/

Есенгүл Кәпқызы, медиа зерттеуші, профессор: Сапалы медиа саналы аудиторияны тәрбиелейді

110 рет қаралды
фото: Есенгүл Кәпқызының жеке мұрағатынан
Медиа зерттеуші, медиа-тренер, филология ғылымының кандидаты, SDU университетінің қауымдастырылған профессоры Есенгүл Кәпқызының «Медиа мәтінді талдау әдістері» монографиясының тұсаукесері 2 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында өтті.
Еңбек қазақ тіліндегі медиа зерттеу әдістеріне арналған жүйелі әдебиеттің тапшылығын толықтыруды көздейді. Монографияда ғылыми жұмыстың бастапқы идеясын айқындаудан зерттеу сұрағын құру, теория мен әдіснаманы таңдау, іріктеме жасау, деректерді талдау және нәтижені ұсынуға дейінгі негізгі кезеңдер бірізді түсіндіріледі. Жеке бөлім медиа және коммуникация зерттеулерінде кең қолданылатын контент-талдау­дың сандық және сапалық түрлеріне, кодтау тәсілдері мен оларды тәжірибеде қолдану жолдарына арналған. Автормен монографияның жазылуына түрткі болған ғылыми қажеттілік, еңбектің жаңалығы, қазақ тіліндегі медиа зерттеулеріне қосар үлесі және жас зерттеу­шілер үшін практикалық маңызы жөнінде әңгімелестік.

– Қазақ тілінде медиа зерттеу әдіс­теріне арналған әдебиет аз. Осы кітап қазақтілді студенттер мен жас зерттеушілер үшін қандай нақты ғылыми қажеттілікті өтейді?

– Кейінгі уақытта «Зерттеу әдістері» пәнінен сабақ бере жүріп, қазақ тілінде медиа зерттеуді бірізді әрі қадам-қадаммен түсіндіретін еңбектердің аз екенін байқадым. Кітапта да студенттердің өздігінен дайындалуына арналған қазақ тіліндегі әдебиеттің жеткіліксіз екенін атап өттім. Осы қажеттілік «Медиа мәтінді талдау әдіс­тері» монографиясын жазуға түрткі болды. Бірінші тарауда зерттеу жұмысының негізгі кезеңдері ретімен берілді. Зерттеу мәселесі мен тақырыбын айқындау, зерттеу сауалдары мен болжамды нақтылау, айнымалыларды белгілеу, іріктеу жүргізу, әдебиетке шолу жасау, теория мен әдіснаманы ұштастыру, жиналған мәліметті талдау жолдары қамтылды. Екінші тарауда медиа мәтінді талдау тәсілдеріне басымдық берілді. Онда сандық және сапалық контент-анализ, оны жүргізу жолдары, кодтау амалдары мен кодтаушылар арасындағы сәйкестік мәселелері қарастырылады. Кітаптың мақсаты – зерттеуді неден бастау, қандай әдісті не үшін таңдау, деректі қалай жинау және оны қалай талдау керегін тұтас көрсету. Осы рет сақталса, зерттеу де дәйекті, негізді әрі түсінікті шығады.

– Еңбекте зерттеу тақырыбын таңдаудан бастап зерттеу сұрағын құру, іріктеме жасау, теория мен әдіснаманы анықтау, деректі талдау және нәтижені ұсынуға дейінгі үдеріс тұтас қамтылған. Осындай жүйелі еңбектің қазақ тілінде жарық көруі отандық медиа зерттеулерінің сапасына қалай ықпал ете алады?

– Докторлық диссертацияларға пікір жазып, магистрлік диссертацияларға жетекшілік ете жүріп, отандық зерттеушілер қандай ғылыми әдебиеттерге сүйенеді, зерттеу әдісін қалай таңдайды, әдіснамалық негізді қалай құрады деген сауалдар алдымыздан жиі шықты. Осы сауалдарға жауап іздеу барысында бұл кітапты екі жыл бұрын жазуға кірістім. Алдымен қазақ тілінде қандай оқу құралдары, монографиялар мен зерттеу еңбектері бар екенін қарадым. Соның ішінде Ұлттық аударма бюросы тәржімалаған «Әлеуметтік зерттеу әдістері» секілді еңбектер бар. Бірақ олардың негізгі бағыты жалпы әлеуметтік зерттеуге арналған, медиа мәтінді талдауға тікелей бейімделмеген. Аударма еңбек болғандықтан, мысалдары мен түсіндіру жүйесі де көбіне өзге әлеуметтік ортаға сүйенеді. Маған қазақ тілінде ойлайтын зерттеушіге жақын, медиаға арнайы бағытталған еңбек қажет екені анық сезілді. Сондықтан «Медиа мәтінді талдау әдістерін» қазақтілді аудиторияға бейімдеп жазуға тырыстым. Ғылыми ұғымдар мен терминдер сақталды, бірақ баяндау қазақ тілінің табиғи жүйесіне құрылды. Кітапта да қазақ тілінде медиа мәтінді зерттеу әдістеріне арналған әдебиеттің аздығы және студенттердің өздігінен дайындалуына қажет еңбектердің жеткіліксіздігі арнайы айтылады. Кітаптағы мысалдардың басым бөлігі қазақ медиасынан алынды. Өз зерттеулеріме де, отандық медиа зерттеушілердің еңбектеріне де сүйендім. Мұндағы мақсат – теорияны қазақ оқырманына жақын орта арқылы түсіндіру. Зерттеуші әдісті атау деңгейінде біліп қоймай, оны нақты мәтінге қалай қолданатынын, қандай деректі қалай іріктейтінін, қалай кодтайтынын, нәтижені қалай түсіндіретінін көре алуы керек. Сол себепті осы еңбектің тәжірибелік маңызына ерекше назар аудардым. Журналист, медиа зерттеуші, магистрант немесе докторант зерттеу мәселесін дұрыс қоя алса, әдісін негіздеп таңдай алса және дерегін жүйелі талдай алса, жұмысының ғылыми сапасы да артады. Осы тұрғыдан кітап отандық медиа зерттеудің әдіснамалық мәдениетін күшейтуге, зерттеушілердің ғылыми әлеуе­тін арттыруға ықпал етеді деп үміттенемін.

– Кітаптағы практикалық мысалдар қазақстандық ақпарат құралдары мен жергілікті әлеуметтік ортадан алынған. Медиа зерттеу әдістерін Қазақстанның өз контексінде түсіндіру неліктен маңызды?

– Қазақстандағы медиа зерттеудің негізгі мәселелерінің бірі – ғылыми тіл мен зерттеу ортасының алшақтығы. Көптеген зерттеуші орыс тіліндегі әдебиетке сүйенеді, ал ағылшын тілінде еркін жұмыс істейтін мамандар еңбектерін халық­аралық журналдарға бағыттайды. Соның салдарынан Қазақстан контексіне негізделген сапалы зерттеулер болғанымен, олардың қазақ тіліндегі ғылыми айналымға түсуі баяу. Мен үшін ғылыми зерттеудің басты шарты – дерекке адалдық. ­Зерттеуші идео­логиялық ұстанымның, саяси ­насихаттың немесе ақпараттық ықпалдың жетегінде кетпеуі керек. Әсіресе біржақты баяндау, өшпенділік тілі, кликбейт сияқты құбылыстарды жүйелі әрі дәлелді зерттеу маңызды. Медиа зерттеудің құндылығы оның тәжірибеге ықпал етуінен де ­көрінеді. 2022 жылы Фридрих Эберт қорының Қазақстандағы өкілдігі шығарған «Гендер және Қазақстан қоғамы» ұжымдық ­ғылыми жинағында КТК, «Айқын» және Malim.kz материалдарындағы көпбалалы аналардың репрезентациясын қарастырдым. Зерттеуде осал топтарды көрсету, олардың бейнесін қорғау және журналистік этиканы сақтау мәселелеріне назар аудардым. Сондықтан журналистика мен медиа зерттеу бір-бірінен алшақ болмауы керек. Журналист ғылыми еңбектерге сүйеніп, өз тәжірибесіне сын көзбен қараса, кәсіби қателер де азаяды. Ал зерттеуші медиадағы қордаланған мәселелерді зерттесе, ғылымның қоғамдық маңызы күшейеді.

– Қазір адам ақпаратты өзі таңдап оқимын деп ойлайды. Бірақ алгоритм оның орнына нені көретінін әлдеқашан шешіп қояды. Осындай жағдайда медиа мәтінді талдау арқылы біз манипуляция­дан қорғана аламыз ба, әлде тек оның қалай жұмыс істейтінін түсінумен ғана шектелеміз бе?

– Қазіргі ақпараттық ортада адам көретін мазмұнды өзі толық таңдамайды. Әлеуметтік желінің іріктеу тетіктері қай ақпараттың алдымызға жиі шығатынына ықпал етеді. Сондықтан медиа мәтінді талдағанда ең әуелі мәтіннің не айтып тұрғанына, одан кейін оның астарында қандай мағына жатқанын қараймыз. Мұнда ашық және астарлы мазмұнды ажырату маңызды. Ашық мазмұн – көзге көрінетін, санауға келетін белгілер. Астарлы мазмұн – мәтіннің ішкі мәні, басым ұстанымы, жасырын идея­сы. Зерттеуші кімге сөз берілгенін, кімнің пікірі ескерілмей қалғанын, қандай сөздер мен ұғымдардың қайталанғанын, қандай деректің алдыңғы қатарға шығарылғанын салыстырады. Сандық талдау осы қайталанулар мен жиілікті көрсетеді. Сапалық талдау олардың не білдіретінін түсіндіреді. Осы екеуін қатар қолданғанда саяси сыңаржақтылықты, үгіт-насихатты, ақпараттық ықпалды нақтырақ тануға болады. Медиа мәтінді талдаудың мәні оқырманды кез келген ықпалдан толық қорғауды білдірмейді. Оның мәні ақпараттың қалай құрастырылғанын, қандай мағына күшейтілгенін, қандай көзқарас шеттетілгенін аңғарту. Сол арқылы адамның сыни пайымы күшейіп, ақпаратты дайын күйінде қабылдамай, саралап оқу дағдысы қалыптасады.

– Бүгінгі қазақ медиасының алдында тұрған ең үлкен міндет қандай – ақпаратты сапалы өндіру ме, әлде оны сыни қабылдайтын оқырман қалыптастыру ма?

– Мен бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарамас едім. Қандай оқырман қалыптасатыны медианың оған күн сайын қандай мазмұн ұсынып отырғанына тікелей байланысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ баспасөзінде сыни мақалалар, түрлі көзқарастағы жеке басылымдар көбірек болды. 1992–1997 жылдар аралығындағы Қазақстан медиасына қатысты халықаралық зерттеулерде жеке басылымдар мен телеарналардың билік саясатын сынаған материалдар жариялағаны көрсетіледі. Кейін, әсіресе 2000-жылдардың басында, тәуелсіз және оппозициялық басылымдардың жұмыс жағдайының күрделене түскені де сол кезеңдегі есептерде жазылған.

Сынның болуы қоғам үшін өзекті. Сын айтылатын жерде оны ести білетін, талқылайтын, оған жауап іздейтін қоғамдық орта қалыптасады. Ал медиада сараптама мен қоғамдық салмағы бар тақырыптардың орнын жеңіл-желпі, көңіл көтеруге құрылған мазмұн басса, аудиторияның талғамы да біртіндеп соған бейімделеді. Оқырманның сұранысы өздігінен тумайды. Оны медиа да қалыптастырады.

Медиа иелігі мен қаржыландыру жүйе­сі де мазмұнға ықпал етеді. Қазақстанда мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс заңмен қарастырылған. Сондықтан бюджет қаржысына жасалатын өнімнің қоғамдық салмағына, танымдық құнына және сапасына қойылатын талап та жоғары болуы керек.

Қазір көрермен мен оқырманның назарын жеңіл мазмұнмен ұстап қалу оңай. Бірақ медианың міндеті сұраныстың соңынан ілесу ғана емес, талғам қалыптастыру да. Аптаның көп бөлігін мәні таяз көңілашар бағдарлама алып жатса, терең ойлайтын аудиторияның өздігінен пайда болуын күту қиын.

Сондықтан ойлы оқырман қалыптастыру үшін алдымен ойлы контент керек. Терең талдау, сапалы дерек, пікір алуандығы мен қоғамдық маңызы бар тақырыптар тұрақты ұсынылса, аудиторияның талабы да өседі. Қазақ медиасының алдында сапалы ақпарат өндіру мен сыни ойлайтын оқырман қалыптастырудың бірін таңдау міндеті тұрған жоқ. Сапалы медиа саналы аудитория тәрбиелейді, ал талғамы өскен аудитория медиадан жақсы мазмұн талап етеді. Екеуі бір-бірін қалыптастыратын үдеріс.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

Дереккөз: Ана тілі

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар