//

Бір хаттың тарихы: Энцо Фернандестің арманы қалай ақиқатқа айналды?

80 рет қаралды

2016 жыл. АҚШ, Нью-Джерси. MetLife Stadium. Копа Америка финалы.
Аргентина тағы да шешуші ойында сүрінді. Чили құрамасы пенальти сериясында жеңіске жетті. Финалдық ысқырықпен бірге Лионель Мессидің жүрегінде де бір дәуір аяқталғандай болды.
Жеңілістен кейін көзіне жас алған әлемнің ең үздік футболшысы көпшілікті есеңгіреткен мәлімдеме жасады.
– Ұлттық құрамадағы жолым аяқталған сияқты. Бұл мен үшін емес шығар…
Осы бір ауыз сөз Аргентинаны ғана емес, күллі футбол әлемін дүр сілкіндірді. Миллиондаған жанкүйер Мессиді райынан қайтаруға тырысты. Солардың арасында небәрі 15 жастағы Энцо Фернандес те болды.
Ол әлеуметтік желіде Леоға арнап ашық хат жариялады.

Энцо Фернандес:


“27 маусым, 2016 жыл
Сені қалайша қалуға көндіре аламыз? Өзіміз осындай күйде жүргенде… Өмірімізде сенің иығыңдағы жүктің тіпті 1%-ын да сезініп көрмеген біз сені қалай түсіне аламыз? Таңертең айнаға қарап, 40 миллионнан астам адамның сенен мінсіз ойын ғана емес, соны талап етуге құқығы бардай көретін қысымды көтерудің қандай екенін біз қайдан білейік?
Сені қалайша көндіре аламыз? Біз сенің бәрінен бұрын адам екеніңді, теңдессіз талант иесі, әлемнің ең үздік футболшысы болсаң да, бәрібір сезімі бар жан екеніңді ұмытып кеттік. Біз жеңілістен туған ашудың көбіне өзіміздің орындалмаған үмітіміз бен көңілсіздігімізден шығатынын, ал оған сенің кінәлі емес екеніңді түсінуге де бір сәт тоқтамадық.
Бәлкім, айнаға қарап өзімізден бір сұрайықшы: біз өзімізден Мессиден талап еткендей талаптың ең болмаса 1%-ын талап етеміз бе? Өзіңді де дұрыс танымай тұрып, осынша жүк артуымыз әділетті ме?
Сені қалайша көндіре аламыз? Бүкіл әлем саған таңданады. Сен демалысыңда жағажайда тынығып жатуыңа болар еді, бірақ оның орнына ұлттық құрама үшін жүгіріп, еліңнің намысын қорғап жүрсің. Ал біз болсақ, сен қалай жүгірдің, әнұранды айттың ба, жоқ па – соған ғана назар аударамыз.
Лионель, қандай шешім қабылдасаң да, өз еркің. Бірақ өтінемін, қалуды ойлашы. Тек бір себеп үшін – ойыннан қайтадан ләззат алу үшін. Өйткені адамдар сенен футболдың ең асыл дүниесін тартып алды. Ол – ойыннан рақат алу.
Бала күніңде сен еліңнің намысын қорғап, футболдан ләззат алуды армандаған шығарсың. Сенің ақ-көк жейдемен алаңға шыққаның – біз үшін ең үлкен мақтаныш.
Сол ләззат үшін ойна. Өйткені сен ойнаудан рақат алған кезде, біз де сенімен бірге сондай бақытқа бөленеміз.
Рақмет. Және кешір…
#LIONELMESSI”

Бұл хатты Месси оқыды ма? Оқымады ма? Оны ешкім нақты білмейді.
Бірақ тарихтың жалғасы бүкіл әлемге мәлім.
Лионель Месси ұлттық құрамадан кетпеді.
Ол қайта оралды.
2021 жылы Мараканада Аргентина 28 жылдан кейін Копа Америка чемпионы атанды.
2022 жылы Лусаил стадионында футбол тарихындағы ең ұлы финалдардың бірінде Аргентина әлем чемпионы болды.
Ал ең ғажабы – бір кездері Мессиден тек қалуын өтінген 15 жастағы бала сол чемпиондық құраманың негізгі ойыншыларының біріне айналды.


Энцо Фернандес енді трибунада отырған жанкүйер емес еді. Ол Леоның жанында алаңда жүрді. Тіпті тағдыр олардың арасындағы байланысты ерекше етіп өрді. Месси әлем чемпионаттары тарихында барлығы 12 нәтижелі пас берген.
Солардың оны – он түрлі футболшыға арналды. Ал екі нәтижелі пас дәл Энцо Фернандеске бағытталды.
Бұл – әлем чемпионаттарында Мессиден ең көп голдық пас алған футболшы дәл сол Энцо екенін білдіреді.
Бір кездері әлеуметтік желіде кумиріне хат жазған бозбала… Жылдар өте сол кумирінің пасын голға айналдырып, онымен бірге әлем чемпионы атанды. Мұндай сценарийді ешбір режиссер ойлап таба алмас еді. Кейде бір хат ештеңені өзгертпейтіндей көрінеді. Бірақ шынайы сенім ешқашан жоғалмайды.
Арман кейде трибунадан басталып, әлем чемпионатының финалында орындалады.
Футбол бізге тағы бір мәрте дәлелдеді: кейбір оқиғаларды адамдар емес, тағдырдың өзі жазады.
Енді бұл екі жігіт 2026 жылғы әлем кубогінің финалында бақ сынайды.

Түгелбай Бисенов

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар