2 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында медиа зерттеуші Есенгүл Кәпқызының «Медиа мәтінді талдау әдістері» монографиясының таныстырылымы өтті. Қазақ тіліндегі медиа зерттеу әдістеріне арналған еңбек зерттеу мәселесін анықтаудан бастап, әдіс таңдау, іріктеме жасау, кодтау және деректі талдауға дейінгі ғылыми үдерісті жүйелейді. Жиында кітаптың жас зерттеушілер мен журналистика саласындағы мамандар үшін практикалық маңызы сөз болды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева Есенгүл Кәпқызының монографиясына пікір білдіріп, авторды кітапханада жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуға шақырды. Ұлттық кітапханада қазір сирек кітаптар мен қолжазбаларды ғылыми сипаттау, каталогтау, цифрландыру және оларды ғылыми айналымға енгізу бағытында жұмыс жүргізіліп келеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымының кандидаты Қарлыға Мысаева монографияның жас зерттеушілер үшін маңызына тоқталды.
– Бұл – жас ғалымдарға, магистранттар мен докторанттарға қажет еңбек. Зерттеу жұмысын бастаған адамда «тақырыпты қалай таңдаймын, зерттеу мәселесін қалай анықтаймын, зерттеу сауалын қалай құрамын, қандай әдісті қолданамын?» деген сұрақтар міндетті түрде туындайды. Кітап осы үдерісті бірізді түсіндіреді. Зерттеу парадигмасы, сандық және сапалық әдістер, іріктеме, айнымалылар, әдебиетке шолу, теория мен әдіснаманы байланыстыру сияқты зерттеудің негізгі кезеңдері жеке-жеке қарастырылған. Яғни зерттеуші дайын әдісті жай ғана алып қолданбай, оны не үшін таңдағанын түсінуі керек деген ұстаным бар.
Медиа мен журналистиканы зерттеуде мәтінді талдаудың өз ерекшелігі бар. Сондықтан еңбектің контент-анализге арнайы тоқталуы да маңызды. Мұнда сандық және сапалық контент-анализдің айырмашылығы, зерттеу материалын іріктеу, кодтау, кодтаушылар арасындағы сәйкестік сияқты практикалық мәселелер көрсетілген. Біз студенттен немесе жас зерттеушіден сапалы ғылыми жұмыс талап етеміз, бірақ оған сол жұмысты қазақ тілінде қалай орындау керегін кезең-кезеңімен түсіндіретін әдебиет аз. Осы тұрғыдан бұл еңбек зерттеуді неден бастау керегін ғана емес, оны ғылыми талапқа сай қалай аяқтау керегін де көрсететін оқу құралы деп бағалауға болады, – деді Қарлыға Мысаева.
Кітаптың таныстырылымына арналған дөңгелек үстелді Есенгүл Кәпқызының шәкірті, PhD, SDU University Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Мадияр Саудбаев жүргізді.
Пікір білдірушілер қатарында зерттеуші, докторант Гүлжан Қайырбекқызы да болды. Ол қазақ тілінде коммуникация және медиа зерттеу әдістеріне арналған ғылыми еңбектердің аздығына назар аударды.
– Докторлық зерттеу кезеңінде ең қымбат дүние – уақыт пен назар. Зерттеу тақырыбыңа қатысты деректі үнемі іздеп жүресің. Коммуникация, оның ішінде медиа саласын зерттеу әдістеріне арналған қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттің тапшы екенін ескерсек, Есенгүл Кәпқызының «Медиа мәтінді талдау әдістері» кітабы біз сияқты докторанттар үшін нақты нұсқаулық бола алады, – деді Гүлжан Қайырбекқызы.
Пікір білдірушілердің бірі – журналист Динара Мыңжасарқызы. Ол автормен «Түркістан» газетінде бірге жұмыс істеген кезеңін еске алып, ғалымның журналистикадағы және медиа білім беру саласындағы тәжірибесіне тоқталды.
– Біз Есенгүл апаймен «Түркістан» газетінде жұмыс істедік. Ол кезде Би-би-си радиосына хабар дайындап, газетке сараптамалық материалдар жазатын. Кейін «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы арқылы журналистердің медиа және құқықтық сауатын арттыруға бағытталған елеулі жұмыс жүргізді. Қазір сол практикалық тәжірибесін ғылыми зерттеумен ұштастырып, жас зерттеушілерге арналған еңбек ұсынып отыр, – деді Динара Мыңжасарқызы.
Кино және мәдениет зерттеушісі, Queen Mary University of London университетінің PhD зерттеушісі Әсия Бағдәулетқызы монографияның қолданбалы сипатына назар аударып, еңбектің тек медиа мәтінді талдаумен шектелмейтінін айтты.
– Зерттеу еңбегін тек медиа мәтінді талдауға арналған еңбек деп шектеуге болмайды. Алғашқы тарауын жалпы зерттеудің әліппесі деуге болады. Мұнда зерттеу тақырыбын нақтылау, мәселе қою, зерттеу сауалын құру, іріктеме жасау, теория мен әдіснаманы байланыстыру сияқты негізгі кезеңдер ретімен түсіндірілген. Сондықтан еңбек журналистика мен медиа саласындағы зерттеушілерге ғана емес, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдарда зерттеу жүргізіп жүрген студенттер мен жас ғалымдарға да пайдалы.
Зерттеуге енді кіріскен адам үшін ғылыми терминдерді білу жеткіліксіз. Сол ұғымдардың өзара байланысын, зерттеу логикасының қалай құрылатынын түсіну маңызды. Кітап осы үдерісті алғашқы идеядан бастап, дерек жинау, талдау және нәтижені ұсынуға дейін жүйелі көрсетеді. Кейінгі бөлімде медиа мәтінді талдаудың нақты әдістеріне көшуі теориялық негізді тәжірибемен байланыстыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
PhD, SDU University әлеуметтік ғылымдар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Орталық Азия зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Ғалым Жүсіпбек пен MA, SDU University-дің аға оқытушысы Елнұр Әлімова монографияның қазақ тіліндегі зерттеу әдебиетін толықтырудағы маңызына тоқталды.
– Алдағы уақытта сапалық талдау әдістеріне, сандық талдау тәсілдеріне және сыни дискурс-анализге арналған жеке еңбектердің жарық көруіне сұраныс бар. Зерттеу әдістерінің аясы кең, оны бір кітаппен қамту мүмкін емес. Осы тұрғыдан «Медиа мәтінді талдау әдістері» зерттеуді бастауға және негізгі әдістерді түсінуге қажет оқу құралы болды, – деді олар.
Таныстырылым соңында Есенгүл Кәпқызы кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан әріптестері мен мамандарға алғыс білдірді. Автордың айтуынша, жиында монографияның мазмұны мен зерттеу әдістерін оқытудағы қолданысына қатысты ұсыныстар да айтылған.
– «Медиа мәтінді талдау әдістері» кітабының таныстырылымы өзім ойлағаннан да ауқымды өтті. Қарлыға Мысаева, Ғалым Жүсіпбек, Әсия Бағдәулетқызы, Елнұр Әлімова кітап туралы пікір білдіріп, алдағы зерттеу еңбектерінде ескерілуге тиіс ұсыныстарын ортаға салды. Кітаптың редакторы Жұлдыз Әбділданың да еңбекті дайындау барысында айтқан пікірлері маңызды болды, – деді автор.
Монографияның жарық көруіне дейін қолжазбаны бірнеше маман сараптаған. Еңбектің рецензенттері қатарында профессор Бауыржан Омарұлы, Қарлыға Мысаева, SDU University Әлеуметтік ғылымдар кафедрасының ассистент профессоры Айзада Нуриддинова және Astana IT University Шығармашылық индустриялар мектебінің ассистент профессоры Айнұр Сламғажы бар. Кітапты Жұлдыз Әбділда редакциялаған. Автор кітаптың техникалық және корректорлық өңдеуіне атсалысқан шәкірттері, SDU University магистранттары Әсел Мергенова мен Бағдат Сұлтанқызына да алғыс білдірді.
Сондай-ақ таныстырылымды ұйымдастыруға қатысқан SDU University Әлеуметтік ғылымдар, бизнес және құқық мектебіне, мектеп деканы Берік Сабденалиевке, ғылым жөніндегі декан орынбасары Мадина Есіркеповаға, журналистика бағдарламасының директоры Баубек Сағындыққа, университеттің PR бөлімі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ұжымына алғыс айтты. Жиынға журналистика және медиа саласының өкілдері де қатысты. Олардың арасында медиаменеджер Нұржан Жалауқызы, медиасарапшы Гүлнар Асанбаева, сондай-ақ автордың әріптестері мен шәкірттері болды. Белгілі журналист Жәнібек Нұрыш, тележүргізуші Жанерке Құмар және фотограф Әйгерім Бегімбет таныстырылымға Шымкенттен арнайы келген.
Автор еңбектің қазіргі нұсқасын қазақ тіліндегі медиа зерттеу әдістерін жүйелеуге бағытталған жұмыстың бір кезеңі ретінде қарастыратынын жеткізді. Таныстырылымда сапалық және сандық зерттеу әдістері, сыни дискурс-анализ секілді жекелеген бағыттарға арналған қазақ тіліндегі арнайы еңбектерді әзірлеу қажеттігі де көтерілді.
Парақшамызға жазылыңыз
