//

Оралда бірнеше күннен бері қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жанып жатыр

53 рет қаралды

Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

 Оралдағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны шілденің 27-сінен бері жанып жатыр. 37 гектар аумақты алып жатқан полигонның 15 гектары отқа оранды.  Бүгінде 6 гектар аумақта өрт толық сөндірілді. Ал 9 гектар жерде қызыл жалынмен күрес әлі де жалғасуда. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім еткендей өрт басталғалы 29 мың тонна топырақ тасымалданып, 7,5 мың текше метр су төгілген. 

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев оқиға орнына барып, өрт сөндіру барысын тексерді. ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов, жергілікті департамент пен қала басшылығының қатысуымен кеңес өткізді. Аймақ басшысы тілсіз жауды ауыздықтап жатқан  азаматтарды қорғаныс құралдарымен, ас-сумен уақытылы қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ осы  салаға жауапты орынбасары мен қала әкіміне жүйелі жоспар құруды жүктеді. ҚТҚ полигонын меншігіне алған компанияға қатысты тиісті шешім қабылданатынын айтқан әкім қала әкімдігіне осы жерде өрт сөндіру бекетін ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Күштер мен құралдарды көбейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Оқиға орнында 66 адам мен 49 бірлік арнайы техника тәулік бойы жұмыс істеуде?

Айта кетейік, Орал қаласының әкімдігі қоқыс полигонында басталған өртке байланысты төтенше жағдай режимін жарияланды.

700-1000 текше метр қоқыс шығарады

1975 жылы пайдалануға берілген ҚТҚ полигоны Орал қаласының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Шаһар тұрғындары полигонға тәулігіне 700-1000 текше метр қоқыс шығарады. ҚТҚ полигонына «ICM Recycling» ЖШС қызмет көрсетеді. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен қалдықтарды басқару бойынша кеңесте шаһар әкімі Мұрат Байменов мұнда жиналған қалдықтардың жалпы көлемі 1,8 млн текше метрден асатынын айтты. Мұндай есеп «Уралводпроект» ЖШС жүргізген зерттеуден соң белгілі болып отыр.

Жаңа ҚТҚ полигонын салу үшін қолданыстағы полигоннан 7 шақырым қашықтықтан жер учаскесі бөлінген. Жаңа полигонның аумағы 70 гектар, яғни бұрынғыдан 2 есе үлкен болмақ. Учаске Бәйтерек ауданының Белес ауылдық округінің аумағында орналасқан. Техникалық-экономикалық негіздеме  әзірленіп, оң сараптама қорытындысы алынған. Мердігер ретінде Алматы қаласының «Poligram» ЖШС анықталған. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу құны 101,8 млн теңге болса, құрылыстың құны 20 млрд теңге деп болжанып отыр.

Корейлер қоқыс сұрыптауға ниетті

Оңтүстік кореялық KOR Waste Management ЖШС-ның өкілдері Чон Джон Ок және Ем Ки Хун Орал қаласында жылына 100 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық өңдейтін қоқыс сұрыптау кешенін салуға ниетті. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев оңтүстік кореялық инвесторлармен кездесіп, жаңа инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысын пысықтады. Жоба құны – 14,1 млрд теңге. Өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралған жобаны жүзеге асыру үшін 25 гектар жер телімі бөлінді. Құрылыс кезінде 50 уақытша, ал нысан іске қосылған соң 100 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Қос тарап кездесу барысында электр энергиясына бекітілетін шекті аукциондық бағаны, инвестициялық шығындарды жабуға арналған мемлекеттік субсидияларды және «Жасыл даму» АҚ арқылы көрсетілетін қолдау шараларын талқылады. Өйткені тұрғындардың қоқыс шығару тарифі коммуналдық қызметтердің шығынын толық өтемейді. Бұл бастаманың өңір үшін маңызын атап өткен Нариман Төреғалиев құзырлы басқарма басшысына салалық министрлік арқылы тарифтер құнын нақтылауды тапсырды. 

Айта кетейік, Орал қаласының әкімдігі қоқыс полигонында басталған өртке байланысты төтенше жағдай режимін жарияланды.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2019 жылғы 28 маусымдағы №155 қаулысы негізінде жоғары өрт қаупі кезеңінде арнайы шектеулер күшіне енгізілгені туралы хабарлады қала әкімдігі. Құжатқа сәйкес, ауа райы толық тұрақталғанға дейін, яғни температура төмендегенше, күн сайын сағат 11:00-ден 20:00-ге дейін жеке тұлғалардың орманға баруына және демалуына, көлік құралдарының орман ішіне кіруіне қатаң тыйым салынады.

Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған және әкімдік қаулысының талаптарын елемеген азаматтар Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 367-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Айна Имашева, 

Батыс Қазақстан облысы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар