/

Білім заңына жаңа өзгерістер енді

76 рет қаралды

Фото: gov.kz

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Қазақстанның білім беру саласына мұғалімдердің құқығын қорғап, әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған ауқымды түзетулер енгізілді. Жаңа нормаларға сәйкес, бұдан былай педагогтер мен мектеп басшылығы баланың қауіпсіздігіне тек сабақ уақытында ғана жауапты болады, ал қалған уақытта бала өмірі мен денсаулығына ата-аналардың жауапкершілігі нақтыланды. Сонымен қатар мұғалімдерден заңда көрсетілмеген есептерді талап етуге ресми түрде тыйым салынды. Ең маңыздысы — құжаттарды бір мезгілде әрі қағаз, әрі электронды форматта жүргізуді міндеттеген басшылар үшін енді әкімшілік жауапкершілік қолданылады.

Заңнамадағы ерекше өзгерістердің бірі мектептердегі ұялы телефондарды пайдалануды реттеуге қатысты болып отыр. Оқу-ағарту министрлігіне оқушылардың сабақ үстінде гаджеттерді қолдану қағидаларын бекіту құзыреті берілді. Сондай-ақ білім жүйесіне «академиялық адалдық» ұғымы енгізіліп, зияткерлік меншікке құрмет көрсету мәдениеті күшейтілмек. Техникалық және кәсіптік білім саласы үшін де үлкен жаңалық бар: WorldSkills халықаралық кәсіби шеберлік конкурсының жеңімпаздары енді ҰБТ тапсырмай-ақ, өз бейіні бойынша жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие болды.

Бұған қоса жаңа түзетулер аясында жергілікті әкімдіктерге дарынды балаларды қолдау міндеттелді. Енді өңірлік билік республикалық және халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздарын тиісті додаларға қатыстыру шығындарын толық қамтамасыз етуі тиіс. Заңда ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау шаралары кеңейтіліп, еліміздегі шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының қызметі мен медициналық кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру нормалары да бекітілді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар