Құрылтай жанындағы Қоғамдық палата туралы ереже Құрылтайдың ресми сайтында жарияланды. Құжатқа сәйкес, журналистер палата отырыстарына өз бетінше қатыса алмайды.
Ереженің 31-тармағына сәйкес, палатаның отырыстары мен іс-шараларына палата Кеңесінің шешімі бойынша лауазымды адамдар, мәслихат депутаттары, азаматтық қоғам мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін. Палатаға мүше емес адамдарды шақыруды да Кеңес айқындайды.
Кеңес төрт адамнан тұрады: палатаның төрағасы, оның екі орынбасары және жауапты хатшы. Оларды палата мүшелерінің арасынан Құрылтай Бюросы тағайындайды, олар Бюроға есеп береді. Кеңес палатаның жұмыс жоспарын бекітеді, мүшелердің заң жобалары бойынша ұсыныстарын талқылайды, отырыстардың уақыты мен орнын белгілейді. Сондай-ақ палатаның кез келген мүшесін мерзімінен бұрын шығаруға құқылы. Ал заң жобалары бойынша ұсынымдарды отырысқа қатысқан палата мүшелері көпшілік даусымен қабылдайды.
Ережеде «жария талқылау» палатаның негізгі міндеттерінің бірі ретінде аталған. Алайда палатаның ұсынымдарын көпшілікке жариялау туралы норма жоқ: олар тек Құрылтайдың тұрақты комитеттеріне жіберіледі, ал комитеттер оларды «жұмыс тәртібінде» қарайды. Палата құрамы туралы ақпарат Құрылтайдың сайтында орналастырылады, ал БАҚ-та «қажет болған жағдайда» таратылады.
Палатада 50-ден аспайтын мүше болады. Олардың қатарында саяси партиялардың, азаматтық қоғамның, бизнес пен сарапшылар қауымдастығының өкілдері, Құрылтай депутаттары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері бар. Құрам жарты жылда бір рет ротация арқылы жаңартылуы мүмкін. Мүшелер қоғамдық негізде жұмыс істейді. Отырыстар жылына кемінде төрт рет, негізінен бейнебайланыс арқылы өтеді. Қоғамдық тыңдаулар жылына кемінде екі рет ұйымдастырылады.
Ереженің бұл нормаларына алғаш Exclusive.kz басылымы назар аударған болатын. Депутаттар Қоғамдық палатаны құру туралы шешімді 16 қыркүйекте қабылдаған.
