Филиппиниде өткен бес күн: Испандықтар қамал салып, оған жергілікті халықты кіргізбей қойған

42 рет қаралды

Филиппин аралдарының астанасы Манила қаласында Қарашаның 5-7 күндері Азияның Медиа ақпарат және коммуникация орталығының ұйымдастыруымен (Asian Media Information and Communication Centre – AMIC) “Қоғамдық сенім, қоғамның үні: Қоғамдық басқарудағы коммуникацияның рөлі” (Public Trust, Public Voice: The Role of Communication in Public Governance) тақырыбында Азиядағы медиа саласында еңбек етіп жүрген ғалымдардың басын қосқан халықаралық конференция болып өтті.

Осы конференцияның “Азаматтық журналистика, Тергеу журналистикасы, қоғамдық қызмет медиасы және басқару” (Citizen Journalism, Investigative Journalism, Public Service Media, and Governance) сессиясына қатысып, зерттеуімізді таныстырудың сәті түсті.

Оңтүстік-Шығыс Азияға түңғыш рет саяхаттаудың сәті түскендіктен Филиппин аралдары туралы азды-көпті көргенімді “Мінбер” оқырманына бөліскім келіп отыр.

КЕЗДЕЙСОҚ ТАНЫСТЫҚ 

Өз басым кездейсоқ таныстықтарға өте сақтықпен қараймын. Дегенмен, кейде осындай кездейсоқ таныстықтың соңы үлкен достыққа ұласып жататын кездері де болады. Маниладағы сапарымды баяндамас бұрын, әңгімемді осы кездейсоқ таныстықтан бастасам тұщымдылау болатын секілді.

Филиппиниде өткен бес күн: Испандықтар қамал салып, оған жергілікті халықты кіргізбей қойған
Дазл мен Луиз

Былтыр жақын достарым Серік пен Майра балаларын Индонезияның Бали қаласындағы олимпиадаға апарғанда филиппиндік Дазл мен Луизге танысқан екен. Олар да балаларын олимпиадаға апарыпты. Тумысынан ашық, адамдармен байланыс орнатып жүретін Майра досым, ағылшынша білмесе де, Луизбен танысып алады. Олар филиппиндіктер екен. Майраның Қазақстаннан екенін естігенде қатты қуанып, Қазақстанға сапарлағысы келетінін айтады. Олардың ең басты арманы – қарды көрсек, қыс кезінде барсақ болады. Қазір технология дамыған заман ғой, бір-бірінің тілін ұқпаса да, аударма құралдары арқылы сөйлесіп, Майра оларды Қазақстанға шақырып келеді.

Дазл Филиппинде заңгер қызметін атқарады. Дазл мен Луиз екі қыз тәрбиелеп отыр. Былтыр Христмасты Қазақстанды өткізуді жоспарлап, Алматы қаласына келгенде кездейсоқ танысқан Серік пен Майра және оларға ағылшын тілінен аударма жасап көмектесуге мен дайын тұрған едік. Сөйтіп, әлемнің басқа бір түкпірінен, бұрын аты-жөнін естіп білмеген жаңа достарымыз Алматыда үш апта болып, Алматының әсем табиғатына, сұлулығына тәнті болып оралған. Ол кезде біздің Филиппинге барамыз-ау, бізді де ол жақтың дәмі тартады-ау деген ой үш ұйықтаса түсімізге кірмеген еді.

AMIC конференциясы туралы ақпарат шыққан кезде, бізді қуантқаны конференцияның тек медиа мәселелеріне арналатындығы болды. Сөйтіп өзіміздің жазып жатқан мақаламызды конференцияға жолдауды жөн деп шештік.

ФИЛИППИН АРАЛДАРЫ ТУРАЛЫ АЗ-МАЗ СӨЗ

Филиппин аралдары Оңтүстік шығыс Азияда орналасқан көптеген аралды біріктіретін ел. Аралдар Тайвань мен Индонезия аралығында орналасқан және ресми түрде үш негізгі аймақтық топқа бөлінеді.

  • Лусон. Елдің солтүстігінде орналасқан ең үлкен арал. Мұнда ел астанасы — Манила қаласы орналасқан.
  • Висай аралдары. Архипелагтың орталық бөлігін алып жатқан шағын және орташа аралдар тобы. Бұл өңір танымал туристік орындарымен (Себу, Боракай, Бохоль) белгілі.
  • Минданао. Елдің оңтүстігіндегі көлемі жағынан екінші ірі арал. Мұнда табиғи ресурстар мен биік таулар көп шоғырланған.

Ресми деректер елде 115 миллионнан астам халық бар дейді. Негізгі халқы — аустронезиялық тілдерде сөйлейтін тагалдар, висаялар, илоктар және басқа да этностар. Аралдағылардың басын біріктіріп, бір мақсатқа, бір арманға жұмылдыратын негізгі тіл жоқ. Елде 175-тен астам тіл мен диалект қолданылады екен. Ресми тілдері — филиппин (тагал) және ағылшын. Филиппин 7 600-ден астам аралдан құралған, оның   тек 2 000-ға жуығында ғана адамдар тұрақты өмір сүреді, қалғандары адам аяғы баспаған табиғи күйінде сақталған.

Филиппиниде өткен бес күн: Испандықтар қамал салып, оған жергілікті халықты кіргізбей қойған
Испандықтар осындай үйлерде тұрған

Мектептерде, жоғары оқу орындарында білім негізінен ағылшын тілінде екен. Көшелерден, өзге де көрнекі құралдардан филиппинше жазылған жазуларды көре алмадық. Мәдениеттеріне испан мәдениеті ерекше ықпал еткендігін байқауға болады. Алайда негізгі тіл – ағылшын тілі.

Сапарымыздың бірінші күні Дазл мен Луиз маған Манила қаласында жаяу тур ұйымдастырды. Арнайы гид бізге сол жердегі тарихи орындардың тарихынан сыр шертіп, Филиппин аралдары туралы лекция оқыды.

Филиппинді Испанияның 16 ғасырдағы королі ІІ Филипптің құрметіне атаған, өйткені аралдарды Испан саяхатшылары ашқан. 1521 жылы Фернан Магеллан Үндістанды іздеу барысында, осы аралдарға тап болады екен. Филиппиндер испандықтардың билеуінде 300 жыл болған. Испандықтар аралдарды біріктіріп, христиан дінін (католицизмді) кеңінен таратты, көптеген шіркеу мен бекініс салды, сондай-ақ халыққа испан тектерін берді. Алайда, испандықтар халықты білімге сусындатуды мақсат етпеген. 

ИНТРАМУРОС (INTROMUROS) – ИСПАН КОЛОНИЯСЫНАН ҚАЛҒАН МҰРА

– Испандықтар жергілікті халықты көзіне ілмеді, біз олардың құлы болдық. Филиппин халқының қолымен қаншама керемет ғимараттарды салды. Бірақ бізді өздері салған қамалға кіргізбей қойды, – дейді гид.

Испандықтар интрамурос (исп. Intramuros — «қабырғалардың ішінде») деген қамал салып, сол қамалға жергілікті тұрғындарды кіргізбей қойған. Қамалды 1571 жылы испан конкистадоры Мигель Лопес де Легаспи жергілікті тағал билеушісі Раджа Сүлейменнің қонысын басып алған соң салып, осы аумақта Манила қаласының іргесін қалаған. Қаланы жергілікті тұрғындардың көтерілістерінен, қарақшылар мен басқа еуропалық отарлаушылардың (әсіресе голландтар мен британдықтардың) шабуылдарынан қорғау үшін жан-жағына биік әрі қалың бекініс қабырғалары тұрғызылды. Мұнда тек испандықтар мен отарлық әкімшілік өкілдері тұруға құқылы еді, ал жергілікті тұрғындар мен қытай саудагерлері қабырғаның сыртында (экстрамурос) өмір сүрді.

Филиппиниде өткен бес күн: Испандықтар қамал салып, оған жергілікті халықты кіргізбей қойған
Интромурос қамалының бір бөлігі

Қамалдың ауданы шамамен 0,67 шаршы шақырым аумақты қамтиды екен. Қамал жергілікті халықтар үшін стратегиялық мекен саналатын Пасиг өзені (Pasig River) мен Манила шығанағының тоғысқан нүктесінде орналасқан. Дәл осы жерде Пасиг өзенінің Манила шығанағына құяр сағасын бақылап тұру үшін атақты Форт Сантьяго (Fort Santiago) қамалы салынған. Осылайша бекініс теңізден өзенге кіретін де, қалаға жақындайтын да кемелердің барлығына толық бақылау орнатқан.

Қалада Испан мәдениетінен қалған іздерді көптеп табуға болады. Әсіресе Интромуроста орналасқан ғимараттардың Испан архитектурасынан бізге жеткен көне мұра екенін түсінуге болады.

– Дегенмен, – дейді гид, – бұл ғимараттардың көпшілігі реконструкциядан өткен. Әсіресе, ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде қала төрт жыл бойы жапондықтардың бақылауында болған екен. Жапондықтарды Филиппиннен қуып шығу үшін америкалықтар қаланы аяусыз бомбалаған. Сол кезде көптеген тарихи ғимараттың үйіндісі ғана қалған. Кейін тарихты қалпына келтіру мақсатында барлық тарихи орындар жаңартылған.

ТӨРТ ҒАСЫРДАН СЫР ШЕРТКЕН САН АГУСТИН ШІРКЕУІ

Филиппиниде өткен бес күн: Испандықтар қамал салып, оған жергілікті халықты кіргізбей қойған
Қамал қақпаларының бірі. Төбесі мен екі жақтауы қалпына келтірілген

Сан Агустин шіркеуінің архитектурасының мықтылығы сондай 1645, 1754, 1863 және 1880 жылдардағы ірі зілзалаларға төтеп берген. ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде қаладағы жеті шіркеудің ішінде аман қалғаны да осы ғибадатхана екен. Бұл ғибадатхана құрылысы 1586 жылы басталып, 1607 жылы толық аяқталған.

Төрт ғасырдан сыр шертетін шіркеудің ішінде сол кездегі испандық монахтар жерленген екен. 1945 жылы қаланы Жапон милитаристерінен құтқаруға келген АҚШ қарулы күштері түгелімен бомбалағанда, Сан-Агустиннің тас доғалы аркалары мен қалың қабырғалары снаряд жарықшақтары мен жалынға төтеп берді. Жапон теңіз қорғаныс күштері шіркеу кешенін штаб әрі мыңдаған тұрғынды ұстайтын лагерьге айналдырды.

Шіркеуде қарапайым азаматтар мен діни қызметкерлердің барын білген АҚШ күштері ғибадатханаға тура бағытталған ауыр авиациялық бомбаларды тастаудан тартынды. 1945 жылғы 23 ақпанда қамауда болған әйелдер мен балалар шіркеуден ақ ту көтеріп шығып құтқарылды. Шіркеудің негізгі ғимараты аман қалғанымен, шатыры зақымданды, ал оған жапсарлас салынған байырғы монастырь толық өртеніп кетті (кейін 1970 жылдары музей ретінде қайта салынды).

(жалғасы бар)

Есенгүл Кәпқызы

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар