Бұл құжат Minber редакциясының жасанды интеллектіні (ЖИ) пайдалану тәртібін белгілейді.
1. Мақсаты және қолданылу аясы
Minber редакциясы жасанды интеллектіні (ЖИ) тек көмекші құрал ретінде пайдаланады: ақпаратты іздеу мен сараптамалық мақалаларды жазу – журналистің ісі, ал сурет, инфографика, идея және қысқа жаңалық дайындауда ЖИ-ге рұқсат етіледі.
Саясат Minber.kz сайтында, Telegram арнасында және редакцияның барлық әлеуметтік желі парақшаларында жарияланатын материалдарға қатысты. Оны штаттағы қызметкерлер, штаттан тыс авторлар, фотографтар мен дизайнерлер ұстанады.
ЖИ дегеніміз – мәтін, сурет, бейне, дыбыс немесе инфографика жасайтын, өңдейтін не ұсынатын кез келген бағдарлама (мысалы, ChatGPT, Claude, Gemini, Midjourney сияқты құралдар).
2. Негізгі қағидаттар
- Адам жауапты. Жарияланған әр материал үшін оны жазған автор мен жариялауға рұқсат берген редактор жауап береді. ЖИ ешқашан автор бола алмайды.
- Шынайылық бірінші орында. ЖИ қате дерек, ойдан шығарылған дәйексөз бен адам аттарын беруі мүмкін. Сондықтан ЖИ жасаған дүниедегі әр фактіні адам тексереді.
- Ашықтық. Оқырман материалды жасауда ЖИ қандай рөл атқарғанын білуге құқылы. ЖИ жасаған сурет пен жаңалықтар әрдайым белгіленеді (6-бөлім).
- Дереккөз көрсетіледі. ЖИ көмегімен дайындалған қысқа жаңалықта бастапқы дереккөз (ресми мәлімдеме, басылым, құжат) сілтемесімен көрсетіледі.
- Басқаның еңбегін құрметтеу. ЖИ басқа басылымдардың мәтінін көшіру немесе сөзбе-сөз қайта жазу үшін қолданылмайды.
3. ЖИ-ді пайдалануға рұқсат етілетін жұмыстар
Төмендегі төрт жұмыста ЖИ-ді пайдалануға болады, бірақ әрқайсысының өз шарты бар.
| Жұмыс түрі | Рұқсат етіледі | Міндетті шарт |
| Сурет жасау | Мақалаға иллюстрация, коллаж, обложка, абстрактілі бейне | Шынайы фотосуретке ұқсамауы тиіс; нақты адамды, оқиғаны не орынды бейнелей алмайды; «ЖИ жасаған сурет» деген белгі міндетті |
| Инфографика | Деректі көрнекі етіп беру: диаграмма, карта, сызба | Сандар тек редакция тексерген дереккөзден алынады; дереккөз инфографиканың өзінде көрсетіледі |
| Идея беру | Тақырып, сұрақ, тақырыптама (заголовок), формат ұсыну; мәтіннің сауаттылығын тексеру | Шешімді журналист пен редактор қабылдайды; ЖИ ұсынған фактілер дайын дерек ретінде алынбайды |
| Қысқа жаңалық дайындау | Ресми мәлімдеме, баспасөз хабарламасы, статистика негізінде 2–5 абзацтық хабар; аударма, тақырып жазу | Редактор фактіні дереккөзбен салыстырады; мәтін өз сөзімен жазылады; соңында дереккөз сілтемесі және ЖИ белгісі |
Мәтінді түзету, аудару, аудиожазбаны теру (транскрипция) сияқты техникалық жұмыстарда да ЖИ-ді көмекші ретінде пайдалануға болады, ал нәтижені адам тексереді.
4. ЖИ-ге тыйым салынатын жұмыстар
Ақпарат іздеу, сараптамалық мақала жазу және шынайылыққа нұқсан келтіретін кез келген жұмыс ЖИ-ге тапсырылмайды.
- Ақпарат іздеу мен жинау. Дереккөздерді табу, сұхбат алу, куәгерлермен сөйлесу, оқиға орнына бару – журналистің жұмысы. ЖИ жаңалық тақырыбын өз бетімен таңдамайды, тек журналист берген дереккөзбен жұмыс істейді.
- Сараптамалық және авторлық материалдар. Талдау, зерттеу, пікір (көзқарас), сұхбат, репортаж және журналистік зерттеулерді журналист өзі жазады.
- Фото-фейктер. Нақты адамның, оқиғаның немесе орынның шынайы фотосуретіне ұқсайтын ЖИ-суреттер мен бейнелер жасалмайды.
- Шынайы фото мен бейнені өзгерту. Фотосуреттегі адамдарды, заттарды ЖИ арқылы қосуға не алып тастауға болмайды. Тек жарық, түс, кадр сияқты техникалық түзетулерге рұқсат.
- Дауыс пен бейне терең фейктері (deepfake). Нақты адамның дауысын не бейнесін жасауға тыйым салынады.
- Дәйексөз бен сандар. ЖИ ұсынған дәйексөз, сан немесе дерек бастапқы дереккөзден тексерілмейінше жарияланбайды.
- ЖИ-ді жасыру. ЖИ көмегімен жасалған материалды толықтай адам жазғандай етіп көрсетуге болмайды.
5. Тексеру тәртібі
ЖИ қатысқан ешбір материал редактордың рұқсатынсыз жарияланбайды.
- Дереккөзді журналист береді. ЖИ тек сол дереккөздің негізінде жазады.
- ЖИ жоба (draft) дайындайды. Жоба сайтта тек «Жоба» күйінде сақталады, ЖИ өзі жариялай алмайды.
- Фактчек. Редактор адам аттарын, лауазымдарды, сандарды, күндерді және дәйексөздерді бастапқы дереккөзбен жолма-жол салыстырады.
- Тіл және стиль. Мәтін Minber-дің редакциялық саясатына және қазақ тілінің нормасына сай түзетіледі.
- Белгі қойылады. ЖИ қатысқан жеріне қарай 6-бөлімдегі белгінің бірі қойылады.
- Жариялау. «Publish» батырмасын тек редактор басады.
Фактіні дереккөзбен растау мүмкін болмаса, ол мәтіннен алынып тасталады.
6. Оқырманға ашықтық: белгілеу ережесі
ЖИ қатысқан әр материал төмендегі үлгілердің бірімен белгіленеді.
| Қай жерде | Белгі мәтіні | Қайда қойылады |
| Сурет | «Суретті жасанды интеллект жасаған» | Суреттің астындағы түсіндірмеде (caption) |
| Инфографика | «Инфографика ЖИ көмегімен жасалды. Дереккөз: …» | Инфографиканың өзінде немесе астында |
| Қысқа жаңалық | «Жаңалық жасанды интеллект көмегімен дайындалып, редакция тексерді» | Мәтіннің соңында, дереккөздің астында |
Идея беру, тақырып ұсыну, сауатты тексеру, аудару сияқты көмекші жұмыстар белгіленбейді. Сайтта жалпы жұртқа арналған саясаттың қысқа нұсқасы «Редакциялық саясат» бетінде жарияланады.
7. Құпиялылық, авторлық құқық және деректер қауіпсіздігі
ЖИ құралдарына енгізілген ақпарат бөгде компанияның серверіне жіберіледі, сондықтан жасырын ақпарат оларға енгізілмейді.
- ЖИ-ге мыналар енгізілмейді: аты жасырын дереккөздердің дерегі, жарияланбаған сұхбат жазбалары, адамдардың жеке деректері (ЖСН, мекенжай, телефон, денсаулық туралы мәлімет), сайт пен аккаунттардың құпиясөздері мен токендері.
- Редакция жұмысына тек мекеме бекіткен ЖИ құралдары мен аккаунттары қолданылады. Жаңа құралды редакцияның поштасына, Google Drive-ына не сайтына қосудан бұрын бас редактордан рұқсат алынады.
- ЖИ сурет жасағанда нақты суретшінің стилін, белгілі брендті не кейіпкерді қайталау талабы қойылмайды.
- ЖИ құралдарының пайдалану шарттары суретті коммерциялық мақсатқа пайдалануға рұқсат етуі тиіс.
8. Жауапкершілік және саясатты қайта қарау
Саясаттың орындалуын бас редактор қадағалайды, ал саясаттың өзі жылына бір рет қайта қаралады.
- Қате жарияланса. ЖИ қатысқан материалда қате табылса, ол дереу түзетіліп, мәтіннің соңына «Түзету: …» деген ескерту қосылады.
- Саясат бұзылса. Алғашқы жолы автормен әңгіме жүргізіледі. Қайталанса немесе фото-фейк, жалған дерек жарияланса, мекеменің ішкі ережесіне сай шара қолданылады.
- Сұрақ туса. ЖИ-ді қолдануға бола ма, жоқ па деген күмән болса, жұмысты бастамас бұрын редактормен кеңесу керек.
- Қайта қарау. ЖИ құралдары тез өзгереді, сондықтан саясат жылда кемінде бір рет және жаңа құрал енгізілген сайын жаңартылады.
Материалдардың сапасы, деректердің растығы «Мінбержан» сарапшы бот арқылы тексеріледі.