///

Дубляж — оның өмірінің арқауы

75 рет қаралды
фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Экранның арғы жағындағы қыз баланың жүзіндегі эмоциялар тез-тез ауысып жатыр. Дауыс ырғағы да сәт сайын құбылып, көзін өзінің алдында тұрған ноутбук экранынан алмайды. Экранда анимациялық кейіпкерлер, алдында микрофон. Ол осы кейіпкерлердің эмоциясын қайталап отыр екен, біресе күліп, біресе сұсты кейіпке енеді. Саусақтары пернетақтаны тесіп жіберердей тарсылдайды. Видеоның соңында ол экранға қарап күліп, тағы бір серия бар екенін айтады.

 Микрофон алдындағы қыздың жасы бар болғаны 18-де. Ал оның дауысы көптеген кейіпкерді қазақша сөйлеткен. Нарқыз Орынғали, Орал қаласының тұрғыны, 18 жаста, әуесқой дубляжбен айналысады, шетел фильмдерін қазақ және орыс тілдерінде қайта дыбыстайды. Оның дубляжға қызығушылығы әлеуметтік желідегі кәсіби және әуесқой дубляж актерларының видеосын көрген сәттен пайда болған. Дубляж саласындағы алғашқы қадамын 11 жасында жасаған.

 «Мен негізі көп балалы отбасынанмын, үйде алты бала бар. Мен ортаншы баламын. Кішкентайынан көп нәрсеге қызығушылығы болған мені мамам 1-сыныпта домбыра үйірмесіне берді. Домбыраны бір жыл оқып шықтым, меңгердім, домбырамен ән айтып, мектептегі түрлі шараларға, жарыстарға қатысып жүрдім. Кейін сабағыма кедергі болды да, мен домбыраны тастап кеттім. Одан бөлек ақындардың өлеңдерін жатқа айтып жүрдім, мәнерлеп оқу байқауларына қатыстым.

 Әрі қарай карантин уақыты басталды. Үйден шығуға болмайды. Ол кезде мен 7-сыныпта оқимын, осы уақыттан дыбыстауға қызыға бастадым. Үйде отырып әлеуметтік желілердегі парақшаларды ақтарамын, сол кезде маған дубляжбен кәсіби айналысатын адамдардың видеолары шыға бастады. Қайрат Әділгерей және басқа да орыс тілді мамандардың кәсіби жұмыстарын қарап жүрдім. Мен де байқап көрсем деген қызығушылық пайда болды. Үйде өзім сөздерді айтып жүремін, үйдегілер түсінбей, «не істеп жүрсің?» деп күледі. Содан бір күні дауысымды диктофонға жазып қарадым, дауысым өзіме ұнайды және бұрын мен ән айттым ғой».

 Нарқыз 11 жасында TikTok әлеуметтік желісінен парақша ашып, дубляж жасаған алғашқы видеосын жүктейді. Бұл видеоға «Дауысың шамалы екен, акцент бар, әріптерді дұрыс айта алмайсың» деген тәрізді хэйт көп келеді. Теріс пікір көп болған соң көңіл-күйі түсіп, дубляж жасауды қойып кетеді. Алайда бәрібір сөздерді қайталап, байқап, өзіне ұнайтын ісіне орала береді. Сосын «адамдар түрлі пікір айта береді, мен олардың не айтқанына қарамастан жариялай беремін» деп шешім қабылдайды. Бір күні дубляж жасаған тағы бір видеосын әлеуметтік желіге жүктейді және ол 20 000 қаралым жинайды. Сол күннен бастап Нарқыздың ынтасы артады, хэйт пікір болса да, қолдау жасаған пікірлер хэйттен басым болады. Бұл Нарқыздың 10-15 видео жасағаннан кейінгі видеосы болатын.

 «Жапон мультфильміндегі апалы-сіңлілі кейіпкерлерге орыс тілінде дубляж жасадым. Жанымда дубляжбен айналысатын ешкім болмаған соң екеуінің де дауысын өзім қайта дыбыстадым. Осыдан кейін мен сияқты дубляжға қызығатын, осы іспен айналысатын адамдар маған жаза бастады. Олар менімен танысып, бірге жұмыс істегісі келді. Өзіммен жасты қыздармен таныстым, дуэт болып бірге дыбыстап жүрдік. Кейін Telegram әлеуметтік желісінде дубляжбен әуесқой айналысатын адамдар ашқан топтар бар екенін білдім. Олар бір-бірімен жарысады екен, кәдімгі сайыс. Әрі қазақша дыбыстайды екен. Бұл маған қызық болды, «неге мен де қазақша дыбыстауды жасамаймын?» деген ой келді.

Мені екі топ шақырды, екі топ та маған қызық болды. Солай қазақша топқа қосылдым. Олар рөлдерді өздері бөліп беретін. Мен ол кезде диктофонмен, CupCut мобильді қосымшасымен жасап жүрдім. Менің ешқандай жабдығым болмады сол уақытта. 2020 жылға дейін жабдықсыз жұмыс істедім. 2021 жылдан бастап адамдар петличка,  микрофон сияқты жабдықтармен жұмыс істей бастады. Бірақ мен ата-анама өзімнің дыбыстаумен айналысып жүргенімді әлі айтпаған едім. Базарға барып 500 теңгеге петличка сатып алдым. Дауысым бұрынғыға қарағанда жақсырақ шығатын болды. Осының өзіне қуанышым қойныма сыймай жүр. Енді мені түрлі топтарға шақыра бастады. Солардың ішінен қарап, іріктеп алып, топтарға кірдім. Мен 12 жаста ғанамын ғой, бірақ дауысым жуан болды. Рөлдерді бөлген кезде дауысың жуан деп маған көбіне үлкен апайлар, әжелер және кішкентай балаларды беретін. Маған осы рөлдер ұнайтын».

 Осылайша Нарқыздың парақшасындағы видеолардың қаралымы арта бастайды. 6000-7000 қаралым жинап, оқырмандары да күннен-күнге артады.

«Мен қатты сөйлейтін адаммын, маған сосын айқайлайтын кейіпкерлерді беретін. Үйде ешкім жоқ кезде айқайлап жазамын, мамам ұрсады ғой, естісе. Бір күні маған шұғыл бір кейіпкердің айқайлағанын жазу керек болды. Үйде әжелерім, бауырларым бар, адам көп. Қайда барып айқайлаймын деп жүрдім. Сосын сыртта сарай бар, түнгі 10-11 шамасында сол сарайға барып айқайлаймын. Ертесіне көршілер мамама «Сенің қызың неге айқайлап жатыр? Түнде айқайламасыншы» депті. Мен сыртқа естілмейді деп ойладым, бірақ естіліпті. Мамам неге айқайлап жүргенімді сұрады. Мен хобби ретінде дубляжбен айналысып жүргенімді айттым. Мамам қандай орта, кіммен араласамын, осының барлығын біліп, жеке мәліметтерге сақ болу керек екенін ескертіп, рұқсатын берді».

Нарқызды Алматыға, Астанаға жұмысқа шақырған, алайда жұмысты оффлайн істеу керек. Оның оқуы бар, жұмысы бар, әлі 18 жасқа да толмаған еді. Бұл ұсыныстардан бас тартуға және әуесқой дубляжда қалуға тура келген. Жақында ресми дубляжға шақырту алған. Қазіргі уақытта келіссөздер жүріп жатыр. Негізі, мұндай ұсыныстар көп болады екен, бірақ оқуын аяқтамай бара алмайды. Отбасы Нарқыздың қызығушылығын қолдап отыр. Ата-анасы ноутбук пен микрофон алып берген.

«Қазір үйде дубляжға отырсам, бәрі үндемей қалады. Бәрі әлеуметтік желіде лайк басып, комментарий жазып, бөлісіп отырады. №1 фанаттарым өзімнің үйімде. Менің дубляж жасап жүргенімді апам, жездем бәрі біледі. Апам мен жездем бұрын «24 сағат» деген топта «Жайдарманда» ойнаған. Бір күні балаларын бағуға үйлеріне бардым. Сосын сол күні үйлеріне қонып қалдым. «Мен асүйге барып дубляж жасай қояйын. Үндемейтін, айқайламайтын дыбыстармен жасаймын», — деп асүйде жасап отыр едім. Олар екеуі балаларын ұйықтатып тастап, телефонмен шығып келе жатыр. Апам сыртымнан түсіріп алды. Мен соңында байқадым. Апам тек жақындарға саламын, ешқайда салмаймын деп алдап, Инстаграмға рилсқа салып жіберген. Ол 30 мың қаралым жинап, бәрі байқап, биыл осы «Типичный Уральск», «Уральск город» пабликтеріне шығып кетті. Мен қатты толқып, секіріп, «байқады ма мені?» деп қуандым. Бұрыннан ұялшақ қызбын. Өзімді көрсетпеймін, тек даусымды ғана саламын. Апамның кеңесімен қаңтардан бастап түрімді көрсетіп түсіріп, жариялай бастадым. Шынымен, өтеді екен, қаралым көп жиналады екен».

Әуесқой дубляжбен айналысатын орта Астана, Алматы сияқты үлкен қалаларда. Олар 8 адамнан тұратын бір чат құрады, 8 адамның екеуі аудармашы, біреуі бағдарламашы, қалғаны дубляж жасайтын төрт-бес адам  дыбыскер. Әр дауысқа қарап өзінің персонаждарын дыбыскерлерге бөледі. Телеграмда «Күшті дыбыс», «Жарық продакшн», «ҚазАниме» атты дыбыскерлер чаттары бар. Нарқыз қазір «Күшті дыбыс» және «ҚазАниме» топтарында жұмыс істеп жатыр. Олар әлі аударылмаған шетелдік анимэ, фильмдерді аударып, дубляж жасайды, дайын болған соң жабық телеграм арнада жариялайды. Арнаға 6-7 жылдың ішінде 10 000 жазылушы жазылған. Жазылушылардан қолдау ретінде аз болса да қаржы түседі, ол қаржыны аудармашылар мен бағдарламашыларға төлейді. Өйткені олар ең ауыр жұмысты істейді. Дыбыскерлер бұл жұмысты тегін атқарады, себебі бұл олардың сүйікті ісі.

«Мен Құрманғазы атындағы саз колледжінде хореография мамандығында оқимын. Билеген ұнайды, бірақ аса қатты емес. Ал екі күн қатарынан дубляж жасамай қалсам, көңіл-күйім болмайды. Қабағымды түйіп алып, ештеңеге зауқым болмай, бәріне ұрсып жүремін. Сосын дубляжға отырсам, бірден көңілім көтеріліп кетеді. Мен эмоцияны жақсы беремін, тұрып-тұрып жылап қалып, жылап жатып күліп… Сондай элементтерді жақсы көрем өзім. Дубляж жасауды өзім үйреніп алдым, кәсіби мамандарды қарап-қарап, оларды қайталап, олардың видеосын қайталап, эмоцияларын көшіріп жүрдім. Сосын өзім басқа видеолар істеп үйрендім. Мысалы, жапондарда жапондардың оригинал эмоциялары болады. Соларға қарап, соған ұқсас қылып жасағанды жақсы көрем. Егер дауысым келмей қалса, мен ол персонажды алмаймын. Өзіме ұнайтын, дауысы өзіме жақынырақ персонаждарды алғанды жақсы көремін. Сенің жасаған жұмысың алдымен өзіңе, сосын көрерменге ұнауы керек».

«Біздің басты мақсатымыз – қазақтілді аудиторияға қазақ тіліндегі сапалы аударылған дубляж, қазақы өнім, қазақы контент ұсыну. Қазақ тілін қолданудың аясын кеңейту. Осылай қазақ тіліндегі дубляж саласының дамуына өз үлесімізді қосу. Дубляж жасаудың өз қиындықтары бар. Мысалы, түпнұсқада сөйлегенде аузын ашып сөйлейді ғой. Сол кезде қашан тоқтайды, біз де сол кезде тоқтауымыз керек. Сөйлейсің, сөйлегенде келмей қалса, ең болмаса, бір секунд асып кетсе, кетіріп тастап, қайтадан істейсің. Мен қазір бір-екі рет жазамын, осының өзіне шамамен қырық минут-бір сағат уақыт кетеді. Менің алты жылдан астам тәжірибем бар ғой. Қазір енді ондай қиын емес. Толық фильм-анимелер, сериалдар дубляжын жасаймыз. Бір сериясы 25-30 минуттан болады. Қазір 2 сағаттық фильм-анимені дубляж жасап жатырмыз. Оқуым, жұмысым, жеке шаруаларымды есепке алсақ, мен екі күн ішінде аяқтадым. Негізі, оларды есептемегенде 5-6 сағатта жасап тастауға болатын жұмыс».

Нарқыз өзінің болашағын осы дубляж саласынан көреді, саланың кәсіби маманы болғысы келеді. Осы мақсатпен әйгілі «Билайн», «2Гис» дауысына айналған Қазақстанның №1 әйел дауысы Бибігүл Керимовамен байланысып, өзінің жұмыстарын жіберіп, кеңесін алған. Ол үшін алдымен оқуын аяқтауы қажет. Нарқыз «Өзіңе ұнайтын іспен айналысу үшін ең әуелі қызығушылық пен ынта керек, екіншіден, ұялмай, қорықпай бастау керек, үшіншіден, еріншек болмау керек» дейді.

 

Альфия Шамаева,

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Мұхтар Шаханов дүниеден озды

Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері, көрнекті ақын, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған