//

Филиппиниде өткен бес күн: Филиппиндердің ұлттық батыры (жалғасы)

46 рет қаралды
Филиппиниде өткен бес күн: Филиппиндердің ұлттық батыры (жалғасы)
фото: Автордан

Филиппин аралдарының астанасы Манила қаласында Қарашаның 5-7 күндері Азияның Медиа ақпарат және коммуникация орталығының ұйымдастыруымен (Asian Media Information and Communication Centre – AMIC) “Қоғамдық сенім, қоғамның үні: Қоғамдық басқарудағы коммуникацияның рөлі” (Public Trust, Public Voice:The Role of Communication in Public Governance) тақырыбында Азиядағы медиа саласында еңбек етіп жүрген ғалымдардың басын қосқан халықаралық конференция болып өтті.

Осы конференцияның “Азаматтық журналистика, Тергеу журналистикасы, қоғамдық қызмет медиасы және басқару” (Citizen Journalism, Investigative Journalism, Public Service Media, and Governance) сессиясына қатысып, зерттеуімізді таныстырудың сәті түсті.

Оңтүстік-Шығыс Азияға түңғыш рет саяхаттаудың сәті түскендіктен Филиппин аралдары туралы азды-көпті көргенімді “Мінбер” оқырманына бөліскім келіп отыр. Жалғасы, басын мына сілтемемден оқыңыз.

МАНИЛАДАҒЫ КОНТРАСТ: ҚАЛАДА ЗАҢСЫЗ ТҰРАТЫНДАР КӨП

Филиппинге жергілікті уақытпен таңғы сағат 11.00-де түстік. Әуе кемесінен төменге қарасаңыз, Маниладағы контраст бірден көзге ұрады. Кейбір үйлер өзеннің қақ ортасында, судың ішінде салынғанын көрдім, өте ескі жаба салмалар мен заманауи ғимараттар бір-бірімен иек артып, қатар тұр.

Филиппиниде өткен бес күн: Филиппиндердің ұлттық батыры (жалғасы)
фото: Philippine star

Әуежайда мені күтіп алған Луиз бен Дазл әуежай маңайын коммерциялық орталық деп түсіндірді. Жол бойында да, қаланың өте кедей табы тұратын ескі, құлауға жақын үйлер мен аспанмен астасқан биік ғимараттар қатар бой түзегенін көрдім. Әуежай қаладан тым алыс емес екен, он бес минутта жетіп келдік.

– Алматы секілді емес, Манила қаласы, – дейді Луиз. – лас, күндіз әсіресе көше саудагерлері қаланы қоқысқа толтырады. Мен көрген Алматы таза, әдемі қала еді.

Филиппиниде өткен бес күн: Филиппиндердің ұлттық батыры (жалғасы)
фото: Philippine star

Иә, Алматының орталық көшелері көз тартарлық, әдемі екені рас. Алайда, Маниладағы мына контрастыны мен Алматының Тастағымен салыстырдым. Тастақ базарының айналасындағы күлді-көмеш өмірден еш айырмашылығы жоқ секілді көрінді.

AMIC секретариаты бізге өз әріптестері ретінде бірнеше қонақ үйдің атын атап, солардың бірін таңдауға ұсыныс айтқан еді. Өзі орталықта, әрі конференция өтетін университеттен бес минуттық жерде ғана орналасқан Kimberly қонақ үйін таңдадық. Қонақ үйдің күндік құны да қымбат емес екен. Жалпы қызмет көрсетуі де ұнады, әрі университетке тиіп тұр. Бірақ біз тоқтаған ауданда көше сатушылары көп пе, тым лас екен.

Луиз бен Дазл қалада еш рұқсатсыз, заңсыз тұрып жатқандар көп дейді. Ешқандай әкімдікті тыңдамай, заңға бағынбай өз күркелерін салып алып, жабайы тірлік кешіп жатқан тұрғындардың қарасы мол көрінеді.

– Әкімдік оларды баспанамен қамтудың түрлі бағдарламасын жасап, сонда көшіруге әрекеттенгенімен, олар қоныс тепкен мекендерінен қозғалмай қойды, – дейді.

ФИЛИППИНДЕРДІҢ ҰЛТТЫҚ БАТЫРЫ ХОСЕ РИСАЛЬ 

Маниладағы Интромурос туристік кешеніне бара жатқан жолда тағы үлкен саябақты кесіп өттік.

– Бұл бақ Филиппиндердің ұлттық батыры Хосе Рисальдың атымен аталады. Ол испан отаршыларына қарсы тұрған Филиппиннің ұлттық батыры, біздің мақтанышымыз, – деді Луиз.

Филиппиниде өткен бес күн: Филиппиндердің ұлттық батыры (жалғасы)
фото: rg.ru
Ол XIX ғасырдың соңында Испанияның отаршыл билігіне қарсы бейбіт реформалар жүргізуге шақырған Филиппин тәуелсіздік қозғалысының басты тұлғасы болды. Оның «Маған тиіспе» (Noli Me Tángere, 1887) және «Бүлікшілер» (El Filibusterismo, 1891) атты романдары испан отаршылдары мен дінбасыларының озбырлығын әшкерелеп, филиппин халқының ұлттық сана-сезімін оятты.
Жергілікті ұлт өкілдерінен мұндай қарсылықты күтпеген Испан билігі оны қудалап, халық алдында ату жазасына кеседі.
Хосе Рисаль  Филиппин революциясына қарулы көтерілістің басшысы ретінде емес, оның идеялық дем берушісі және рухани көсемі ретінде өлшеусіз үлес қосты. Оның еңбектері мен саяси қызметі филиппин халқының ұлттық бірлігін қалыптастырып, отаршылдыққа қарсы күрестің негізін қалады. Еуропада жүрген кезінде Рисаль «Ла Солидаридад» (La Solidaridad) газетіне мақалалар жазып, Филиппин халқының ауыр жағдайын әлемге паш етті. Ол Испания үкіметінен Филиппинді колония емес, Испанияның тең құқылы провинциясы ретінде тануды және парламентте өкілдік беруді талап етті.
1892 жылы Манилаға оралған соң, ол «Филиппин лигасы» (La Liga Filipina) атты бейбіт азаматтық ұйым құрды. Бұл ұйымның мақсаты — халықты біріктіру, әділетсіздікке қарсы тұру және білім мен сауданы дамыту арқылы елді тәуелсіздікке дайындау болды.

1896 жылы испан билігі Рисальді көтерілісті ұйымдастырды деп айыптап, ату жазасына кесті. Оның өлімі кері әсер беріп, бейбіт жолды жақтаған көптеген филиппиндерді қарулы революция жағына шығуға итермеледі және 1898 жылы тәуелсіздік жариялауға жол ашты.

Хосе Рисальдың рухани күресі өз жемісін берді.  1898 жылы 12 маусымда Филиппиндер Испанияның 300 жылдық езгісінен құтылып, ресми түрде тәуелсіздігін жариялаған. Сөйтіп Филиппин Азиядағы алғашқы конституциялық республика ретінде тарих парағын ашты.

(жалғасы бар)

Есенгүл Кәпқызы

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар