Мемлекеттік сыйлық: мәртебе ме, дау ма?

33 рет қаралды
Мемлекеттік сыйлық: мәртебе ме, дау ма?
фото: Ерлан Қариннің Facebook парақшасынан алынды

Биыл Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық ешкімге бұйырмады.Комиссия мүшелері ортақ шешімге келе алмаған. Содан бері әдеби ортада қызу талқы жүріп жатыр. Бірі сыйлықтың қадірін сақтау үшін осындай қадамға барған дұрыс десе, енді бірі шығармаларды бағалауда әділдік жетіспейтінін айтады.

Қаламгерлердің пікіріне қарасақ, дау бір жылғы марапатпен шектелмейді. Әңгіме әдебиеттің бағасы, шығармашылық бәсекенің тазалығы және мемлекеттік сыйлықтың шынайы мәртебесі туралы болып отыр.

Мемлекеттік сыйлық биыл өз иесін таппады. Біреу мұны әділ шешім деп қуанды. Енді бірі лайықты шығармалар назардан тыс қалды деп қынжылды. Тіпті сыйлық берілмегенін естіп, бес минут билегенін айтқан қаламгер де бар. Ал кейбірі жеңімпазды комиссия емес, халық таңдасын деген ұсыныс көтерді.

Қазақ әдебиетінің айналасындағы бұл дау шығарманың көркемдік сапасынан басталып, шығармашылық ортадағы тамыр-таныстық, марапатқа құштарлық, комиссияның жұмысы сияқты түйткілдерге ұласты.

31 қазанда вице-президент Ерлан Қариннің төрағалығымен Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өткен. Әдебиет, театр, музыка және бейнелеу өнері салаларынан екінші кезеңге өткен жеті жұмыс қаралған. Алайда ешқайсысы комиссия мүшелерінің басым қолдауына ие болмады. Нәтижесінде 2026 жылғы мемлекеттік сыйлықты ешкімге бермеу жөнінде шешім қабылданды.

Мұндай қорытынды шығармашылық ортада жаңа сауал туғызды: сыйлыққа лайық шығарма болмады ма, әлде оны таңдайтын жүйенің өзі өзгеруі керек пе?

Ерлан Қарин: «Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық»

Комиссия төрағасы, вице-президент Ерлан Қарин 1 қарашада Facebook парақшасында жариялаған жазбасында шешімнің себебін түсіндірді.

«Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс. Атақты біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды», – деп жазды ол.

Ерлан Қариннің айтуынша, үміткерлердің барлығы құрметке лайық. Алайда адамның шығармашылық жолы мен оның бәйгеге қосқан еңбегін бөлек қараған жөн. Мемлекеттік сыйлық белгілі бір қаламгердің мерейтойына немесе тұрмыстық жағдайына қарай үлестірілмеуі керек.

Ол комиссия шешіміне қатысты да нақты тоқталды.

«Ұсынылған туындылардың барлығы дауысқа салынды. Бірақ дауыс беру қорытындысы бойынша бірде-бір жұмыс Комиссия мүшелерінің айқын басым дауысына ие бола алған жоқ», – деді вице-президент.

Комиссия төрағасы мемлекеттік сыйлықтың қолданыстағы ережесін қайта қарайтындарын да жеткізді.

«Шынында да, мемлекеттік сыйлықты беру тәртібі қазіргі кезеңнің талаптарына сәйкес келмейді. Сыйлықтың талап, тәртібі ғана емес, мазмұны мен сипаты да өзгеруі керек», – деп жазды Ерлан Қарин.

Бұл уәждің өз қисыны бар. Қаламгердің өмір бойғы еңбегін құрметтеу мен нақты шығарманың көркемдік жетістігін бағалау – екі бөлек ұғым. Егер марапат ұзақ жыл еңбек еткен адамның кезекті құрмет белгісіне айналса, әдеби бәсекенің мәні көмескіленеді.

Бірақ туындыны бірінші орынға қойған күннің өзінде оның көркемдік құнын кім анықтайды? Қандай шығарма жаңашыл деп танылады? Қай еңбектің әдебиетке қосқан үлесі басым? Даудың бір ұшы осы сұрақтарға барып тіреледі.

Сәкен Сыбанбай: «Жаңалық жоқ. Ескі сүрлеу»

Журналист, қаламгер Сәкен Сыбанбай комиссия шешімін қолдағандардың бірі болды. Ол Facebook парақшасында жариялаған «Мемсыйлық» атты жазбасында көңіліндегі ойын бүкпесіз айтты.

«Біреудің сәтсіздігіне қуану – жөн емес, түсінемін. Кешіріңіздер. Менікі де бір пендеуи осалдық болар. Бірақ «биыл әдебиет жөнінен мемлекеттік сыйлық берілмейтін болыпты» дегенді естігенде (қай музыкаға екенін айтпай-ақ қояйын) секіріп бес минут биледім», – деп жазды қаламгер.

Сәкен Сыбанбай бұған дейін Мемлекеттік сыйлық алмаған Жұматай Жақыпбаев, Исраил Сапарбай, Байбота Қошым-Ноғай, Рахымжан Отарбаев, Нұрғали Ораз, Тұрсынжан Шапай, Тұрсын Жұртбай секілді ақын-жазушыларды мысалға келтіреді.

Ол биылғы үміткерлер Қасымхан Бегманов пен Маралтай Райымбекұлының кітаптарын оқып шыққанын айтып, шығармаларына көңілі толмағанын жеткізді.

«Қасымхан мен Маралтай екеуінің де кітабын оқып шықтым. Жаңалық жоқ. Ескі сүрлеу. Өткен буын ақындарды қайталау ғана. Әдебиетті өрлететін, өсіретін дүние емес», – дейді Сәкен Сыбанбай.

Қаламгердің бұл сөзі – аталған кітаптарға берген жеке бағасы. Оны бүкіл әдеби ортаның ортақ пікірі деп қабылдау дұрыс болмас еді. Өйткені көркем шығарманың құнын анықтауда талғам да, таным да әртүрлі.

Дегенмен оның сыны әдебиеттегі жаңалық мәселесін алға шығарды. Шығармада бұрын айтылмаған ой болуы шарт па? Әлде белгілі тақырыпты өзгеше өрнектеудің өзі жаңалық санала ма?

Мәселен, махаббат, туған жер, адам тағдыры ғасырлар бойы жырланып келеді. Бірақ сол тақырыпқа әр буын өз үнін, өз бояуын қосады. Әдебиетті өсіретін де – сол дара қолтаңба

Байғали Есенәлі: «Мемлекеттік сыйлық деген де бір ауру!»

Ақын, публицист Байғали Есенәлі марапатқа құмарлықтың өзін сөз етті. Ол 1 қарашада Facebook парақшасында жазған пікірінде өзіне қатысты болған жайтты мысалға келтірді.

«Мемлекеттік сыйлық деген де бір ауру! Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлық сізге берілетін болды деп біраз ағайын сүйінші сұраған. Оншалықты мән бермегенім қандай жақсы болған. Атақ пен марапатпен ауыратындарды түсіну қиын», – деп жазды ол.

Байғали Есенәлі бір ауыз пікірімен шығармашылық ортадағы тағы бір жайдың бетін ашқандай.

Қаламгер де еңбегінің еленгенін, шығармасының бағаланғанын қалайды. Бірақ шығармашылық мұрат пен марапатқа құштарлықтың арасы алшақтап кетсе, әдебиеттің өзі екінші орынға ығысады.

Мемлекеттік сыйлық қаламгердің шығармашылық ғұмырындағы биік белес болуы мүмкін. Алайда оның бүкіл еңбегін бір ғана марапатпен өлшеу қисынсыз.

Бүгін сыйлық алған шығарма ертең ұмытылуы мүмкін. Ал кезінде еленбеген еңбек жылдар өткен соң әдебиеттің алтын қорына қосылуы ғажап емес. Мұндайда атақтан гөрі уақыттың таразысы әділірек болып шығады.

Дегенмен марапаттың мәнін кеміту де жөн емес. Мемлекет тарапынан берілетін жоғары сыйлық қаламгерге құрмет көрсетіп қана қоймай, оның еңбегін көпшілікке кеңірек танытады. Сондықтан мәселе сыйлықтың қажетсіздігінде емес, оның шығармашылық еңбектің жалғыз мұратына айналмауында.

Оразалы Сәбден: «Лайықты жұмыс жоқ деген сөз емес»

Экономика ғылымдарының докторы, академик Оразалы Сәбден комиссия шешіміне сын айтты. Ол 1 қарашада Facebook парақшасында жариялаған жазбасында Ерлан Қариннің мемлекеттік сыйлықты жаңарту туралы бастамасын қолдайтынын жеткізді.

«Е. Карин мырзаның түсініктемесіне қосыламын. Мемлекеттік Сыйлықтың салмағын көтеру және түбегейлі реформа керек», – деп жазды академик.

Алайда ғалым сыйлықтың берілмеуіне қатысты басқа пікірде.

«Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық ешкімге берілмепті. Бұл трагедия, себебі лайық жұмыс жоқ деген сөз емес», – дейді ол.

Оразалы Сәбден өзінің «Абай және Қазақстанның болашағы» атты үш тілде жарық көрген еңбегі де мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын жеткізді. Оның айтуынша, кітап Кембриджде басылып, шетелдік ғылыми ортаға таныстырылған. Ғалым еңбегіне Нобель сыйлығы лауреаты оң пікір білдіргенін де атап өтті.

Соған қарамастан, кітабы алғашқы іріктеуден өтпегенін жазды.

«Менің жұмысымды ә дегенде-ақ лақтырып тастады, газетке де, халық талқылауына да шығармады», – деп қынжылады ғалым.

Ол өзінің экономист мамандығына байланысты еңбегі ескерусіз қалуы мүмкін деген күдігін де білдірген.

«Ұлы Абай ілімі тек жазушыларға ғана емес, бәрімізге ортақ емес пе», – дейді Оразалы Сәбден.

Ғалымның пікірі түсінікті. Абай мұрасы – тек әдебиеттанудың ғана емес, философия, тарих, қоғамтану және басқа да ғылымдардың зерттеу өрісі. Дегенмен кітаптың шетелде басылуы немесе беделді ғалымнан оң пікір алуы оны мемлекеттік сыйлыққа бірден лайық етеді деуге болмайды.

Мұнда еңбектің жаңалығы, мазмұны, ғылыми деңгейі және сыйлықтың қай саласына жататыны ескеріледі.

Ал комиссияның шешіміне қатысты Оразалы Сәбден келтірген жайттар – әзірге ғалымның өз мәлімдемесі. Іріктеу барысында оның еңбегіне қандай баға берілгені туралы комиссияның жеке түсіндірмесі бұл материалда жоқ.

Дегенмен оның реніші сыйлыққа ұсынылған еңбектердің не себепті өтпей қалғанын жұртшылыққа ұғынықты жеткізу жайын алға шығарды. Шығармаға берілген баға ашық түсіндірілсе, күдік те, өкпе де азаяр еді.

Қайнар Олжай: «Шешімді халық шығарса»

Журналист, жазушы-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай мәселені шешудің өз жолын ұсынды. Ол 2 қарашада Facebook парақшасында жариялаған «Шешімді халық шығарса» атты жазбасында мемлекеттік сыйлық иегерін халық анықтауы керек деген ойын ортаға салды.

«Әркімде ЖСН бар. Кімнің 18-ге толғаны көрініп тұр. Ал сыйлық «мемлекеттік» деп үкіленгендіктен оған қандай өнер өкілі ие боларын сол мемлекеттің барлық азаматтары анықтауы керек шығар», – деп жазды ол.

Қаламгердің ұсынысы бойынша шығармашылық одақтар үміткерлерді анықтайды. Одан кейін олардың еңбектері арнайы электрондық алаңға шығарылып, азаматтар өз таңдауын жасайды. Әр адам жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы бір салаға бір рет дауыс береді.

«Осының не қиындығы бар? Жеке адамның, жеке мекеменің сыйлығы болса, оны қандай жолмен анықтауды өздері шеше берсін, ал мемлекеттік сыйлық иегерін анықтауға мемлекеттің әрбір азаматын қатыстыру керек қой», – дейді Қайнар Олжай.

Бұл ұсыныс сыйлықты қалың көпшілікке жақындатудың бір жолы болуы мүмкін. Өйткені әдебиеттің де, өнердің де түпкі адресаты – халық.

Бірақ көпшілік таңдауы әрдайым көркемдік сапамен сәйкес келе ме?

Мәселен, әлеуметтік желіде танымал ақынның оқырманы көп болуы мүмкін. Ал көркемдік ізденісі терең, бірақ аты көпшілікке әлі таныла қоймаған жазушының еңбегі тасада қалуы ықтимал.

Сондықтан халықтың ықыласы мен кәсіби баға бірін-бірі толықтырғаны жөн. Оқырман шығармаға өміршеңдік берсе, әдеби сын оның көркемдік жетістігі мен кемшілігін саралайды.

Қайнар Олжайдың ұсынысындағы басты ой да осы талқыға жол ашады: мемлекеттік сыйлықты таңдауға қоғамның қатысуы қаншалықты кең болуы керек?

Серік Әбікенұлы: «Тұтас дәуірді сипаттаған туындылар»

Журналист, тарихшы, телевизиялық жобалардың авторы Серік Әбікенұлы бүгінгі сыйлықтың салмағын бұрынғы әдеби туындылармен салыстырды. Ол 3 қарашада Facebook парақшасында жариялаған жазбасында қазақ әдебиетіндегі іргелі шығармаларды еске алды.

«Негізі бұл сыйлық сананы селт еткізген, бір оқиғаны емес, тұтас дәуірді сипаттаған туындыларға бұйырып келіпті», – деп жазды ол.

Серік Әбікенұлы Тахауи Ахтановтың «Боран», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран», Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» секілді туындыларын атап өтті.

Оның пайымынша, мұндай шығармалар белгілі бір оқиғаны баяндаумен шектелмей, тұтас халықтың тағдыры мен дәуірдің тынысын ашқан.

Қаламгер ойын көпшілікке сауал қою арқылы түйіндейді.

«Соңғы 4-5 жылдықта жазылып, жоғарыдағы шығармалардай жалпы қазақтың құрметіне бөленген, болашақта «Абай» сыйлығын алуға лайық деп қай шығарманы атар едіңіз?»

Бұл сұрақ бүгінгі әдебиетке ғана емес, әдеби сынның жай-күйіне де қатысты.

Жаңа шығармаларды кім таныстырып жүр? Қай кітап оқырман арасында талқыланып жатыр? Қандай туынды туралы салмақты сын жазылды?

Рас, қазіргі әдебиеттің таралу жолы бұрынғыдан бөлек. Кітап оқырманының талғамы да, ақпарат алатын ортасы да өзгерген. Сондықтан бүгінгі туындыларды тек көпшілікке танылу деңгейімен өлшеу біржақты болар еді.

Дегенмен әдебиеттің қоғам санасына әсері, адам тағдырын бейнелеудегі шеберлігі және көркемдік жаңалығы мемлекеттік сыйлықтың басты өлшемдерінің қатарында болғаны орынды.

Серік Әбікенұлының сұрағы осыны меңзейді: марапатталатын шығарманың бағасын оқырман да, әдеби орта да түсіне алуы керек.

Риза Алмұханова: «Жеребе арқылы таңдау болсын»

Әдебиеттанушы Риза Алмұханова мемлекеттік сыйлыққа қатысты өзгеше ұсынысын осыдан екі жыл бұрын айтқан. Ол 2024 жылғы 20 қазанда Facebook парақшасында жариялаған жазбасында екінші кезеңге өткен үміткерлер арасынан жеңімпазды жеребемен анықтауды ұсынды.

«Біздегі рушылдық, жершілдік, «крыша» және реніш жақын арада жойылмайды. Сондықтан 2-турға өткендердің арасында жеребе арқылы таңдау болсын», – деп жазды ол.

Риза Алмұханова комиссия мүшелерінің ұсынылған кітаптардың бәрін толық оқи алатынына күмән білдіріп, жеке байланыстар мен ықпалды адамдардың араласуы туралы мәселені де көтерді.

«Сонда біз саналы түрде дұрыс шеше алмайтын деңгейдеміз бе?» – деген сауал қойды зерттеуші.

Әрине, жеребе көркемдік сапаны анықтайтын таразы бола алмайды. Екінші кезеңге өткен шығармалардың деңгейі де әртүрлі болуы мүмкін. Оның үстіне сол кезеңге кімнің өтетінін бәрібір сарапшылар шешеді.

Бірақ бұл ұсыныстың астарында марапатты бөлу тәртібіне деген сенімсіздік жатыр.

Риза Алмұханова айтқан рушылдық, жершілдік және тамыр-таныстыққа қатысты пікірлерді нақты дәлелсіз комиссия мүшелеріне тағылған айып ретінде қабылдауға болмайды. Дегенмен мұндай күдіктің айтылуының өзі сыйлықты бағалау жолының барынша ашық болғаны маңызды екенін көрсетеді.

Мемлекеттік сыйлықтың қадірін қалай сақтаймыз?

Бір сыйлыққа қатысты айтылған осы пікірлерді салыстырғанда, олардың бір-біріне ұқсамайтыны байқалады.

Ерлан Қарин жаңашыл туындыны бағалауды алға шығарды. Сәкен Сыбанбай көркемдік деңгейге сын айтты. Байғали Есенәлі атаққа құмарлықты сөз етті. Оразалы Сәбден комиссия шешімінің әділдігіне күмән білдірді. Қайнар Олжай халық таңдауына жүгінуді ұсынды. Серік Әбікенұлы әдебиеттің тарихи салмағын еске салды. Риза Алмұханова іріктеудегі жеке ықпалдан арылудың жолын іздеді.

Пікірлері әртүрлі болғанымен, бәрінің сөзінен бір ортақ алаңдаушылық сезіледі. Ол – мемлекеттік сыйлықтың қадірі.

Беделді марапаттың қадірін сақтау үшін оны кез келген үміткерге үлестіре салуға болмайды. Бірақ сыйлықты бермей қоюдың өзі әдебиеттің көркемдік деңгейі көтерілгенін немесе комиссияның мінсіз жұмыс істегенін дәлелдемейді.

Мәселе шығарманы қалай бағалағанында.

Әр туындының көркемдік жаңалығы, тілдік шеберлігі, мазмұн тереңдігі, композициялық тұтастығы және әдебиетке қосқан үлесі сараланса, шешім де салмақты болар еді. Ал жұртшылыққа сол бағаның негізі түсіндірілсе, марапат төңірегіндегі күмән де азая түсері анық.

Қазір әдеби ортадағы талқы көбіне сыйлықтың кімге бұйырғаны немесе бұйырмағаны төңірегінде өрбиді. Ал шығарманың өзі, оның көркемдік сипаты мен әдебиетке әкелген жаңалығы кейде тасада қалып жатады.

Осы үрдіс өзгермей, марапаттың айналасындағы дау да тыйыла қоймас.

Биыл комиссия жеті жұмыстың ешқайсысын қолдамады. Бірақ бұл қазақ әдебиетінде лайықты шығарма жоқ деген сөз емес. Сыйлыққа ұсынылған еңбектер – қазіргі әдебиеттің бір бөлігі ғана. Ал әдеби өмір бір комиссияның шешімімен тоқтап қалмайды.

Мемлекеттік сыйлықтың міндеті де әдебиеттің тағдырын шешу емес, оның үздік жетістіктерін әділ бағалап, көпшілікке таныту.

Сондықтан биылғы дау біреудің жеңілісі, енді біреудің жеңісі ретінде ғана есте қалмағаны жөн. Егер осы пікірталастан кейін сыйлықтың ережесі жаңарып, шығармаларды бағалау ашық әрі әділ жүргізілсе, бұл шешімнің пайдасы әлдеқайда зор болмақ.

Абай атындағы сыйлыққа лайық болу – үлкен мәртебе. Ал сол мәртебені кімге және не үшін бергенін жұртқа түсіндіре алу – комиссияның жауапкершілігі.

Түптеп келгенде, мемлекеттік сыйлықтың қадірі оны жыл сайын үлестіруде де, бермей қоюда да емес. Қадірі – шын жүйрікті танып, еңбегін әділ бағалауда.

Өйткені атақтың ғұмыры шектеулі болуы мүмкін. Ал уақыт сынынан өткен шығарма ұлт жадында қала береді.

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар