////

Желідегі сөз үшін жаза: тәртіп пе, әлде цензура ма?

132 рет қаралды
Желідегі сөз үшін жаза: тәртіп пе, әлде цензура ма?
коллаж "Мінбер"

Ақтөбеде TikTok-тағы тікелей эфирде балағаттап сөйлеген адам бес тәулікке қамалды. Францияда тәртіпсіздіктен кейін үкімет әлеуметтік желілерді уақытша өшіруге дайындалды. Ал Қазақстанда журналистер «жалған ақпарат» бабы бойынша жауапқа тартылып жатыр. Желідегі сөз үшін жазаның шекарасы қайда: бұл тәртіп пе, әлде цензура ма?

TikTok-тағы балағат үшін қамау

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қала тұрғыны TikTok-тағы тікелей эфирде балағат сөз айтып, әдепсіз қимыл жасаған. 42 жастағы ер адам сот шешімімен бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Полиция әлеуметтік желілер қоғамдық кеңістік екенін, ондағы балағат пен арсыз әрекет үшін көшедегідей жауапкершілік көзделетінін ескертті.

Бұл оқшау оқиға емес. Соңғы үш айда осындай бірнеше іс тіркелді:

Мұндай әрекеттер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Ұсақ бұзақылық» туралы хы бойынша саралануы мүмкін. Бұл бап айыппұлды немесе әкімшілік қамауды көздейді. Полиция әлеуметтік желілер мен тікелей эфирлерді бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді. Ішкі істер министрлігі мұндай эфирлерге қолданушылардан жиі шағым түсетінін, ал жанжал арқылы қаралым мен донат жинау енді полициямен кездесуге апаруы мүмкін екенін айтты.

Франция: әлеуметтік желіні өшіру жоспары

Желідегі контентті шектеу тек Қазақстанда талқыланып жатқан жоқ. Францияда 17 қазанда әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қиындауына, күнделікті тұтынатын тауарлардың қымбаттауына қарсы  басталған бейбіт шерудің соңы бірнеше қалада тәртіпсіздікке ұласты. Полиция 2400-ге жуық адамды ұстады.

Осыдан кейін Премьер-министр Себастьен Лекорню ұялы байланыстың төрт операторына хат жолдап, тәртіпсіздік қайталанған жағдайда TikTok, Instagram және Snapchat-ты бірнеше сағатқа бұғаттауға дайын болуды сұрады. Басылымдардың жазуынша, операторлардың заңгерлері мұндай шектеуді қысқа мерзімде іске асыру қиын екенін, ал оны VPN арқылы оңай айналып өтуге болатынын айтқан.

Бұрынғы премьер Габриэль Атталь да тәртіпсіздік кезінде платформаларды уақытша бұғаттау құқығын сұрады. Алайда 2024 жылы Жаңа Каледонияда TikTok-ты өшіру туралы шешімді Францияның Мемлекеттік кеңесі заңсыз әрі ақылға сыйымсыз деп таныған. Еуроодақтың Цифрлық қызметтер туралы актісі (DSA) платформаларды бұғаттамай, зорлық-зомбылыққа шақыратын жазбаларды өшіруге міндеттейді. Талапты орындамаған ірі платформалар жылдық айналымының 6 пайызына дейін айыппұл төлеуі мүмкін.

274-бап: «жалған ақпарат» үшін журналистер жауапқа тартылуда

Қазақстанда ең көп дау тудырып отырған норма – Қылмыстық кодекстің көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты 274-бабы. Бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сәуірде Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) бастаған алты халықаралық ұйым билікке 274-бапты қылмыстық кодекстен алып тастауды талап етті. Олардың пікірінше, баптың тұжырымы тым кең.

Шілде-тамыз айларында Гүлнар Бажкенова, Әсет Матаев, Әмір Қасенов және Александра Алёховаға қатысты сот үкімдері шығып, оларға журналистикамен айналысуға тыйым салынды. Журналист Лұқпан Ахмедьяровқа қатысты іс әлі тергеу сатысында.

Сәуірде Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Exclusive.kz бас редакторы Қарлығаш Еженова бұл баптың билікке ұнамайтындардың бәріне «сойыл» ретінде қолданылып жатқанын айтты. Hronika.kz бас редакторы Марат Асипов болмаған, тек болуы мүмкін салдар үшін жазалау қисынсыз екенін атап өтті. Журналистер 274-баптың 1 және 2-тармақтарын қылмыстық кодекстен алып, азаматтық-құқықтық тәртіпке көшіруді ұсынды.

«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының басшысы Назира Дәрімбет те ақпараттық істерді қылмыстық санаттан шығаруды жақтайды. «Құқықтық медиа-орталық» қорының тең құрылтайшысы  Гүлмира Біржанова сот журналистің ақпараттың жалған екенін біліп таратқанын немесе жай қателескенін анықтауы керек дейді. Оның пікірінше, қоғамдық маңызы бар материалдағы журналистік қателік үшін қылмыстық та, әкімшілік те жауапкершілік болмауы тиіс.

Халықаралық рейтингтер де бұл бапты өзгерту қажетін ескертеді әрі оның халықаралық рейтингіге әсері барын айтады. «Шекарасыз тілшілер» ұйымының 2026 жылғы индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 149-орынға түсті. Freedom House ұйымы Қазақстанды «еркін емес» елдер қатарына жатқызды.

Балаларды әлеуметтік желіден шектеу

Желідегі шектеулердің тағы бір бағыты – балаларды қорғау. Үкімет Құрылтайға 16 жасқа толмағандардың онлайн-платформаларда тіркелуін шектейтін түзетулерді енгізді. Жасты тексерудің нақты тәсілі әлі анықталмаған. Жасанды интеллект арқылы жүзге қарап жасты бағалау және қолданушының мінез-құлқын талдау қарастырылып жатыр. Тоқаев тамызда бұл заңды тезірек қабылдауды тапсырған болатын.

Шекара қайда?

Бұл үш мысалдың табиғаты әртүрлі. TikTok-тағы балағат – қоғамдық тәртіпті бұзу. Франциядағы жоспар – тәртіпсіздік кезінде бүкіл платформаны өшіру. Ал 274-бап бойынша істер көбіне журналистердің сыни жарияланымдарына қатысты. Сарапшылар осы айырмашылықты ескеру маңызды дейді. Біреуге тіл тигізу мен билікті сынаудың арасындағы айырма жер мен көктей.

Медиазаңгер Гүлмира Біржанова Minber-ге берген сұхбатында жазаның құқық бұзушылыққа мөлшерлес болуы керектігін атап өтті: «Мұндай жазаның журналистер арасында үрей туғызып, өзін-өзі цензуралауды күшейту қаупі бар».

Желі – қоғамдық кеңістік. Ол жерде де заң жұмыс істеуге тиіс. Бірақ тәртіп сақтау мен сын айтқанды жазалаудың арасындағы шекара бұлыңғыр болған сайын, адамдар өз пікірін айтудан тартына бастайды.

“Мінбер”

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар