жібергісі келмеді. Жалғыздықтан жалықты. «Әкешім, кетпеші», – деп айта алмады.

Тым нәзік еді, аса сезімтал еді, барынша қағылез еді.

Әкесінің кетуіне тура келді. Ойына жамандық алмаған ол орнынан тұрды. Ұзын дәліздің соңғы есігіне қарай әкесі де кіріп кетті. Жалғыз қалды үлкен бөлменің ішінде. Бөлме кең болғанымен, қабірдей тар тұғын. Дәл сол сәтте ғаламның өзінің қабірден ешбір айырмашылығы жоқ еді. «Ән тыңдап, кітап оқысам» деп ойлады. Оған да қанағат етпеді. Тура кенеттен жарыла жаздайтындай сезінді…

Таңғы уақыт жақындаған сәтте өз-өзін өлтіруге бекінді.

Балконға шықты. Жан-тәнімен тас қараңғылықтың ау-жылымына түскендей еді. Жұлдыздар жібі үзілген тәспінің моншақтарындай көк жүзіне шашылып кеткен-ді. Түпсіз ойдың тұңғиығында жүзіп жүрді. Бос бір кеңістікке қарай көз тігіп қарады. Бас тартты бәрінен. Өмір мәнсіз, бос болып көрінді.

Дәл осылай тұрып, неше уақыт өткізіп алғанын да білмеді. Балконының қырынан ары асып, аттап кетуге қозғала бастағанда, бірден бір дауыс естілді. Қиямет-қайым күнінде адамзатты қайта тірілтетін Ысрафил періштенің Сұры іспетті жүректің көзіне жетіп, селк еткізіп оятты.

«Бұл не екен?» деп сұрады өз-өзінен.

Таңғажайып әуен Селами Чешме саябағы жақтан естілді. Отыз жаста еді. Бұл дауысты бала кезінен бері тыңдайтын, бірақ осы сәтте алғашқы мәрте естіді. Бұл ғажап дауыстың аты – Азан тұғын. Тылсымға толы бұл дауыс кесек-кесек қараңғылықты жыртып-үзіп, жарықты жан-жағынан жиып-теріп келді.

Жан-жағынан шақырыла бастаған азанның мәнін түсінбеді, бірақ анасының құрсағында үнсіз жатқандай болып таңғалыспен тыңдады. Толқындап тараған әлгі сырлы дауыс өзіне қарай  баурады. Тұтас жаратылыс үнсіз ғана тыңдап жатқандай еді. Тас қараңғылықты жарып бірінен соң бірі жарқыратып жатқан ақ көгершіндер іспетті Ыстамбұлдың аспанға  шаншылған  биік мұнараларынан көкке қарай қалықтап ұшты азан дауысы.

«Құдайым-ау! Көңілді күйлеп, жүрекке мәңгі бақыт сыйлаған бұл сырлы әуенді бұрын неге естімеген екенмін?»

Енді түсінді… әлгі дауыс оны сәждеге шақырып отыр екен. «Өмір бойы әрбір қақпаны қағып келемін, алайда Оның есігін қақпаған екенмін. Намазға жығылмаған екенмін», – деді.

Сапар ішкі әлемге қарай басталды. Жүректің «құлағы» ашылды.

Бөлмесіне кірді. Әжесі бұрын үйреткендей дәретін алды. Қолына не түскен болса, соны басына оранып алды. Осы кезге дейін ең құрыса жайнамаз алып қоймапты. Төсектегі ақжаймасын алып жерге төседі. Өмірінде алғаш рет таңғы намазын оқыды.

Әбден әлсіреген екі қолын көкке қаратып, алақанын жайды:

«Қорқынышты күндерді шаттыққа, түнді күндізге ауыстырып-айналдыратын, жалғыздықтың бұғауын үзіп жалқы қалдырмайтын, жылағанымда еститін, үнсіз қалғанымда үнім, ем іздегенімде шипа болатын Ұлы Раббым! Түнде ұйықтатпасаң ұйықтай алмаймын, таңда  оятпасаң ояна алмаймын, жүргізбесең жүре де алмаймын. Уа, Ұлылардың Ұлысы! Сағыныштың дәл Өзі, өтінемін мені де естіші. Сөзіме құлақ салшы. Өзіңнен басқасына мені құл болдырмашы. Мені мына бес күндік ғаріптікке тастап кетпеші. Жалынамын Саған, жүрегімнің Сұлтаны!» деп жылады…

Тоқтаусыз еңіреп жылады… омырауын жаспен жуды.

Дала күн нұрына енді ғана шомып жатқанда, көңілдің көк төбелері ағарып үлгерді. Қараңғылықпен қоштасқан үміт көбелегі қанатын қағып ұша бастады. Есі ауысып, өз-өзін өлтірмекші болып еді-ау, алайда әлгі таңғы намазы оны жар жағасынан емес, сонау құздың құлдилаған шыңырауынан тартып, көтеріп алды. Рухын шарпып күйдірген найзағай жүректегі иманның арқасында сөніп жатты. Көңілі жараланған жанның иесіне жүрек желкенін ашты. Бұдан былай сөйлеп үн қатып отыратын. Қанаттанған сайын рухтандыратын күш пайда болды.

Бір ғана таңғы намаздың гүл жапырағынан ұстап жармасты. Бір күні әкесі:

  • Үміт-жаным! Балам, сен намазға бастадың, енді маған үйретші, – деді. Ұлы ойшылға намаздың гүл жапырағынан қалай жармасу керек екенін үйретті.

Әлгі таңғы уақыты – ол үшін қайта тірілу сәті болды. Анасынан жаңа туғандай еді. Ішкі дүниесінде отыз жылға жуық еріп құламаған сең-мұздар еріді; мөп-мөлдір боп тұнып аққан сулар Балқан түбегіндегі Мерич өзеніндей (Марица) тасыды.

Ішкі жұмақты тапты және де бір таңғы азанның мәңгілік әнімен бірге ішкі жұмағына сапар шекті.

Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ

1 Comment

  1. Аудармашы Мәлік Отарбаев талғапаздықпен бүгінгі күнге керекті дүниені таба білген әңгіменің өзегінде АЛЛАХ Тағаланы тануға деген имандылық ізденіс жатыр. Ақша, атақ-абырой, дәреже жанға тыныштық беретін басты фактор емес. Рухтың аңсағаны өз исін табу. Адам жаны сондағана ләзатты күй кешеді. Автор ізгіліктің жолындағы қаламгер екен

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Мыңжылқы БЕРДІҚОЖАЕВ: Вирустық пневмониямен ауырғандардың көбінен коронавирустың анықталмауы тестінің сапасына байланысты болуы мүмкін

  Covid-19 бен пневмония статистикасы қосылып есептелетіні белгілі болғанда, еліміздегі пневмониямен ауырғандардың барлығы вирустық пневмония болмауы

Карантин кімге қалай әсер етті?

Коронавирус инфекциясы, төтенше жағдай, карантин барлық қызмет түріне өзгеріс әкелді.Нақты кімге қалай әсер етті? Коронавирус жайлы

Бангидегі қандасымыз: Африкада карантин болғанымен, халық көшеде өріп жүр. Себебі, кедей елдің тұрмыстық тауқыметі үйде отыруға мүмкіндік бермейді

“Қазақстандағы өзге ел студенті: біз ата-анамызбен тезірек қауышқымыз келеді” атты мақаламызда Африкадағы қандасымызлың сұхбат беруден бас