//

Мақсат Халық: Жаңа Салық кодексі көлеңкелі бизнеске жол ашып, адал кәсіпкердің жүгін ауырлатуы мүмкін

107 рет қаралды
Мақсат Халық:  Жаңа Салық кодексі көлеңкелі бизнеске жол ашып, адал кәсіпкердің жүгін ауырлатуы мүмкін
фото: жеке мұрағаттан

  Жаңа Салық кодексі бюджет кірісін арттыруды көздегенімен, оның экономикалық және әлеуметтік салдарына қатысты сұрақ көбейді. ҚҚС (қосылған құн салығы) мөлшерлемесінің өсуі, шағын бизнеске түскен қосымша міндет пен халықтың шығыны салық саясатының тиімділігіне күмән келтіріп отыр.

Экономист Мақсат Халық реформаның неліктен көлеңкелі экономиканы қысқартудың орнына адал кәсіпкерлерге салмақ түсіруі мүмкін екенін, бюджет кірісінің болжамындағы қайшылықтарды және салық жүйесінде қандай өзгеріс қажет екенін түсіндіріп берді.

– Жаңа Салық кодексі күшіне енгеніне тоғыз айдан асты. Сіздіңше, реформа мақсатына жетіп жатыр ма? Оның басты нәтижесі бюджет кірісін арттыру ма, әлде көлеңкелі экономиканы қысқартып, салық жүйесін әділ ету ме?

– Салық реформасына тоғыз айдың қорытындысы бойынша толыққанды баға беру әлі ерте. Кемінде бір жылдық нәтижені саралап барып, жан-жақты қорытынды жасаған дұрыс. Дегенмен, қазірдің өзінде белгілі бір тұжырым жасауға болады. Өйткені, Үкіметтің өз есебінде де бірқатар алшақтық байқалады.

Мәселен, салық түсімінің өсімі көбіне өткен жылғы нақты түсіммен салыстырылып көрсетіледі. Ал былтырғы жоспардың қаншалықты орындалғаны ескеріле бермейді. Өткен жылы салық түсімі жоспарланған межеге жетпесе, биылғы көрсеткішті сол төмен базамен салыстыру өсімді жоғары етіп көрсетуі мүмкін. Мұның өзі нақты жағдайды толық ашпайды.

Салық кодексі қабылданған кезде Үкімет ең алдымен бюджеттің тапшылығын жабуды, әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін кірісті көбейтуді мақсат етті. Бұл – салық саясатының фискалдық міндеті. Бірақ экономист ретінде салық реформасын тек бюджетке түсетін қаражат көлемімен бағалауға болмайды деп есептеймін.

Оның экономикалық мақсаты да болуы керек. Атап айтқанда, іскерлік белсенділікті арттыру, кәсіпкерлерге тең жағдай жасау, салық базасын кеңейту маңызды. Салық базасын кеңейту дегеніміз – салық төлеушілердің санын арттыру, көлеңкелі экономикадағы кәсіпкерлерді заңды айналымға тарту.

Алайда, қазіргі жағдайда адал салық төлеп жүрген кәсіпкерлердің мойнына қосымша жүктеме түсіп отыр. Ал салықтан жалтарып жүргендерді заңды айналымға шығаруға қажетті жағдай жеткілікті жасалған жоқ. Бұған қоса, салық саясатының әлеуметтік мақсаты да ескерілуге тиіс. Яғни қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті азайтуға ықпал етуі керек. Сондықтан әзірге реформаның фискалдық міндеті ғана басым орындалып жатқан сияқты. Ал экономикалық және әлеуметтік мақсаттарының қаншалықты жүзеге асқанын айтуға әлі ерте.

–  Депутат Ольга Перепечина ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға көтеру 2026 жылғы бюджетке күткен түсімді әкелмегенін мәлімдеді. Ал 2027 жылы бюджет кірісін 2,8 триллион теңгеге, яғни 16%-дан астам өсіру жоспарланған. Осы екі көрсеткіштің арасындағы қайшылықты қалай түсіндіруге болады? Келесі жылғы болжам қаншалықты негізді?

– Әлгінде айтып өткенімдей, депутат Ольга Перепечина өте орынды мәселе көтеріп отыр. Мұнда «төмен база әсері» деген ұғым бар. Ол нені білдіреді? Мысалы, Үкімет биыл бюджетке осынша салық түсіреміз деп жоспар қояды. Алайда сол межені толық орындай алмайды. Ал келесі жылдың түсімін биылғы нақты көрсеткішпен салыстырғанда, өсім айтарлықтай жоғары болып көрінуі мүмкін. Қайшылықтың мәні де осында.

Сондықтан келесі жылғы болжамды бағалағанда, биылғы нақты түсімді ғана емес, былтыр бекітілген жоспардың қаншалықты орындалғанын да ескеру қажет. Ең алдымен, жоспар неге орындалмады деген сұраққа жауап іздеген жөн. Өткен жылғы межемен салыстырғанда ғана түсімнің нақты өсімін көруге болады. Меніңше, мәселе салық түсімінің номиналды түрде қаншаға артқанында емес, оның экономикаға қандай әсер ететінінде.

Салықты көбейту арқылы бюджет кірісін арттырғанымызбен, көлеңкелі экономиканың одан әрі ұлғаюына жол беріп алмаймыз ба? Бұл жағын да ойлау керек. Яғни салық түсімін есептеумен шектелмей, қабылданған шешімдердің экономикалық салдарын бағалау маңызды. Сонымен қатар Үкімет болжам жасағанда үш сценарийді қатар қарастыруы керек. Олар – теріс, тұрақты және оң. Әр сценарий бойынша бюджет кірісі мен экономикалық өсімнің ықтимал көрсеткіштері алдын ала есептелуі тиіс. Сонда ғана келесі жылға қойылған жоспардың қаншалықты негізді екенін бағалауға болады.

– DEMOSCOPE сауалнамасына қатысқандардың 77,6%-ы 2026 жылғы қаңтардан бері шығыны артқанын айтқан. Олардың 54,4%-ы шығыны айтарлықтай өскенін көрсеткен. Бұл өсімге ҚҚС-тың ықпалы қандай? Салық реформасының бағаға әсерін басқа инфляциялық факторлардан қалай ажыратуға болады?

– DEMOSCOPE сауалнамасында респонденттердің 77,6 пайызы шығыны артқанын айтқан. Бұл – назар аударуға тұрарлық көрсеткіш. Ол елдегі инфляциялық қысымның әлі де жоғары екенін аңғартады. Ұлттық банктің соңғы деректерінде инфляция екі таңбалы көрсеткіштен бір таңбалы деңгейге түсіп, 9 пайызға жақындағаны көрсетіледі. Бірақ бұл бағаның өсуі тоқтады деген сөз емес. Инфляция қарқыны баяулағанымен, баға әлі де өсіп жатыр.

Бұл ретте халық табысының қаншалықты өскені маңызды. Мәселен, табыс 10 пайызға артқанымен, инфляция 15 пайыз болса, азаматтардың нақты сатып алу қабілеті жақсармайды, керісінше төмендейді. Соңғы бес жылда да осыған ұқсас жағдай қалыптасты. Ресми деректерге сүйенсек, осы кезеңдегі жиынтық инфляция 70 пайыздан асқан, ал халықтың нақты табысы шамамен 10 пайыз ғана өскен. Демек, табыс белгілі бір деңгейде артқанымен, бағаның қымбаттауы оның әсерін жоққа шығарды. Соның салдарынан халықтың төлем қабілеті төмендеді.

Дегенмен, инфляцияның өсуін тек қосылған құн салығының мөлшерлемесімен байланыстыру дұрыс емес. Бағаға коммуналдық тарифтердің, жанар-жағармайдың қымбаттауы, көлік пен логистика шығындарының артуы, импорттық тауарлардың бағасы және валюта бағамының өзгеруі де әсер етеді. Бұлардың барлығы инфляцияға ықпал ететін факторлар.

Сонымен бірге ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі тұтынушыға әсер етпей қоймайды. Өйткені, бұл түптеп келгенде, тауар мен қызметтің соңғы бағасына қосылатын жанама салық. Ал оның негізгі ауыртпалығын соңғы тұтынушы, яғни халық көтереді. Сондықтан ҚҚС-тың өсуі күнделікті тұтынатын азық-түлік пен басқа да тауарлардың бағасына әсер етті деуге негіз бар.

–  ҚҚС бойынша міндетті тіркелу шегінің 40 миллион теңгеге дейін төмендеуі шағын бизнеске қосымша міндет жүктеді. Бұл өзгеріс көлеңкелі экономиканы қысқарта ма, әлде кәсіпкерлердің шығынын арттырып, бір бөлігін нарықтан кетуге мәжбүрлей ме?

– ҚҚС бойынша міндетті тіркелу шегі 10 000 айлық есептік көрсеткішке дейін төмендетілді. Бұл шамамен 43 миллион теңге. Яғни кәсіпкердің жылдық айналымы осы межеден асса, ол ҚҚС төлеуші ретінде тіркеліп, қосымша салықтық міндеттемелерді орындауға тиіс.

Бұрын бұл шек екі есе жоғары болды. Тіпті, 30 000 АЕК болған кезеңдер де бар. Қазір оның едәуір төмендетілуі Үкіметтің салық түсімін арттырып, кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатына сай жасалған. Алайда, бұл шешімнің кері әсері де болуы мүмкін. Кейбір кәсіпкерлер салық жүктемесінен қашу үшін айналымын жасыруға, бизнесті бөлшектеуге немесе көлеңкелі экономикаға кетуге мәжбүр болуы ықтимал.

Мұндағы мәселе тек ҚҚС төлеуде емес. Кәсіпкерге бухгалтерлік есеп жүргізу, білікті маман жалдау, электронды шот-фактура рәсімдеу, декларация тапсыру және басқа да әкімшілік талаптарды орындау қажет болады. Мұның бәрі қосымша шығын. Сондықтан салық төлеушілер санын көбейтеміз деген мақсат шағын бизнеске шамадан тыс салмақ түсірмеуі керек.

Меніңше, мәселе салық мөлшерлемесін көтеруде ғана емес, оның кәсіпкердің нақты мүмкіндігіне сай болуында. Кәсіпкерлердің көбі салық төлеуден қашпайды, бірақ оны төлеуге шамасы жетуі керек. Мысалы, жылдық айналымы 50 миллион теңге болатын кәсіпкерді алайық. Сырттай қарағанда, бұл қомақты қаражат сияқты көрінеді. Алайда оның таза пайдасы небәрі 6 миллион теңге болуы мүмкін. Ал ҚҚС есебін жүргізу, бухгалтер жалдау және басқа да әкімшілік міндеттерді орындау үшін 3 миллион теңгеден астам қаражат жұмсаса, кәсіпкердің пайдасы күрт азаяды.

Мұндай жағдайда шағын бизнестің нарықта қалуы қиындайды. Тіпті кейбірі шығынға батып, жұмысын тоқтатуы мүмкін. Сондықтан салықтық талаптарды күшейту көлеңкелі экономиканы қысқартудың орнына, керісінше, оған кетуге ынталандыруы ықтимал. Ең бастысы,салық жүйесі кәсіпкерді ашық жұмыс істеуге ынталандыратындай болуы керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Динара Мыңжасарқызы, 

арнайы “Мінбер” үшін

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар