///

Оралдағы жасыл желекті түгендеуге 47,5 млн теңге жұмсалмақ

51 рет қаралды

Орал қаласының дендрологиялық жоспарын әзірлеуге қала бюджетінен 47,5 млн теңге қарастырылған.

Қазіргі уақытта жүргізілген түгендеу, зертханалық талдаулар мен орманпатологиялық зерттеу нәтижелері негізінде Орал қаласының 2026-2030 жылдарға арналған бес жылдық дендрологиялық жоспары әзірленуде. Бұл жұмыс биылғы 30 қыркүйекке дейін аяқталуға тиіс. Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің мәліметінше, дендрологиялық жоспар шаһардың жасыл қорын сақтау, күтіп-ұстау, қалпына келтіру және одан әрі дамыту бойынша жүйелі тәсілді қалыптастыру үшін қажет.

– Бүгіндері қаланың әртүрлі аумақтарынан топырақ үлгілері алынып, олардың құрамы мен жасыл желектерді өсіруге жарамдылығына, суару үшін пайдаланылатын су көздерінің сапасы мен химиялық құрамына зертханалық талдау жүргізілді. Алынған нәтижелер негізінде қаланың табиғи-климаттық жағдайлары, топырақ ерекшеліктері және өзге де факторлар ескеріліп, нақты аумақтарға отырғызуға қолайлы ағаштар мен бұталардың түрлері айқындалмақ. Аталған жоспарды әзірлеу Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің қалалардың жасыл қорын түгендеу және цифрландыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде жүзеге асырылуда, –  деді Жандос Асхатұлы.

Орал қаласының дендрологиялық жоспарын әзірлейтін мердігер – «I-UNION» ЖШС.  Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша анықталған компаниямен тиісті келісімшарт жасалған. Биыл жүргізілген түгендеу барысында қала көшелері, саябақтары, скверлері, аллеялары және басқа да жалпы пайдаланылатын көгалдандырылған аумақтардағы жасыл желектер есепке алынып, паспортталыпты.

Қазіргі уақытта «Жасыл желектер тізілімі» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне 107 996 паспортталған жасыл желек бірлігі туралы мәлімет енгізілген. Әкім орынбасарының айтуынша, әрбір есепке алынған жасыл желекке жеке цифрлық паспорт жасалған. Онда өсімдіктің географиялық координаттары, орналасқан мекенжайы, тұқымы, негізгі дендрологиялық көрсеткіштері, санитариялық жағдайы, анықталған зақымдану белгілері көрсетіледі.

 Жандос Асхатұлы дендрологиялық жоспар жасыл қорды сақтауға және дамытуға бағытталған жұмысты жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді дейді. Соның негізінде жасыл желектің саны, тұқымдық құрамы, орналасқан жері мен санитариялық жағдайы бойынша мәліметтер қалыптастырылады. Қураған, әлсіреген және зиянкестермен зақымданған ағаштар анықталады.

Сонымен қатар бұл жоспар санитариялық кесу, емдеу, суару, күтіп-ұстау, ауыстыру және жаңа ағаштар отырғызуды жоспарлауға, әр аумаққа сәйкес ағаш-бұта түрлерін таңдауға және қажетті бюджет шығыстарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Сәйкесінше, ағаштарды жүйесіз отырғызудың алдын алуға, олардың жерсіну көрсеткішін арттыруға, қаланың тұрақты жасыл инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған.

Алматылық ғалымдардың зерттеуі

Биыл қаңтарда Алматыдағы Ботаника және фитоинтродукция институты Қазақстан қалаларында тұрақты әрі ғылыми негізделген көгалдандыруды дамытуға бағытталған жаңа әлеуметтік және білім беру жобасы –  «GREEN SCIENCE KZ» жобасын іске қосқан еді.

Мамандар  өңірлердің  климаттық  және  экологиялық  жағдайына  зерттеу  жүргізіп,  сол  жерде  өсетін  өсімдік  пен  ағаш  түрлерін  іріктеуде.  Ғалымдар жоба аясындағы алғашқы семинарды наурыз айында Орал қаласындағы Ботаникалық бақта өткізді.    Семинарда ботаника және фитоинтродукция институты ғалымдары Батыс Қазақстанның аридті климаты жағдайында жасыл желекті өсіру, күтіп-ұстау жөніндегі ұсынымдарын баяндады.

Сондай-ақ Орал қаласын көгалдандыруға қажетті ағаш-бұталы өсімдіктердің ғылыми негізделген ассортиментін таныстырды. Олар бұл еңбекте өңірдің табиғи климаттық ерекшеліктерін, өсімдіктердің топырақтың тұздануына, ылғал тапшылығына және антропогендік жүктемеге төзімділігін ескерген. Мысалы, ботаника және  фитоинтродукция институтының дендрология зертханасының меңгерушісі Айнұр Есжанова  платформасын таныстырды. Онда басқарушылық шешімдер мен ғылыми зерттеулерді қолдау үшін флора мен фауна деректері, визуализациялар, карталар мен есептер біріктірілген. Осы зертхананың аға ғылыми қызметкері Инга Бабай Орал қаласындағы жасыл желектерді күтіп-баптау жөніндегі ұсыныстарды  баяндады.

    – Орал қаласын зерттеу барысында шаһардың жасыл қорының негізін құрайтын ағаш өсімдіктерінің ассортименті анықталды. Біз ағаш өсімдіктерінің 102 таксонын тіркедік. 165 таксон өсімдігінің кестесі түзілді. Көгалдандыру үшін жергілікті питомниктерден алынған материалдарды пайдалануды ұсынамыз. Еуропаның тәлімбақтарында өсірілген өсімдіктер өңірдің климатына бейімделмеген. Өсімдіктерді  оңтүстік өңірлерден сатып  алмаған жөн. Өйткені тәлімбақта көшет орындарын  қазу және отырғызуға арналған қолайлы уақыттың  вегетацияның басталу мерзіміне сәйкес келмейді. Қаланы көгалдандыру үшін өнеркәсіптік елді мекендердің санитарлық нормалары ескерілуі тиіс. Яғни әрбір тұрғынға жалпы қолданыстағы  14-тен 24 шаршы метрге дейін  жасыл желек келуі тиіс, – деді Инга Валерьевна.

     Ал институттың аға ғылыми қызметкері Велта Масалова Орал қаласын көгалдандыру  үшін ұсынылған ағаштардың ассортиментін таныстырды. Оның айтуынша,  зерттеу нәтижесінде шаһарды көгалдандыру барысында ағаш-бұта өсімдіктерінің 97 таксоны анықталған. Өсімдіктердің сипаттамасында  олардың табиғи ареалы көрсетілген. Сондай-ақ жасыл желектің түтін мен газға, ыстыққа,  тұзға төзімділігі немесе төзімсіздігі, мол және жиі суаруды немесе жерасты суларының жақын болуын қажет ететіні сияқты басқа да қасиеттері сипатталған. Ассортиментте Орал қаласында өсіруге ұсынылатын ағаш-бұта өсімдіктерінің 189 атауы бар. Шаһарда өсіруге төзімді өсімдіктердің қатарында маньчжур өрігі, кәдімгі  өрік, сопақ беже (айва), кәдімгі бөріқарақат, амур бөріқарақаты, түкті шие, алқызыл долана секілді өзге де өсімдіктер  бар.

  Алматыдағы ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнара Ситпаева өз сөзінде институт жүргізген зерттеу нәтижелерін іс жүзінде енгізу ғылыми білімді тәжірибеге енгізудің маңызды құралы деп атап өтті.

    – Қазақстан қалаларын ғылыми-практикалық негізде көгалдандыруға бағытталған мұндай семинар елімізде бірінші рет өтуде. Бүгінгі ғылыми жұмыс – «Жасыл даму контексінде Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің тұрақты дамуы: кешенді талдау, тұжырымдама, болжамдық бағалау және сценарийлер» бағдарламасы бойынша 2023-2025 жылдары жүргізілген жұмыстың қорытындысы. Соның ішінде көптеген міндеттің бірі Орал қаласындағы көгалдандырудың қазіргі жағдайын анықтау болды.

Яғни көгалдандыру үшін қолданылатын өнімдердің түрлері, оның тиімділігін арттыру үшін қабылданған шаралар кірді. Әрине, екі жылдық зерттеу нәтижесінде біз, біріншіден, Орал қаласын көгалдандырудың негізі саналатын ең төзімді өсімдіктерді анықтадық. Ботаниктер Орал қаласын көгалдандыруға пайдалана беру үшін 94 таксонды ұсынды. Жаңа түрлерді енгізу үшін тағы 95 таксон ұсынылды. Орал шаһарын көгалдандыруда емен ағаштары кеңінен қолданылады. Сонымен қатар қараағаштың түрлері мен теректер бар. Елдің батысындағы бұл шаһар алуан түрлі өсімдік өсіретінімен көшбасшы саналады. Бұл, ең алдымен, қаланың экологиялық және климаттық жағдайына байланысты болса керек.

Алайда жасыл кеңістікті күтіп ұстау және көгалдандыру бағытында белгілі бір өсімдіктерді пайдалануға қатысты сұрақтар бар. Мысалы, қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы жасыл желектер ғылыми әдіс-тәсілдерді қажет етеді. Жалпы алғанда, Орал – жасыл қала. Бірақ енді мұнда өсімдіктердің жаңа түрлерін өсіріп, оларды  нақты ғылыми-практикалық тәсілдермен баптап, күткен жөн. Зерттеу барысында тек Оралда емес, сонымен қатар Қазақстанның басқа қалаларында да көгалдандыруда жиі кездесетін қателіктер анықталды.

Мәселен, қылқан жапырақты ағаштар шамадан тыс көп өсіріледі. Оларды отырғызуға сәйкес келмейтін жерлерге егіп қояды. Біз экзотикалық немесе сан түрі бар өсімдіктерді өсіруге құмар болмау  керек деп  санаймыз. Ең бастысы, жергілікті жағдайды ескеру керек және олардың жерсінуіне басымдық берген жөн,  – деді Гүлнара Тоқбергенқызы.

Орал қаласы ботаникалық бағының негізін қалаушы және жетекшісі Қайрат Кәрімов экологиялық маңызы зор ғылыми жобаға қолдау білдірді. Ол бұл бақты өсімдіктерді зерттеу және қолданысқа енгізудің ғылыми-практикалық платформасы ретінде қарастыратынын айтты.

Бюджеттен осынша қаражат бөлініп жасалатын Орал қаласының дендрологиялық жоспарында осы ғалымдардың еңбегі де ескерілетін шығар, бәлкім.

Ясипа Рабаева, 

Орал қаласы

фото Орал қаласы әкімдігінің сайтынан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар