//

Базар жабылған жыл

73 рет қаралды

Сурет: ЖИ құралдарын пайдаланып жасалған

Бұл мақалада айтылатын оқиғалар Батыс Қазақстанда, негізінен бүгінгі Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарының аумағында өтеді. 1920-жылдары бұл өңір Орал губерниясы деп аталған. Губерния 1928 жылы таратылып, орнына округтер, ал 1932 жылдан облыстар құрылды. Сондықтан мәтінде кездесетін Жәнібек, Үрді, Жаңақала, Темір, Ойыл, Ырғыз, Жымпиты, Новобогатинск деген атаулар – бір ғана өңірдің әр жылдардағы әкімшілік бөліністері.

Архивпен жұмыс істеп отырғанда кейде бір құжат бүкіл көзқарасты өзгертіп жібереді. Мен үшін ондай құжат – 1926 жылғы бір тексеру есебі болды. Он бір бет, инспектордың қолы, ешқандай айқай жоқ. Бірақ оны 1931 жылғы қағаздармен қатар қойғанда, бес жылда не өзгергені өзінен-өзі көрініп қалады. Бұл мақала Батыс Қазақстанның архив құжаттары бойынша жүргізілген зерттеудің негізінде жазылды. Мұндағы сандардың бәрі түпнұсқадан алынған. Неге бұл маңызды? Ашаршылық туралы жазғанда біз көбіне жалпы сөзбен шектелеміз. Ал нақты механизм – қандай қағаз жазылды, қандай тапсырма түсті, кім қол қойды – сол жалпы сөздің артында жасырынып қалады. Осы механизмді көрсету – бұл мақаланың мақсаты.

1926 жылы Жәнібекте мал сатылатын. Бес жылдан кейін сол Жәнібектен мал жай ғана алынатын болды. Осы екі уақыттың арасында не болғанын архив қағаздары құрғақ тілмен, бірақ мүлтіксіз дәлдікпен айтып тұр. Шилаев деген инспектор туралы біз көп нәрсе білмейміз. Аты-жөні толық емес, өмірбаяны жоқ. Тек бір ғана нәрсе анық. 1926 жылдың күзінде ол Орал губерниясының ет дайындау ісін тексеріп, есеп жазған. Он бір бет. Астына «Инспектор, губ. басқармасы РКИ» деп қол қойған. Сол он бір бетті бүгін оқып отырсаңыз, өзіңіз білетін жерлердің мүлде басқа өмір сүріп жатқанын көресіз.

Есепте базарлар мен ярмаркалар тізіліп жазылған. Орал, Қаратөбе, Жымпиты, Шілік, Қызылқұм, Қалмақ. Базарлар қатарында Орал, Подстепный, Елек, Ташлы, Жәнібек бар. Мал сол жерлерде сатылады. Сатушы шаруа. Есепте «егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар» деп жазылған. Сатып алу тікелей жүргізіледі, ортада ешкім жоқ, төлем қолма-қол. Сатып алушы да біреу емес. Ет-мұздатқыш кәсіпорнының конторасы бар, Қазмемсауда бар, кооперация бар, «Мясо» деген қоғамның конторасы бар. Оның үстіне жеке саудагерлер жүр. Біреулері келімсек, малды тірідей басқа губернияға айдап әкетеді, енді біреулері жергілікті, сол жерде сойып, сол жерде сатады.

Шилаев жеке саудагерлердің үлесін есептеп, 27 пайыз деп жазады. Сосын өзін-өзі түзетеді. Ветеринарлық бөлімнің дерегін қосса, олардың үлесі 42 жарым пайызға жетеді екен. «Бұл мәліметтер дәл емес» деп ашық ескертеді, әсіресе жекелер бойынша.

Малдың жартысына жуығы жеке сауда арқылы өтеді. Мемлекеттік инспектор мұны жазып отыр, жасырып отырған жоқ.

Аппараты жоқ мекеме

Есептің ішінде бір сөйлем бар, оны бүгін оқыған адам аңырап қалады. «Жұмысшы аппараттары жоқ». Яғни ет дайындайтын мекемелерде тұрақты штат жоқ. Жұмыс агент-сатып алушылар арқылы жүреді. Ал олардың саны, деп жазады Шилаев, дайындаудың өсуіне, ұсыныстың артуына қарай өзгереді. Мұны бір рет ойлап көріңіз. Базарға мал көп шықса, агент көбейеді. Аз шықса, азаяды. Жүйе малға қарап бейімделеді. Ақша Орталықтан келеді, тапсырма да Орталықтан түседі. Мұнда жаңа экономикалық саясаттың «еркіндігін» асыра айтудың қажеті жоқ. Бірақ тапсырма базарда тұрған нақты малға тіреледі. Одан асып кете алмайды.

Шилаев губернияның бүкіл мұздату қуатын өлшеп жазады. Орал станциясынан жеті верст жерде, темір жол тармағының бойында екі тоңазытқыш бар. Екеуінің біреуі ғана жұмыс істейді. Сыйымдылығы жиырма мың пұт. Оның өзі жөндеуді сұрап тұр. Сою орындары екеу. Біреуі тәулігіне екі жүз бас, екіншісі алпыс бас. Осы сандарды есте сақтаңыз. Бес жылдан кейін керек болады.

Шилаевтың есебінде жоспардың орындалғаны да, орындалмағаны да бар. Орал конторасы жылдық тапсырманы ет бойынша 130 пайызға асырып орындапты. Ал бордақылауға арналған мал бойынша жоспар 73 пайызға ғана орындалған.

Себебі не деп жазылған? «Орал губерниясында жоғары кондициялы малдың шығуының шектеулілігі». Цераббкооп жоспарын небәрі 60 пайызға орындапты. Себебі «қаражаттың жеткіліксіздігі». Мал жетпеді. Ақша жетпеді. Осымен бітті. Есепте кінәлі жоқ, саботаж жоқ, тап жауы жоқ. Инспектор жағдайды жазады да, ары қарай кетеді.

Бес жыл

1928 жылдың тамызында ірі бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы қаулы шығады. Көшпелі ауданда төрт жүз бастан асса, тәркілеу. Жартылай көшпелі ауданда үш жүзден. Отырықшыда жүз елуден. Осы сәттен бастап мал басы шаруашылық өлшемі болумен қатар саяси өлшемге де айналады.

1929 жылдың күзінде архивте жаңа сөз пайда болады. «Передержка». Малды уақытша ұстап тұру. Себебі құжатта жазылған. Базарға мал шамадан тыс айдалып шығып жатыр, жаппай сою жағдайлары көбейді. Алда болатын өзгерістерге деген қауіп пен белгісіздік халықты малын жаппай өткізуге итермелегенін осы деректерден аңғаруға болады.

1931 жылдың көктемінде өлкелік комитеттің үстелінде бір кесте жатады. Жылдық жоспарды орындай алмаған аудандардың тізімі. Ырғыз, Ойыл, Ақтөбе, Гурьев, Жаңақала, Темір, Жәнібек, Үрді. Бәрі де таныс атаулар. Кестенің өз атауында бәрі жазулы. Бұл келесі тоқсанға берілген тапсырмасы жылдық жоспардың қалдығынан асып түскен аудандар. Темір ауданы жылдық жоспарды орындауға тақау қалған. Небәрі 81 мың бірлік жетпейді. Осы аудан келесі тоқсанға 1188,4 мың бірлік тапсырма алады. Қалғанынан он төрт жарым есе артық. Жәнібекте 85 мың қалған, тапсырма 757 мың. Үрдіде 132 мың қалған, тапсырма 652 мың. Гурьев жылдық жоспарын 92 пайызға орындаған, ал келесі тоқсанға берілген тапсырма қалған бөліктен шамамен төрт есе көп болған. Мұны есептеу қатесі деуге келмейді. Кестенің қалған сандары бір-бірімен дәл келеді, арифметикасы мүлтіксіз. Бұл аппараттың өз есебі, өз қолымен жазған.

Тек енді ол есеп базарда тұрған малға емес, қағазда тұрған санға қатысты. Шилаев жазған сөйлемді еске түсіріңіз. Агенттердің саны ұсынысқа қарай өзгереді. Бес жылда бәрі керісінше айналды. Енді тапсырма ұсынысқа қарамайды. Ол қалдыққа да қарамайды. Аудан үшін бұл нені білдіреді? Жоспарды қаншалықты жақсы орындасаң да, келесі тапсырманың жеңілдейтініне кепілдік жоқ. Керісінше, кей жағдайда ол бұрынғы қалдықтан бірнеше есе асып түседі. Енді кім кінәлі?

1931 жылдың қарашасында өлкелік комитет бюросы Маңғыстау мен Ырғыз аудандарындағы дәл сол мәселені қарайды. Жоспар орындалмай жатыр. Бес жыл бұрын мұны «мал жетпеді» деп жазатын. Енді басқаша жазылады. «Жол берілмейтін немқұрайдылық». Жоспарға «теріс қарау». «Таптық бағытты бұрмалау». Кінәлілерді үш күн ішінде тауып, қатаң жауапкершілікке тарту тапсырылады. Хаттамаға Голощекин қол қояды. Ал сол хаттамада малдың жағдайы туралы, жем-шөп қоры туралы, шаруашылықтардың төлем қабілеті туралы бір ауыз сөз жоқ. Талқыланатын жалғыз нәрсе пайыз. Ең ащысы, шектеудің өзі ешқайда кеткен жоқ. Ақшаның жетіспейтіні 1933 жылғы құжаттарда да сол күйі тұр. Лабин ауданында ақша болмағандықтан дайындау баяу жүріп жатқаны жазылған. Тек енді ол себеп ретінде қабылданбайды.

Толған тоңазытқыш

1931 жылдың 28 ақпанында Мәскеуге телеграмма кетеді. Рязань-Орал темір жолы вагон бермей отыр. Тоңазытқыш толып қалған. Күн жылынса жүк бүлінеді. Сол тоңазытқыш. Жиырма мың пұттық, жөндеу сұрап тұрған. Бес жылда оның қуаты өскен жоқ. Ал одан өтуге тиіс мал еселеп көбейді. Нәтижесі 1933 жылдың 1 наурызындағы есепте тұр. Дайындау жоспары 79 пайызға орындалған, ал жөнелту жоспары небәрі 33,5 пайызға. Осы екі санның арасы жүйедегі үлкен қайшылықты көрсетеді. Мал шаруашылықтан алынды. Бірақ оның едәуір бөлігі дер кезінде жөнелтілмеді. Ақбұлақ ауданынан келген хатта не болғаны жазулы. №118 кеңшардың бір базасында азық-түлік пен қысқы киім болмағандықтан жұмысшылардың бәрі қашып кеткен, екі-үш күнде сексен бас төл өлген. Көршілес топта айдаушылар кетіп қалғандықтан екі күнде екі жүз отыз бас ірі қара қырылған. Хат кінәлілерді жауапқа тарту талабымен аяқталады. Ал жұмысшылардың неге қашқаны, азық та, киім де болмағаны сол хаттың өзінде жазулы тұр.

Оралдағы хат

1931 жылдың 19 сәуірінде Орал қаласында бір адам өтініш жазады. Тегі Диқан. «Союзмясо» кеңсесінің қызметкері, партия мүшесі. Екі ай жалақы алмағанын жазады. Өзінің және екі жасар ұлының бес тәулік бойы аш отырғанын жазады. Суық пәтерде жатқанын. Хаттың соңы «Коммунистік сәлеммен. Жауап күтемін».

Бұл науқанды жүргізуге тиіс адамның хаты. Бес жыл бұрын Шилаев дәл сол қаладағы дәл сол саланың басшы құрамын «жеткілікті біліктілікке ие» деп бағалаған еді.

ОГПУ сводкасында бір ғана абзац бар, бірақ ол бәрінен ауыр. №10 ауылдағы үш жүз шаруашылық Түрікменстан бағытына көшіп кеткен. Себебі алдағы мәжбүрлі ет дайындау туралы қауесет деп жазылған. Аштық әлі басталған жоқ. Мал әлі тәркіленген жоқ. Тек хабар тарады.

Ал жүн бойынша есепте мынау тұр. Новобогатинск ауданында тапсырманы кедейлер мен орта дәулетті шаруалар 98 пайызға орындаған, байлар 41 пайызға. Бұл жерде науқанның салмағы кедейлер мен орта дәулетті шаруаларға түскені көрінеді. Себебін ОГПУ өз құжатында жазып қойған. Бай шаруашылықтары есепке алынбаған, өйткені оларда мал қалмаған.

2,3 пайыз

Бұл бәрінің қорытындысы, әрі оны біз ойлап тапқан жоқпыз. Кеңес әкімшілігінің өз құжатында тұр. 1933–1937 жылдарға арналған мал шаруашылығын қалпына келтіру жоспарының түсіндірме жазбасы. Онда былай делінген. 1933 жылы көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың тұрғындарында 1929 жылғы мал басының 2,3 пайызы ғана қалған. Қой мен ешкінің бір жарым пайыздан азы. Сол құжаттың өзінде бұл аудандарда мал шаруашылығы «экономиканың бірден-бір тауарлы саласы» болғаны, халықтың негізгі күнкөрісін бергені жазулы.

Яғни төрт жылдың ішінде бұрынғы мал басының 97,7 пайызы шаруашылықтардың қолынан шығып, жойылып кеткен. Оның ішінде тәркілеу мен дайындауға алынған мал да, жаппай сою мен шаруашылық күйзелісі салдарынан жоғалған мал да болды.

Шилаев 1926 жылы санаған жылына елу мың бас ірі қара губернияның бүкіл малы емес еді. Ол тек базарға шыққан, сатылған бөлігі ғана. Негізгі мал далада, иесінің қолында қалатын.  Жеті жылдан кейін сол негізгі малдың өзінен қырықтан бір бөлігі әрең қалды.

Ал бәрі базардан басталған. Дәлірек айтқанда, мал еркін сатылатын базардың орнын міндетті жоспар мен әкімшілік дайындау басқан жылдардан.

Мақала Қазақстан Республикасы архивтерінің 44, 141 және 962-қорларындағы құжаттар негізінде жазылды. Барлық сан түпнұсқа құжаттардан алынған.

Мұхтар Сүлейменов, 

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ, 

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар