///

Елімізде экологияны жақсартуға бағытталған жаңа заң қабылданады

85 рет қаралды

Фото: istockphoto.com

Мәжіліс экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.

Парламент депутаттары елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл құжат экология саласын цифрландыру, қалдықтарды ретке келтіру, парник газдарын азайту және «Қазгидромет» қызметін заман талабына сай жетілдіру сияқты маңызды шараларды қамтиды. Сондай-ақ заңда экологиялық тексерістер мен қоғамдық тыңдауларды ашық әрі нақты өткізу ережелері бекітілген. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында инвестициялық және мұнай-газ жобалары үшін экологиялық рұқсат алу мерзімі қысқартылды. Ал мұнай мен газды құбыр арқылы тасымалдау және барлау жұмыстары қоршаған ортаға қауіптілік деңгейі жоғары І санаттан жеңілдетілген ІІ санатқа ауыстырылды.

Заңды екінші оқылымда талқылау кезінде депутаттар жер қойнауын пайдаланушыларға өз учаскелерін бірлесіп игеру үшін қосалқы жалға беру құқығын берді. Сонымен қатар өндірісте ілеспе газ алауларын жаққан кезде ең озық әрі қауіпсіз технологияларды міндетті түрде қолдану талабы енгізілді. Жаһандық Париж келісіміне сай, елімізде парник газдарын азайтудың және орман алқаптары арқылы ауаны тазарту жобаларының ережелері нақтыланды.

Құжатта қалдықтарды өңдеу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Енді ауылдар мен кенттердің әкімдіктері қоқыс жинау, сұрыптау және көму орындарын тікелей өздері ұйымдастырады. Ал қоқыстарды есепке алудың бірыңғай тәртібі енгізіледі. Сонымен қатар өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) операторына жаңа міндет жүктелді: олар мемлекеттік ормандарда тілсіз жауды алдын ала анықтайтын өртті ерте ескерту жүйелерін орнатуды қаржыландыратын болады.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар