///

Мәдениет МҰҚАТАЙҰЛЫ. Өзіңді-өзің тани біл

1385 рет қаралды

Қытай қазақтары мәдениет тарихының өзіне тән ерекшеліктері бар. «Жоңғар бүліншілігі» тынышталғаннан кейін ата мекеніне оралған қазақтардың рухани өміріндегі жаңалықтардың бірі – Чин патшалығы мен қазақ хандығының келісімі бойынша ашылған Үрімші, Құлжа, Шәуешек сияқты сауда орталықтарына, Орта Азиадағы үлкенді-кішілі қалаларға, ішкі қытай өлкелеріндегі тіпті Еуропадағы сауда кешендеріне, жәрменкелеріне барып сауда жасау, қажыға бару, мектеп-медіресе ашу, балаларын үлкен қалаларға оқуға жіберу, байтақ сахараның өнер сахынасы болған әйгілі жайлауларда Алты Алашқа сауын айтып, аса дабыралы ас-той өткізу, салдық құрып ел аралау, халық арасындағы кең тараған шығармаларды Қазан, Уфа, Тәшкент сияқты қалаларға өздері арнайы апарып немесе жиһангез-саудагерлер арқылы жіберіп, өзі жолдап, жеке кітап қып бастыру кең өріс алды. Кейін келе ресми орындарға өтініш етіп, жаңа үлгідегі заман талабына үйлескен мектеп ашу, қатысты заң-белгілемелер бойынша өз құқық-мүддесін қорғау жолын қарастыру, жоғарының ұйғаруымен мәдениетті ілгерілету қоғамын, ойын-сауық үйірмелерін құру болды. Бұлар жөнінде жазба материялдар кемшіл болғанымен, ел ағаларының бас болуымен ашылған мектеп-медіреселер, қажышылар, жиһангез-саудагерлер, оқымысты-зиялылар мұның жанды айғағы. Ғұлама атамыз Ақыт Үлімжіұлының 1897 жылы басылған «Жиһанша» атты жыр кітабы, Жүсіпбек Қожа-Шайхсіламұлы сынды сол дәуірдегі өрелі, ойлы оқымысты данамыздың Петербург, Қазан, Уфа, Тәшкент қалаларында бастырып шығарған 30-дай кітабі, Шәуешек пен Үрімшідегі алғаш басылған кітап, газет-журналдар, бертінгі Шынжаң Қазақ-Қырғыз ұйышмасының тың бастамалары мен тындырған жұмыстары. Қытай қазақтарының халық ретінде өз дамуына, рухани жақтан түлеп өсуіне шығар жол іздегендігінің, өнерге, өмірге, жаңалыққа құштарлығы мен қажырлы еңбегінің, ақыл-парасатының дәлелі. Осы тарихтар бұ күні көмес тартып, алды аңызға айнала бастағанымен біз әрқашан үлкен құрметпен, сағнышпен еске алуға, ашылмай жатқан қыр-сырын ашып келер ұрпаққа жүйелі жауап беріп, тарихтағы кемдікті толтықтыруға тиістіміз. Қытай қазақтарының мәдениет тарихы жазылса осы түйіндер қамтылады деген үміттеміз. Мұнан басқа бұрын беймәлім болған, кейін заман оңала келе қыр-сыры шет пұшпақтап ашыла бастаған тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы естемелердің өзі де қытай қазақтарының қайсар рухы мен мәдениет-көркемөнерінің қандай екенін айғақтап жатарына шүбә келтірмейміз. Мәселен, күні кеше 31-ұрпағы ұзақ жыл сақтап тапсырған медитцина дүниесіндегі үлкен дүмпу қозғаған «Шипагерлік баян» да халқымыздың орта ғасырдағы рухани құндылықтарының қандай болғанын әйгілейді. Халық басына қара бұлт үйрілген «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама» кезеңі, 1940-1930 жылдардағы аумалы-төкпелі жағдай, Шың Сысайдың қанды қасап қырғыны, тағы басқа қоғамдық қозғалыстар мен трагедияны бастан кешіріп, «мың өліп мың тірілген» бір халықтың бүгінге жеткенде хас қырандай қайта түлеп тұғырына қонып, заман ағымына сәйкесіп, несібе-ырыздығын алу жолында белсене қимылдап, талант-дарынын әр қырынан әйгілеуі бәрімізді сүйіндіреді.

Әлмисақтан бері, жартылай көшпелі, жартылай отырықты болған, Азияның апай төсінде неше жүздеген қала салып, шұғылалы мәдениетін сомдаған рухани тұтастығы бекем бір халықтың ХХ ғасыр сынды алапат өзгерістер мен қасірет-налаға толы ғасырда өнеркасіптену, қалаласу, ғаламдасу, осызаманданудың ықпалынан бір мезгіл қатты есеңгіреп, бұрынды рухани тұтастығы кемітіліп, бұзылып, енді-енді ес жия бастағанын, қазір біраз тосырқап тұрғанымен қанына біткен бейімделгіштік қасиетімен қоғамға ендей араласып, өз несібесін алу жолында аянбай қарманатынына сенуіміз, әрі қазақ қоғамы дүп келген қайшылық-мәселелерді, өте-мөте, осындай өтпелі кезеңдегі қайшылықты көңіл-күй мен сәтсіздіктерді, торығу-толғану мен елеуреген белсенділіктерді тура қабылдауымыз қажет.  Әр ауыз сөздің есебі болады. Жеке адамдар үшін бір ұлтқа, көпке күйе жағу бізге аброй әпермейді. Бізге берілген орын-мәртебе, атақ-даңқ болса, еңбегімізге берілген бодау-сыйлық болса, ол алдымен ұлтымызға, халқымызға тән. Осы күнге жетуіміздің қара таудай қазақ халқының бір мүшесі, өкілі болғандығымыздың арқасы деп білгеніміз абзал. Яғни, бүкіл ұлт болып толғанып, алды-артымызды бағамдап, бар-жоғымызды түгендеу мен бірге, нені алдымен істеу керек екенін де ескеретін кез жетті. Дәстүрлі таным-көзқарастың ықпалынан құтылып, жаңа көзқарастар мен зерттеу әдістерінен икемді пайдаланып, өткеніміз бен бүгінімізге жаңаша қарайтын кезде жетті.

Әр халық өз «Мәдениет салауатын» (文化身份) өзі айқындайды. Қытай қазақтары мәдениетінің ХХІ ғасырдағы «салауаты» мен орнын айқындау алдымыздағы басты міндет. Бұл есті, зиялы азаматтардың жабал кірісуін қажет ететін әрі халқымыздың қандай халық екенін сынайтын ұлағатты іс.

Бұл күндері қытай қазақтарының өз тіл-жазуын, мәдениет қалыбын сақтап дамыту, ғылым-өнерде ағалап алға шығып, өзгелермен ашық бәсекеге түсу ісі басты түйінге айналды. Құдайға шүкір, бұл жағындағы талпыныстарымыз бен табыс-жетістігіміз бәрімізді қуантады. Мұндай да әр қадамымызды қадағалау, көптен қара үзіп шыққан талантты, дарынды ұл-қыздарымыз бен іскер азаматтарымыздың батылдығы мен іскерлігін ескеру біз үшін парыз.

Мәдениет МҰҚАТАЙҰЛЫ,

Қытай Жазушылар Одағының мүшесі, ақын

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері