////

Алма Сайлауқызы: Ұлыбританиядағы ғылыми тағылымдама жазбалары. IX бөлім 

68 рет қаралды

Фото: А. Сайлауқызының жеке мұрағатынан

Англиядағы тоғызыншы айым да аяқталды. Яғни көргенім мен түйгенімді қағазға түсіріп, тоғызыншы бөлімді де жазатын уақыт келді деген сөз. Бұл жақтың жазы өте жайлы екен. Қазір тамыздың басы, ауа-райы 23-27°C  аралығында тұр. Бұлардың жыл маусымдарында температураның жылдық ауытқуы аз ғой, сондықтан қысы мен жазы адамды қатты тоңдырмайтын да, қатты терлетпейтін де қоңыржай теңіздік климатқа жатады. Әйтсе де, күн райы сәл құбылса болды, сол тақырып «small talk» деп аталатын бейресми, күнделікті қысқа әңгімелерінің басты арқауына айналады. Британдық менталитеттің бұдан басқа да қызықты қырлары туралы жолсапар очеркімнің бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші бөлімде сөз еткенмін. Әлі оқымаған болсаңыз, аздаған уақытыңызды бөліп, оқып шығыңыз: танымыңызды кеңейтіп, біліміңізді арттыра түсіңіз. Ал оларды оқып алған болсаңыз, бүгінгі бөлімді оқу сізге тіпті жеңіл әрі түсінікті болары сөзсіз.

ҰЛЫҚ ӘРІ КІШІК БАСШЫЛАР

Қырық екінші ерекшелік, бұл жақтың бірінші басшылары қызметкерлерімен кездесуге, олардың алдында есеп беруге, сұрақтарына жауап беруге аса ықыласты. Тіпті оған өздерін міндетті санайды екен. Сол үшін бір оқу жылында бірнеше дүркін сондай жоспарлы іс-шара өткізеді. Университеттің басқарма төрайымы да, провосты (ректоры) да 2-3 ай сайын жиын өткізіп, онда білім ордасының бүгіні мен келешегі туралы сөз қозғап, жоспарымен бөлісіп, қызметкерлерінің сұрақтарына онсайд (жүзбе-жүз) және онлайн форматта жауап береді. Open discussion деген  бөлімде кей түйткілдерді оқытушылармен бірге ашық талқылап, бірге ақылдасады. Біз сол екі басшының да жиналыстарына қатысуға мүмкіндік алдық. Алдымен, Лидс университетінің вице-канцлері (Vice-Chancellor) және президенті профессор Shearer West ханым өткізген кездесуге қатыстық. Ақпан айындағы күнді таңдап, алдын ала тіркелдім. Ол кісі –  университеттің ең жоғары атқарушы басшысы ретінде университеттің жалпы жетекшілігіне, басқаруына және қаржылық тұрақтылығына жауап береді. Қызметкерлер форумы (Staff Forums) деп аталған ол жиында университеттің стратегиясы, ұстанған саясаты, жобалары, өзгерістері мен жаңалықтары туралы ақпарат алдық. Ал мамырда өткен «Провостпен кездесу» іс шарасында вице-канцлердің орынбасары және провост Hai-Sui Yu мырзаны тыңдадық. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген мақалмен тәрбиеленген бе дерсің. Екеуі де өте қарапайым, кішіпейіл және әзілқой басшылар екен. (Жалпы, британдық оқытушылар мен ғалымдар әзілді әр сөзіне тұздық етіп қосып отыратынын бұған дейінгі бөлімдерде айтқан болатынмын). Оқытушы ғалымдар тарапынан спецификалық сұрақтар болса, университеттің түрлі бөлім басшылары сақадай сай тұрады екен. Олар бірінші басшыны дереу іліп алып кетіп, қандай күрделі, ауқымды сұрақ болмасын, нақты және дәл жауап беріп тұрды. Біз сырттан келген қарапайым қонақ ғалым болсақ та, осы ЖОО-ның ішкі асханасына үңіліп көруге мүмкіндік берген ашықтығына риза болдық. Оң тәжірибелерін, тиімді ұстанымдарын және үлгілі істерін санаға түйіп алуға тырыстық.

ІС-ШАРАНЫҢ БІР БӨЛІГІНЕ ҒАНА ҚАТЫССАҢЫЗ БОЛАДЫ

Қырық үшінші ерекшелік, Англия университеттерінде күні бойы өтетін іс-шараның тек бір бөлігіне қатысамын деп тіркеле аласыз. Конференциялары көбіне бір күнге ғана созылады екен. Біздікіндей секцияларға бөлуі сирек, тек 1,5 сағатқа бөлінген бірнеше бөлімнен тұруы мүмкін. Сондықтан көбіне жиналған тыңдаушының бәрі бір локацияда бірге отырып тыңдайды. Назар тек қозғалған тақырыпта болып, алаңсыз көңіл бөлгізу үшін, қысқа үзілістерде шай мен кофе, тіскебасар тәттілер мен жеміс-жидек ұсынады. Ал 3 сағаттан артық болатын жиында міндетті түрде түскі ас немесе кешкі ас беріледі. (Oл туралы төмендегі тақырыпшада толық тоқталамын). Қарны аша бастаған ғалымдар ас ішу үшін басқа жаққа кетіп қалмайтындай, қайта жиында айтылған құнды ойларды сол үзілістерде одан әрі тереңдетіп талқылай алатындай, ақылмен және қонақжайлықпен ұйымдастырылған тәсіл ғой. Ал ең бастысы, сол күні бойғы шараға толықтай қатыса аласыз немесе ішінара қызықтырған нақты бөлімге ғана тіркеле аласыз. Бағдарлама 1 ай бұрын, кем дегенде 1 апта бұрын толыққанды бекітіліп, әр қатысушыға пошта арқылы жолданып қоятындықтан, оны жүзеге асыру аса қиын емес. Мәселен, ғылыми іс-шара /конференция, шоукейс, семинар немесе уоркшоп/ түске дейін 2 бөлімнен және түстен кейін 2 бөлімнен тұрса, мен тек алғашқы екеуіне қатысып, түскі астан соң, басқа шаруаларыма кете аламын, ал ұйымдастырушылар түстен кейінгі шайға мені жоспарламай, ысырапшылықтың алдын алады. Қалауына қарай қатыстырудың бұл әдісі әрі көпшіліктің қай бөлімге, қай тақырыпқа  қаттырақ қызығатынан анықтау үшін де пайдалы ма дедім.

Тағы бір қызық ерекшелік, әр іс-шараның  2-3 минуттық кіріспе сөзі болады, онда ғимараттың өрт қауіпсіздігі туралы мәлімет беріліп, ең жақын әжетхананың қайда екеніне дейін міндетті түрде айтылады. Ол жиындарда сөйлеу құқы сол жерде жылдар бойы істейтін профессорға да немесе мен сияқты қонақ ғалымға да берілуі мүмкін. Немесе ғылымға енді қадам басқан магистранттан бастап, қарапайым студентке дейін сөз алуы ықтимал. Сонда спикерлердің ғылыми дәрежесі де сан алуан, жас айырмашылығы да әртүрлі деген сөз. Айтары бар, бөлісері бар жан болса болды. Университеттегі Оқытушылықты шыңдау институтының өкілдері мені де сондай маңызды шоукейске басты спикер ретінде шақырды. 15 шілде күні Лидс университетінің оқытушы-профессорлық құрамының алдында БҰҰ-ның Тұрақты даму бағдарламасын енгізу бойынша Қазақстандағы тәжірибеммен бөлісіп, презентация жасадым. Таңғы 10-нан 3-ке дейін жоспарланған іс-шараның түске дейінгі бөлігінде сөз алдым. Біраз әріптес сол бөлімге ғана тіркеліп, ол біткен соң, кетіп қалды. Сондай-ақ түске дейін болмаған жаңа әріптестер түстен кейінгі бөлімге келіп қосылып жатты.

«АС – АДАМНЫҢ АРҚАУЫ»

Қырық төртінші ерекшелік, британдықтар ас адамның арқауы екенін қазақтан да жақсырақ түсінетін сияқты. Бүгінге дейін Ұлыбританияның он шақты университетінде болып көрдім. Барлығында да оқытушылар мен докторанттарға, магистранттар мен студенттерге тегін ас-су ұсынып жатады. Қырық бес минуттан алпыс минутқа дейінгі іс шара болса, ондай ештеңе бермеуі мүмкін, әрине. Алайда 1-3 cағат аралығындағы жиынға сусын мен тіскебасар міндетті түрде ұсынады. Кейде тіпті пицца мен жеміс, балмұздақ береді. Ал 3-5 сағаттық жиындарда әдетте түскі ас немесе кешкі ас таратады. Мәселен, біз тағылымдамадан өтіп жатқан Лидс университетінің оқытушыларға арналған көптеген семинар, шоукейсіне қатыстым ғой, солардың барлығында сэндвич, жеміс, шай берді.  Ешқандай официант жоқ, жеткізуші курьер семинар өтіп жатқан кабинеттің сыртына қораптарға салынған ас-суды қойып кетеді.  Сосын ұйымдастырушылар үзілісте оларды ішке кіргізіп, столдарға жайғастырған соң, тізіліп кезекке тұра қалып (британдықтардың ең сүйікті әдеті), өзіңе өзің қызмет ете бастайсың. Термостағы ыстық шай-кофені өзің құйып, тамақ-салатты өзің таңдап салып аласың, сосын қоқысыңды өзің жинап тастайсың. Назар аударарлық бір жайт, ол тағам түрлерін университет асханасы дайындап, өздері жеткізеді, ұйымдастырушылар тек ішкі жүйе арқылы тапсырыс берсе болғаны. (Сыртқа ақша шашпайды). Денсаулыққа пайдалы, жеңіл, құнарлы тағамның сан түрі болады. Манчестер, Оксфорд, Бермингем сияқты ірі университеттерде де, Бредфорд, Лидс Беккет сияқты шағын ЖОО-ларда да сол бір стандарт. Астың жетпей қалған кезін көрмедім, бәрін қатысушылардың санына сай жеткілікті етіп әкеледі. Тек бір ғана әттеген-айы бар дер едім: көбіне бір рет қана тұтынуға арналған ыдыс-аяқ қойылады. Экологиялық талапты ең жиі көтеретін ел үшін сол бір әдет жараспайтындай көрінді…

Бірақ олардың кітапханаларының ішіндегі оқу залдарында тамақ жеуге болмайтынын көрдім.  Тыйым салынған. Тек су ғана алып кіруге рұқсат. Есесіне әр кітапханадан, әр корпустан қолжетімді бағаға кофейнялар ашып қойған. Ол кафелер де – университет меншігі. Әр нүктеде даналап сатылатын жемістің түр-түрі тұрады. Ең ерекше тоқтала кетер маңызды факт, әр корпуста фильтрдегі салқын-ыстық су және  лимон, лайм, апельсин, жалбыз қосылған тегін сусын мен бір реттік стақандар тұрады.

КӨРШІ ҚАЛАЛАРДЫҢ АРАСЫ – САЙРАҒАН ЖОЛ

Қырық бесінші ерекшелік,  қаларалық байланыс өте күшті дамыған. Тікелей мағынасында да, ауыспалы мағынасында да. Мәселен, елдің  солтүстігіндегі қаланың бірі Эдинбургтен оңтүстіктегі нүктесі Лондонға дейінгі 650 шақырымды жүйрік әрі жайлы поезбен 4 сағатта еңсеруге болады. Ел ішіндегі түрлі қалаға қатынайтын поездар кестесі күнмен, тіпті сағатпен емес, минутпен ажыратылады. Ол тек ішкі туризмге ғана емес, академиялық байланысқа да өте оң ықпал етіп отырған артықшылық дер едім. Сондықтан болар, ғылыми конференцияларға түрлі қаланың университеттерінен ғалымдар ағылып келіп жатады, ынтымақтастық қатты дамып тұр. Университетаралық түрлі жобалар қарқынды іске асырылып жатады. Қоғамдық көліктер барлық жағынан (жол сапасы, жайлылық, жылдамдық, қолжетімділік, қауіпсіздік) жақсы дамыған және билет бағалары өз айлықтарына шаққанда қолжетімді. Тіпті бір қаладан екінші қалаға күн сайын қатынап жұмыс істейтіндер аз емес екен. Мәселен, Данияр атты қазақ азаматы өзі Оксфордта тұрса да, күн сайын 110 км жердегі Бермингем қаласына жұмысқа қатынайтынын айтты. Ал біздің Лидс университетінде жұмыс істейтін Пъер атты профессор 45 км жердегі Йорк қаласында тұрады, сол жақтан біздің қалаға қатынайды. (Поезбен отыз-ақ минутта жетеді). Бұл жақтың оқытушы ғалымдарына құдайдың құтты күні университетте болу шарт емес: аптасына 2-3 рет қана келіп дәрісін өткізеді, қалған уақытта үйінде зерттеумен айналысады. Сондықтан көңілі қалаған жерде үйін алып, өмірін сүре береді.

Бұл жақта поездан да арзан қалааралық автобустар көп. FlixBus және National Express деген компаниялардың сайтына кіріп, қалаған бағытқа қолайлы, арзан билетті шертіп тұрып, таңдап алуға болады. Оның іші де жайлы, әр жолаушының билетіне отыратын орын, бір үлкен жол жүгі және бір қол жүгі кіреді. Ішінде кондиционері, телефон қуаттағышы және туалеті бар автобуста жол жүру қиын емес. (Айтпақшыдай, поездарының да, автобустарының да туалеттері таза, ішіне арнайы химия сала ма білмеймін, әйтеуір жаман иісі бұрқырап жатпайды…) Ең қызығы, автобус жүргізушілері шамамен 2 сағат сайын алмасады екен. Олар белгілі бір қалаға жеткен соң, тынығып тұрған келесі шопыр тізгінді алып, одан әрі жүйткиді. Кешігу деген жоққа тән, минутына дейін уақтылы. Қауіпсіз, әрі бәрі мәз. Былтыр АҚШ-қа барғанда, жүк көліктерін айдайтын шопырлар белгілі бір сағаттан соң міндетті түрде тоқтап демалмаса, көлігі автоматты түрде сөніп қалатынын көрген едік. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу нақты осындай ережелермен қалыптасатыны анық қой. Адам құқы, адам өмірі бірінші құндылық дегеннің нақты дәлелі осындай болатын шығар.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ КІМ ҚАТТЫ ОҚЫП ЖАТЫР?

Қырық алтыншы ерекшелік, британ университеттерінде жасанды интеллектке қатысты мамандықтарда оқып жатқандар негізінен индустар, арабтар мен қытайлар. Ең көбі әрине, қытайлық студенттер. Сосын ең қызығы, дәл осы мамандықтарда бетін тұмшалап жабатын ниқаб киген араб қыздар көп екен. Конференция мен уоркшоптарда дәл солар өте жиі баяндама жасап жатады. Түрін көру қиын, бірге түстенгенде де тамақ жеуге қиналады. Ол араб елдері өз қыздарының да осы саладағы білімін қолдайтын сияқты, өйткені IT бойынша білім грантын (scholarship) алып келген қыз-келіншектерін көп кездестірдім. Ішінде студенттер де, магистранттар да, докторанттар да және біз секілді тағылымдамада жүрген ғалымдары да бар.

DeepMind-тың негізін қалап, бүгінде Microsoft AI басшысы болып істейтін Мұстафа Сулейман өзінің жасанды интеллект туралы бестселлер кітабында  Кеңес Одағынан асып түсем деп секіріс жасаған АҚШ-ты, сосын одан озып кетемін деп жанталасып жатқан Қытай мысалын көрнекі үлгі етеді ғой. Келесі кезек үндістандықтар мен арабтарда тұрған сияқты, жалпы.

Біздің «Болашақ» бағдарламасы да соңғы уақытта тағылымдамаға негізінен ЖИ мамандарын жіберуге басымдық  беріп жатыр ғой. Алайда сол жаңа технологияның адамзатқа тигізер зиянын барынша азайту үшін зерттеу жасайтын гуманитарлық ғылымдарда британдықтар мен еуропалықтар тізгінді ұстап тұрғанын байқадым. Негізі бізге екеуін теңгерімді жолмен дамыту қажет деп санаймын. Қатты дағды мен жұмсақ дағды секілді екеуінің де маңызы бір-бірімен астасып жатыр, түсінген жанға.

ҒЫЛЫМИ МАҚАЛАНЫ НЕ ҮШІН ЖАЗАДЫ?

Қырық  жетінші ерекшелік,  Ұлыбритания ғалымдары үшін ғылыми мақала жазу философиясы біздікінен мүлдем басқа. Олар ең алдымен қоғамдағы түйткілді анықтайды, оны шешуге деген талпыныстарды зерделейді. Сосын зерттеу құралдарын, дерек жинау түрлерін, оны қауіпсіз қолдануды үйренеді, көптеген мақала үлгілеріне «сүңгиді», жан-жақты қаржылай және институционалдық қолдау алады. Ал ең соңында қажетті нәтижеге қол жеткізген соң, оны өндірістің игілігіне жаратуға асығады.  Ғылыми мақала жазу –  олар үшін зор мақсат және бірнеше жылдық жұмыс. Жазып біткенше тақырыбына ұқсас бірнеше конференцияға қатысып, өз ойын зерттеушілер талқысына салып, «пісіріп» алады, сол идеясымен ғылыми постер дайындап, кері байланыс жинайды. Мысалы, жүріп тұрған бизнес қызметінен жиналған деректерге сүйеніп, банктегі алаяқтық үлгілерін анықтауға көмектесу үшін жылдар бойы жүргізілген қаржылық операцияларды зерттейді.

Олар ғылыми мақаланы басшылыққа есеп беру үшін жазбайды. Мақала саны көп болуы үшін де жазбайды. Бір ғалым өзінің ең мықты жазылған екі мақаласымен-ақ абыройлы болып жүре алады, өйткені. Әрине, сапалы мақала ғылыми атақ пен университет рейтингіне әсер ететіні рас. Дегенмен олардың ғалымдары мақаланы ең алдымен, ғылыми нәтиже арқылы қоғамды дамыту үшін, оң өзгеріс әкелу үшін, тиімділікті арттыру үшін жазады.  Скопус базасына енетін квартилі жоғары журналдарға мақаласын тегін шығарса да, соны жазу, мақаланы қабылдату барысы өте ұзақ уақыт пен өте ауқымды қаржылық, адами қолдаудан тұрады екен.

ТАТУАЖДЫ ТҰМАРДАЙ КӨРГЕН

Ал енді дәстүр бойынша, сөзіміздің соңына қарай, үлгілі деп саналмайтын ерекшеліктерге де тоқтала кетейік. (Әрине, біздің ұлттық көзқарас бойынша ғана). Бұл жақтың жергілікті халқының ішінде татуажды адам тым көп. Денесіне айқыш-ұйқыш сурет салып алғандардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Өткен жолы философия мектебінде дәл осы тақырыпқа арналған бір күндік конференция өтті. Танымымды арттырып, татуажды тереңірек түсініп көрейінші деген оймен тіркеліп, мен де бардым. Бірнеше докторант пен профессор татуаж жасатудың тарихи тамырына үңіліп, оның бүгінгі таңдағы рөліне талдау жасады. Викингтер дәуірінен бастау алатын денеге сурет салудың бұл дәстүрі оларға жай ғана қызық үшін емес, тұмар секілді сеніммен астасқанын сол жиында білдім. Қызық, иә? Әр суреттің өз мәні бар, қай дене мүшесіне нені салудың да сырын зерттеп жатыр. Дегенмен қазіргі татуаж жасатқыштар кейде асыра сілтеп, бұрынғы мазмұнды бұрмалап кететінін де мойындады. Өздерінің еркіндігін, батылдығын және ата-баба жолына адалдығын осы әдіспен танытқаны өзіме қызық көрінді. Ал біздің татуаж жасатқыштар қай ата-бабасының жолын ұстанып жүр екен?..

«КАРЕН БОЛМА!»

Тағы бір таң қалдырған ақпарат, ағылшындар арасында адам есіміне  байланысты буллинг бар екен. Кейбір таптаурын түсініктер қалыптасқан. Бұрын әдеби шығармалардағы кейіпкерлер (мысалы, Шекспирдің Othelloсы) белгілі бір есімдерге жағымды не жағымсыз мәдени ассоциация қалыптастырса, бүгінгі әлеуметтік желілер дәуірінде нақты адамдардың әрекеті мен интернет-мемдер де тұтас бір есімді белгілі бір мінез-құлықтың символына айналып үлгерген. Соның салдарынан Карен, Дебби деген есімдер күлкі мен мазақтың объектісіне айналып кеткен. Оны кәдімгідей үлкен мәселе етіп көтеріп, әлеуметтік медиа туралы конференцияда жеке тақырып етіп көтерді. Мәселен, Karen есімді қыз-келіншектің бәрі «Менеджерді шақырыңызшы!» типіне жататындай болып қабылданады екен. Ондай жандар өзін ерекше құқықты санайтын және ұсақ нәрсеге қатты шағымданатын типке жатады деген стереотип қалыптасқан. Тіпті Cambridge Dictionary сөздігінде Karen-ді қоғамдағы артықшылығын пайдаланып, шағымдана беретін, өзгелерге нашар қарайтын әйелдің бейнесі ретінде тіркегенін қайтерсіз?.. Осы есім 2010 жылдардың соңында мемге айналған, ал 2020 жылғы пандемия кезіндегі видеолардан кейін, бүкіл ағылшынтілді әлемге әлеуметтік стереотип болып тарапты. Сондықтан қазір «Карендей болма!»  (Don’t be such a Karen!) деген сөздің астарында «Ұсақ-түйекке бола жанжал шығара берме!» деген месседж жатады. Ал сондай аты бар қыздарға қиын-ақ. Қазақ қоғамы осындай жағымсыз стереотиптерден аулақ болса екен деп тілеймін.

Әзірге осы. Ұлыбританияның қызығы мен шыжығы туралы бұдан да көбірек білгіңіз келсе, алдыңғы бөлімдерді оқыңыз және келесі бөлімді күтіңіз. Тағылымдамам аяқталуға жақын. Бірақ бөліскім келетін ақпарат көп-ақ. Пайдалы білім болсын

Алма Сайлауқызы, 

PhD ғылым докторы, “Болашақ” бағдарламасының

«500 ғалым» ғылыми тағылымдама стипендиаты

Лидс университеті, Ұлыбритания

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар