///

Жоғалып табылған өлең

2368 рет қаралды

Бұл өлеңді осыдан 20 жыл бұрын Таңжарық Жолдыұлының 100 жылдығына орай жазған едім. Сол кездегі оқиға бәрі есімде. Оразақын аға, Керім Елемес үшеуіміз Қазақ концертке барағамыз… Кейін бірнеше рет осы өлеңім есіме түссе де таппаған едім. Бүгін архив ақтарып отырып қолжазбамды тауып алдым. Таңжарықтың туғанына 120 жыл 1 ай болыпты. Аруағы ыразы болсын!

ТАҢЖАРЫҚ

Барғанда Үрімжінің қаласына,
Күнестің күңіренген даласына,
Таңжарық тап төбемде тұрғандай-ақ,
Адамның ащы ой келер санасына.
…Жамылған қылаулаған қырау мүсін,
Таңжарық ту сыртымда тұр-ау мысың.
Естідім егін-естің арасынан,
қаулаған тас түрмеден жыр дауысын…
Түрменің темір – тіні, темір – мүлкі,
екенін ұқтырады өмір түрпі.
Тасыған сорпа-суын аяқтардың,
ырсиған езуінде темір күлкі.
Мұнда кеп табысқан көп әр ауылдан,
минутын санап жатқан бар ауырған.
Тілдесіп темір-терсек тас қашамен,
күтеді темір үміт қарауылдан.
Ышқынып темір топса, темір есік,
тектімен бірге жатыр еңіресіп.
Көңілін жұбатадады бір саңылау
Келгендей құды Іледен елі көшіп.
Түн ғана жыр иесін түсінеді.
Демеді тірі бір жан кісі ме еді.
Әлде түс, әлде аруақ, әлде Арғымақ,
Төрінен тас түрменің кісінеді…
Егілтті қар-мұзымен қаңтар айын.
Қаламды қалай, қайтіп қаңтарайын.
Таппайсың Үрімжіден емге ақиқат,
Бір көріп десең-дағы қайтарайын.
Мойныңды осы өңірге қара бұрып,
мәңгі емес кәрлі билік, қара құлып.
Ақ істі қап-қара қып жазып қойған,
қаттама іші толған қарақұрық.
Кетпейді көкейіңнен темір күрек.
Келгенде Үрімжіге көңіл жүдек.
Соққандай Ақ қоғанның ар жағыннан,
түрмені солқылдатып өмір-жүрек…
Ерлерді енесінен қунап туған,
көк шалғы көктей орып, турап тынған.
Түрмені солқылдата соққан жүрек,
Таңжарық болатұғын тулап тұрған.

05.11.2003 жыл.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар