Гүлмира Біржанова, «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, заңгері: Журналистердің ақпарат алу құқығын шектеу сөз еркіндігіне қауіп төндіреді

67 рет қаралды
фото: Гүлмира Біржанованың Facebook парақшасынан алынды

Қазақстанда журналистік қызметке тыйым салу, мемлекеттік органдардағы ақпаратқа қол жеткізуді шектеу, тәуелсіз редакцияларға жасалған цифрлық шабуылдар және бюджет қаражатының жұмсалуы туралы мәліметтердің құпия сақталуы қоғамда бірқатар құқықтық мәселе туындатты. Аталған шектеулер қаншалықты заңды және журналистердің кәсіби еркіндігіне қалай әсер етеді? «Мінбер» ақпарат агенттігі «Құқықтық медиа орталығының» өкілі, заңгер Гүлмира Біржановамен сұхбаттасып, сөз еркіндігін қорғау, мемлекеттік органдардың ашықтығы және журналистердің ақпарат алу құқығына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

– 2026 жылғы шілде–тамыз айларында Гүлнар Бажкенова, Әсет Матаев, Әмір Қасенов және Александра Алёховаға қатысты сот үкімдері шығарылып, олардың кәсіби қызметпен айналысуына тыйым салынды. Мұндай жаза Қазақстан заңнамасы мен сөз еркіндігіне қатысты халықаралық стандарттарға қаншалықты сәйкес келеді? Аталған тәжірибе журналистер арасында өзін-өзі цензуралауды күшейтуі мүмкін бе?

– Мәселені екі қырынан қарастырған жөн. Біріншісі – соттың белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салу өкілеттігі. Екіншісі – аталған жазаны журналистерге қолданудың құқықтық негізділігі.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру қосымша жаза ретінде көзделген. Мәселен, жол қозғалысы қауіпсіздігіне байланысты құқық бұзушылық жасаған жүргізушіні көлік басқару құқығынан айыру орынды әрі мөлшерлес шара болуы мүмкін. Сол сияқты кәсіби міндетін бұзып, пациенттердің қауіпсіздігіне қатер төндірген дәрігердің қызметіне де шектеу қойылуы ықтимал.

Ал журналистерге қатысты мұндай жазаның қолданылуы ерекше құқықтық бағалауды қажет етеді. Ең алдымен, тағайындалған жазаның құқық бұзушылық сипатына сәйкестігі мен мөлшерлестігі ескерілуге тиіс.

Журналистика қоғамның ақпарат алу құқығымен және азаматтардың сөз еркіндігімен тікелей байланысты. Қазақстан Республикасының Конституциясы сөз еркіндігіне кепілдік береді. «Масс-медиа туралы» заңда цензураға тыйым салынып, журналистің ақпарат жинау, сұрату, алу және тарату құқықтары бекітілген. Сондықтан кәсіби қызметке тыйым салу журналистің еңбек ету мүмкіндігін шектеп, оның ақпарат тарату және өз пікірін білдіру еркіндігіне де әсер етеді.

Мұндай жазаның журналистер арасында үрей туғызып, өзін-өзі цензуралауды күшейту қаупі бар. Өйткені журналист енді материалының заң талаптарына сәйкестігін ойлаумен қатар, сыни жарияланымы немесе зерттеуі үшін кәсібімен айналысу құқығынан айырылып қалудан да қауіптенуі мүмкін.

Сондықтан әрбір сот шешімінің салдарын жеке журналистің жауапкершілігімен шектемей, тұтас кәсіби ортаға ықпалы тұрғысынан бағалау қажет. Журналистер қоғамдық маңызы бар мәселелерді көтеруден, өткір тақырыптарды зерттеуден алдын ала бас тарта бастаса, ақпарат еркіндігіне қауіп төнеді.

Меніңше, ең маңыздысы – журналистің нақты құқық бұзушылық үшін жауапкершілігі мен оның кәсіби қызметпен айналысу құқығын ажырату. Заң бұзғаны үшін жауапқа тарту журналистік қызметке автоматты түрде тыйым салуға ұласпауға тиіс.

– 2026 жылғы тамыздан бастап журналистердің Үкімет отырысы өтетін залға кіруі шектеліп, Құрылтайда депутаттармен еркін тілдесу мүмкіндігі азайды. Мұндай шектеулер қаншалықты заңды? Мемлекеттік органдардың ішкі тәртіп орнату құқығы мен журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтірудің ара-жігін қалай ажыратуға болады?

– Мемлекеттік органдардың қауіпсіздік пен жұмыс тәртібін қамтамасыз ету үшін белгілі бір талаптар белгілеуге құқығы бар. Алайда ішкі тәртіп журналистің кәсіби міндетін орындауына кедергі келтіретін құралға айналмауға тиіс.

«Масс-медиа туралы» заңның 26-бабында журналистің мемлекеттік органдарға бару, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу және кәсіби қызметіне байланысты іс-шараларға қатысу құқықтары бекітілген. Ал 28-бапқа сәйкес, аккредиттелген журналист жабық деп жарияланған іс-шараларды қоспағанда, тиісті мемлекеттік органның отырыстары мен кеңестеріне қатыса алады.

Әрине, баспасөз мәслихатында уақыт шектеуі, сұрақ қою кезегі мен ортақ тәртіп сақталуы қажет. Алайда модератордың сұрақты тақырыпқа қатысы жоқ деп бағалап, журналистке ескерту жасауы немесе аккредиттеуден айыру қаупін тудыруы құқықтық тұрғыдан күмән туғызады.

Мәселен, Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатысты сұрақ сол күнгі брифингтің тақырыбына сәйкес келмеуі мүмкін. Алайда қоғам үшін өзекті оқиғаға жауапты мемлекеттік орган өкілінен түсініктеме сұрау – журналистің кәсіби міндеті. Әсіресе шұғыл жағдайларда ресми тұлғадан тікелей жауап алу мүмкіндігі маңызды.

Аккредиттеу журналистің мемлекеттік орган қызметі туралы ақпарат алуына жағдай жасау үшін қолданылады. Оның қандай сұрақ қоятынын баспасөз қызметінің алдын ала мақұлдауына тәуелді етуге болмайды. Журналист сұрақтарының мазмұны үшін аккредиттеу құқығынан айырылып қаламын деп қауіптенсе, өткір мәселелерді көтеруден тартына бастайды.

Меніңше, шектеудің заңдылығын бағалауда оның нақты мақсаты мен кәсіби қызметке тигізетін әсері ескерілуге тиіс. Тәртіп сақтау үшін белгіленген талаптар журналистің ақпарат алу және сұрақ қою құқығын негізсіз шектемеуі қажет.

– 2026 жылдың үшінші тоқсанында бірқатар редакция әлеуметтік желідегі аккаунттарының бұғатталғанын, DDoS-шабуылдарға ұшырағанын және жарияланымдарының өшірілгенін хабарлады. Қыркүйекте Exclusive.kz басылымының атынан жалған ақпарат таратқан үш көшірме сайт анықталды. Қазақстан заңнамасы журналистерді мұндай шабуылдан қаншалық қорғайды? Шабуылды ұйымдастырушыларды анықтап, жауапқа тарту неліктен қиын?

– Қазіргі кезде БАҚ-қа жасалатын цифрлық шабуылдар көбіне өзара үйлестірілген бірнеше әрекеттен тұрады. Редакцияның сайтына DDoS-шабуыл жасалып жатқанда, әлеуметтік желідегі парақшасына жаппай шағым түсірілуі, жарияланымдары өшірілуі немесе басылымның атынан жалған аккаунттар мен көшірме сайттар ашылуы мүмкін. Оның үстіне, мұндай ресурстарды жасау көп қаражат пен күрделі техникалық мүмкіндікті қажет етпейді.

Қазақстан заңнамасында ақпараттық жүйелерге қарсы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік көзделген. Алайда шабуылды ұйымдастырған адамдарды анықтап, олардың кінәсін дәлелдеу іс жүзінде қиындық туғызады.

Негізгі кедергі – цифрлық іздің бірнеше елдің аумағындағы серверлер, домен тіркеушілері мен онлайн сервистер арқылы өтуі. Жалған аккаунттар мен домендер көбіне иелері туралы ашық мәліметсіз тіркеледі. Техникалық із табылған күннің өзінде оның артында тұрған нақты адамды анықтау, шабуылға қатысын дәлелдеу және қылмыстық не әкімшілік іс жүргізуге жарамды айғақтар жинау қажет.

Мәселенің тағы бір маңызды қыры – уақыт. Редакция үшін сайттың бұғатталуы немесе оның атынан жалған ақпарат таралуы бүгін шешілуге тиіс мәселе. Бірнеше айға созылатын тергеу ақпарат таратудың тоқтауынан немесе басылым беделіне келтірілген зияннан дер кезінде қорғай алмайды.

Сондықтан редакциялар мен интернет-платформалар, техникалық қызметтер арасында жедел байланыс орнататын нақты тетік қажет. Цифрлық дәлелдерді уақтылы сақтап, шынайы БАҚ атын жамылған ресурстарға қолжетімділікті жедел шектеу мүмкіндігі қамтамасыз етілуге тиіс. Өкінішке қарай, редакциялардың мұндай қорғаныс тетіктерін жедел пайдалану мүмкіндігі әлі де шектеулі.

– «Құқықтық медиа орталығы» мемлекеттік емес БАҚ-қа бөлінген гранттардың жалпы сомасын жариялаудан бас тартқан Мәдениет және ақпарат министрлігін сотқа берді. Алайда сот талапты қанағаттандырмады. Бюджет қаражаты туралы ақпарат қандай жағдайда құпия сақталуы мүмкін? Аталған іс заңнамадағы қандай олқылықтарды көрсетті және мемлекеттік шығыстардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін не өзгеруі керек?

– Біздің ұйым министрліктен мемлекеттік гранттардың жалпы сомасын сұратты. Қаражат алған редакциялардың атауын немесе әрқайсысына бөлінген қаржы көлемін талап еткен жоқпыз. Соған қарамастан, министрлік мәліметті таралуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызып, беруден бас тартты. Бірінші сатыдағы сот министрліктің ұстанымын қолдады. 7 қазанда апелляциялық сот та шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Біз сот шешімімен келіспейміз. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның 6-бабында республикалық және жергілікті бюджеттердің қалыптастырылуы мен жұмсалуы туралы мәліметтерге қол жеткізуді шектеуге болмайтыны нақты жазылған. Тек мемлекеттік құпияларды қамтитын деректерге қатысты ерекшелік көзделген. Ал 5-бап бойынша ақпаратқа қол жеткізу заңда белгіленген негіздермен және қажетті шамада ғана шектелуге тиіс.

Егер мемлекеттік орган белгілі бір мәліметті жариялауға болмайды деп есептесе, нақты құқықтық негізін көрсетіп, шектеудің қажеттілігін дәлелдеуі қажет. Ақпаратқа «қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгі қойып, барлық деректі жабық ұстау қаншалықты негізді деген сұрақ туындайды.

Аталған іс бюджет қаржысының ашықтығына қатысты заң талаптарын іс жүзінде қолдану мәселесін көрсетті. Меніңше, БАҚ-ты мемлекеттік қаржыландыру туралы ақпараттың ашықтығына басымдық беру қажет. Бөлінген қаражаттың жалпы көлемі, оны бөлу тәртібі мен негіздері, қаржыландыру бағыттары міндетті түрде жариялануға тиіс. Заңмен қорғалатын жекелеген мәліметтерді алып тастауға немесе иесін көрсетпей ұсынуға болады. Алайда соны сылтауратып, бүкіл ақпаратты жасыруға жол берілмеуі керек.

Мәселенің түйіні қарапайым. Мемлекеттік гранттарға бөлінген қаржы – салық төлеушілердің ақшасы. Сондықтан қоғам оның қанша көлемде, қандай мақсатқа жұмсалғанын білуге құқылы.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар