Фото: М. Әділбекұлының жеке архивінен
Жындыханада 37 күн негізсіз ұсталған Мұхаммад Әділбекұлының жеке шағымы қанағаттандырылды. Бұл туралы ол өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады. Мұхаммадтың айтуынша, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың талап қою арызын қайтару туралы ұйғарымының күшін жойып, істің мәні бойынша қарау үшін қайта жолдаған.
Енді Мұхаммадтың талап қою арызы әкімшілік сотта ӘРПК тәртібімен қаралады. Бұл шешім тоғыз ай бойы соттардың табалдырығын тоздырып, әділдік іздеп жүрген түркістандық азаматқа болашаққа деген сенімін қайтарды десек болады.
«Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағалық етуші судьясы Калдиева Луара Нурмаханбетовнаға ерекше алғысымды білдіремін! Сот отырысында маған жеткілікті уақыт бөліп, өз уәждерімді толық жеткізуіме мүмкіндік бергеніңіз үшін шын жүректен рақмет! Сөзімді бөлмей, барлық уәжімді мұқият әрі сабырмен тыңдағаныңыз мені ерекше тебірентті. Сіздің мейірімділігіңіз, сабырлылығыңыз және адамға деген құрметіңіз ерекше әсер қалдырды. Тоғыз ай бойы әділдік іздеп жүрген азамат ретінде мені мұқият тыңдап, өз ойымды толық жеткізуіме мүмкіндік бергеніңізді жоғары бағалаймын. Жекеше шағымымды қанағаттандырып, ісімді мәні бойынша қарауға жол ашқаныңыз үшін алғысым шексіз! Сіздей әділ, мейірімді әрі әр азаматтың сөзін мұқият тыңдай білетін судьялар елімізде көп болса екен! Сонда халықтың сот жүйесіне деген сенімі де нығая түсетініне сенемін. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, абыройлы қызметіңізге табыс тілеймін!», – деп Мұхаммад сот төрағасына ағынан жарылып алғысын білдірді.
Жындыханада өз еркінен тыс 37 күн негізсіз ұсталған Мұхаммад Әділбекұлының басындағы жағдай туралы біз осыдан бұрын баяндаған едік.
Осы күнге дейінгі тізбекті тарқататын болсақ, Мұхаммад өзінің конституциялық құқығын қорғау үшін:
- 2026 жылы 13-наурызда Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап қою арызын жолдаған, ол қайтарылған;
- осы сот ұйғарымына 2026 жылы 5-мамырда апелляциялық жеке шағым жолдаған, кейіннен апелляциялық жеке шағымды қараусыз қалдыру туралы өтінішпен жүгінген;
- 2026 жылы 12 мамырда Түркістан қаласының ауданаралық сотына талап қою арызын жолдаған, ол іс тоқтатылған;
- кейін талап қою арызының мазмұнын өзгертіп, 2026 жылы 15 шілдеде аталған сотқа қайтадан талап қою арызын жолдаған, оған да қайтару туралы ұйғарым шығарылады;
- бұл сот ұйғарымдарына 2026 жылғы 27 және 28 шілдеде апелляциялық жеке шағымдар жолдаған;
- 2026 жылғы 1 қыркүйекте Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы істің соттылығына қатысты мәселені қарап, осы даудың ӘРПК-нің 102-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жататынын көрсетеді. Осыған байланысты тиісті ұйғарымдар шығарылады;
- бұл ұйғарымдардың көшірмелерін 2026 жылғы 8 қыркүйекте алып, 2026 жылғы 9 қыркүйекте Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына қайтадан талап қою арызын жолдайды, бұл талап қою арызы да қайтарылады;
- осы ұйғарымды алғаннан кейін, 2026 жылғы 23 қыркүйекте Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап қою арызын жолдайды, алайда бұл талап қою арызы да қайтарылады;
- аталған ұйғарымды алғаннан кейін, 2026 жылғы 1 қазанда Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына талап қою арызымен жүгінеді, тағы да қайтарылады;
- Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2026 жылғы 6 қазандағы ұйғарымынан кейін, 2026 жылғы 8 қазанда Кентау қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сотына талап қою арызын жолдайды, тағы да қайтарылады. Аталған ұйғарымда талап қоюшы әкімшілік актіні және оның салдарын даулағандықтан, әкімшілік талап қою тәртібімен мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сотқа жүгінуі тиіс екені көрсетіледі;
- бұдан кейін Кентау қалалық сотының 2026 жылғы 15 қазандағы ұйғарымы даулы мәселені әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарау қажеттігін тағы да нақтылайды.
Айта кету керек, 2026 жылғы 17 сәуірде Мұхаммад Әділбекұлы Астана қаласында тәуелсіз сот-психиатриялық сараптамасынан өз еркімен, ақылы негізде сараптамадан өтеді. Сараптама қорытындысына сәйкес ешқандай психикалық ауытқулар анықталмаған.
Қазіргі уақытта өзіне негізсіз қойылған «клиникалық диагнозы нақтыланған сандырақты бұзылыс (F22.0) (МКБ-10)» деген диагноздың себебінен еш жерге жұмысқа орналаса алмайды. Мұхаммад өзіне қойылған диагноздың негізсіз екенін дәлелдегісі келеді және есептік базадан шығаруды талап етеді, осы үшін басын тауға да, тасқа да ұрып әділдікті талап етіп жүр.
Адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық болып саналатын мемлекетте өзінің құқығы бұзылып, бостандығы шектелгенін бір жыл бойы дәлелдей алмай келеді. Біз Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы шығарған шешімі Мұхаммадтың конституциялық құқықтарын қалпына келтіруге ықпал етеді деп сенгіміз келеді.
Парақшамызға жазылыңыз
