/

Апта шолуы: журналист пен желі қолданушысы неден сақ болуы керек?

139 рет қаралды
Апта шолуы: журналист пен желі қолданушысы неден сақ болуы керек?
фото. aclu.org

Minber-Academy жаңа айдар бастайды. Енді әр бейсенбі апта бойы журналистердің құқығына қатысты негізгі оқиғаларды шолып, журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары неден сақ болу қажеттігін түсіндіреміз. Алғашқы шолу 22–29 қазан аралығын қамтиды.

Аптаның басты оқиғалары

1. Шетелдік БАҚ «ұлттық қауіпсіздік» себебімен аккредитациясыз қалуы мүмкін

Сыртқы істер министрі шетелдік БАҚ пен олардың журналистерін аккредиттеу тәртібін өзгертетін бұйрыққа қол қойды. Minber жазғандай, енді министрлік «ұлттық қауіпсіздік мүдделерін» негізге алып, аккредитация беруден бас тарта алады немесе оны кері қайтара алады. Бұл ұғымның нақты өлшемдері көрсетілмеген. Бас тарту туралы шешімде оның себебін түсіндіру талабы да алынып тасталды. Шетелдік БАҚ өкілдігінің аккредитация мерзімі бес жылдан екі жылға қысқарды. Бұйрық қараша айының басында күшіне енеді.

2. Құрылтайдағы шектеулер: 40 журналист ашық хат жазды

Құрылтай бюросы 7 қыркүйекте бекіткен ережеге сәйкес, брифингте журналистің сұрағы алдын ала жарияланған күн тәртібіне сай болуы керек. Бұл талапты екі рет бұзған журналист аккредитациясынан алты айға дейін айырылуы мүмкін. Сонымен қатар журналистердің ғимаратта еркін жүріп, депутаттармен дәлізде сөйлесуіне шектеу қойылды. 20 қазанда 40 журналист Құрылтай төрағасына хат жолдап, спикердің құзыретіне жататын болса, күн тәртібінен тыс сұрақ қоюға рұқсат беруді және ескертуге шағымдану тәртібін түсіндіруді сұрады. Бұл талапты «Әділ сөз» қоры мен «Шекарасыз тілшілер» ұйымы қолдады. Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева журналистердің жұмысы шектелмегенін, тек ретке келтірілгенін айтты.

3. «Азаттық Азия» тілшісінің пәтеріне бөгде адамдар кірген

«Азаттық Азияның» хабарлауынша, 22 қазанда журналист Бағдат Асылбекті Алматыда полицияға алып кеткен. Ол түсініктеме беріп отырған кезде бетперде киген екі адам оның пәтерінің есігін бұзып кірген. Оқиға оған хабарласқан «киберполиция қызметкерінің» қоңырауынан басталған: ол журналистің шотына жазда түскен ақшаны қайтару керек екенін айтқан. Журналист банкке барғанда ғимараттың сыртында полиция күтіп тұрған. Басылымның мәліметінше, полицияның ресми шақыру қағазы болмаған. Журналистің адвокаты екі оқиғаның байланысы бар деп күдіктенеді. Полиция әзірге түсініктеме берген жоқ.

4. TikTok эфиріндегі балағат үшін тағы бір қамау

Ақтөбеде 42 жастағы тұрғын TikTok-тағы тікелей эфирде балағат сөз айтып, әдепсіз қимыл жасағаны үшін бес тәулікке қамалды. Полиция әлеуметтік желі қоғамдық кеңістік екенін, ондағы әрекет үшін әкімшілік жауапкершілік көзделетінін ескертті. Соңғы үш айда Астана, Тараз, Шымкент және Қызылордада да осындай істер тіркелген.

Журналистер неден сақ болуы керек?

  • Шетелдік БАҚ тілшілері аккредитациясының мерзімін қазірден тексеріп, жаңа бұйрықпен танысып алғаны жөн. Бас тарту хаты келсе, оны сақтап, заңгерге көрсетіңіз.
  • Құрылтайдағы брифингке баратын журналист күн тәртібін алдын ала қарап алуы керек. Тақырыптан тыс сұрақтарыңыз болса, депутаттың баспасөз қызметі арқылы сұхбат сұраған жөн. Ескерту алсаңыз, оны жазбаша түрде беруді талап етіңіз.
  • Полиция шақырса, ресми шақыру қағазын талап етіңіз. Редакция мен заңгерге бірден хабарлаңыз. Жаңа Конституцияға сәйкес, ұсталған адамға оның құқықтары, соның ішінде адвокат алу және үндемеу құқығы түсіндірілуі тиіс.
  • Дереккөзді ашуды талап етсе, бұдан бас тартуға құқығыңыз бар. Қыркүйекте titus.kz басшысы Антон Даниловтан полиция дереккөзін атауды талап еткенде, ол бас тартқан.
  • Қысым көрсеңіз, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорына немесе Құқықтық медиа-орталыққа хабарласыңыз. Олар журналистерге заң көмегін көрсетеді.

Әлеуметтік желі қолданушылары неден сақ болуы керек?

  • Тікелей эфир – қоғамдық орын. Эфирдегі балағат пен әдепсіз қимыл үшін айыппұл салынуы немесе 5-10 тәулікке қамауға алынуыңыз мүмкін.
  • Тексерілмеген ақпаратты таратпаңыз. Көрінеу жалған ақпарат тарату Қылмыстық кодекстің 274-бабымен жазаланады. Мысалы, сәуірде миллионнан астам оқырманы бар блогер Алматыдағы ауыр жол апаты туралы жазбасы үшін осы бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, бұлтартпау шарасы ретінде 10 тәулікке қамауға алынды. Бөлісер алдында дереккөзді тексеріңіз.
  • «Киберполиция» деп хабарласқандарға сақ болыңыз. Шотыңызға күтпеген ақша түсіп, біреу оны қайтаруды сұраса, ақшаны өзіңіз аудармаңыз. Банкке және 102 нөміріне өзіңіз хабарласып, жағдайды тексеріңіз.

Minber-Academy шолуы әр бейсенбі сағат 10:00-де шығады. Келесі шолу 5 қарашада шығады.

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар