///

Алма Сайлауқызы: Ұлыбританиядағы ғылыми тағылымдама жазбалары. Қорытынды: X бөлім

82 рет қаралды

Мінекей, он ай да артта қалды. Естеріңізде болса, мен Астанадан Лидске 10 айлық ғылыми тағылымдамадан өтуге келген едім. Міне, сол міндетті де шама-шарқымызша атқарып болып қалдық, енді елге қайтатын күн таяу. Барлығына мың шүкір деймін.

Осы он ай бойы өзім көріп куә болған, ой-санама ерекше әсер еткен, дүниетанымымды кеңейткен, ал кейбір «түсініктерімді» өзгерткен жайттың бәрін жүйелеп, іріктеп, оқырман назарына ұсынып келдім. Ең басынан бастап оқып үлгермесеңіз, сілтеме арқылы төменде көрсетілген әр бөлімге өтіп, басы неден басталды, Ұлыбританияның елең етіп қарар қызықтары мен шыжықтары қандай болды деген  сұрақтарға жауап табуға болады. Барлығы да осы Minber.kz сайтының мінберінен жарық көрген:

  1. Бірінші бөлім
  2. Екінші бөлім
  3. Үшінші бөлім
  4. Төртінші бөлім
  5. Бесінші бөлім
  6. Алтыншы бөлім
  7. Жетінші бөлім
  8. Сегізінші бөлім
  9. Тоғызыншы бөлім

Ал әр бөлімді шыққан сәтінде зерделеп отырған тұрақты оқырманым болсаңыз, төмендегі қорытынды бөлімге өтуге шақырамын!

УНИВЕРСИТЕТТЕ КҮЗЕТШІ ЖОҚ

Қырық сегізінші ерекшелік, британдық университеттерде күзетші жоқ. Кез келген корпусқа емін-еркін кіріп, оқу аудиторияларына да, профессорлар мен басшылылардың кабинетіне  де  еш кедергісіз өте аласыз. Нағыз қоғамдық орта. Бірақ қажет жерде бейнекамералар бар, әрине. Бұл да дамыған ел болудың бір белгісі шығар: барлығы тәртіпке сай, мәдениетті және қауіпсіз.

 Есесіне жатақханалары «қымтаулы»: сыртқы қоршаудан ішкі бөлмеңізге кірем дегенше, төрт құлыптан өтесіз. Неге олай дерсіз? Өйткені, жеке кеңістік қатты қорғалады. Ал осындай стандарттағы қоғамдық және жеке кеңістік қосылғанда, әрі еркін, әрі қауіпсіз теңгерімді ортаны иемденесіз. Тағы бір қызық айтайын, біздің Лидс университетінің оқу ғимараттарына жақындап келе қалсаңыз, корпустарының есігі өздігінен ашылады ғой. Ескі ғимараттар, ескі есіктер болса да. Ол не үшін керек деп ойландым. Арбадағы жандарға ыңғайлы болуы үшін жасалған екен. Инклюзия.

Жақындар-жақындамас айқара ашыла кететін есіктер өзіме ерекше жарқын көңіл-күй сыйлады, өйткені есіктің өзі: «Қош келдің!» деп қарсы алып жатқандай көрінетін… Мәз болып ішке кіресің, алдыңда пілдің құйрығын ұстағандай болып, маңғазданып тұратын күзетші жігіт те, күзетші ата да жоқ. Тек оқытушылар мен студенттер. Әрі кетсе, кішкентай шаңсорғышын арқасына іліп алып, күлімсірей амандасып кетіп бара жатқан тазалықшы апайды ғана көруіңіз мүмкін.

 ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АСА МӘН БЕРЕДІ

Қырық тоғызыншы ерекшелік, бұл жақта онлайн өмірдің де, шынайы өмірдің қауіпсіздігіне қатты мән береді. Жеке деректің, қызметтік деректің барлығы дұрыс сақталуы үшін ережелерді қатаң сақтап, оның қауіпсіздігіне, қолды болып кетпеуіне аса қатты мән береді. Ұлыбританияда ақпараттық қауіпсіздік мәселелері негізінен UK GDPR (Ұлыбританияның Жалпы деректерді қорғау) регламенті және Data Protection Act 2018 (Деректерді қорғау) заңымен реттеледі. Азаматтардың деректерін заңсыз жинаған, заңсыз қолданған немесе рұқсатсыз үшінші тарапқа таратқан ұйымдар қатаң жазаланып, айыппұл арқалайды.  ICO (Information Commissioner’s Office) деген тәуелсіз органдары бар,  егер жеке деректер қолды болғанын анықтап, дәлелдей алса, түк аямайды. Мәселен, 2023 жылы Солтүстік Ирландия полициясы 9 483 қызметкерінің жеке дерегін абайсызда Интернетке жариялап қойып, соның салдарынан ICO тарапынан £750 мың  паунд айыппұл арқалаған.

 Ең риза болғаным, біз сияқты 10 айға келген зерттеушінің өзі сол ережелерін оқып-таныспасына болмайтындай етіп жасап қойған ғой. Лидс университетінің ресми аккаунты беріле сала, сол заңдар бойынша кіріспе курс өттік. Ақпаратымен танысып бола сала, қысқаша тест тапсырдық. Әйтпесе ресми поштаңды жауып тастайды. Ал онсыз университеттегі мүмкіндіктерге (іс-шараларға тіркелу, професcорлармен байланыста болу, т.с.с.) жол бөгеулі. Әрине, біздің елдегі сияқты, «Қазір сілтемесін жібердік, қазір өт!» деген  аптыққан жүйе емес. Жеке дерек, инклюзия және жасанды интеллект атты мен өткен 3 курстың әрбіріне бір-бір айдан дедлайн берді. Осылай міндеттей отырып, өз деректерін қорғауға атсалысады әрі қадағалайды. Біздің елде де өрт қауіпсіздігіне байланысты ережемен таныстырады ғой, енді дерек /data/ қауіпсіздігіне қатысты да оқытатын (іс жүзінде оқытатын) уақыт баяғыда келді, негізі. Бәлкім сол кезде азаматтардың жеке деректері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі азаятын шығар…

ӘР ПРОФЕССОРДЫҢ ӨЗІ КАБИНЕТІ БАР

Елуінші ерекшелік,  Англиядағы әр профессордың өзі кабинеті бар екен. Он айда Лидс университетінің 100-ден астам корпусынан бөлек, Оксфорд, Бредфорд, Бермингем, Лидс Беккет, Ньюкасл, Манчестер, Шеффилд сияқты ЖОО-ларының корпустарын көрдім. (Тіпті Анкарадағы Қажы Байрам Уәли университетінде де сол стандарт екенін қазақ ғалымы Гүлжанат Құрманғали-Ерджиласун ханымның кабинетіне екі жыл бұрын барғанда куә болған едім). Иә, бәрінде сол стандарт. Ол кабинетінде ғылыми зерттеуін жазады, докторант-магистранттарына кеңес береді. Әр университеттің өз оқу қалашығы, әр факультеттің өз корпусы, әр корпустың өз асханасы мен өз кофеханасы бар.

Ең ерекше тоқталар жайт, әр оқу ғимаратынан білім алушының тынығып алуы үшін жасақталған оңаша, жайлы бөлмелерді таба аласыз. Сол кабинеттерге кірсең, шыққысыз ғой: неше түрлі түспен әрлеп, жарқыратып қойған. Жалпы ағылшындар сан алуан жарқын түсті қолданғанды ұнатады екен. Сондықтан болар, шағын аудиториясынан бастап, үлкен кітапханасына дейін түстерді «ойнатқанды»жақсы көреді. Мәселен, кітапхананың бір қабатының бүкіл интерьеріне күлгін түс қолданылуы мүмкін. Үлкен конференц-залдардың әр жердегі 5-6 орындығы әдейі ерекше қызыл түспен қапталуы мүмкін, ол қызыл түс қабырғадағы қызықты қырмызы картинамен үйлесіп тұрады дегендей… Ана түстерге қарап, көңіл-күйің көтеріліп сала береді. Бұл бір жағынан креативті және қалыптан тыс ойлауға ынталандыру жолы деп түсіндім.

СПОРТӨМІР САЛТЫ

Елу бірінші ерекшелік, британдықтар спортқа қатты мән береді. Оны қайдан білдің дейсіз ғой? Көшеге қашан шықсаңыз, бәрі жүгіріп барады: жасы да, жасамысы да, қызы да, жігіті де. Барлық айналаң бейне бір: «Спортпен айналы-ы-ы-с!..» деп тұрғандай. Ал университет қажет жағдайыңды жасайды: мен сияқты жатақханада тұратын қонақ ғалымдары да, студент-магистранты да университеттің фитнес орталығын тегін қолдана алады. Соның арқасында тығыз күн тәртібінің арасында аптасына 1 рет бассейнге барып жүрдім. Компьютерде сағаттап отыратын білім алушыға бұл деген керемет қамқорлық қой!

Жатақханада тұрмайтындар ол «Edge» фитнес-орталығына тегін кіре алмайды, бірақ жеңілдікке ие: фитнес орталықтың тарифі ресми сайтының мәліметіне сүйенсек, айына 25,50 паундты (17 800 теңге) құрайды. Бұл сомма орташа айлығы £3,253 паундты (2 277 000 теңге) құрайтын британдықтарды былай қойғанда, ресми түрде орташа айлық 461 486  теңге деп саналатын қазақтар үшін де өте арзан төлем екенімен келісетін шығарсыз?.. Ол аздай, сол «Edge» фитнес-орталығының клуб картасымен Ұлыбританияның түрлі қаласындағы жалпы саны 81 филиалдың қызметін пайдалана аласыз ғой…

Көшелер мен саябақтарда апта сайын, ай сайын сан алуан марафон ұйымдастырылып жатады. Футбол, крикет, регби сияқты спорт түрлерінің ғасырлар бойы қалай дамып жатқанын жыр қылып айтады, стадиондарындағы бәсекеге билет 2-3 ай бұрын сатылып кетеді. Екінші қыркүйек күні Шеффилдте өткен танымдық семинарда спортты дамытуға өз кезеңінде тіпті шіркеулері де атсалысқаны туралы дерек айтылды. Ал осыдан 100 жыл бұрын сол бір Шеффилдтің өзінде 200 ірілі-ұсақты футбол клубы болыпты. Спортты өмір салты етіп сіңіріп жіберуге бір жағынан, қоңыржай жайлы климат, ал екінші жағынан тоқ көңіл, үшінші жағынан шымыр болуға, денсаулықты күтуге бағытталған дәстүрлі өмір салты ықпалдасатын шығар. Содан болар, қарт адамдар тым көп болса да, алпыс-жетпіске келмей қисалаңдап, тәлтіректеп қалғандары өте сирек. Артық салмағы бар адамдар саны АҚШ-та көргенімнен 15-20 есе аз дер едім. Ата-әжелерінің 50-60 жастағылары әлі жүгіріп келе жатса, 70-80 жасқа келгендері таяқсыз, қол ұстасып, өзен жағалап, таза ауа жұтып бара жатады.

ҚАЗАҚҚА ҚАТТЫ ҰҚСАЙТЫН ТҰСТАРЫ

Енді осы тұста қазаққа қатты ұқсайтын және мүлдем ұқсамайтын ерекшеліктер туралы шолу жасап жіберейін. Өйткені ағылшындардың бізге өте ұқсайтын тұстары да жетерлік. Ұқсас, бірақ мәні мүлдем бөлек тұстары да аз емес. Жүз сексен градус басқа жақта тұрған белгілері де көп.

Алдымен британдықтардың бізге ұқсайтын тұстарын қысқаша санамалап кетейін.

1) Олар да қазақтар секілді сүтпен шайды жақсы көреді. Еуропалықтардың ішінде ең көп сүтпен шай ішкіш ұлт деуге болатын шығар.

2) Олар да біз секілді таңғы 5, кешкі 5 деп сөйлейді. Сөйлеп қана қоймайды, солай жазады:  5 a.m. немесе 5 p.m. деп.

3) Ағылшындардың «иә» сөзі мен қазақтың «иә» сөзі бірдей айтылады екен. Біп-бірдей естіледі. Әдеби, ресми нұсқасы «yes» қой, бірақ күнделікті сөйлесуде  «yeah»  (йеа)  дегенді ғана естимін. Бір нәрсені ағылшынша айтып жатсаң, тыңдаушың «Иә, иә…» деп тұрғаны өзіме өте жылы естіліп жүрді.

4) Олар да біздің халық сияқты қайырымдылық жасауға құмар. Жатақханаларда артық киім-кешекке арналған арнайы жәшіктер тұрса, дүкендерінде жағдайы жоқтарға беретін азық-түлік жәшіктері орналасқан. Әр адамды үнемі қайырымдылық жасауға үндеп тұрады. Мәселен, British Heart Foundation (BHF) сияқты жүрек-қантамыр ауруларымен күресетін қайырымдылық ұйымы бар. Жұрт өткізген заттарды өз дүкендер желісінде арзан бағамен қайта сатады да, түскен ақшаны  аурудың алдын алу, диагностика және емдеу бағытында жұмсайды. (Яғни бізден айырмашылығы, блогерлер арқылы танымайтын біреудің Каспий голдына ақша аудармайды).

 5) Сәлем салу – ұлттық дәстүрлерінің бірі. Бірақ бізден айырмашылығы сол, ерлер де, әйелдер де сәлем жасайды (тек әйелдер қаттырақ иіледі екен). Ол салт қазіргі таңда III Чарльз бастаған монархтың отбасы мүшелеріне қатысты қолданылады. Яғни қарапайым ағылшындар патша мен патшайымға, ханзада мен ханшайымдарға сәлем салады. Корольдің отбасы мүшелері де иерархия сақтай отырып, бір-біріне тәжім етеді.

 6) Жеке бас тазалығына мән береді. Қыз-келіншектері күн сайын боянбауы мүмкін, бірақ антиперспирантты жақпай шықпайтыны сөзсіз. Адамнан шыққан сасық иісті ұнатпайды. (Бірақ «мигрант бритиштер» өкінішке қарай…) Жергілікті британдықтар күніне бірнеше рет душ қабылдайды деп естідім. Ол сөз рас болуы мүмкін, өйткені оқу корпустарының көбінде душ кабиналары бар екенін көрдім.

7) Ағылшындардың кейбір мақал-мәтелдері қазақтардыкімен қатты ұқсас екен. Тіпті тұрақты сөз тіркестерінің  кейбірі сөзбе-сөз бірдей ғой. Мәселен,  «иық тіресіп жұмыс істеді» деген тұрақты сөз тіркесіміздің олардағы баламасы  «shoulder to shoulder…» деп келетінін естігенде, таң қалдым. Ал біздің «Бір бастан екі бас артық» деген мақалымыздың олардағы баламасы да тек мағыналас емес, сөзбе-сөз де сондай екен: «Two heads are better than one».

8) Ағылшындар да қазақтар сияқты өздерінше қонақжай. Ет асып күтпейді, әрине. Бірақ әрбір академиялық жиын 1 сағаттан асса, тәтті печенье мен ыстық шай-кофе; 2 сағаттан асса, жеңіл десерт пен сусындар; 3 сағаттан асса, салаттар мен ыстық тамақ ұсынатынына куә болдым (алдыңғы бөлімде де айтқанмын). Бірақ  біздікіндей ас та төк ысырапшыл қонақ күту атымен жоқ. Тапқан-таянғанын мәнді-мағынасыз тойға жұмсай бермейді.  Он айда  ондаған конференциясына қатыстым, бірақ бір де бір профессордың мерейтойын университет деңгейінде дүрілдетіп конференция жасап, тоқтаусыз мақтап, қонақ шақырып атап өткенін көрмедім, ондай атымен жоқ.

9) Ағылшындар да атты жақсы көреді екен (тек етін жемейді). Монархтары міндетті түрде атқа мінуді меңгереді, ресми шараларды атпен өткізуді салт еткен. Мәселен, алдыңғы патшайым ІІ Елизабета атжарыс дегенде, делебесі қозып, бәйгелерінің тұрақты сарапшысы болған, ал оның үлкен қызы Анна –  аттың құлағында ойнаған шабандоз. Маусым айында Лондонға барғанымда, Horse Guards Parade салтанатына куә болдым. Сол жолы бас алаңнан жүздеген сән-салтанатты атты сарбазды көрген едім.

10) Ағылшындар сөздің парқын біліп, астарлап, тұспалдап сөйлегенді ұнатады. Негізі бұрынғының қазақтары да сондай болған еді ғой. Марқұм Бекжан Әшірбаев ұстазымыз сондай асылдың сынығы еді, сол себепті Жүрсін Ерман: «Оның дүйсенбі айтқанын сәрсенбіде түсінеміз», деген еді, кезінде. Ал ағылшындар әлі сол қасиетін сақтап қалған. Адамның көңіліне қарайды, жұмсартып, астарлап айтқанды ұнатады екен.

11) Бұларда да біздікіндей бюрократия тауқіметі бар. Бірақ… логикаға сай, реттілігімен жүретін, қисынға бағынатын саналы, түсінікті бюрократия. Жауапты тұлғалары бір-біріне сілтей қоймайды, әркім өз құзіреті шеңберінде шешіп береді, жауапкершілік алудан қашпайды. Тек соның бәрі ұзын-сонар құжат толтырумен, 2-3 беттік хат жазумен, нәтижені апталап күтумен астасып жататыны болмаса.  Мәселен, университет поштасын ашып беруді бір ай күттім, онсыз университетте тырп ете алмайсың, интернетің де болмайды. Сол кезде жиі айтатын сөзі: «Өтініш, сабырлы болыңыз!» («Please, be patient!») Есесіне бәрі түбінде оң шешіледі, сосын кері байланысыңызға балаша шаттанып, мәз болып жатады.

 12) Бұл жақта да біздікіндей «тәуелсіз журналистика» атты термин бар екен. Кейінгі жылдары пайда болыпты. Негізі журналистика ешқандай сын есімсіз-ақ табиғатынан тәуелсіз, бейтарап, объективті және тек қоғам мүддесін ойлаған болуы керек қой.  Қалғаны пиар немесе пропаганда деп аталады. Алайда біздің елде көп жыл бойы мемлекеттік және тәуелсіз журналистика деп бөліп қабылдап келдік. Бұл жақта да енді осы тіркесті қолдана бастапты:  алмағайып кезеңде сөз бостандығы өз шеңберінде «шектеліп» жатыр-ау, соған қарағанда.  Еуропаның өзінде журналистикаға қысымды сезіне бастаса, біздің елдікі тіпті қиын халде деген сөз ғой…

 13) Олар да біз секілді «шоуқұмар» екен. Тек ол шоулары білім беруді көздеп, танымдық бағытта өтеді. Ондаған музейін араладым. Әрқайсысында әр сағат сайын шоу өтті.  Біреуінде ағылшындардың орта ғасырлардағы сарбаздарының әбзелдерін көрсету шоуын көрсем, екінші музейден ғылыми эксперименттер шоуын тамашаладым, үшіншісінде өндіріс қозғалтқыштарының «өнерін» тамашаладық. Ұзақтығы 15-20 мин. Ол шоулар сторителлинг, монолог, диалог және шынайы тарихи бұйымдарды көрсету арқылы жүрді.

14) Ағылшындар да балаларды қатты жақсы көреді. Бірақ жақсы көру дегенді тек айналып-толғанып, тамағын беріп, қалағанын істету, қолына телефон беріп қою деп түсінбейді екен. Балаларына қатты көңіл бөледі, алтын уақытын арнайды, мейірімін төгеді. Саябақтарда серуендету, табиғатқа шығу, құбылыстарды түсіндіру, тау мен тасты аралау, мейірім мен құрметке баулу, музейге ертіп бару, бассейнде бірге жүзу, жасанды интеллект зиянынан сақтау, цифрлық гигиена білімін арттыру… «Балаға берілген бірінші тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» деген сөздерді Ыбырай Алтынсарин емес, ағылшынның ұлт ұстазы айтқан ба деп қаласың.

ҚАЗАҚТАР МЕН ҚАЗАҚСТАНҒА ҰҚСАМАЙТЫН ТҰСТАРЫ

Ал енді қай жерлері біздің дүниетанымнан мүлдем бөлек деген сипаттарға келейік.

– Оларда бір паундтың да құны бар. Біздің бір теңгеміз сияқты валюта өлшемі ғой. Бір паунд түгілі, 50 пенстің өзіне (олардың 50 тыйыны) жеңілдік кезінде әжептеуір бір нәрсе сатып алуға болады.

– Жұмыс уақыты. Жұмысшылар қауымы көп жылдар бойы, тіпті ғасырлар бойы өз құқын қорғау жолында күресіп, қазіргі таңда жұмыс уақытын барынша қысқартып алған.

Манчестердегі Халық тарихы музейіне (People’s History Museum) барсаңыз, өндірістік революция кезінде қандай ауыр жағдайда жұмыс істегендерін және қаншама ереуілдер өткенін, қаншама кәсіподақ қалай талап еткенін білуге болады.

Ал ХХІ ғасырда азаматтары сол табанды күрестің жемісін жеп отыр.  Осыған орай әр мекеменің (мейлі ол музей болсын, кітапхана болсын, кафе-ресторан, не мемлекеттік мекеме болсын) жұмыс істейтін күндері мен уақыты да әртүрлі: бірі 11-де ашылып, 16.00-ге дейін ғана істесе, екінші бірі 9-де ашылып,  00-ге дейін, ал келесі бірі тек кешкі 17.00-де ғана ашылып (біздің жатақхана жақтағы «Tado» атты жапон асханасы, мәселен) 24.00-де жабылады. Бірақ елі құлдырап жатқан жоқ, дамып жатыр.

Қызметкердің көбі тек жарты күн (part time) немесе тіпті аптасына бірер күн ғана жұмыс істейді. Бірақ толыққанды әлеуметтік пакет алып, өміріне еркін жететін айлыққа ие. Сол себепті отбасына, жеке қызығушылығына уақыт бөле алады. Сабырлы, сыпайы, бақытты. Ал көшелері мен  қоғамдық көліктері кептеліс мәселесін  біздікіндей «сезінбейді», жол ашық, жүйе жолға қойылған.

– Қызметтегі қыз-келіншектерінің бет-әлпеті табиғи: жасанды кірпік, салынған қас, дүрдиген ерін немесе кесілген қабақ жоққа тән. Бірақ көбісінің денесінен айқыш-ұйқыш татуаж, мұрындары мен еріндерінен пирсинг көрдім. Ал шаштарын не мүлдем боямайды екен: ағарған шашымен түстес киім киіп, күмістей жарқырап жүре береді. Не табиғидан тыс  күлгін, жасыл, қызыл, көк түстерге бояп алады.

– Жасы да кәрісі де сазарып тұрмайды, әрдайым күлімсіреп жүреді.  Бір нәрсе сұрай қалсаңыз, зор ілтипатпен қол ұшын созуға, түсіндіруге әзір. Әрдайым. Сыпайылық пен жылы шырайды мәдениеттің басты белгісінің бірі санайды.

– Қолмен ашықхат жазып, әр мерекеде құттықтағанды ұнатады. Әр дүкенінде креативті, жарқын ашықхаттардың мың атасы тұрады ғой. Кез келген тақырыпқа бар. Шынайы тілек, шынайы ашықхат, шынайы әсер. Бізде де бұрын сол үрдіс бар еді, кейін онлайн өмірге құрбан ете салдық. Ал ағылшындар қадірлі, маңызды дүниесін сақтап, дамытып келеді.

– Әр сәт сайын «Кешіріңіз!» деп айта береді. «Sorry» оларға кешірім сұраудың да, өтінудің де, қайталап сұраудың да, «түсінбедім» дегеннің де синонимі болып кеткен бе дерсің. Жалпы, жиі-жиі кешірім сұрауға құштар.

– Рақметті де өте жиі айтады. Үлкен нәрсе жасасаңыз да, болмашы көмек көрсетсеңіз де, рақмет. Келсеңіз де рақмет.  Тыңдасаңыз да рақмет.  Рақметтің бұрын  өзім білмеген «Massive thanks!» деген түрін үйреніп алдым.

– Студенттері саяси іс-шараларға тартылмайды. Оларға ондайды айтудың, ұсынудың өзі ұят нәрсе деп саналады. Жастар ұйымдары мен клубтары көп-ақ, олардың бәрі Union атты бір жеке ғимаратта орналасқан, соған өздері топтасып, өздері жүргізіп жатады. Ойын-сауық, ортақ қызығушылық пен таным мақсатында бірігеді. Университет тек локация мен сайт беріп, институционалдық қолдау жасайды. Студенттерін тұлға ретінде қатты сыйлайды, тіпті артық сауалнама алуға да аяп тұрады ғой, шаруалары көп қой деп.

– Әр адам өзіне өзі жауапты. «Самостоятельность» пен қарапайымдылық қатты дамыған. Біреу істеп берсін, біреу салып берсін, алып берсін деп күтпейді. Басшылары да, қызметкерлері де. Индивидуализмнің отаны ғой қанша дегенмен. Қандай іс-шара болмасын, өзің тіркел, өзің ал, өзің сал, «Please, help yourself!» («Өтініш, өзіңе өзің қызмет ет!»)  деп тұрады.

– Дүкеннен зат алсаңыз, кассасында кейбіреуінің бағасы өзгеріп кетуі мүмкін. Біздің елдің кассасында көрсетілген бағадан қымбаттап сала берсе, Ұлыбританияда керісінше, тек арзандау жағына қарай өзгереді. Яғни тек клиент пайдасына қарай. Кемінде 10 рет сондай жағдайдың куәсі болдым.

– Олардың әр университетінің ғасырлар бойы келе жатқан өз ұраны болады екен. Латынша. Заман өзгерсе де, жылдар өзгерсе де, сол алғышарт болған негізден ажырамай, өз дәуіріне сай тәпсірлеп жүре береді. Мысалы, Лидс университетінің ұраны: «Білім арта түседі». (Et augebitur scientia). Оксфорд университетінің ұраны: «Жаратқан Ием – менің нұрым». (Dominus illuminatio mea). Ал Кембридж университетінікі: «Осы жерден білім мен тағылым аламыз». (Hinc lucem et pocula sacra).

– Кітапты бірнеше автор жазса, оларды «негізгі автор» және «қосалқы автор» деп атын атап, түсін түстеп көрсетеді екен. Жай ғана қаз-қатар қоя салмайды.

– Аудиторияларда университет оқытушыларына орындық қоймайды екен. Қызық. Әрине, ұстазды қатты сыйлайды ғой, бірақ олардың дәріс өту зонасынан орындық атаулыны өте сирек көрдім. Есесіне әр аудиторияда биік үстелге орналастырылған микрофон, компьютер мен экран бар.

– Әжетхана өте көп, өте таза және тегін. Біреуінен жаман иіс шықпайды ғой. Арнайы химия қолдана ма… Қанша қалаға, қанша далаға барсаң да, 5-6 кабиналы, қағазы толып тұрған әжетхана алдыңыздан шығады. Университетте де көп, басқа ғимараттарында да аз емес. (Бұл жағынан шынымен де мүлдем ұқсамай тұрмыз, өкінішке қарай. Қаларалық тасжолдар бойындағысын былай қойғанда, Астанадағы су жаңа деген «Нұрлыжол» вокзалының әжетханасының іші қорқынышты түстей естен кетпейді ғой, шіркін…)

– Тал өте көп және оның арасынан жабайы аңдарды жиі кездестіресіз. Мәселен, біздің оқу корпустарынан тиіндер, қояндар мен үйректерді көре аласыз. Ал жатақхана аумағында олардан бөлек жабайы түлкі жүреді. Әсіресе түнгі уақытта жан-жануардың неше түрді дыбысын естуге болады.

– Британдықтар әр сұраққа тәптіштеп жауап береді. (Бұл туралы алдыңғы жазбаларымда да тілге тиек еткен тұсым бар). Біз бір сұраққа 1 сөзбен, ары кетсе 3 сөзбен жауап беріп үйренгенбіз ғой, ал Англияға келер болсаңыз, әр сұраққа орташа 3-4 сөйлеммен жауап берілетініне дайын болыңыз. Супермаркеттің қызметкерінен бастап, университет қызметкеріне дейін. Мәселен, қазақтарда «Түзу жүріп, сосын солға бұрылсаң, алдыңнан керек ғимарат шығады», деген сөзді олар “Осы бағытпен 50 метрдей жүресіз. Сосын солға бұрылып, шамамен 10-15 бес метрдей алға жүресіз. Сол тұста бір ақтүсті ескерткіш көресіз. Соны айналғанда, арғы жағында сізге қажет ғимарат тұрады”, деп айтуы мүмкін. Тәптіштеу хат алмасқанда да көрініс табады. Қазір ойланып қарсам, егжей-тегжейлі баяндау Ұлыбританияға виза толтырған сәтімнен басталған екен ғой…

– Қайыршылары біздікінен көп сияқты. Ең дамыған, бай қуатты елде неге қайыршы көп деп когнитивті диссонанс болғаным рас. Оларды ешқандай полиция қумайды екен. Әр бұрышта, әр көшеде апталап, айлап жататын, қайыр сұрап отыратындар неге көп? Әбіржулі, иістері жағымсыз. Не болса да олар да түрлі материалдық, психологиялық себептермен өмір жолынан шығып қалатын болып тұр ғой. Адамдар тамағын, ақшасын, жылы көрпесін беріп кетіп жатады. Тұрғындардың жүрегінде жылылықты ұстап тұру қызметін атқарып тұрғандай көрінді маған, олар.

– Білімді сату арқылы қатты байып отырған ел. Тым қатты бизнес етіп алған деген сынды да естідім. Бір қызығы, бұл жақтың оқуына түссең, бітірмей қалу деген жоқ сияқты. Оқу ақысы удай, әрине. Үздік бағамен бітіретіндер де аз. Бірақ тілдік минимумнан өтіп қабылдаса (оны да төмендетіп жатыр), ақшасын төлесең, бітірмей қалмайсың, төменгі өту балын қойса да, дипломды береді. (Бұдан кейін британдық дипломы барлардың бітіру балына қарайтын сияқтымын). Оқу біздің ЖОО-ға қарағанда оңайырақ көрінді, өйткені еркіндік көбірек, пәндер азырақ. Алайда әр пәні салмақты, өзекті, қызықты.

– Олар да өз елінің егесі екенін жақсы сезінеді және әлі де сезінгісі келеді. Қанша ғасыр империя болған ел, бірақ «ұлық болсаң, кішік болды» сіңірген. Десе де мемлекеттік тілін, дәстүрін құрметтегенін қалайды. Әрине, келу ережесін қанша қатаңдатса да, мигранттар өте көп, проблемалары да аз емес. Оларға өздерімен тең жағдай жасаса да, өз құқықтары тапталған сәтте, қағып тастайды екен. Мәселен, биыл, 9 маусымда Белфасттағы пышақ шабуылынан кейін, антимиграциялық наразылық басталып кетті де, бірнеше қалада шеру өтті. Тіпті біз тұрып жатқан Лидсте де. Қобалжып қалдық. Ағылшындар ашулы еді. «Ерегіскен дұшпанға, Қызыл сырлы жебе едім. Жақсыларға еп едім, Жамандарға көп едім!» деген жыр жолдарын Махамбет Өтемісұлы емес, ағылшын ақыны жазған ба деп қалдым, сол жолы…

Сонымен, қорытынды бөлімнің қорытынды тұжырымы осы болды.

Ғылыми тағылымдамаға  қонақ ғалым ретінде келіп, қазақ азаматы ретінде көңіл аударып, көкейге жинаған қазынаммен бөлісуім осымен аяқталды. 2025 жылдың қарашасынан 2026 жылғы қыркүйегінедейін Ұлыбритания атты әлемнің керемет елінде, дамыған қоғамында, өз қызығы мен шыжығы да жетерлік ортасында өткен 300 күнде көрген-түйгенім осы болды, құрметті патша көңілді оқырман! Осындай мүмкіндікті берген туған еліме және талай зерттеушінің асыл арманына қанат бітіріп, білім мен ғылым әлеміне самғатып жүрген «Болашақ» бағдарламасына мың алғыс! Менімен бірге он айлық таным саяхатын жасаған әрбіріңізге ризашылығымды білдіремін.

 Сау бол, Ұлыбритания! Күт мені, Қазақ елім!

Алма Сайлауқызы

PhD ғылым докторы, “Болашақ” бағдарламасының

 «500 ғалым» ғылыми тағылымдама стипендиаты

Лидс университеті, Ұлыбритания

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар