///

Атырау қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының 90 пайызы толған

37 рет қаралды
Атырау қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының 90 пайызы толған
фото: Atr.kz

Атырау қаласында қуаттылығы жылына 200 мың тонна қалдық қабылдауға жететін жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигонының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұған шаһар халқының өсуі мен ҚТҚ-лардың артуы себеп болған. Біз тиісті мекемелерге ресми сауал жолдадық. Ал облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Дидар Хамзиннің айтуынша, бұл салада шешімін таппай келе жатқан мәселе көп.

ЕСКІ ПРОБЛЕМАНЫ ШЕШПЕЙ, ЖАҢА МӘСЕЛЕГЕ КӨШКЕН ДҰРЫС ЕМЕС

– Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына әкелінген заттар ең алдымен сұрыптаудан өтуі керек. Қаладағы полигон анда-санда өртеніп тұрады. ҚТҚ полигонының басына өрт сөндіру көлігін қою керек деп айтып келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Себебі өрт шыққанда тез арада сөндірмесе, түтін иісі қалаға тез жайылады. Салдарынан тұрғындар улана бастайды. Бірақ әлі еш нәтиже жоқ. Қоқыс полигонына рекультивация жүргізіледі деп айтылып еді. Ол да жасалмады.

Полигон басқа жерге көшіріледі деген, әлі сол қалпында тұр. Ең алдымен, ескі полигонды рекультвациялап, жабу қажет. Содан кейін полигонды жаңа жерге көшірген жөн. Ол жерге қалдықтарды сұрыптайтын цех салу керек. Одан әрі қалдықтарды қайта өңдеп, пайдалы заттар шығару қажет. Бірақ қаншама әкім ауысса да, бұл мәселе қолға алынбай жүр. Мысалы, мен полигон басында өрт сөндіру көлігі болу керек деп айтқаныма 4-5 жылдай болды. «Спецавтобаза» ЖШС бұл мәселені қарастырып жатқанымен, бұл – шешімі күрделі мәселе. Ол үшін жаңа жоба қажет.

Жалпы тек Атырау қаласында емес, облыстың әр ауданында қоқыс полигоны мен сұрыптау кешендері болуы тиіс деп санаймын. Себебі ол жақтарда да қоқыстың түр-түрі бар. Мысалы, Жапонияда қатты тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптамаса немесе белгіленген ережелерді бұзса, айыппұл салынады. Олар бір күні қағаз, екінші күні шыны тапсырып, қоқыстарды сұрыптайды.

Ал бізде мұндай мәдениет қалыптаспаған. Ол үшін Үкімет тарапынан заң керек. Алайда қолданыстағы полигонның өзінде неше жылдан бері жиналған қоқыс жатыр? Алдымен соның өзін ретке келтіріп алу қажет. Ескі проблеманы шешпей, жаңа мәселеге көшкен дұрыс емес деп ойлаймын, – деді Атырау облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Дидар Хамзин.

ПОЛИГОННЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ ТОЛҒАН

Бүгіндері Атырау қаласын санитарлық тазартумен «Спецавтобаза» ЖШС айналысады. Кәсіпорын директоры Жарас Жаканбаевтың мәліметінше, қаладағы қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының 90 пайызы толған. Полигон 2027-2028 жылдары қалдықтарды қабылдай алады. Мұнда қабылданған қалдықтардың шамамен 28 пайызы сұрыптауға жіберіледі.
– «Спецавтобаза» ЖШС қалдықтарды қайта өңдеумен айналыспайды. Полигон аумағында көмуге арналған топырақ қоры мен өрт сөндіруге арналған кезекші техника бар. Сонымен қатар арнайы жылжымалы топтар (самосвалдар, тиегіштер, экскаваторлар) жұмыс істейді.

Атырау қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының 90 пайызы толған
фото: Atr.kz

Атмосфералық ауаның, топырақ пен судың ластану деңгейіне мониторинг аттестатталған зертханамен жасалған шартқа сәйкес тоқсан сайын жүргізіледі. ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес, І және ІІ санаттағы объектілердің операторлары өндірістік экологиялық бақылау жүргізуге және уәкілетті органға есептілікті ұсынуға міндетті.

Полигон аумағында жабық өндірістік ангарда орналасқан, өнімділігі сағатына 25,7 тоннаны құрайтын технологиялық сұрыптау желісімен жабдықталған қалдықтарды сұрыптау кешені бар. Кешеннің жобалық қуаттылығы жылына – 150 000 тонна. Полигонға түскен қатты тұрмыстық қалдықтардың барлығы алдын ала сұрыптаудан өткізіледі. Көмуге жатпайтын ірі көлемді қалдықтар іріктеліп алынып, кейін мамандандырылған ұйымдарға беріледі. Одан әрі қалдықтар сұрыптау кешенінде қайталама сұрыптаудан өтеді. Кейіннен қайта өңдеуге жарамды және көмуге жатпайтын қалдықтар іріктеліп алынып, мамандандырылған ұйымдарға тапсырылады, – делінген кәсіпорын басшысының ресми жауабында.

ЖЫЛ САЙЫН 100-110 МЫҢ ТОННА ҚАЛДЫҚ ЖИНАЛАДЫ

Қазіргі таңда Атырау облысында 65 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жұмыс істейді. Оның ішінде 61-і мемлекеттік меншікте. 2026 жылдың III тоқсанының қорытындысында облыс аумағында ҚТҚ-ның 26,5%-ы сұрыпталған. Облыста жыл сайын 100-110 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады.

– Атырау қаласы халқының өсуіне және тұрмыстық қалдықтар көлемінің артуына байланысты қуаттылығы жылына 200 мың тоннаны құрайтын жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигонының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін құрылысы басталады.

Жаңа полигонның құрылысын 2028 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Оның іске қосылуы Атырау қаласында қалдықтарды қауіпсіз орналастыруға мүмкіндік беріп, санитариялық-экологиялық жағдайды жақсартуға және қалдықтарды басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Жаңа полигон жобасы ҚР экологиялық талаптарына сәйкес әзірленуде.

Жер асты суларын ластанудан қорғау мақсатында полигонның негізіне геомембрана төсеу қарастырылған. 2026 жылдың жаз мезгілінде полигондарда өрт оқиғалары тіркелген жоқ. Өрттің және түтіндеудің алдын алу мақсатында полигон аумағына тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, тұрақты бақылау жүргізіледі. Түтіндеу белгілері анықталған жағдайда жедел әрекет ету шаралары қабылданады. Полигон аумағында қалдықтарды топырақпен көмуге арналған топырақ қоры және өрт сөндіруге қажетті кезекші техника қарастырылған.

Сонымен қатар, самосвалдар, тиегіштер мен экскаваторлардан жасақталған мобильді топтар жұмыс істейді. Аттестатталған зертханада тоқсан сайын атмосфералық ауаның, топырақтың және судың ластану деңгейіне мониторинг жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес «Спецавтобаза» ЖШС өндірістік экологиялық бақылау жүргізіп, есептілікті уәкілетті органға ұсынады, – делінген Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдадалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлайым Телеубаеваның ресми жауабында.

4 ЖОБА ҚТҚ-ЛАРДЫ ЖИНАП, СҰРЫПТАП, ҚАЙТА ӨҢДЕУІ ТИІС

Басқарманың мәліметінше, облыста қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу бағытында 4 жоба бар. Атап айтқанда:
«Фибратекс» ЖШС – полимерлі штапельді талшық өндіру жобасы. Жобаның құны – 1 159 млн теңге. Қаржыландырылған. Өндіріс іске қосылған кезде жылына 7 000 тонна өнім өндіріліп, 67 жаңа жұмыс орны ашылады. Іске қосу 2026 жылдың IV тоқсанына жоспарланған.
«НефтеСтройСервис LTD» ЖШС – азық-түлік қалдықтарын қайта өңдеу зауытының құрылысы. Жобаның құны – 900 млн теңге. Қаржыландырылған. Кәсіпорын тәулігіне 30 тонна, жылына 8 280 тонна қалдық өңдеуге мүмкіндік береді. Өнім ретінде жануарларға арналған азық және биогумус өндіріледі. Жоба аясында 20 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл зауытты да жылдың соңына дейін іске қосу көзделген.
«Арнаулы автобаза» ЖШС – материалдық-техникалық базаны жаңғырту, 8 қоқыс таситын автокөлік сатып алу жобасы. Жобаның құны – 341,5 млн теңге. Өнеркәсіпті дамыту қорының екінші кезеңінен өтіп, қаржыландырылған. Жоба аясында 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. 2026 жылдың IV тоқсанында толық іске қосу жоспарланған.
«Жылыой тазалық» ЖШС – қолданыстағы қоқыс сұрыптау зауытын материалдық-техникалық жарақтандыру жобасы. Жобаның құны – 363,5 млн теңге. Жоба аясында 6 арнайы техника, 1 инсинератор және 1 пресс сатып алу көзделген. Жоба Өнеркәсіпті дамыту қорының екінші кезеңінен өткен.
Өңірде қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу саласын дамыту мақсатында «ЭкоҚолдау» субсидиялау бағдарламасы іске асырылуда. «Жанысбай» ЖК қағаз қалдықтарын, «Тулешова» ЖК пластик қалдықтарды жинау бойынша бағдарламаға тіркеліп, қызметтерін бастаған. Ал «Дәкенов» ЖК картон және пластик қалдықтарын жинауға ниетті.

ТӨЛЕМДЕР КӨЛЕМІ АРТҚАН

Біз басқармадан полигондарды заманауи талаптарға сай жабдықтау үшін жергілікті бюджеттен немесе табиғат пайдаланушылардың (мұнай компанияларының) экологиялық төлемдерінен қаншалықты қаражат бөлінетінін сұрадық. Ресми жауапқа сүйенсек, облыста қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төленетін эмиссиялық төлемдер мен экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар жергілікті бюджетке түседі. Аталған қаражаттар экологиялық іс-шараларды, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау мен қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамытуды қаржыландыруға жұмсалады.
Мәселен, соңғы екі жылда жергілікті бюджетке қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төленетін төлемдерден түскен қаражат көлемі артқан. Атап айтсақ, 2024 жылы – 10,0 млрд теңге, 2025 жылы – 15,1 млрд теңге, ал биылғы 9 айда – 12,09 млрд теңге.
Басқарма Атырау облысы бойынша Экология департаментінің мәліметін алға тартты. Онда экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жер қойнауын пайдаланушыларға салынған және объектінің орналасқан жері бойынша бюджетке есептелуге жататын айыппұлдар көлемі көрсетілген.
2024 жылы – 38,78 млрд теңге;
2025 жылы – 236,01 млрд теңге;
2026 жылдың 9 айында – 3,17 млрд теңге.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық- эпидемиологиялық бақылау комитетінің Атырау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі ҚТҚ орналастыруға арналған 6 полигонның санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар. Яғни тиісті санитариялық талаптарға сәйкестігі расталған. Биыл тұрғындардан департаментке облыс аумағында орналасқан қоқыс полигондарына қатысты шағымдар түспеген.

Ясипа РАБАЕВА

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар