//

Академик Оразақ Смағұлұлы дүниеден өтті

30 рет қаралды
Академик Оразақ Смағұлұлы дүниеден өтті
photo: Beine.pro

Қазақ ғылымы ауыр қазаға ұшырады. Қазақтың тұңғыш антропологы, Қазақстандағы физикалық антропология ғылымының негізін қалаушы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразақ Смағұлұлы 96 жасында өмірден озды.

Қаралы хабарды ғалымның отбасынан алған тарихшы, археолог Мұхтар Қожа хабарлады.

Оразақ Смағұлұлы 1930 жылы 1 қазанда Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Ұялысай ауылында дүниеге келген.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Италиядағы Болонья ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері Оразақ Смағұлұлы бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқының шығу тегі мен антропологиялық тарихын зерттеуге арнады. Қазақстанда физикалық антропологияның дербес ғылым саласы ретінде қалыптасуына негіз қалап, ғылыми мектептің іргесін қалады.

Ғалымның бірнеше онжылдыққа созылған қажырлы еңбегі қазақ даласын мекендеген ежелгі тұрғындар мен қазіргі қазақ халқы арасындағы антропологиялық сабақтастықты зерделеуге бағытталды. Оның іргелі зерттеулері халқымыздың этникалық тарихын ғылыми тұрғыдан тануға, тарихи тамырын тереңірек пайымдауға жол ашты.

Оразақ Смағұлұлының артында жүздеген ғылыми еңбек, жеке және бірлескен монографиялар қалды. Олардың қатарында:

  • «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности» (1970);
  • «Этническая геногеография Казахстана» (1977);
  • «Этническая антропология Казахстана» (1982);
  • «Этническая одонтология Казахстана» (1989);
  • «Абылай хан: тарихи-антропологиялық зерттеу» (1999);
  • «Алтай қазақтары» (2003);
  • «Этническая антропология казахского народа» (2007);
  • «Историческая антропология казахского народа» (2008);
  • «Этническая дерматоглифика казахского народа» (2008);
  • «Қазақ халқының антропологиялық тарихы» (2011);
  • «Происхождение казахского народа (по данным физической антропологии)» (2017);
  • «Қазақ халқы және ата тегі» (2020) сынды іргелі еңбектері бар.

Ғалымның бірлескен авторлықпен жарық көрген «Абылай хан: тарихи-антропологиялық зерттеу» еңбегі оның ғылыми мұрасында айрықша орын алады. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Абылай ханның жерленген орнын анықтауға және сүйек қалдықтарын зерттеуге арналған бұл еңбек тарихи тұлғаларды зерделеуде тарих, археология және антропология ғылымдарын сабақтастырудың маңызды үлгісі болды.

Оразақ Смағұлұлының халқына қалдырған мұрасы жарық көрген еңбектерімен ғана өлшенбесе керек. Ол кейінгі ұрпаққа тұтас бір ғылыми мектеп, ондаған жылдар бойы жинақталған құнды антропологиялық деректер мен ғылыми ізденістің өнегесін қалдырды. Оның еңбектері антропологтардың, тарихшылар мен археологтардың жаңа буынына бағыт-бағдар беріп, халқымыздың тарихи тамырын тануға қызмет ете бермек. Ғылымға адалдығы, ізденістегі табандылығы мен ұлт тарихын зерттеуге арнаған ғұмыры келешек ұрпаққа үлгі болып қала берері сөзсіз.

Оразақ Смағұлұлының есімі халқымыздың тарихын тануға ғұмырын арнаған көрнекті ғалым ретінде ел жадында сақталады.

Beine.Pro редакциясы академик Оразақ Смағұлұлының дүниеден өткеніне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттері мен әріптестеріне қайғыра көңіл айтып, қайғыларына ортақтасады.

Ғұмырын ғылымға арнаған абзал азаматтың жарқын бейнесі мен ұлағатты мұрасы ұмытылмайды.

Иманы саламат, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

Бақұл болыңыз, қазақ ғылымының абызы!

Жәнібек Нұрыш-Смағұл

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Бақытбек Бәмішұлы: Сараман жолы

Сараман жолы Алматыда Ұлттық кітапханада академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Сараман жолы» атты “Атамұра” баспасынан жарық көрген (Президенті