Лионель Месси Аргентина құрамасындағы соңғы матчын өткізді. 21 жыл бұрын небәрі 45 секундқа созылған дебютпен басталған дәуір Буэнос-Айрестегі «Монументаль» стадионында аяқталды. Аргентина Бенинді 3:0 есебімен жеңсе, Месси ұлттық команда сапындағы соңғы ойынында бір гол соғып, екі нәтижелі пас берді.
6 қазан күні Аргентина футболы үшін тарихи кеш болды. 85 мыңнан астам жанкүйер жиналған «Монументаль» стадионы Лионель Мессимен қоштасты. 39 жастағы капитанның Бенинге қарсы кездесуі оның Аргентина құрамасындағы 208-ші әрі соңғы матчы болды.
Бұл ойын Месси үшін кәдімгі жолдастық кездесу емес, тұтас бір дәуірдің қорытындысы еді.
Ол алаңға капитан ретінде шықты. Екінші таймда пенальтиден өзінің соңғы голын соқты. Бұған қоса командаластарына екі нәтижелі пас беріп, Аргентинаның 3:0 есебіндегі жеңісіне тікелей үлес қосты.
Осылайша Месси ұлттық құрамадағы мансабын өзіне тән нәтижемен аяқтады.
БӘРІ 45 СЕКУНДТАН БАСТАЛҒАН ЕДІ
2005 жылғы 17 тамызда Будапештте Аргентина Венгриямен жолдастық кездесу өткізді.
18 жастағы Лионель Месси екінші таймда алаңға шықты. Бұл оның ересектер құрамасындағы алғашқы ойыны болатын. Алайда дебюті футбол тарихындағы ең күтпеген бастамалардың біріне айналды.
Месси алаңда 45 секундқа жуық қана болды. Венгрия қорғаушысы Вильмос Ванчакпен болған эпизодтан кейін төреші аргентиналық жас футболшыны алаңнан қуып жіберді.
Сол сәтте Мессидің Аргентина футболындағы болашақ аңызы туралы ешкім нақты айта алған жоқ.
Бірақ арада 21 жылдан астам уақыт өткенде сол жас футболшы ұлттық құраманың тарихындағы ең басты рекордтардың иесіне айналды.
207 МАТЧ, 125 ГОЛ
Аргентина футбол қауымдастығының ресми дерегіне сәйкес, Месси негізгі құрам сапында 207 матч өткізіп, 125 гол соқты және 66 нәтижелі пас берді. Осы көрсеткіштер оны Аргентина құрамасының ең көп ойын өткізген және ең көп гол соққан футболшысы етеді.
Ол Аргентина құрамасымен 6 әлем чемпионатына қатысты, 7 Copa América турнирінде ойнады, әлем чемпионаттарында 34 матч өткізіп, 21 гол соқты, Оңтүстік Америка чемпионатында 39 матч өткізіп, 14 гол соқты, әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде 72 матчта 36 гол соқты.
2026 жылғы әлем чемпионатында да Месси Аргентина сапында негізгі рөл атқарып, 8 гол және 4 нәтижелі пас тіркеді.
АРГЕНТИНАМЕН КЕЛГЕН БАСТЫ ЖЕҢІСТЕР
Мессидің ұлттық құрамадағы жолы тек жеңістерден тұрған жоқ.
2007, 2015 және 2016 жылдардағы Copa América финалдары, 2014 жылғы әлем чемпионатының финалы — оның мансабындағы ең ауыр сәттер. 2016 жылы Аргентина құрамасымен тағы бір финалда жеңілгеннен кейін Месси тіпті ұлттық командадан кететінін мәлімдеген еді. Бірақ ол көп ұзамай қайта оралды.
Сол шешімнен кейін Мессидің Аргентинамен бірге футбол тарихындағы ең жарқын кезеңі басталды. 2021 жыл. Аргентина Бразилияны 1:0 есебімен жеңіп, Copa América чемпионы атанды. Бұл Мессидің ересектер құрамасындағы алғашқы ірі трофейі болды. 2022 жыл. Аргентина Италияны жеңіп, Finalissima кубогын иеленді. Сол жылдың желтоқсанында Мессидің басты арманы орындалды. Катардағы әлем чемпионатының финалында Аргентина Францияны пенальти сериясында жеңіп, әлем чемпионы атанды. Месси турнирдің үздік ойыншысы атанды. 2024 жыл. Аргентина Copa América финалында Колумбияны жеңіп, құрлық чемпиондығын қорғап қалды.
Осылайша Месси ересектер құрамасымен төрт ірі титулға қол жеткізді: Copa América-2021, Finalissima-2022, әлем чемпионаты-2022 және Copa América-2024.
Ал жастар және Олимпиада құрамасындағы жетістіктерін қоссақ, Аргентинамен бірге алты трофей жеңіп алған. 2005 — U-20 әлем чемпионы, 2008 — Олимпиада чемпионы, 2021 — Copa América чемпионы, 2022 — Finalissima жеңімпазы, 2022 — әлем чемпионы, 2024 — Copa América чемпионы.
МЕССИДІҢ 48 ТРОФЕЙІ
Аргентинадағы дәуірін аяқтаған Мессидің клубтық және ұлттық құрамадағы жүлделерін қосқандағы қоржынында 48 командалық трофей бар. 2026 жылғы қыркүйекте «Интер Майами» сапында Campeones Cup-ты жеңіп алғаннан кейін оның жүлделер саны 48-ге жетті.
«Барселона» — 34 трофей
Каталониялық клубта Месси Испания чемпионатын — 10 рет, Испания Кубогын — 7 рет, Испания Суперкубогын — 7 рет, Чемпиондар лигасын — 4 рет, УЕФА Суперкубогын — 3 рет, Клубтар арасындағы әлем чемпионатын — 3 рет жеңіп алды.
ПСЖ сапындағы 3 трофейі бар. Ол Франция клубымен Лига 1 — 2 рет, Франция Суперкубогы — 1 рет жеңіп алды. Ал «Интер Майами» сапына келген соң ол тағы 4 трофей иеленді. АҚШ клубымен Лео Leagues Cup — 2023, Supporters’ Shield — 2024,MLS Cup — 2025, Campeones Cup — 2026.
Осылайша Мессидің қоржынында «Барселонамен» жеңіп алған 34, ПСЖ-мен жеңіп алған 3, «Интер Майами» сапында жүріп иеленген 4, Аргентина құрамасымен 6. Ал Жалпы 47 трофей бар. Кей деректерде Леоның қоржынында 48 трофей бар деп көрсетіледі. Өйткені Олимпиада мен жастар трофейлерін есептеу тәсілі өзгереді.
ҚОШТАСУ ЕМЕС, ТАРИХТЫҢ СОҢҒЫ БЕТІ
Мессидің Аргентина құрамасындағы жолы оңай болған жоқ.
Ол бір кездері елінің ең көп сыналған футболшысы болды. Әлем чемпионаты мен Copa América финалдарындағы жеңілістерден кейін оның ұлттық құрамадағы болашағы бірнеше рет сұрақ астында қалды. Бірақ соңында ол бәрін жеңді. Америка кубогын алды. Әлем чемпионатын жеңді.
Ұлттық құрамасымен бірге жеңістің дәмін қайта сезінді. Аргентина футболының ең үлкен рекордтарын жаңартты. Ал ең бастысы — өз елінде Марадонадан кейінгі «№10» жүгін көтеріп, Аргентина жанкүйерлерінің жүрегінен мәңгілік орын алды.
«Монументальдағы» соңғы ысқырықтан кейін Месси көзіне жас алды. Жанкүйерлер ұзақ уақыт бойы «Месси, Месси!» деп қошемет көрсетті. Стадионда оның ұлттық құрамадағы соңғы кеші үлкен футбол мерекесіне айналды.
2005 жыл. Будапешт. 45 секунд. Қызыл қағаз.
2026 жыл. Буэнос-Айрес. 208-ші матч. Соңғы гол. Екі ассист.
Арасында 21 жыл, ал артында бүтін бір дәуір қалды.
Лионель Мессидің Аргентина жолы аяқталды.
Бірақ оның Аргентина жейдесіндегі ойыны енді футбол тарихының бір бөлігіне айналды.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз
