//

Үйі мен көлігі бар отбасы бай санала ма? Жәрдемақының жаңа тәртібі жұртты алаңдатты

59 рет қаралды
Үйі мен көлігі бар отбасы бай санала ма? Жәрдемақының жаңа тәртібі жұртты алаңдатты
фото: Almaty.tv

Қазақстанда 2027 жылдан бастап әлеуметтік жәрдемақының 14 түрін тағайындау тәртібі өзгереді. Мемлекет отбасының материалдық жағдайын ескеріп, көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттауды көздейді. Алайда тұрмысы бақуатты деп танылған кейбір отбасылар мұндай бағалаумен келіспей отыр. Олардың арасында ипотека төлеп жүрген жас жұбайлар, көпбалалы аналар мен табысы күнделікті шығыннан артылмайтын азаматтар бар. Жаңа талап кімдерді мемлекеттік қолдаудан қағуы мүмкін?

«Табысымызды есептейді, шығынымызды кім ескереді?»

Түркістан қаласының тұрғыны Айгүл (есімі өзгертілді) төрт баласын тәрбиелеп отыр. Қазір декреттік демалыста. Отбасының негізгі күнкөрісі күйеуінің жалақысы мен көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақыға байланысты. Балаларының бірі арнайы түзету орталығына барады. Оның сабағына кететін шығынды ата-анасы өздері көтереді. Отбасының көлігі де несиеге алынған.

Қазан айында Айгүлдің үйіне өзін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырған екі әйел келген. Тұрғынның айтуынша, олар отбасының А санатына жатқызылғанын хабарлап, жәрдемақыдан ерікті түрде бас тартуды ұсынған. Алайда көпбалалы ана отбасының тұрмыстық жағдайына берілген бағамен келіспейді.

– Сіздер табысымды есептепсіздер, ал менің шығындарымды неге есептемейсіздер? Мен қанша несие төлеп жатырмын? Менің ерекше күтімді қажет ететін балам бар, – дейді Айгүл.

Әйелдің сөзінше, келушілер үйі мен көлігін оның материалдық жағдайының жақсы екеніне дәлел ретінде көрсеткен. Алайда баспана өз атына тіркелмеген, ал көлік үшін ай сайын несие төлейді. Баласының денсаулығына жұмсалатын шығын да отбасы бюджетіне салмақ түсіреді.

Кейін Айгүл әлеуметтік қорғау бөліміне барып, отбасының неліктен әл-ауқаты жоғары санатқа енгізілгенін анықтаған. Оған бір мекенжайда тіркелген туыстарына тиесілі мүлік пен өзінің жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі бағалауға әсер еткені түсіндірілген.

Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы аталған оқиғаға түсініктеме беріп, тұрғынның мәліметтерді бастапқыда дұрыс түсінбегенін хабарлаған. Басқарма өкілдері онымен қосымша түсіндіру жұмысын жүргізген.

Айгүлдің жағдайы әлеуметтік көмекті тағайындаудағы негізгі мәселелердің бірін көрсетеді. Бір мекенжайда тіркелген туыстардың мүлкі мен кәсіпкерлік мәртебе отбасының нақты қаржылық мүмкіндігін қаншалықты дәл анықтайды? Ал ай сайынғы несие төлемдері, бала күтімі мен емдеу шығындары қандай өлшеммен есептеледі?

Төрт баланың анасы өзін бақуатты санаттан тапқан

Көпбалалы отбасыларға арналған жаңа талапқа Салтанат та (есімі өзгертілді) алаңдайды. Төрт баланың анасы әл-ауқатты бағалаудың алдын ала нәтижесінде өзінің В санатына жататынын көрген.

Әлеуметтік желіде жариялаған пікірінде ол төрт баланың тамағына, киіміне, мектебі мен балабақшасына, дәрі-дәрмегіне тұрақты қаражат жұмсалатынын айтқан. Анасының алаңдаушылығы отбасы табысының жоғары санатқа сәйкес келуі күнделікті тұрмыстың жеткілікті қамтамасыз етілгенін білдіре бермейтініне байланысты.

Қолданыстағы тәртіп бойынша көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы табыс деңгейіне қарамастан тағайындалады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, 2026 жылы төрт баласы бар отбасы ай сайын 69 330 теңге, бес баласы бар отбасы 86 673 теңге, ал алты баласы бар отбасы 104 017 теңге алады.

Жаңа тәртіп енгізілген жағдайда мұқтаждық талаптары аталған төлемдерді тағайындауға да әсер етеді. Демек, бірдей бала тәрбиелеп отырған отбасылардың мемлекеттік қолдау алу мүмкіндігі әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай әртүрлі болуы ықтимал.

Үкімет отбасының нақты шығынын есепке алмақ

Жәрдемақы тағайындаудың жаңа тәртібіне қатысты қоғамда туындаған сауалдардан кейін Үкімет отбасылардың әл-ауқатын бағалау әдістемесін қайта қарауға кірісті. Үкіметтің 29 қазандағы ресми хабарламасына сәйкес, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мемлекеттік көмекті азаматтардың нақты тұрмыстық жағдайына қарай бөлудің жаңа тәсілдері әзірленіп жатқанын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бұған дейін азаматтардың табысы мен мүлкіне басымдық берілсе, енді кредиттік міндеттемелері, соның ішінде ипотекалық қарызы, отбасын асырауға жұмсайтын шығыны, жалғыз баспанасы мен бір ғана асыраушысының болуы ескерілмек. Автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасының саны ғана емес, олардың жағдайы да назарға алынады.

– Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау әдістемесі азаматтардың нақты жағдайына қарай пысықталады, – деді Асқарбек Ертаев.

Министрдің мәліметінше, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың 30 ақпараттық жүйесіндегі деректерді өзектендіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жергілікті әкімдіктер жәрдемақы алушылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізуде.

Жоспар бойынша, қараша айында жаңа өлшемшарттарды енгізу тетіктерін жетілдіру жұмысы аяқталуы тиіс. Желтоқсанда Отбасының цифрлық картасы екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелерімен біріктіріледі. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мұқтаждық қағидатын сынақтан өткізу ұсынылған.

Пилоттық жоба екі кезеңнен тұрады. Қаңтар–ақпан айларында табыс деңгейі жоғары азаматтардың, ақпан–сәуір аралығында ауқатты отбасылардың жағдайы бағаланады. Үкімет сынақ нәтижесіне қарай жаңа тәртіпті кеңінен қолдану мәселесін қарастырмақ.

Әлеуметтік санаттың қате анықталуы да назардан тыс қалмауға тиіс. Еңбек министрлігінің ресми түсіндірмесіне сәйкес, азаматтар отбасының құрамы немесе әл-ауқат санаты жөніндегі мәліметпен келіспесе, тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына немесе министрліктің әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгіне алады.

Мамандар ақпараттың дұрыстығын тексеріп, сәйкессіздіктің себебін анықтайды. Қате мәлімет бастапқы дерекқорда түзетілген соң, Отбасының цифрлық картасында автоматты түрде жаңартылады. Отбасының санаты келесі бағалау кезінде қайта анықталады.

Дегенмен жаңартылған әдістеменің іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні әзірге белгісіз. Әсіресе несие төлейтін, бір ғана асыраушыға тәуелді немесе туыстарымен бір мекенжайда тіркелген отбасылардың жағдайы қаншалықты әділ бағаланатыны алдағы сынақ кезінде айқындалмақ

Ипотека төлейтін отбасы ауқатты ма?

Алматыда тұратын 25 жастағы Мадина (есімі өзгертілді) жақын арада ана болуды жоспарлап жүр. Жолдасы веб-дизайн саласында жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейді. Отбасының ай сайынғы табысы шамамен 800 мың теңге. Алайда ерлі-зайыптының ипотекаға алған баспанасы мен несиеге сатып алған көлігі де бар.

Мадина баяндап бергендей, несие төлемдерінен кейін отбасының қолында 450 мың теңгедей қаражат қалады. Соған қарамастан, алдын ала есептеу құралы оларды тұрмысы бақуатты санатқа жатқызған.

Әйел мұндай бағалаумен келіспейді. Оның пікірінше, отбасының жалпы кірісі мен күнделікті қажеттіліктерге жұмсай алатын қаражатының арасында елеулі айырмашылық бар. Жас отбасы үшін бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы нәрестенің алғашқы қажеттіліктерін өтеуге көмектесер еді.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы бірінші, екінші және үшінші бала туған кезде 164 350 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаға 272 475 теңге біржолғы жәрдемақы беріледі.

2027 жылдан бастап аталған бюджеттік төлемді тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік санаты да ескеріледі. Жаңа талап бойынша бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы С, D және Е санатындағы отбасыларға қарастырылған. Жұмыс істемейтін ата-аналардың бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне арналған бюджеттік төлеміне де мұқтаждық өлшемшарты қолданылады.

Алайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін тиісті әлеуметтік төлемдердің тәртібі бөлек. Қордан жүктілік пен босануға байланысты төлем алу құқығы отбасының әл-ауқат санатына тәуелді болмайды.

Заңгер жаңа талаптың әлеуметтік салдарына алаңдайды

Жәрдемақы тағайындаудың жаңа тәртібі құқық қорғаушылар мен қаржы мамандарының да сынына ұшырады. Заңгер, құқық қорғаушы, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Айман Омарова мемлекеттік қолдауды отбасының материалдық жағдайына қарай шектеу әлеуметтік мемлекеттің негізгі қағидаттарына қайшы келуі мүмкін деп санайды.

– Мен мұны әлеуметтік және материалдық жағдайына қарай кемсіту деп есептеймін, – дейді Айман Омарова.

Заңгер әйелдердің еңбек нарығындағы мүмкіндігі бірдей бола бермейтінін алға тартады. Кейбірі ауыр науқас туысына күтім жасаса, енді бірі тұрғылықты жерінен жұмыс таба алмайды. Жүктілік кезінде жұмысынан айырылатын әйелдер де бар. Оның пікірінше, әлеуметтік төлемдерді шектеу кезінде аталған жағдайлар ескеріліп, аналар мен балалардың мемлекеттік қолдауға қолжетімділігі қорғалуға тиіс.

Қаржы және инвестиция саласының сарапшысы, қаржылық кеңесші Әсел Әуелбекова да жәрдемақы төлеудің жаңа тәртібін әділетті шешім деп санамайды. Ол атаулы әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж отбасыларға бағыттауды қолдайды. Алайда бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы әйелдің табысына қарамастан сақталуға тиіс деген пікірде.

– Ана болу – елдің болашағына қосылған үлес, – дейді Әсел Әуелбекова.

Сарапшы білім алып, еңбек етіп, кәсіп ашып, салық төлеп жүрген әйелдерді табысы жоғары болғаны үшін мемлекеттік қолдаудан шектеудің орындылығына күмән келтіреді. Оның пікірінше, мемлекет аналарды материалдық жағдайына қарай бөлудің орнына бала тууға және оны тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасауы қажет.

Әсел Әуелбекова жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту тетігін енгізуді де ұсынған. Ол үшін азаматтарға eGov порталы арқылы өздеріне тиесілі төлемдерді көріп, көмекті алу немесе одан бас тарту жөнінде дербес шешім қабылдау мүмкіндігін беруге болады.

Екі маманның пікірінен ортақ мәселе байқалады. Мемлекеттік көмекті мұқтаж азаматтарға бағыттау кезінде аналар мен балаларға арналған әлеуметтік кепілдіктерді сақтау және отбасының нақты тұрмыстық жағдайын ескеру қажет. Алайда олардың ұстанымдары құқықтық талапты білдірмейді. Жәрдемақы тағайындаудың түпкілікті шарттары қолданыстағы нормативтік құжаттармен айқындалады.

Қағаздағы табыс пен нақты тұрмыс

Жәрдемақы тағайындаудағы жаңа тәртіп мемлекеттік көмекті мұқтаж отбасыларға бағыттауды көздейді. Алайда отбасының табысы мен мүлкі оның нақты тұрмысын толық көрсете бермейді. Ипотека мен несие төлемдері, бала күтімі мен емге жұмсалатын қаражат отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіреді.

Жәрдемақыдан айырылып қалуға алаңдаған аналардың оқиғалары әлеуметтік жағдайды бағалаудағы осал тұстарды көрсетеді. Әсіресе бір мекенжайда тіркелген туыстардың мүлкін есепке алу, кәсіпкерлік мәртебеге сүйену және отбасының міндетті шығындарын ескермеу азаматтардың қаржылық мүмкіндігін қате бағалауға әкелуі ықтимал.

Үкімет бағалау әдістемесін қайта қарап, ипотекалық міндеттемелер мен күнделікті шығындарды ескеруді жоспарлап отыр. Дегенмен жаңа тәртіптің тиімділігі 2027 жылғы сынақ кезеңінде белгілі болмақ. Әсіресе әлеуметтік санаты қате анықталған азаматтардың шағымын қарау және мемлекеттік қолдау алу құқығын қорғау тетіктері назарда болуы тиіс.

Мәселе жәрдемақы алушыларды табысына қарай жіктеумен шектелмейді. Ең бастысы – отбасының қағаздағы дәулеті мен күнделікті тұрмысының арасындағы айырмашылықты анықтау. Әйтпесе, ресми көрсеткіш бойынша бақуатты саналған азаматтардың мемлекеттік көмекке шынайы мұқтаждығы ескерусіз қалуы мүмкін.

2027 жылғы өзгерістерге қатысты басты мәселе – мемлекет кімнің бақуатты екенін қалай анықтайтыны және әлеуметтік қолдауға шынымен мұқтаж азаматтардың жәрдемақыдан шет қалмауын қалай қамтамасыз ететіні.


Редакциялық ескерту. Материалда үш кейіпкердің есімі өзгертілді. Редакция осы мәселеге қатысты құзырлы мекеме Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберген сауалымыздың жауабы 15 Қарашаға дейін созылған екен. Министрліктің жауабын міндетті түрде жариялайтын боламыз. 

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар